Такси аулаған тажалдар

1011

0

Көзінен ыстық жас ыршып кетті. Тұла бойын үрей буып барады. Адам да осындай қасқыр сияқты қатыгез болады екен-ау! Әсіресе өзінің құдайы көршісі Мырзабек бүйтеді деп кім ойлаған. «Машина керек болса, берем ғой… бүйтіп қинамай-ақ!» деп ойлай беріп еді, өзін басып отырған жас жігітті тани кеткені. Ойбай-ау, мынау Махмұд қой.

«Інім, мен сені танимын. Мен сенің ағаң Қазболат Жортынбаевпен бірге жұмыс істеп едім… жібере гөрші» деді жыламсырап. Махмұдқа жәутеңдей қарады.

Ал ол жауап берудің орнына көкіректен оңдырмай түйіп қалды «Үніңді өшір!» Ол аздай мойнын бұрап, тырп еткіз­бей үстіне отырып алсын. Кәттебай өзін қазір мыналардың өлтіретінін біліп, тұла бойын үрей буып, қалшылдап кетті. Жас жігіт ақырып, Мырзабекті рульге жұмсады. Машина қозғалып кетті. Қайда бара жатқандарын білмейді. Бір тоқтағанда қараса, «Қарөзек» өзеніне келіпті. Махмұд пен Мырзабек өзін көліктен желкелеп түсіріп, артқа қайырылған қолына тағы бір ауыр зат байлап тастады. «Інім-ай, – деп жылап жіберді бұл. – Жалынам, жіберші мені. Ақша керек болса, әкеп берем. Ешкімге айтпаймын!» Жортынбаев селт етпеді. Мырзабекке әлдене деп еді, ол жүгіріп барып, машина жуатын шүберек тауып әкелді. Сонымен көзін таңып жатыр. Сөйтті де дедектетіп сүйрелей жөнелді. Бір кезде су кешіп кеткенін білді. Өзен ғой мынау! Зар қағып жылап жүр. «Мүгедек ағаңмын ғой…» Суға басын батырып, сөзін аяқтатпай тастады. Тұншығып барады. Мырзабек пе, Махмұд па, қайсысы екенін білмейді, біреуі желкесіне атша мініп алып, жібермей ұзақ езгіледі. Кеңсірігіне су кіріп, өкпесі удай ашығанын біледі… Бір кезде оң жақ кеудесі ысып сала берді. Судың бетін қып-қызыл көбік жайлап алыпты.

Қатты шошынып оянып кетті… Қайда жатқанын білмей маңайына алақ-жұлақ қарады… тас қараңғы. Өкпесі қабынып, ауа жетпей жатыр… Жүрегі тарсылдап, әкетіп барады. Кеудесі толған үрей… Бұл не сұмдық! Түс пе мынау! Махмұдты дәл осылай үнін өшіріп еді ғой. «Ағатай, өлтірмеші…» деп жалынып, жылағанына қарамап еді. Өзімен бірге жұмыс істеген Қазболаттың інісі Махмұд. Біліп тұрып өлтірді… Туысқандығы да бар еді… Енді сол Махмұд түсінде өзін өлтіргелі жүр! Сұмдық-ай! Сұмдық-ай! Бұл не сонда? 

***

Талықсып, көзі ілініп барады екен…

…Көңілі тасып, шаттана күліпті. Тақымында қоңыр сары «семерка». Өзінің ескі «тройкасы» сияқты емес, ұршықша үйіріліп тұр. Содан ба екен Байқоңыр жаққа қатынамай, Қызылордада такси боп жүргені.

Бұл жолғы клиенті кәріс жігіті екен. «Атың кім?» дейді ол. «Кәттебай!» «Мен Олегпін. Ким Олег!» Жанында көлеңке тәрізденіп қалмай бір қазақ жүр. Ол артқа, Ким Олег өзімен қатарласа жайғас­ты. «Бізді тубболницаға апар!».

Ту сыртында отырған қазақтың ауруханаға баруынан қайтуы тез болды. Сыр­қат туысы сұранып, үйіне кетіп қалыпты.

– Қап, – деді Олег аз-кем дағдарып. – Онда, туысқан, бізді Титовқа апарып тас­ташы. Міне, ақшаң. Мынау осында келгеніңе, мынау Титовқа дейін.

