Ұрлықтың жолы кесілуі керек

634

0

Қоғамда қауіпсіздікті күшейту үшін Президент полиция қызметін сервистік тәсілге көшіру туралы пәрмен берді, яғни еліміздің барлық өңірлерінде бұл жоба іске аса бастады.

Кеше аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында полиция қызметіне сервистік тәсілдерді енгізуде атқарылған жұмыстарды саралады. Сондай-ақ, мал ұрлығының алдын алу мәселелерін қарады.

Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев баяндама жасады. Жоба аясында пилоттық аумақ ретінде Тасбөгет кенті және оған қарасты елді мекендер белгіленіп, 2019, 2020, 2021 жылдары жасалған қылмыстар талданған. Зерттелген аумақтағы деректердің басым бөлігі – пәтер, мал ұрлығы, алаяқтық, көше қылмыстары.

Мұхтар Қожабаевтың айтуынша, көше қылмыстары негізінен бейнебақылау камералары жоқ орында жасалған. Тасбөгет кентінің көшелері мен көпқабатты үй ауласында 11 бейнебақылау камерасы бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Осы орайда цифрландыру бағдарламасы аясында Тасбөгет кентінде жаңа камера орнату орындары белгіленді.

Облыс әкімі полиция қызметкерлерінің жұмысын жүйелеуде нақты қолдау шаралары бар екенін айтып, сервистік модельдің тиімділігін халық сезінуі қажет деді.

– Полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаты – «Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция». Осы орайда, жұмыс ашықтығын қамтамасыз етіп, жеке құрамға халықпен қарым-қатынаста ізет және әдептілік көрсету, олардың өтініштері мен арыздарын объективті қарау, барынша көмек көрсету міндеттілігі бойынша түсіндірме жүргізіп, орындалуын қатаң қадағалауды тапсырамын, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында аймақ басшысы пилоттық жоба іске асырылып жатқан аумақтың қылмыстық ахуалын жақсарту үшін бірлескен кешенді жоспар әзірлеуді, Тасбөгет кентінің полиция бөлімшесінің жұмысын қайта қарап, тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, «Сабалақ» саяжайында тұрақты жұмыс істейтін учаскелік полиция пунктін ашуды қарастыру керек.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – мал ұрлығы. Биылғы жылдың 8 айында облыс көлемінде бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі 6,8 пайызға төмендеді. Ұрлық және мал ұрлығын жасағаны үшін жалпы 304 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, арасында алдын ала сөз байласып ұрлық жасаған 37 қылмыстық топ құрықталды.

Облыс әкімі мал ұрлығы жиі болатын Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімдеріне жұмысты жандандыру қажет екенін қаперге салды.

Осы ретте атап өтетін бірқатар өзекті мәселе бар. Талдау нәтижесіне сәйкес, есепті мерзімде тіркелген 104 мал ұрлығының 24 дерегі қорадан ұрланса, қалған 80 дерегі немесе 77 пайызы қараусыз, бақташысыз өрістен ұрланды.

Ал учаскелік полиция инспекторлары қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1439, ветеринария қызметінің тиісті құжатынсыз мал тасымалдаған 53 адамға әкімшілік шара көрді.

Облыс әкімі Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне құқық қорғау саласындағы қоғамдық құрылымдарының желісін, елді мекендердегі сақшы қызметін дамытып, малды сәйкестендіру мен таңбалау бойынша шаралар қабылдауды, ауыл тұрғындарына мал жайылымында аса мұқият болу қажет екенін түсіндіруді тапсырды.

Ал, облыстық полиция департаментіне қылмыстың жолын кесуге бағытталған шараларды күшейтуді, ұрлықтың алдын алуда учаскелік полиция инспекторларының жауапкершілігін арттыруды және ұрлық қылмыстарының ашылуын қамтамасыз етіп, келтірілген залалдың өндірілуіне тиісті шара қабылдауды жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<