Сексен бестің зеңгір көгі

247

0

1969 жылы С.Киров атындағы сол кездегі Қазақстандағы жалғыз университетті тәмамдап Қызылордаға келдім. Алғашқы жылдары Жалағаш ауданындағы мектепте, кейін қаладағы облыстық «Білім» қоғамында референт қызметтерін атқардым. Қазақ мектебін бітіргенмен, үш жылдық әскери борышымды ГДР-да өтеу кезінде шетел, орыс классиктерінің шығармаларын көп оқығаным, орыс сыныптарына сабақ бергенім аз да болса орыс тіліне етене енуіме мүмкіндік берді.

Облыстық партия комитетіндегі лекторлар тобын басқарған доцент Қозыбек Асқаров ағам лекторлық шеберлікке тартып, қалалық, облыстық конференцияларда орыс тілінде халықаралық тақырыпқа дәріс оқи бастадым. Білім қоғамымен тығыз байланыста болған сол кездегі облыстағы жалғыз профессор, пединституттың саяси экономия кафедрасының меңгерушісі Михаил Соломонович Авербухпен танысып, ол пединситутқа оқытушылық қызметке шақырды. Сөйтіп институттың ғылыми кеңесінде конкурстан өтіп, «Саяси экономия» кафедрасына оқытушылыққа қабылдандым.

Пединститутты 18 жыл басқарған доцент Оралхан Камардинов ректор болатын. Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында осы оқу орнына келген Ж.Жұмабеков, И.Жұбаниязов, Т.Омаров, Б.Досманбетов бәріміздің ойымыз –  ғылым кандидаттары болу. Тынымсыз еңбегіміз бен ғылыми ізденісіміздің нәтижесінде арманымыз орындалды. Алдымыз академик дәрежесіне (Б.Досманбетов) көтерілсек, қалғандарымыз доцент, профессор деген ғылыми атақтарды иелендік. Бүгін Ж.Жұмабеков, И.Жұбаниязов пен Т.Омаров әріптестеріміз ортамызда жоқ. Имандары саламат болсын!

Пединституттан бастау алған ұстаздық қызметім сол кездегі жағдайларға жетелей береді, 85 жылдық тарихы бар университеттің өткенін қазіргі жас оқытушылар мен студенттердің білгені артықтық етпес.

Сол уақыттағы бас оқу ғимаратында (қазіргі №1) үш факультет – «Қазақ тілі мен әдебиеті» (деканы Н.Жүнісов), «Жаратылыстану» (деканы Ғ.Ахметов), «Физика-математика» (деканы Ә.Оразалиев) оқыды. Ғимараттың екінші қабатында ректордың кабинеті мен «Философия» (М.Матаев), «Саяси экономия» (М.Авербух) кафедралары орналасты.

«Саяси экономия» кафедрасында менімен бірге аға оқытушылар Т.Сақтағанов, А.Мамаков, Б.Тоқжолов, т.б. қызмет жасадық. Кафедра меңгерушісінен басқамыздың ғылыми дәрежеміз жоқ, оның үстіне базалық біліміміз де (Б.Тоқжоловтан басқамыздың) «Саяси экономия» пәніне сай келмейді. Аталған пән оқытушылары тек ҚазМУ-да ғана дайындалатындықтан, мамандар тапшы еді. Ал Б.Тоқжолов оның алғашқы қарлығаштарының бірі болатын. Менің базалық білімім тарихшы болғандықтан, жағрафия маманы болса да бірнеше жыл «Саяси экономиядан» сабақ берген Т.Сақтағанов ағаны ұстаз тұтып, айтқандарын қағып аламын. «Капиталдың» Маркстен кейінгі авторындай сезінетінмін. Менен осы пән бойынша дәріс алған шәкіртім журналист Нұрлыбек Сафин «Жас Алаш» газетіне жариялаған мақаласында Маркстің ұлғаймалы ұдайы өндіріс туралы теориясын есеппен қалай түсінгендіргенімді жазыпты. Капитализмнің теориялық негізі болған бұл теорияны Төлек Сақтағанов ағам арқылы түсінгенімді, түйсінгенімді айтудың реті келіп тұр.