«Клиенттің бәрі осындай болса екен, – деп ойлады Кәттебай. – Тіпті көліктен түспей, ақшасын төлеп қойып, анда барайық, мында барайықпен кешті батырса ғой».

Титов шағын ауданына апаратын тесік көпірден өткен соң Олег: «Тоқтаңыз­шы, дәрет сындырып алайық» деді. Бұл да соны пайдаланып, аяқ жазбақшы болып ыңғайлана беріп еді, артта отырған қазақ оң бүйіріне әлдебір ауыр темірді қадай тақады.

– Тихо сидеть, стрелять буду! Назад садись! – деді бұйырып. Зәресі ұшып, төбе шашы тік тұрсын. Пистолеттің шүріппесін басып қалса, құрыды ғой. Машина ішімен үн-түнсіз артқа ауысып отыр­ды. Есіктен шығып, артқы жаққа жетіп келген Ким Олег бұның тыпырлағанына қарамай, желкеден басып, қолын артқа қайырып, шындап байлап жатыр.

– Басыңды көтерме! Басыңды көтерсең, өлесің! – деп, машина жүріп кеткен соң желкеден солқ еткізіп салып қалды. Қолы қатты екен, жұлынын үзіп жібере жаздағаны. Бордай үгітіліп, көзінен ыстық жас тамшылады.

– Братан, жіберші… өлтірмеші… үш балам бар… өзім мүгедекпін…

Олег те, рульдегі қазақ та үн қатпады. Тек өзінің өксік үні ғана естіліп тұрды. Біраз жүрген соң машина тежелді. Қараса Тереңөзекке жақындап қалыпты. Рульдегі қазақ осы кезде артқа бұрылып күлімсірей қарағаны.

– Мы оказывается перепутали. Оказывается не ты, сейчас до Жосалы отвезешь, мы тебя отпустим, бензин зальем и деньги заплатим, – дейді. Шыны ма, өтірігі ме? Жоқ, өтірік емес сияқты, қолын шешіп жатыр.

– Да, да, мы тебя отпустим, – деп қош­тады Олег те.

Екеуінің бетіне жөндеп қарамаған екен. Енді қараса, өзі танитын адам. Күліп жіберді. Мырзабек қой мынау. Құдайы көрші. Талай жұмсаған, талай жүз грамды бірге ішкен. Бәсе, әзілі екен ғой. Бірақ өйстіп те әзілдей ме екен? Әзілің құрып қалсын бүйткен. Жүрегі жарылып, жүріп кетер деп ойламайсың, ә! Соны айтпақ еді, тілі күрмеле берді. Айта алмады. Балдағын сықырлатқан күйі жедел аттап барып, рульге жармасты. Мырзабектің ойында ештеңе жоқ сияқты. Арағын ішіп, артта кәйіпке батып отыр.

Ішкі жолмен зымырап келеді. «Қаракеткен» арқылы «Қармақшы ауылының үстімен Жосалыға баратын жол бар. Соны жұрт ішкі жол дейді. Ішкі жолда МАИ жүрмейді, рахат!

Жосалыға жақындағанда Мырзабек иығынан түртті.

– Әкел, мен айдайын. Сен шаршадың, артқа отыр.

Қалжырап кеткені рас еді, тас қараңғыда машина айдау оңай ма? Ағаш аяғы сықырлап артқа ауысты. Сол-ақ екен, Мырзабек пен Олег бас салып қолын қайырып байлап тастасын. Жүрегі мұздап сала берді. Бағанағысы әзіл дейік, ал мынаусы не?

– Мырзабек, – дей беріп еді, Олег іштен бір перді.

– Үніңді шығарма! Өлесің!

Іші түйіліп, естен танып қала жаздады. Сәлден соң машина тоқтап, Олег сыртқа шығып кетті де, Мырзабек бұған жақын келді. Қолында қанжар. Бет-жүзі көмірдей қап-қара. Қолындағысын сілтеп қалды. Шімірікпеді. Өткір қанжар кеудесіне кірш етіп қадалды. Ыстық қан атқылап жатқанын біледі… Осы кез Олег пен Мырзабек екі жақтап сүйреп сыртқа лақтырды. Олегтің  қолында балға. «Ты изнасиловал мою сестру» деп кіжініп, қақ маңдайдан балғамен тарс-тарс еткізіп екі рет ұрды…

Құрдым түбіне қарай құлдилап бара жатыр екен…

Жанұшыра шыңғырып орнынан ұшып тұра берді де… теңселіп кетіп, бетон еденге қайта құлады. Солқылдап соққан жүрегі жарылып кетердей. Тағы да түс. Олег кіріпті түсіне. Өзі Олегті қалай өлтірсе, ол да өзін солай өлтірмек болып жүр… Қап-қараңғы қай жер мынау?! Қайда жатыр? Жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Көзіне алақандай терезе шалынды. Жатқан жері қап-қатты, ағаш төсек. Камера! Түрме! Жүрегіне у құйылып, қатты өкінді.

