Жаңа жобалар егіншілік мәдениетін көтере ала ма?

538

0

Егіншілік мәдениеті ерекше өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Әсіресе, суармалы жүйеге негізделген біздің өңір үшін қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды. Ғылым мен өндірісте үндестік керек. Ал Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қандай ізденіс үстінде жүр?

Жаңа технология – өнімділік кепілі

Кейінгі жылдарда ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайы нашарлап кеткен. Канал арналары түрлі деңгейде деформацияға ұшырауда. Қамыс пен түрлі өсімдіктің қаулап өсуіне байланысты олардың су өткізгіштік қабілеті төмендеп кетті. Су шығыны көбейді. Тағы бір айта кетерлігі, суару жүйелеріндегі гидротехникалық құрылыстар талапқа сай емес. Канал бойында суды басқару мен дақылдарды суару режимі сақталмайды. Салдарынан қашыртқы-кәріз желісі көміліп, егін алқаптарының екінші қайта тұздануына әкеліп соқтыруда.

Расында, мұндай келеңсіз көрініс қазіргідей су тапшылығы жағдайында бірқатар проблемаға итермелейді. Шығын көбейеді, өнімділі азаяды.

– Үкімет тарапынан аталған күрделі мәселені шешу мақсатында біршама жұмыс жүргізілуде. Суармалы жерлерді қайта айналымға қосу және қалпына келтіруге мән беріліп отыр. Бүгінде ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі (ПУИД-2) жүзеге асырылуда. Аталған жоба бойынша Жалағаш ауданының Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдарында 15,1 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Жоба төрт компоненттен тұрады. Алғашқысында ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіру жаңғыртылса, екіншіден оны тұрақты басқаруға жол ашылады. Сондай-ақ, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік туып, ауыл шаруашылығын дамыту, жобаны басқару және техникалық жәрдемдесу мәселесі жақсарады, – дейді институттың білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Байманов. 

Жоба негізінде суды үнемдеу және топырақ қорғау құрылымдарын, өнімді және оның сапасын арттыру үшін суармалы жердің мелиорациялық жай-күйі жақсарады. Жоғарыда аталған жобаның 3-ші компоненті аясында өңіріміздің егін шаруашылығы саласының мамандарына инновациялық агротехнологияларды, оның ішінде институт ғалымдары әзірлеген ауыспалы егіс жүйелерінің жаңа үлгілері негізінде егін шаруашылығын әртараптандыру, су ресурсын үнемдеу технологиясын енгізу, ауылшаруашылық дақылдарының аурулары мен зиянкестерінен қорғау тәсілдері және басқа егін шаруашылығын жүргізудегі тиімді агротехнологияларды үйретіп, таратуға бағытталған семинарлар жүйелі түрде өткізілуде.

Өткен жылдары семинарлар ПУИД-2 жобасы жүріп жатқан Жалағаш ауданының 4 елді мекендерінде теориялық негізде өткізілсе, биыл күріш институтының егіс алқаптарында дайындалған бірнеше демонстрациялық алаңдарда практикалық тәсілмен өткізілуде.

Бұл алаңдардың бірінде вегетациялық өсу кезеңі қысқа, күріштің «Сыр сұлуы» және басқа сорттары егілсе, келесі алаңдарда әртараптандыру (арпа, бидай, сұлы, қант құмайы) дақылдары, үшінші алаңда түйежоңышқа, төртінші алаңда күріш ауыспалы егісі жағдайында көкөніс-бақша дақылдарын тамшылатып суару технологиясы, келесі алаңдарда күрішті көшеттеп егу мен күріш атыздарына су беруді автоматтандыру технологиялары көрсетіледі.

Қант құмайының пайдасы мол

Институт ғалымдары кейінгі 3 жыл бойы ФАО жобасын тәжірибелік негізде сынақтан өткізіп, өндіріске енгізуде. Өнім деңгейі көңіл көншітерлік.

– Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Ол топырақ тұздылығы мен су тапшылығына өте төзімді.  Салалы, 75-80 см-ға дейін өсетін тамыры, күріш атыздарының 30-35 см тереңдікте пайда болатын қатты ұлтан қабатын тесіп өтіп, топырақтың су, ауа алмасу процестерін жақсартумен қатар,  жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан малазықтық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз, – деді  институттың басқарма төрағасының орынбасары Әсет Тоқтамысов.

Оның айтуынша, қант құмайы – негізінен Африкада өсетін дақыл. Ол суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жапырағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдалануда екі-үш жылда өз шығынын толық ақтайды.

Әлемде одан өндірілген 1 келі шырын 4 АҚШ долларына жуықтайды екен. Есепке салып қарасақ, бір шаруашылық 150 гектарға қант құмайын егіп, одан түрлі өнімдер алса, табысқа кенеледі. Сондықтан әртараптандыру бағытында осындай тиімді дақылдарды қолға алу өте тиімді екені даусыз.

