АҚШ: Биліктегі өзгеріс мұнай бағасына оңды әсер етті

594

0

АҚШ-та өткен президент сайлауына қатысты жанжал аяқталмағанымен, сарапшылар Ақ үй басшылығының тағына Джо Байденнің отыратынын сенімді түрде айта бастады. Болуы ықтимал жаңа президент қазірдің өзінде күштік құрылымдардың жетекшілерін де атап үлгерді. Сонымен бірге қаржы министрінің де есімі аталды.

Әлемдік қаржы нарығы АҚШ билігінде болуы ықтимал өзгерістерге оңды жауабын берген сыңайлы. Дүниежүзіндегі қор биржаларында мұнай бағасы күрт өсті. «Қара алтынның» бренд сорты 25 қарашада 48 долларға тұрақтады. Бұл – әлемдік мұнай нарығында соңғы 7-8 айдың жүзінде қалыптасқан ең жоғары баға.

Әлем сарапшыларының әзірге Байденнің президент болып сайланғаннан кейінгі қадамдары туралы ауыз толтырып айтатындай болжамдары байқалмайды. Бірақ олардың бірқатары жаңа әкім­шіліктің Солтүстік Кореямен, Иранмен жақындасып, Ресейге қатысты санкциялардың ауқымы кеңейетінін мәлімдеді. Д.Трамп билігі кезінде АҚШ пен Қытай, АҚШ-Ресей арасында орныққан салқын қатынас Байденнің билігі тұсында жеңілдеуі мүмкін бе? Қалай болғанда да осының барлығы – болжам сипатындағы пікірлер. АҚШ сыртқы саясатының қандай бағытта өрбитінін жаңа президенттің ресми түрде қызметке кірісетін мерзімі 2021 жылдың 20 қаңтарынан кейін белгілі болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<