Өкіріп жылағысы келіп еді… жылай алмады.

***

…Өңінде өз қолымен өлтірген адамдар енді түсіне кіріп, өзін өлтірген деген не сұмдық! Өзі өлтірген таксишілердің жан қиналысын, көңіл күйзелісін енді өзі сезінген деген қандай қасірет? Қатты үрейленді. Қалш-қалш еткен денесін билей алмады…

Бір мезет кірпігі кірпігіне еріксіз байлана берген екен…

…Таксиші адам клиенттің неше қилысын көреді. Жас та мінеді, кәрі де мінеді. Кейбірі алуан-алуан әңгіме айтады. Сірә, әркімнің жақын танысына айта алмайтын, алайда ішіне сыймайтын әңгімесі болса керек. Жаңа мінген мына баланың сөзуарын қара. «Атым Ербол, сіздің атыңыз кім?» деп тақылдап отыр. «Кәттебай» дейді бұл атын айтып. «Машинаңыз сайлы екен, моторы зың» деп мақтап қояды ол. «Енді ғана алдым, бұның алдында «тройка Жигули» болған, бояуы мына «Жигулимен» бірдей… бірақ оған бір жерден тегін «семерка» тауып, соның моторын салғанмын… ол мотор бұзылды… шатуны крышканы тесіп өтті» дейді бұл. Анау да сөзге қонақ бермейді. Әкесінің «Құмкөлтранссервис» мекемесінде мастер болып жұмыс істейтінін, аяғындағы унты етікті әкесі сол жұмыс жағынан әкеліп бергенін, өзінің енді ғана он тоғыз жасқа толғанын айтып… аузы-аузына жұқпайды-ау. «Байдың баласы, сірә, – деп ойлады бұл, – әйтпесе өзінен үлкен ағасын отырғызбай, алға өзі отыра ма?»

Бұлар да туберкулез ауруханасына баратын болып шықты. Такси болған соң кейде бір жерге бірнеше рет қатынайсың. Бұл араға да адамның талайын әкелген. Бір қызық жері, ауруханаға келгендер, жұмысы біткен соң міндетті түрде Титовқа жеткізіп салуын өтінеді. Әрі десе, тесік көпірден өте бере барлығы дәрет сындыр­ғысы келіп кетеді. Неге өйтеді? Қызық! Бұл жолы да… жап-жас бозбаланың қуығы тола қалыпты. «Тоқтаңызшы…» дейді. Ал тоқтады. Осы кезде қалай болғанын өзі де аңғармады, мойнына сарт етіп құрық түсті, әрі оны қатты жұлқып тартқан сайын қылғынып барады. Демі жетпей, алқынып, кеудесі көрік сияқты бір көтеріліп, бір басылды. Бір кезде буындырып тұрған жіп босап сала берсін. «Дыбысыңды шығарма! Дыбысыңды шығарсаң, өлесің! Артқа отыр!» деді сонда Ербол бұйырып. Осыған ұқсас әлдебір оқиғаны жадына жаңғырта алмай далбасалаған Кәттебай басын қорғалап, машина ішімен артқа ауысты. Артта отырған жігіт бұның білегін бұрап, тұқыртып әлек. Тілі байланып қалған ба, сөйлей алсашы. Көзі дамылсыз жыпылықтап, үрейден күзгі жапырақтай қалтырайды. Тұла бойын майда діріл билеген. Арқасынан мұздай тер бұрқ етті. Жаңағы Ербол деген бала жетіп келіп, тебінген аяғы мен қарманған қолын жіппен буып, соятын тоқтыша тырп еткізбеді. Рульде арттағы дәу қара, Ербол болса бұны бұлқынтпай желкеден басып, жанына отырып алған. Бұл сықсыңдап еріксіз жылауды ғана білді. Бұрын да осындай бір мүшкіл халді бастан кешкен сияқты еді. Қашан еді сол. Қолқа, жүрегі суырылып бара жатқандай ауырсына ыңырсып жатыр. «Інім, жіберші мені… аяшы мені… мүгедек адамды аяшы… машинаны сен-ақ ал… қу жанымды қалдыршы… жалынам, інім а-а-а…»

