Тұңғиыққа шырмалған тағдыр

766

0

        Н. Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» спектаклі көрерменге ұсынылды. Бастапқыда «Қандыөзек» атауымен сахналанған қойылым қайта өңделген.

   Қойылымның мақсаты – қоғам дертіне айналған нашақорлықтың адамзат баласына тигізер залалы және онымен күрес, жастарды жаман әдеттен бойын аулақ ұстау, салауатты өмір салтын насихаттау.

      Сахна шымылдығы түрілген сәтте жарасымды отбасының көрінісі суреттелді. Ата-ананың ерке баласы, жалғызы Жалқытай сүйгенін үйіне әкеліп таныстырады. Дастархан басындағы әдемі әңгіме өрбіді. Бұл берекені Жалқытайдың телефон шырылы бұзды. Қайта-қайта безектеп, жігіттің жауап беруіне тура келді.  Телефонмен ұзақ сөйлеспеген Жалқытай тездетіп киіне бастады. Ғашығы Тоғжанды ата-анасымен отыра тұруын, тез келетінін және киноға баратындарын айтып шығып кетті.

     Жалқытайдың араласатын ортасы пайда болды. Өрімдей жастар ескірткінің шырмауына түсіп, есінен айырылған. Бірін-бірі жаман әдетке қайрап, Жалқытайдың ақша әкелуін күтуде. Кейіпкер де бұл ортаға тез қосылды. Сұраған ақшасын беріп  кеткісі келген еді, оны соққыға жығып, намысына тиіп, есірткі салды. Міне, ол баяғы қалпына түсті. Көзі көрмейді, есі ауысқан адамша жындының кейпіне енді. Үйіне бір тәуліктен соң полиция қызметкері әкелді. Ата-анасы баласының нашақор екенін білді.  

    Осы сәттен бастап шаңырақтың берекесі кетті. Ата-ана баласын қара түнектің құрсауынан қалай шығаратындарын ойлады. Көз алдарында жалғызының шалыс басқанына қынжылды. Күресті де, баласын тұңғиықтың тажалынан құтқарып қалды. 

   Қойылым көрерменге ой салды. Сахнадағы көрініс – шынайы өмірдің бір бөлшегі. Себебі, қоғамда есірткіге тәуелді жандар жетерлік. Бұл дерт жас талғамайды. Онымен күрес толастамағанымен, нашақорлар саны азаймай отыр. Қойылым нашақорлыққа салынғандардың оңайлықпен қатарға қосылмайтынын жеткізді. Кейіпкер Жалқытай арқылы нашақор жастардың бейнесін ашып көрсетті.

     Спектакльдің  режиссерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының иегері, Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Темірбек. Көркемдік суретшісі Нүркен Қалымбетов.  Әртістердің басым бөлігі – жастар. Жалпы, спектакльдің желісі туралы алдын ала ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды. Сонымен қатар театр репертуарындағы қойылымдар жайы да сөз етілді.

Сара АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<