Университет тарихына өшпес із қалдырған кезең – Ұлы Отан соғысы жылдары. Қызылордаға орталықтан көптеген өндіріс орындары мен оқу орындары көшірілгені белгілі. Т.Шевченко атындағы Киев университетінің Қызылордаға келуі жақсы жақтарымен университет тарихында қалды. Соғыстың сол бір ауыр жылдарын еске салып тұратындай бас оқу ғимаратының екінші қабатында пединституттың студенті, Кеңес Одағының батыры Журбаның есімімен аталатын акт залы болатын. Ол залда дәріс оқу бізді үлкен жауапкершілікке шақырып тұратын. Өкінішке қарай, қазір ол жоқ.

Ректор О.Камардиновтің кезінде Киевпен байланысы шарықтау шегіне жетті. Институттың партия ұйымын басқарған Күзек Нағызхановтың ұсынысымен екіжақты келісім-шарт жасалып, ғылыми, педагогикалық, әдістемелік байланыс орнады, делегациялық қатынастар алмасу үрдіске айналды. Киев университетінің аспирантурасы мен докторантурасында қызылордалық ғалымдар көптеп оқыды. Осы игі бастаманың алғашқы қарлығашы математик, пединститут түлегі Зұлқарнай Икрамов ағамыз еді. Сол бір тарихи үдерістің  әсерімен мен де Украина Ғылым академиясы экономика институтының ғылыми кеңесінде өткен ғасырдың 80-жылы диссертация қорғадым. Сол жылы Киев университетінде пединституттан 20-дан аса аспирант пен докторант оқыды. Олардың көшбасшысы, ақылшысы, доктарант Базарбек Қашқынбаев аға еді. Өмірден өткен Зұлхарнай Икрамов, Нұртаза Абдрахманов, Темірбек Жайсаңбаев,  Боранбай Таубаев, т.б. Киевтен шыққан ғалымдар болатын.

О.Камардинов басшылық еткен жылдары Н.Гоголь атындағы пединституттың атын әлемге паш еткен «Сыр сұлуы» ансамблі Еуропа, Азия жұртшылығын өнерімен сусындатты. Осы ретте композитор, факультет деканы Мүлкаман Қалауовтың есімін ерекше атар едім. Ағаның атына қаламыздан Өнер мектебінің берілуі оған деген туған елінің құрметі деп санаймын. Қазір Зина Сексенбаева басқарған «Сыр сұлуы» ансамблі шығармашылығын тоқтатқан жоқ.

Бүгінгі университет құрамына енген бұрынғы Ы.Жақаев атындағы инженерлік институттың орны ерекше. Жамбылдың гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалынан бастау алатын бұл оқу орнының тарихы академик У.Бишімбаевтың есімімен байланысты. Сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Исатай  Әбдікәрімовтің пәрменімен Қызылордада ашылған осы филиалда 10 жыл ұстаздық еттім. Академиктер Тұрлан Ысқақов, Лесбек Тәшімов, Керімжан Сейтжанов, Серік Абдрахманов, Әбсаттар Жұмаділдаев, Болат Теміров, Меңдіқара Жолымбетов, Темір Кеншінбаев, Бақытбек Сейсенов, Әди Ибрагимов, Аян Жанқараева, Син Клара Харитоновна, Минсара Караманова, Бауыржан Ахметжанов, Сұлтан Маханбетов, Әлібек Есенқараев сияқты аға-қарындастар, інілер таптым.