«Ер төстік» ертегісіндегі жалмауыз кемпірдің шеңгеліне тап болған Ерназар бай да дәл бұлай жалбарынбаған шығар. «Бар малым, бар байлығым сенікі, жібере көрші, шешеке!» демеуші ме еді зар жылап. «Жоқ!» деп сонда жалмауыз кемпір одан сайын буындыра түсетін. Ерназар төрт түлік малы өріске сыймаған бай ғой, ал Кәттебайда жалғыз машинадан басқа не бар? Түк те жоқ. Бұның алдында тегін келген бірнеше машина болғаны рас. Бірақ олардан қазір тамтық та қалмаған. Шанақтарын автогенмен кесіп-кесіп, Қарөзек жаққа құртқан. Саймандарын өзінің ескі «тройкасына» салған, салмағанын сатқан. Ақшасын жеп қойған. Өзін тұншықтырып басып отырған жалмауыз балаға бере қоятын несі бар, ештеңе жоқ қой, ештеңе. Жалмауыз бала жанын қалдырудың орнына жол бойы басынан төпеп ұрып келеді. Ұрған сайын миы шайқалып, ақылынан адасады. Бір заманда есін жиса, машина тоқтап тұр. Қасында тірі жан жоқ. Зорға көтерген басы ап-ауыр. Қашу керегін сонда ұққан. Аяғын байлаған жіпті сипалап шешті де, ашық қалған есіктен сыпырылып түсіп, қолы байлаулы күйі қиралаңдап қашты. Алайда дәл желке тұстан біреудің ырсылдап қуып келгенін сезгенде, аяғы ауырлап құлап қалыпты. Қуып жеткен қара бәле дүлейленіп, бұны машинаға қарай сүйрей жөнелді. Қараса, қара дүлей дегені Мырзабек. Кәдімгі Мыр­забек Бешбаев. Көршісі. Бұрын өзі таксистерді осы Мырзабекке өлтіртетін. Енді бұл Ерболдың айтқанын істеп, өзін өлтірмек. Сөйтіп айдап жүрген «Жигулиін» тартып алмақ. Сірә, Ербол оған көбірек төлейтін болғаны ғой. Өзі беретін отыз мың да аз ақша емес еді оған. Отыз мың теңге отыз күн емін-еркін ішуге жететін. Енді Кәттебай Мырзабектен жақсылық күтуге болмайтынын түйсінді. Кім артық ақша берсе, соның киллері бола салатынын бұрын қалай білмеген.

Жас жігітте де аяушылық қалмапты. Кіжініп кеп, іштен екі тепті. Ішегі түйі­ліп, дем ала алмай қалды. Өлген жерім осы шығар деп ойлаған. Бұтына жіберіп қойғаннан сау ма? Бір ұққаны бұларды жалынып-жалпайып жібіте алмайсың. Әне, қол-аяғын мықтап байлап тастапты. Қу жанынан қатты түңілген сонда. Титов жақта өз қолымен пышақтап өлтірген жігіттің шошынған түрі көзіне елестей берді. Сонда оның көз қарашығында қасірет пен күйзеліс жасы тұнып тұрған. Оған да сөйлеу мұң боп қалған-тұғын. Мойнына салған капрон жіпті орындық арқалығының бас қоярлығына тартып байлап тастаса, қалай сөйлейді. Денесі жиырылып-жазылған таксишінің кеуде тұсына пышақты бойлата ұрған өзі ғой, көзі әнтек кең ашылып кеткенін сонда байқаған, қасірет пен күйзеліс жасын сол кезде көрген. Көзі ашылған күйі жабылмай қатып қалған-тұғын.

