Қоғам қарсылық танытпаса…

476

0

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов департамент жанынан құрылған жобалық кеңселер жетекшілерімен кездесу өткізді.

«Antikor Ortalygy» сервистік орталығында өткен кездесуде О.Бектенов агенттіктің облыс бойынша департаментінің жаңа басшысын таныстырды. Агенттік төрағасының бұйрығына сәйкес бұл лауазымға генерал-майор Қанат Қожахметов тағайындалды. Өз кезегінде жаңа басшы алдағы уақытта қоғам белсенділерін Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді бірлесіп атқаруға шақырды.

Кездесу барысында аймақтағы қоғам белсенділері, жастар және мемлекеттік қызметкерлермен білесе отырып жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Қоғамдық ағарту штабының жеткшісі Бақытжан Сайлыбаев жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері жөнінде пікір білдірді. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас «Парасат жолы» жобасын өңірімізде жүзеге асыру барысын баяндады. Адалдық пен парасаттылықты дәріптеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің мәнін түсіндіруге бағытталған жоба аясында өңірде ауқымды істер атқарылуда. Қатарында белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар бар 52 адамнан тұратын үгіт-насихат тобы аудан-ауылдарда кездесулер өткізіп, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға үлес қосуда.

Сондай-ақ, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Түсмағамбетов пен арнайы мониторинг тобының жетекшісі Ләззат Бақтыбай қоғамды саяси жаңғырту және демократияландыру тұрғысынан өз пікірлерін ортаға салды.

Ашық диалог түрінде өткен кездесу соңында агенттік төрағасының бірінші орынбасары қоғамның белсенді қатысуынсыз жемқорлықты азайту мүмкін емес екенін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы, яғни ГРЕКО ұйымы биыл Қазақстанның осы саладағы жұмысына баға береді. Ең әуелі заңның ашықтығы, антикоррупциялық мекемелердің жұмысы мен азаматтарды қорғау бағытындағы атқарылып жатқан шаруаларға жан-жақты талдау жасалмақ. Сондай-ақ заңдардың іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны да сараланады. Сондықтан еліміздегі жемқорлықпен күрес жұмысындағы кем-кетіктерді түзеу жолында баршаңызды жұмыла жұмыс жасауға шақырамын. Себебі жемқорлықпен күресте қоғам белсенділерінсіз оң нәтижеге жету мүмкін емес, – деді ол.

Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<