ДГМСИ-дің Қызылорда филиалы құрылысының бас жоспары бекітілісімен жұмыс басталып кетті. Ол кезде филиалдың кәсіподақ ұйымын басқарып, кейінірек «Ауыл шаруашылығы құрылысы» факультетіне декан болдым. У.Бишімбаевтың қабылдауында болып құрылыстан хабарсыз екенімді айтқанымда, орынбасар құрылыс саласын шемішкедей шағатын Қылышбай Бисенов екенін жеткізді. Қазіргі №5 оқу ғимараты жатақхана, «Жігер» кафесінің іске қосылуы филиалдың ЖОО болып қалыптасуына ықпалын тигізді. Осы бір қыруар шаруаға 20 жыл ғұмырын Сыр еліне сыйлаған академик У.Бишімбаевтың ерен еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Уәлихан інімнің қызметтегі бір ерекшелігі – қарамағындағылардың қуанышы мен қайғысынан қалмайтын. Бұл әрекеті қазақи дәстүрді берік ұстайтын Сыр елі жұртшылығының алдында оның беделін көтеріп отырды. Қазіргі Қорқыт ата университетінің басқарма басшысы Бейбіткүл Сәрсемханқызының әрекетінен көріп, риза боламыз. 

У.Бишімбаев филиалдың оқу базасына ғана емес, ғылыми-идеологиялық әлеуетіне ерекше назар аударатын. Көптеген оқытушылар Одақтың ғылыми кеңестерінде докторлық, кандидаттық диссертацияларын қорғады. Өзім де солардың қатарындамын. Филиалда қызмет жасаған уақытымда партия қатарына алынып, ғылым кандидаты атанып,  4 бөлмелі пәтерлі болдым.

Филиалдың түлегі Бақтияр Тайлақбаевтың басшылығымен «Целина» атты мәдени-шығармашылық ансамбль ұйымдастырылып, БАМ-ды (Байкал-Амур магистралі)  айлап аралауы филиалдың атын бүкіл Одаққа паш етті.

Он жылдан кейін ұстаздық қызметімді бастаған пединститутқа Б.Досманбетовтың орнына «Саяси экономика» кафедрасына меңгеруші болып келдім. Бақберген Сәрсенұлы оқу ісі жөніндегі проректорлыққа көтерілді. Оралхан Камардиновтан кейін ректорлыққа Абай Айтмұхамедов сайланды. Мінездеріміз ақпандатқан борандай болғанмен, тез түсініп тіл табысып кеттік. Тәрбие жұмыстары жөніндегі проректорлық лауазымды иелендім. Көп ұзамай институттың партия ұйымының босатылған хатшылығына сайландым. Айлық жалақыны қалалық партия ұйымынан алатын болдым. Сол кездегі өлшеммен қарағанда, бұл – ректордан  кейінгі  екінші тұлға. Қолымда әкімшілік жазбаша билік болмағанмен, барлығын партбилет арқылы басқаратын кез еді ол. Қазіргі партиялардың барлығында осындай қауқар бар ма? Әй қайдам, жоқ-ау.

А.Айтмұхамедовтың басшылығы кезінде Қазақстанда бірінші болып «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Жыр-жырау» мамандығын  бітірген  студенттерді солтүстік облыстарға қызметке жіберіп, көші-қон саясатының алғашқы кезеңін басқардық. Бұрынғы «Халық әні» кафедрасы дайындайтын мамандық Алмас Алматов інімнің тікелей басшылығымен мемлекеттік стандартқа енгізіліп, лицензия алынды. Қабылдау емтихандарына телеарна арқылы бейнебақылау жасалып, жанкүйерлерге көрсетіліп тұрды. Студенттік құрылыс отрядтары жасақталып, облыстың елді мекендерінде әртүрлі саладағы  құрылыс нысандары пайдалануға берілді. 

Төрт жылдан аса Сыр елінде ректорлық қызмет атқарған Абай досым өз сөзімен айтқанда, «орыс болып келіп, қазақ болып кетерінде» орнына Сыр елінің атпал азаматы Бақберген Досманбетовты ұсынды. Ректор креслосына Б.Досманбетов отырғанда, проректорлар А.Канцев, М.Кереев, Р.Әміреев, Д.Көшеровпен бірге мен де проректорлық қызметімді жалғастырдым. Кейінірек проректорлық қызметке Амантай Шәріпов пен Бауыржан Омаров шақырылды. Институт Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университет болып қайта құрылып, Түркиядан, Арабиядан, Кореядан оқу процесіне мамандар шақырылып, жаңа мамандықтар ашылды. Факультет декандары М.Матаев, Қ.Жаңабергенов, Г.Кизатова, М.Мұхамедов, И.Жұбаниязов, Б.Кәрібозұлы, т.б. білікті мамандар даярлауда аянбай еңбек етті.