…Желтоқсанның ызғары ішке лап қойып, денесін тоңазытқанда ғана есін жиды. Машина тоқтапты, есік ашық қалған. Сырттан сөйлескен екеудің дауыс­тары естілді. «Өлтіріп, дарияғы лақтырып кетеміз» дейді Ербол. Анық солай деді. Бағанадан бері қараңғы машина ішінде бүк түсіп жатқан күйі аяғындағы жіпті шешпек болып көп күйбеңдеп еді, сонысы жақсы болыпты, капрон жіп сусып тарқатылып кетті. Тағы да қашты. Ағаш аяқ тонна тартатын сияқты, қанша тырбанса да алысқа ұзай алмады. Мырзабек аттап бастырмай, желкелеп қайта әкелді. «Өлтір»! деп бұйырды Ербол. Мырзабек жүгіріп барып, машинаның жүксалғышын ашып жіберді де, ішінен ағаш сапты темір балғаны суырып алды. «Мен саған қашқанды көрсетем!» Ұмтылып кеп, соғып өтті. Миы солқ етіп, шашылып қала жаздасын. Бас сүйегі шытынап кетті сірә, біресе мұз боп сіресіп қатып қалғандай, біресе от боп лаулап жанып жатқандай түсініксіз бір хал. Біресе жеті қат аспанда зымырап ұшқандай, біресе жеті қат жер астында құм қауып құшқандай! Ербол мен Мырзабек былқ-сылқ еткен бұны жүк салғышқа көтеріп салып, кақпағын жауып жатыр. Соны бұл өзі сырттан бақылап көріп тұрғаны сұмдық. Жүк салғыш іші аяздатқыш сияқты, денесін суық қарып барады.

«Жигули» кері бұрылып, дарияға салған көпірдің орта тұсына кеп тоқтады. Ербол мен Мырзабек әрең демалып жатқан өзін жүксалғыштан асығып-үсігіп жүріп суырып алды да, көпір ернеуіндегі темір қоршаудан асыра ырғап лақтырды. Дария деген ту-у төменде… басы айналып құлдырап құлап бара жатыр екен дейді…

…Орнынан ышқынып тұра келді де тас қабырғаға басын оңдырмай соғып ап, шалқасынан серпіле құласын. Ағаш аяғы қайырылып, астында қалыпты. Ыңырсып жатып, жаңағы өзі бастан кешкен оқиғалар түсі екенін аңғарды. Түсі боп шыққанына қуана да алмады. Қуану қайда, қайта мұз жұтқандай ішкі жан дүниесі суынып, қалтырап кетті. Ербол деген баланы өз қолымен дәл осылай өлтіргені жадында жаңғырды. Өлтірмеске болмаған. Қайта-қайта қашқан одан құтылудың жалғыз жолы өлтіру ғана деп білген. Адам өлтіру кімге оңай бопты, Мырзабек Ерболдың басына балғамен оңдырмай соққанда тұла бойы түршігіп кеткен. Бас сүйегі шытынап жарылса да, өле қоймай ырсылдап демалып жатқан оны сол күйі көпірден төменге лақтырғанда қолы сәл ғана қалтырап еді. Сол Ербол, сүйегі табылмай ұшты-күйлі жоқ боп кеткен Ербол, ақыры өзінің ми қатпарынан оянып, жүйке жүйе­сін кеміріп жатыр, кеміріп жатыр.

Жан-жағын сипалап қайда жатқанын білмей дағдарып, бір сәт үннен қалды. Жатқан жері түрме екенін білгенде үсік шалған шөптей қалтырап, жүрегін үрей буып, өкініштен өзегі өртеніп маңдайын бетон еденге соққылай берді.

***

Шілденің қысқа түні таусылып болсашы. Көзін ашса да, жұмса да өзін өлтірмеуін өтініп, еңкілдеп жылаған үшеудің аянышты бейнесі көңілден кетпей қойды. Олардың күйзеліске толы көз жанары санасында қайта-қайта жаңғырды. Талықсып, көзі ілініп кетсе болды, біресе Махмуд, біресе Олег, енді бірде он тоғыз жастағы Ербол түсіне ене береді. Жанына жақындап келеді олар. Олардың қылаудай жазығы жоқ еді. Олардың көз жастарының салмағын енді сезіне бастапты. Олардың көз жастарының салмағы Қарақтаудан да ауыр екенін енді ұға бастапты. Сол салмақ кеудесін жаныштап, жүрегін езіп барады.

Таң ататын түрі көрінбейді. Кеше де солай болған. Бүгін тіпті ащы ішектей шұбатылып кетті. Ұйықтамайын десе, көзі еріксіз жұмылып барады. Ұйықтайын десе, анау үшеуі жетіп келіп, өзін буындырып, қинай бастайды.

