Шалғай ауылдарға шаршамай жетеміз

445

0

Арал ауданына қарасты шалғай жатқан елді мекендердің жолын жөндеу биыл да жалғасады. Бөген мен Ақлақ, Қаратерең мен Жаңақұрылыс, сондай-ақ Жаңақұрылыс пен Қазалыға қарасты Бекарыстан би ауылымен ауданаралық шекараға дейінге автокөлік жолын жаңарту – басты жоспарлардың бірі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев осы және өзге де атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді.


Өткен жылдың есебін аймақ тілшілері алдында баяндаған аудан басшысы былтыр ауданға 15,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын айтты. Ал аудан бюджетінің салықтан нақтыланған жалпы түсімі 23,2 млрд теңгені құрап отыр.


– Аудан бойынша өнеркәсіп орын­дары 15,7 млрд теңгеден астам өнім өндірді. Былтыр барлығы 837,9 мың тонна тұз қазылып, оның ішінде йодталған тұз көлемі 236 мың тоннадан асты. 5,5 мың тонна балық, 278 мың тонна ет, 874 мың тонна нан мен нан өнімдері, 103,1 мың текше метр кварц топырағын дайындаған, – дейді аудан әкімі.


Арал ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 16 жоба іске асқан. Нәтижесінде 667 адам жұмыспен қамтылды. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Биыл Жақсықылыш кентінен спорттық сауықтыру кешенін, №19 орта мектебіне 100 орындық қосымша жапсаржай салу және 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу басталып кеткен.


Тағы бір айта кететін жаңалық, былтыр 6 елді мекенді Kcell, Tele2 және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қыз­метімен қамтамасыз ету жос­пар­ланған еді. Бүгінде 15 елді мекенге ұялы байланыс желісі орнатылды. Ал Аққұлақ ауылы­на операторлар тарапынан мон­таждау жұмыстары жүргізілуде.
Теңіз беткейде құрылыс қар­қынды.

Былтыр 3,1 млрд тең­геге көптеген нысан салынып, кейбіреуі жаңартылған. Арал қаласында бір қабаттан тұратын, 4 пәтерлі 10 үйдің құрылысы, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон, Оқушылар үйі, 5 елді мекеннен биотермиялық шұңқырлар құрылысы жүрген. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мек­теп салына бастады. Бұдан бөлек, емхана, колледжге жөн­деу жұмыстары жүріп, аудан орта­лығындағы 33 көше көркейтілген.


Былтыр Жақсықылыш кен­тіне табиғи отын жетті. Арал қаласындағы кейбір көшелерге газ құбыры тартылып, бүгінде бұрын қосылмаған 50 жеке үй «көгілдір отын» игілігін көрді.


Ауданда халық саны өсіп келеді. Туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Туберкулез ауруымен алғаш рет тіркелгендер және қатерлі ісікке шалдыққандар саны өткен жылдарға қарағанда біршама төмендеген.


– Алдағы міндет – Мемлекет басшысының Жолдауын, мем­лекеттік бағдарламаларды, облыс әкімінің 2021 жылға арналған іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен түспейді. Арал қаласы мен ауылдар арасындағы жол қатынасын жақсарту, ауызсу, жарықтандыру, абат­тандыру және елді мекендерді кезең-кезеңімен «көгілдір отынға» көшіру сияқты басты жұмыстар биыл да тоқтап қалмайды, – деді аудан әкімі М.Оразбаев.

Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<