Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуде не өзгеріс?

610

0

Елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынбақ. Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттер қатарында бұл салада атқарылар ауқымды жобалар көп. Соның бірі 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде жоспарланған ұлғайту 5 жылға тоқтатылды. Президент тапсырмасынан туындайтын жұмыстар жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды. Басты спикерлер еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстағы департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев пен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлсім Денеева болды.

Алдымен Ертілеу Шынтасұлы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізілетінін айтты. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артады. Бұл ретте, базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн  зейнеткерді қамтиды.

–    2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңадан шығатын зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақыны есептеуде ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 АЕК-ке дейін арттыру көзделуде. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға қол жеткіземіз. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдауда. Жоғарыда аталған шаралар жаңадан қабылданатын Әлеуметтік кодекс жобасына енгізіледі, – деді Е.Жалғасбаев.

Сондай-ақ департамент басшысы Әлеуметтік кодекс жобасы аясында балалы отбасылардың жекелеген санаттарын қолдау шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілгенін де атап өтті. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұзартылады. Аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты. Бұл құқықты 500 мыңға дейін ата-ана пайдаланатын болады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды. Ал, жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналарға жәрдемақы тек мемлекеттік бюджеттен ғана төленеді. Жаңа Әлеуметтік кодекс бойынша егер бала күтіміндегі ата-ана МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алу кезеңінде жұмысына қосылған жағдайда, әлеуметтік төлем мөлшері бюджеттен бала күтімі жөніндегі жәрдемақыға сәйкес төленеді.

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Ендігі кезекте мемлекет азаматқа ақпараттық жүйе арқылы тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. «Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?» дегенге келетін болсақ, бастапқыда мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілген. Қазірдің өзінде цифрлық картада отбасы және оның мүшелері туралы деректер қамтылып отбасы портреті қалыптасқан. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.

Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға SMS хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылуда. Ал келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тағы да кеңейтілмек.

Бүгінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінуде. Саланы оңтайландыруда заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгерістер жайлы Гүлсім Денеева хабарлады.

–       Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыс істейтін азаматтарды қамтиды. Бүгінде 5 түрлі әлеуметтік төлем төленеді. Соның ішінде, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем  бір жарым жасқа дейін ұзартылады. Біздің жүйеге қатысу өтіліне байланысты төлемдердің мөлшері жоғары болу мүмкіндігі бар. Мәселен, әлеуметтік жүйеге қатысу өтілі бала күтіміндегі ананың 6 айдан кем болса, оларға әлеуметтік жәрдемақы бюджеттен төленетін болады. Тек 6 айдан жоғары біздің жүйеге қатысу өтілі бар немесе жұмыс беруші  тарапынан  аударылған азаматтарға біздің қордан табысына қарай әлеуметтік төлем тағайындалады, – деді ол.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<