Басының ішінде бір сұмдық барына көзі анық жетті. Көзі ілінсе болды, сол сұмдық оянып кетеді. Оянып кетеді де көзіне қорқыныш болып көрінеді. Үрей болып үйіріледі. Бетон қабырғаға басын тарсылдатып ұрып та көрді. Болмайды… Солқылдап жылап жіберді. Қашан бітеді мына сұмдық! Тезірек атып тастаса екен. Құтқарса екен азаптан!

Тізерлеп отырған орнынан қиралаңдап тұрып, камераның темір есігін тарс-тұрс тепкіледі. «Тергеушіні шақырыңдар! Тергеуші келсін маған! Бәрін айтам! Мойныма алам бәрін! Махмудты өлтірген мен! Олегті өлтірген мен! Ерболды өлтірген мен! Мен! Мен! Мен!»

Темір есік міз бақпады.

***

Өңі қашып кетіпті. Жағы суалған. Көзінде от жоқ. Есіктен еңсесі түсіп енді. Балдаққа салмағын салып, сылтып басып тергеушінің алдына келді.

– Отыр!

Отырды.

– Неге шақырдың?

– Құтқаршы мені! – Екі алақанымен бетін басып отырып қалды. Екі иығы бүлк-бүлк етеді.

– Үш таксисті өлтірдің. Оны өзің мойындадың. Қалай құтыласың? Ертең Ескермесов Жақсымұрат пен Нұрымбетов Талғатты өлтірген жеріңді көрсетесің!

– Көрсетем! Айттым… көрсетем! Ол емес… Мойнымда тағы үшеудің қаны бар. Солар түсіме кіре берді… ұйықтатпайды… жынданып кететін түрім бар. Соны айтайын деп… Бәрін мойныма алам… Бәрін. Түсіме кірмейтін шығар сосын… мазаламайтын шығар…

– Онда басынан баста!

Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Әділхан Сабыров айыпкер Кәттебай Ожабаевтың әңгімесіне құлақ қойды.

***

Әйелінен ажырасқаннан бергі өмірі өмір емес, түс сияқтанатын еді…

Түрменің тас камерасына бір күн түнеп шығу Мырзабектің есін тез жидыр­ды. Бұған дейінгі істері қылмыс екенін енді ұққан сияқты. Соның бәріне кінәлі – арақ. Оны өзі де жақсы біледі. Отбасынан айырылғаны да соның кесірі. Әйел кетті алтын асықтай алты ұлды алып. Кәттебайдың сөзіне еріп қолын қанға малуы да соның ылаңы. Маңдайын тоқпақтап, арақтың жетегінде жүрген өзін талай кінәлады да. Бірақ не сиқыры барын қайдам, көзіне арақ көрінсе болды бәрін ұмытады. Есіл-дерті сол болады да тұрады.

Бүгін түнде түсіне анасы еніпті. Бұрынғыдай өліп-өшіп айналып-толғанбады бірақ. Анадайдан селсоқ, суық қарап тұрды да, ештеңе айтпастан ғайып болды. Ренжіп кетті. Шешесінің соңғы сөзін елемеп еді, көңілі содан қалған ғой.

– Машина бұзылып жүр, не істейміз? – деген-ді Кәттебай осы айдың басында екеуі оңаша үйде арақ ішіп отырғанда. Оның айтпағын бірден түсініп, іші қылп ете қалды. Өткен жылы дәл осы уақытта болған оқиға жүрегін ара-тұра шымшылап қоятын. Сонда шие түсті «семерка» айдаған таксишіні пышақтап, сеспей қатырған өзі еді ғой. Соны ойласа әлі күнге дейін желке құйқасы шымырлап қоя береді. Кәттебайға енді ермеспін деп өзіне сөз де берген. Үндемей қалу себебі сол. Алайда жұтқыншаққа жүз грамм лақтыр­ған соң, әңгіме ауаны басқаша есіліп жүре берді.

– Бұл жолы да «семерка» алу керек. Анау кәрістің моторын жаман май құйып, бүлдіріп алдым. Әйтпесе «семерканың» моторы күшті.

– Таксисті өлтіреміз бе?

– Басқа амал жоқ! – деді Мырзабектің сұрағына Кәттебай сәл іркіліп жауап беріп. Келісімнің түйіні ретінде екеуі бір жартылықты тауысып тарасқан.

