«Қаржыны қайдан табамын?»

466

0

Бұл – әрбір бастауыш кәсіпкер бас қатыратын сауал. Шындығында көзді жұмып, бірден кәсіп бастаймын, бүгін іс бастап, ертең пайдаға кенелемін деу қате. Оған бірінші ізденіс керек. Қуантатыны, қазір идеяны игілікке айналдырып, жаңа бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Әсіресе, бизнеске енді қадам басқан жастардың тәжірибелі маманнан кеңес алып, нәтижеге жетуіне жағдай жасалуда. Тек алға ұмтылыс, мүмкіндікті қалт жібермеу маңызды. Бұл ретте облыс әкімдігі қолдау танытатын «Kyzylorda Business Hub» стартап жобалар байқауы осындай тиімді алаңның бірі дер едік.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен аталған байқау биыл үш рет өтті. Оған 214 жас жоба ұсынған. Жақында байқаудың шешуші кезеңі қорытындыланып, үздіктер анықталды. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкерлік саласында қолтаңбасы бар Мағжан Ералиев пен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысты. Басқосуда Мира Қазбекова бизнес жастың жігерін жанып, ебін тапсаң, елге көмек болатын ерекше мүмкіндік екенін алға тартты. Ал, университет ректоры бизнеспен айналысуға ниетті жастарға қолдау таныту күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.

– 2017 жылы университет базасында «Бизнес-Старт» бизнес-инкубаторы ашылды. Жастар кәсіпкерлігі орталығында 118 жас кәсіпкер бизнес ашып, қанаттанды. Қазір 33 студент жобасын үйлестіруде. Орталықтың ауқымды жобасының бірі – «Kyzylorda business hub». Оған қатысуға облыс жастарынан 1200-ден астам өтінім түсіп, 420-сы іріктеліп, 13 бастауыш кәсіпкер инвестицияға қол жеткізді, – дейді Бейбіткүл Кәрімова.

Бұл жалғыз жетістік емес. 2018 жылы «Жас проджект» жобасы аясында орталық резиденттері 22 млн теңге қаржыландыруға ие болған. «Almau project night» республикалық стартап жобалар байқауында да университет І орын иеленді. «Shevron» компаниясының байқауында экологиялық стартап жоба 800 долларды құрайтын кіші грантқа ие болды. Сонымен қатар «Unicef» халықаралық қорының байқауында білім саласындағы «КБХ-Финанс» стартап жобасы 1000 доллар қаржы ұтып алды.

– Байқау сәуір-қыркүйек айында өтті. 4 кезеңнен тұрады. Биыл Қызылорда, Байқоңыр қаласы мен 7 ауданда кәсіпкерлік негіздері оқытылды, бизнес-жобалар таңдалды. Қатысушыларға «Кәсіпкер психологиясы», «Маркетинг негіздері», «SMM» және «Бизнес-жоспар» тақырыптарында семинар-тренингтер ұйымдастырылды, – дейді «Business Start» инновациялық жобаларды іске асыру орталығының басшысы Жанарыс Түбекбаев.

Өткен жылы 11 жобаға 19,8 млн теңге инвестиция тартылса, биыл оның көлемі 9 млн-ды құраған. Жартылай финалға 88 жоба өтті. Нәтижесінде 20-сы финалдық кезеңде бақ сынап, бастамасын инвесторлар алдында қорғауға мүмкіндік алды. Бағы мен бабы озғандардың қатарында Құрманғазы Бектұрсынов бар. Аралдық жас сиырдың мүйізінен кәдесый жасайтынымен көзге түсті және оның ұсынған жобасы кімді де болсын бейжай қалдырмағаны анық. Бұдан бөлек, университет ректоры студент Дидар Сәрсенбекке жобасын ары қарай дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Креативті жас «3Д дизайнерлік студия» жұмысын қолға алғысы келеді және «Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек. Нарыққа бейімделіп, өзін жетілдіру жолында заманға сай соңғы технологияларды пайдаланғаны абзал» деп есептейді.

Мөлдір СНАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз