Теңізді өлкенің «Толқыны»

1070

0

Биыл Арал аудандық «Толқын» газетінің жарыққа шыққанына – 90 жыл.


Басылымның мерейтойы аудан орталығында аталып өтті. Шарада сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Толқын» газетінің шығармашылық ұжымы өзінің оқырмандарына өңірде болып жатқан маңыз­ды оқиғаларды дер кезінде жеткізіп, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына және мемлекеттік тіл мәртебесінің көтерілуіне зор үлесін қосып келе жатқанын айтып, ұжымға шығармашылық шабыт тіледі.


Мерекелік кеште ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбалары қалған ардагер-журналистерге, бүгінгі таңда газетте қызмет атқарып келе жатқан сала мақтаныштарына Алғыс хат пен сый-сияпат табысталды.

Мұнан соң «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев газет ұжымына шығармашылық табыс пен зор жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдіріп, бірқатар белсенді журналистер мен ұжым қызметкерлеріне облыстық ішкі саясат басқармасының және «Сыр медиа» ЖШС-ның Алғыс хаттарын табыс етті.


Жиында Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов, жазушы-журналист, журналис­тика саласының ардагері Еркін Әбілов, «Толқын» газетінің қоғамдық негіздегі тілшісі Иманбай Әйтімов газет тарихынан сыр шертетін естелік әңгімелерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы, күйші-композитор Мұрат Сыдықов өзінің арнау жырын оқып, күй-шашуын тарту етті.

Мерекелік шарада газеттің 90 жылдық мерейтойына арналған «Толқыным» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Шара барысында қатысушыларға арнап аудан өнерпаздары жыр-термеден шашу шашты.

Айта кетерлігі, ауданның шежіресіне айналған басылым алғаш рет «Екпінді балықшы» деген атаумен жарық көріп, одан «Социалистік Арал» болып халыққа танылып, бертін келе «Толқын» атын еншілеген болатын. Қазіргі таңда 6500 дана таралыммен аудан халқына аптасына екі мәрте жетіп тұрған газет уақыт сұранысына сай оқырман талғамынан шығып келеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<