Сапалы тұқым өзімізде бар

630

0

Жақында «Жаса Агро» бау-бақша орталығы ашылды. Көкөніс-бақша дақылдарының тұқымын сататын арнайы орталық облыста алғаш рет жұмысын бастады. Бұл – ғылым мен кәсіпті ұштастырып жүрген Самалбек Қосановтың  жобасы. Орталықта егін егудің сан саласын үйренуге, гүлдер, көшеттер,  бақша дақылдарын және көкөніс, тыңайтқыш, жылыжай заттарының барлық түрін кезіктіруге болады.

Көпшілік егін ексем, ағаш отырғыз­сам жемісін береді деп ойлайды. Алайда, Самалбек Қосанов бұл оймен келіспейді. Өйткені, өсімдік те – тіршілік иесі. Күтіп-баптағанды қажет етеді. Өсімдікке керек 16 элемент тыңайтқыш топырақта кездеседі. Ал, қалған дәрумендерді бағбан өзі дайындайды.

Қазір мұнда жұмыс қызу. Мамандар тұқым егіп, көшет дайындау үстінде. Қызанақ, тәтті бұрыш, кәді егілген. Көшет топырақтан бой көтеріп қалыпты. Енді аз уақытта егуге жарап қалады. Жылыжай заман талабына сай жабдықталған. Жылу жүргізілген, тамшылату әдісімен суарылады. Сыртқы қабаты мықты клеен­камен қапталған. Биыл 50-70 мың көшет егіліп, саудаға шығарылмақ. Бағасы 40-50 теңгеден болады. Көшет науқаны біткеннен кейін, қияр егуді жоспарлап отыр.

– Біздің мақсатымыз – облыс тұрғындарын сапалы көкөніс тұқымымен жеміс, сәндік екпе, қылқанжапырақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз ету. Өңірде жылдан-жылға  бұрынғы өнімділік көрсеткіштері төмендеп барады. Өзге өңірлер молынан өнім алса, біздегі меже көңіл көншітпейді. Сонымен қатар халық қара базардағы шығу тегі белгісіз тұқымдарға ұрынбау үшін жасалған қадам. Бұл – дүкен немесе дүңгіршек емес. Орталық деп атау­дың себебі, келешекте қызығушылығы бар адамдарға бау-бақша егудің қыр-сырын үйретіп, арнайы маман ретінде сертификат беруді де ойластырдық. Тәжірибені көрген азаматтар алдағы уақытта есік алды учаскесінен немесе жылыжай салып табыс табатын болады. Біздің мамандар жылыжайда қандай топырақ түрін пайдалануға болатынын, көшетті қалай отырғызу, оның жемісін алу үшін қалай күтіп-баптау керектігін үйретеді, – дейді ол.

Мұнда кәсіби диқан­дар­дан өзге әуесқой шаруа­лар да келіп, тегін кеңес ала алады. Ал, келешекте курс ұйым­дастырылып, қаты­су­шы­лар ар­найы сертификат алып, көкөнісші, жылыжайшы, бағ­бан сынды маман ретінде танылмақ. Орталық шетелдік фирмалармен тікелей жұмыс жасайды. Тұқымдар, тыңайт­қыштар сол шетелдік ком­­па­ниялардан, Шымкент­тен  жеткізіледі. Тұқымда сапа бар. Самалбек Қоса­нов­тың айтуынша, халық өзі­нің қандай өнім түрлерін тұ­­тынып отырғанын, сорт, бу­данын ажырата алуы ти­іс. Сонымен бірге маман біз­­дің аймақ бау-бақша да­қыл­да­рын егуге қолайлы екенін айтты. Тұқымды уа­қытылы егіп, қажетті күтім жасаса  өнім мол шығады.

Бұдан бөлек, орталық же­текшісі қауыннан қытырлақ дайындау жобасын кәсіп­керлік палатасына ұсынды. Жоба қолдау тауып, 2,5 млн теңге қайтарымсыз грант же­ңіп алды. Қаражатқа Ресейден станок алдырды. Бұл жоба да биыл жүзеге асы­рыл­мақ. Алғашқы сынақ та сәтті шықты. Енді өнім шыға­рылады.

– Балалар чипсиді та­ласа жеп жатады. Ол ден­саулыққа зиян. Олқылықтың орнын толтыру үшін табиғи, таза өнім ұсынуды жөн санадым. Егін алқабынан қауын алып, оған ешқандай қоспа араластырмай, дәруменге бай қауын қы­тыр­лағын да­йын­дайтын бо­ламын. Бұл ба­­ғытта тың идея­лар бар. Уақыты келгенде жүзеге асырып, бөлесетін боламын, – дейді ол.

Бұған дейін көкөніс-бақша дақылдарын егумен айналысатын диқандар са­­палы, жоғары репродук­ция­лы тұқымды сырттан та­сы­малдайтын. Енді олар алыс­қа сабылмай, жо­­ғары сұ­рыпты тұ­қым­ды орта­лық­тан алады. «Жа­са Агро» бау-бақша ор­та­лығының ар­найы сер­­ти­фикатталған, са­палы, көкөніс-бақша да­­қыл­да­рының элита­лық тұ­­қым­­дарымен ауыл ша­руа­­шылығы тауарөнді­руші­лерін толықтай қамтуға мүм­кіндігі бар. Орталықта тамшылатып суаруға пайдаланылатын құ­рыл­ғылар, тыңайтқыш то­пы­­рақтар, жылыжай ша­руа­­шылығына арналған зат­­­тарды маман кеңесімен таң­дауға мүмкіндік те қа­рас­тырылған.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<