Бақберген Сәрсенұлы қала әкімі қызметіне ауысуына байланысты университет ректорлығына Болат Абдрасилов сайланды. Аз уақыт ішінде Болат ініміз де университет тарихына өз қолтаңбасын қалдырды.

О.Камардиновтен кейін көп уақыт ректорлық қызметті атқарған академик Қылышбай Алдабергенұлы. Қазіргі заман талабына сай оқу ғимараттарын, спорт сарайын, агробиологиялық кешенді іске қосты. Бұрын мемлекеттік тергеу комитетінің (ГСК) облыстық мекемесі болған қазіргі бас оқу ғимаратын пайдалану бағытындағы жұмысын ерекше атар едім. Қызылорда политехникалық институты мен Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университетінің қосылуы (1998 жыл) ректор қызметінің аясын кеңейтумен бірге көптеген жаңа міндеттерді де әкелді. Ректор Қ.Бисеновтің университет оқытушыларына қала аумағынан жер бергізгенін, көптеген дамыған Еуропа, Азия елдерінің ғылыми орталықтарымен байланыс жасағанын ерекше айтар едім. Осы уақытта «Экономика» факультетінің деканы, «Тарих, филология, өнер ҒЗИ» институтының директоры, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, ректордың кеңесшісі қызметтерін атқарғанымды мақтанышпен еске аламын. Сегіз мамандық бойынша аспирантура ашуға, «Университет хабаршысын» шығаруға, көптеген жас ұстаздардың ғылыми дәрежесін алуға ықпал еткенімді мақтан етемін. Курстас досым, академик, ЖАК-тың (Жоғары аттестациялық комитет) төрағасы болған Амангелді Құсайынов досымды қалай айтпай кетемін.

Академик Б.Момынбаев ректор болған төрт жылда билік тізгінін проректор Бақытжан Сайлыбаевқа беріп, өзі декандар, кафедра меңгерушілері, ардагер ұстаздар және жас ғалымдармен тікелей жұмыс жасады. Көпшілдігі, қарапайымдылығы, ақкөңілділігімен есте қалған Байзақ інімнің домбырамен «Барып қайт, балам, ауылға» әнін нәшіне келтіре салған үні құлағымнан кетпейді. Байзақ Көпірбайұлының кезінде оның кеңесшісі әрі университет ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайландым.  Сайлау шарасына облыстық ардагерлер ұйымын басқарған Сейілбек Шаухаманов пен досым, құрдасым, ақын Әскербек Рахымбекұлы қатысқан еді.

Қазіргі мен қызметтес болған жетінші ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова кезінде университет жаңа белестерге көтеріліп, үздіктер қатарына енді. Ұжымның біріккен жұмысы нәтижесінде 2020-2022 жылдары университет Акредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жасақтайтын ҚР-да сұранысқа ие ЖОО-ның ұлттық рейтингінің ТОП-10 құрамына тұрақты орнықса, биыл 1+6 білім беру бағдарламасында (БББ) үздік үштікке енді. Сыр елінің салт-дәстүрін жан жүрегімен қабылдаған, тұла бойы ізеттілікке толы қарындасыма сәттілік тілей отырып, 85 жылдық мерекені де ойдағыдай атқаратынына бек сенімдімін. Оның дәлелі ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өтіп жатқан кешенді шараларды айтсақ, жеткілікті.

Иә, өзімнен бес жас үлкен университетіме жасампаздық жолында жасай бер, келешегіңді кемел ететін жас ғалымдарымыз бен ұстаздарымыз аман болсын деген бата-тілекпен ойымды тәмамдап, бүкіл Сыр еліне, Қорқыт ата университетіне 85 жылдық құтты болсын демекпін.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата университетінің ардагерлер

кеңесінің төрағасы,

профессор