 – Бұл дақылдың тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Әрине, қант құмайын өсіруге әзірге бізде тәжірибе жетіспейтін шығар. Десе де, уақыт өте келе, бұл кәсіптің де қыр-сырын меңгеру қиынға соға қоймайды. Әрине, әрбір дақылдан жоғары өнім алу үшін оған алдымен техника қажет. Келешекте қант құмайына жергілікті еңбекшілер тарапынан сұраныс арта түседі деген сенімдеміз,  – дейді Ә.Тоқтамысов.

Дақыл құрамының 20 процентін қант құрайды. Оны сүт бағытындағы сиырларға берсе, сүттілігі 2-3 есеге дейін артады. Демек,  дақылдың мал шаруашылығына да тиімділігі зор екенін бағамдау қиын емес.

Айта кетерлігі, әлемнің кейбір елдерінде көптеген тәжірибе жүргізілген. Мәселен, Белоруссияда  сынақ өткізіліп, оны радиоактивті залалданған аймақтың топырағында еккен. Сол аумақта жүгері де өсірілген. Жиналған өнімдер сиырларға берілген. Сонда қант құмайымен азықтанған сиыр сүті сапалы шыққан. Тағы бір ерекшелігі, қант құмайы ас қорыту жүйесіне өте пайдалы.

Бұрынғы жылдарда институт ғалымдары Қарауылтөбедегі сынақ алаңында 40 гектарға екті. Оған арнайы аймақтар таңдалған жоқ. Соңғы 2-3 жылда ешқандай дақыл егілмеген аумақтағы биік жерлерге себілген дән көп ұзамай-ақ бойын тіктеп кетті. Шығымдылығы да ойдағыдай болды.

Институт базасында әртараптандыру бағытындағы жобаларға арналған техникалар жетіспейді. Сондықтан қант құмайын егу барысында жоңышқа себуге арналған дән сепкіш пайдаланылған.

Жергілікті ғалымдар бұл дақылдың өнімділік деңгейі жоғары болатынына көз жеткізді. Одан бір жылда үш мәрте өнім жинауға болады. Оған қоса тұзға төзімді, шөлге де шыдай береді. Қызылордалық ғалымдар қант құмайын 2020 жылы институттың егін алқабында 40 гектар жерге егіп, сынақтан өткізсе, 2021 жылы ФАО жобасы аясында оның тұқымын облысымыздың 7 шаруашылығына тегін таратып, 138 гектарға жеткізді. Нәтижесінде биыл 12 шаруашылық қант құмайының тұқымын өздері сатып алып егіп,  облыс бойынша дақылдың егілу ауданы 470 гектарға жетіп отыр.  

Егіншілер үшін әртараптандыру маңызды болып қала бермек. Бұл орайда жергілікті ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып, нәтижелі іс жасауға әбден болады. Ал институт ғалымдары диқандармен тығыз жұмыс жасауға әркез ықыласты.

Түйежоңышқа – өнімді дақыл

Сондай-ақ, кейінгі жылдарда институт ғалымдары түйежоңышқа өсіруге мән беріп отыр. Бұл екі жылдық өсімдік ретінде белгілі. Аталған дақылдың ақ, сары және жоңышқа тәрізді түрі бар. Жалпы, түйежоңышқаны ғалымдар әмбебап дақыл ретінде қарастырады. Түйежоңышқа жер талғамайды. Ескірген, тұздана бастаған, құнары жоқ топырақта да өсе береді. Тамыры күшті, терең кетеді, тамыр түйнектеріндегі бактериялар атмосферадағы молекулярлық бос азотты жинап, топырақты азотпен байытады, құнарландырады. Бойы биік, өте көп вегетативтік масса жинайды. Ол керемет белокты мал азығы – пішенді алмастыра алады.

– Айта кетерлігі, құрамындағы фитонцид заты кумариннің сары түйежоңышқада жағымсыздау иісі бар. Алғашқыда мал аздап жеуі әбден мүмкін. Үйренген соң құнығып жейді. Сауын малдың сүт майлылығы артады, мал тез семіреді. Ал дақылды дер кезінде орып алған дұрыс. Өйткені, мерзімі өтіңкіреп кетсе, сабағы қатып, ағаштанады, жапырағы түсіп, дәні төгіліп қалады. Оны болдырмау үшін түйежоңышқа гүлдей бастағанда ору керек. Сонда сабағы жұмсап, жапырақтары түспейді, керемет дәмді шөп болады. Оған қосымша гектарына 300 центнерден жоғары түзетін көк балаусасын әртүрлі микробиологиялық қоспалар қосу арқылы құнарлы сүрлем жасап, мал азығына пайдалануға болады, – дейді жетекші ғылыми қызметкер Өмірзақ Аймұхамбетов.

