Аймақ ахуалы – БАҚ назарында

509

0

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ел ішіндегі күрделі мәселелерге орай БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Түйінді тақырыптар талқыланған жиында Сырдария өзеніндегі су тапшылығы мен ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер, құрғақшылыққа қатысты қазіргі жағдай баяндалып, ұсыныстар айтылды. Кездесуге жергілікті БАҚ басшылары, республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері, тәуелсіз журналистер, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиында Серік Ахмет алды­мен су мәселесіне қатысты бір­қатар жайтты атап өтіп, атқа­рылып жатқан шараларға тоқталды.

– Сырдария өзені «Тоқ­тағұл» су қоймасында жинал­ған су көлеміне тікелей тәуелді. Мәселен, аталған қойма­да жылына 15 млрд текше метр су жиналуы керек болса, қазір бар болғаны 7-8 млрд текше метрді құрап тұр. Сол себепті су тапшылығы сезіліп отыр. Тиісінше «Шардара» мен «Көксарайдағы» су кө­лемі кеміді. Сондықтан қазір Сырдария өзенінің суын ұлғайту мақсатында Үкімет тарапынан халықаралық келісім­шарттар жасалып жатыр. Мәсе­лені оңтайлы шешу үшін Қазақ­станнан Қырғызстанға қа­жетті электр энергиясын беру жоспарлануда. Орнына веге­тациялық кезеңде егісті суаруға қажетті су алынатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы Талғат Дүйсебаев өңірдің егін шаруашылығындағы су мәселесі бойынша атқарылып жатқан шаралар және ауыл шаруашылығы саласын субсидияландыруда кездесетін түйт­кілді мәселелер туралы баяндады.

–       Жыл сайын мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде ауыл шаруа­шылығы дақылдарының егіс көлемі ұлғайып келеді. Атап айтқанда, биыл облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жос­пар­ланса, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді. Облыс бойынша 187,6 мың гектар ауылшаруашылық дақылдары орна­ластырылып, өткен жылмен салыс­тырғанда 3,4 мың гектарға артық егілді, – деді ол.

Биыл өңірдегі су тапшылығы салдарынан күріш егісінің межеленген 84,4 мың гектар көлемі 1,5 мың гектарға дейін қысқартылып, 82,9 мың гектарға орналастырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 6,6 мың гектарға кем. Ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру барысында қысқартылған күріш егісінің орнына рентабельділігі және экспорттық әлеуеті жоғары дақылдардың көлемін арттыра отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Нақты айтқанда, көк­өніс, бақша, майлы және мал­азық­тық дақылдар өткен жылмен салыс­тырғанда 11,1 мың гектарға артық орналастырылды.

Еркін диалог алаңында сала басшыларына БАҚ өкілдерінің тікелей сауал қойып, тиімді ұсыныстар айтуына мүмкіндік туды. Айталық, «Qazaqstan» телеранасының меншікті тіл­шісі Әділбек Жақанов ауылшаруа­шылығын қолдау бағдар­ламалары арқылы мал басын көбейту үшін субсидия алған шаруалар жайын қозғады. Жем-шөптің қымбаттауына байла­нысты субсидияның несиесін төлеуде қиындыққа тап болған шаруалар саны аз емес. Бұл орайда басқарма басшысы айтылған мәселенің орынды екенін, бүгінде жем-шөптің бағасын арзандатуға байланысты шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

Ал, Арал ауданында құр­ғақ­шылық салдарынан мал шығынының көбейгені белгілі. Журналист Миуа Байна­зарова­ның осы мәселеге байла­нысты қойған сұрағына басқарма басшысы ауданда 490-нан астам мал шығын болғанын, сондықтан бірінші кезекте жем-шөп жеткізуге басымдық берілгенін, бүгінде ауданға 1400 тонна шөп, 40 тонна жем жеткізілгенін, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғаса беретінін айтты. Сондай-ақ, қазір «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰҚ» АҚ арқылы арзандатылған арпа жемін жеткізу шаралары атқарылуда. Алдағы уақытта ауданға 490 тонна арпа жемі жеткізілмек.