Түйежоңышқаның өсу дәуірі – екі жыл. Одан кейін шіри бастайды, яғни, алғы дақыл ретінде өзінен кейін егілген тек күріш ғана емес, басқа да дақылдарға қажетті қорек алуына қолайлы жағдай туғызады. Ол жоңышқа секілді қабаттасып өспейді.  Жаңа дақылдарға кедергі жасамай, керісінше қолайлы жағдай туғызады. Тіпті, аталған танаптарда минералды тыңайтқыштар пайдаланбай-ақ экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік бар.

– Түйежоңышқаның дәні  жоңышқа дәнінен сәл ірілеу. Бір гектар жерге 8 келі тұқым себіледі. Түйежоңышқа егісінде бал арасы сапалы бал жинай алады. Оны бір жылдан кейін жасыл тыңайтқышқа пайдалануға болады. Өңірге сары  түйежоңышқаның келгеніне де көп уақыт болды. Екіжылдық түйежоңышқаның шымын айдап, күріш еккенде одан мол өнімге негіз қаланды. Тағы бір тиімді қасиеті, оның жас өскіндері тез бойлап, арамшөпті құртып жібереді. Оны сидерат ретінде пайдаланғанда топырақта  органикалық зат көп жиналады. Осы қасиеттері түйежоңышқаның егін көлемін көбейту арқылы суармалы жерді экология-мелиоративтік сауықтырып, құнарлы мәдени топырақ жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен, осыншама жақсы қасиетіне қарамай оның өндірісте көлемі жоқтың қасы. Олай болуының басты себебі аймақта аудандастырылған түйежоңышқа сорттары шөбінің құрамында мал сүйсініп жей алмайтын кумарин қышқылы мөлшерінің жоғары болуы әсер етуде. Бүгінгі таңда түйежоңышқа дақылын күріш ауыспалы егісінің жаңа үлгілеріне енгізуге қолайлы жағдай туып отыр. Себебі, Қазақстан ғалымдары құрамында кумарин қышқылының мөлшері өте аз, жапырақтары түспей сақталатын, сабақтары жұмсақ, мал сүйсініп жейтін «Сарайшық» сияқты түйежоңышқаның сорттарын шығарады. Айта кетерлігі, біздің шығырып және өндіріске ұсынып отырған түйежоңышқаның «Алаула» сортында жоғарыда айтылған кумариннің иісі мүлде байқалмайды деуге болады – деді Ө.Аймұхамбетов.

Инстиут ғалымдары талаптарға сай түйежоңышқаның «Приаральский 19», «Алаула» сорттарын шығарып, өндіріске енгізуде. Бір сөзбен айтқанда, түйежоңышқа және жаңа оның сорттары облыс аймағының егіс алқаптарында өз орнын тауып, өңірдің экологиялық ахуалын, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикасын жақсартуға ықпалын тигізеді деуге негіз бар.

Іскерлік байланыс ілгерілетеді

Кейінгі жылдары Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өңірде су қорларын тиімді пайдалануға бағытталған жобаларды талқылайтын алаңға айналды.

Былтыр институтта су шаруашылығында үздік технология жасау ісімен әйгілі  «Рубикон Ватер» компаниясының  өкілдері, су және күріш шаруашылығы салалары басшыларының қатысуымен семинар-кеңес ұйымдастырылды.  Компания  өкілдерінің айтуынша, Австралияның жері мен климаты Сыр өңіріне ұқсас. Ол мемлекетте шаруалар су мәселесін түбегейлі шешкен.

– Оларда күріш көлемі біздің облыспен қарайлас. Шамамен 80 мың гектар күріш егеді. Оған 500 млн текше метр су пайдаланады. Ал, бізде оған 4,5 млрд текше метр су пайдалануға мәжбүрміз. Сонда олардан 10 есе артық су жұмсайтынымыз көрініп тұр. Өнімді бізден үш есе артық жинайды. Осы мақсатта жақында институтта Германияның халықаралық ынтымақтастық қорының (GIZ) «Эко-Арал» жобасы аясында, Халықаралық су ресурстарын басқару институтымен (IWMI) бірлесіп семинар-тренинг ұйымдастырылды, – деді Жанұзақ Байманов.

Оның айтуынша, IWMI институты Орталық Азияда 2001 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Олар азаматтық қоғам және жеке сектормен серіктестікте өмір сүру құралдарына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экожүйеге нақты әсер ететін ауыл шаруашылығында суды басқарудың ауқымды шешімдерін әзірлеуге мән береді.

Аталған семинарда IWMI институтының мамандары қазіргі қалыптасқан су тапшылығы жағдайында су қорын пйдалануды тиімді басқару мен есепке алу үшін ғарыштық технологиямен компьютерлік бағдарламаларды тегін пайдалану көздерін көрсетті.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<