Жиында «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы Сырдария ауданындағы шаруа­лардың егін егуі, Жалағаш ауданында мал жайылымының тарылуына байланысты мәсе­лелерді айтып, Аралда мал шығынынан бөлек, төрт-түлік­тің арзан бағада өзге аудан, облыстарға сатылып жатқанын, халықтың малын шашыратып алу қаупі барын, бұл орайда қандай шаралар атқа­рылып жатқанын сұрады.

Басқарма басшысы Сырдария ауданында егін алқаптарына толықтай дақыл егілгенін, шаруалар егін егуге үлгергенін, ал мал жайылымына байланысты зерттеу жүргізіліп, тиісті шара­лар атқарылып жатқанын атап өтті. Арал ауданындағы құр­ғақшылық салдарынан туын­даған жағдайға байланысты облыстық жұмылдыру дайын­дығы басқармасының басшысы Медет Усайн қазір аудан көлемінде төтенше жағдай жариялау бойынша нақты шешім қабылданып, тиісті құжаттар рәсімделіп жатқанын жеткізді. 

Бүгінде облыста күріш егу ісінің көлемін қысқартуға байланысты жағдайды әбден сараптаған абзал. Осы мәселені қозғаған облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов әртараптандыру жұмыстарының тиімділігі туралы сауал қойды. Сондай-ақ, бұрын ата-бабаларымыз құрғақшылықтың боларын алдын ала нақты болжағанын, соған орай ерте қамданғанын тілге тиек етті. Ауа райы аумалы-төкпелі Сыр өңірінде метрологиялық болжам жасайтын арнайы мекемелер бұл жағдайды ертерек ескеріп, тиісті басқармалар бірігіп жұмыс атқарғанда, тіпті түліктердің ішкі миграциясын ұйымдастырғанда мұндай күрделі мәселелер туындамаған болар еді деген ойын жеткізді.

Ал «Qyzylorda» телеар­насының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева дәл қазіргі жағдайды ескере отырып, халық­тың азық-түлік қауіп­сіздігін бірінші кезекке қойып, картоп, сәбіз секілді өнімдерге субсидия беру керегін, ережеге өзгеріс енгізу туралы  ұсынысын айтты.

Жиында Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіндегі су деңгейін арттыру бағытындағы мәселелер де қозғалды. Облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов облыста 207 көл барын, бүгінде су тапшылығына байланысты 17 көлде су тартылғанын атап өтті. Оның ішінде ең өзектісі – Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесі. Расында соңғы үш жылда көлдерге су аз түскен.

– Қазақстан Республикасы­ның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің облысқа сапары кезінде осы мәселені көтердік. Қазір Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесін сақтап қалу үшін Аманөткел тұсында су тоспасын салу туралы нақты шешім қабылданды. Атап өту керек, осыдан 15 жыл бұрын Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасының ішінде Аманөткел тұсынан су тоспасын салу қарастырылған болатын. Жобаның жүзеге асырылуы содан бері созылып келеді. Оның ішінде Дүниежүзілік банктің ішкі тәртібі бойынша Сырдария өзенінің бойындағы мемлекеттердің келісімін алу керек. Өзбекстан тарапы өкінішке орай жыл сайын Қазақстанға тиесілі 1,5 млрд текше метр суды Арнасай су қоймасына жіберу жөнінде ұсыныс білдірді. Өз кезегінде бұған Қазақстан тарапы келіскен жоқ. Соған байланысты кейбір компоненттерін республикалық бюджеттен бастап кеткен бо­латынбыз. Оның ішінде Қа­мыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесін қалпына келтіру жұмыстары САРАТС-2 жобасы­ның аясында атқарылуы тиіс болған. Бірақ сәуір айында бөлек алып, облыстық бюджеттен құжаттарын әзірлеу жұмыстарын бастап жатырмыз, – деді ол.

Сырдария өзеніндегі су тап­шылығының алдын алу жұмыстары туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бас­­сейндік инспекциясының бас­шысы Сейілбек Нұрымбетов баяндады.

Басқосуда БАҚ өкілдері сала басшыларына өткір сауал қоюмен қатар, білікті су ма­мандарын даярлау, дария арнасын тазарту және мәдени-тарихи нысандардың қорғалуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<