Сол түні түсіне анасы еніпті. «Айналайын, Мырзатай! Ертең ешқайда барма! Бір бәлеге ұрынып қаларсың! Күнім! Жаным! Жарығым!» деп айналып, толғанып жатыр екен. Түн ортасында оянып кетіп, марқұм анасын сағына еске алды. Дәл өңіндегідей-ау! Байғұс анасы «осы балам адам болсын» деп, өле-өлгенше үміт етпеп пе еді? Әскерге аттанғанда бұлар мінген автобусқа жармасып, Қызылордаға дейін еріп барғанын ұмытар ма? Иә, еріп барды ғой бір сөмке тамағын арқалап. Сөйткен анасы түсінде де қамқор болуын қоймайды.

– Бүгін бармай-ақ қойсақ қайтеді, – деді ертеңінде Мырзабек, – түсіме марқұм шешем еніпті.

– Түс деген түлкінің боғы емес пе? Жігіт деген уәдеде тұру керек! – деп Кәттебай оның сөзін тыңдағысы келмеді. – Басты ауртпа, кеттік!

Сонда өзінің үндей алмай қалғанына қазір қатты өкініп жатыр.

Жылағысы кеп еді, көзінен бір тамшы жас тамбады.

***

Тергеуші Талғат Бұрханов қылмыс­кер Ожабаевты алып, айғақтарды оқиға болған жерде тексеруге шілденің оны күні тағы барды.

Жасалған қылмысты сөзбен құрғақ мойындау сотқа толық айғақ емес. Тергеу­ші жұмысының машақаты мол болатыны да содан. Бұлтартпайтын айғақ, неше алуан сараптама қажет. Сот-дәрігерлік сараптама, сот-криминалистикалық сараптама, сот-дәрігерлік-криминалистикалық сараптама, сот-физика-техникалық сараптама, сот-биолагиялық сараптама, сот-тауарлық сараптама, сот-трассологиялық сараптама, сот-наркологиялық сараптама, сот-психиатриялық сараптама…

Толып жатқан осынау сараптамалар үшін қолға ұстатарлық нақты айғақ зат табуы тиіс. Заттай дәлелдемелер сараптамаға, сараптама куәлердің тануына, қылмыскердің мойындауы олардың беттесу жауаптарына сай болса ғана қылмыс толық ашылды дей аласың.

Қылмыскер тергеу кезінде Махмуд Жортынбаевты өлтірген уақытын дәл айтты. Қолын артына қайырып ақ сыммен матап, оның үстіне жүк машинасының покрышкасын қоса байлап, суға батырып жібергені бұрынғы ашылмай қалған істе де нақты көрсетілген. Ол жағы тұп-тура келіп тұр. Енді «машина қаңқасын кесіп-кесіп, бақшаға көміп тастадым» деген сөзін тексеру қажет. Ол да рас болып шықты. Талғат Бурханов қолына күрек алып, Ожабаев көрсеткен жерді қазғанда, жер астынан ашық көк түсті шанақтың кесінділері шықты. Оны сол сапарда бірге болған облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу істері жөніндегі орынбасары Бауыржан Саринұлы ­Рахим­ов пен облыстық тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ғанибек Сырмағанбетұлы Отарбаев та көрді. Қазып алған қаңқа кесінділерін марқұм таксишінің ағасы Мақсұт Жортынбаевқа көрсеткенде, ол бірден таныды.

Ал Ербол Исақаевтың ашылмай қалған ісінде оның аяғында унты етігі болғаны жазылған. Ожабаевтың үйінен табылған ол етік марқұм таксишінің әкесі Сабыр Исақаевтың көзіне оттай басылды. Арызында «машина багы кодпен ашылатын еді» деп сөзі бар. Айтса айтқандай, Ожабаевтың гаражынан табылған бензин бактың аузында код бар екен. «Код нөмірі қандай еді?» деген сауалға Сабыр Исақаев «Бактың аузы он жеті санымен ашылатын еді» деп жауап берген. Ол да рас болып шықты, он жеті санын тергенде бактың аузы ашыла кетті.

Тергеу барысында Ербол Исақаев­тың машинасының түсі Ожабаевтың ескі машинасымен бірдей болғандықтан, шанақты кесіп әуре болмай, моторы мен басқа бөлшектеріне тиіспестен, тек алды-артын кесіп алып тастап, оған өзінің ВАЗ-2103 көлігінің сол жерін дәнекерлеп жапсырып, бояп тастағаны белгілі болған еді. №1212 сот-криминалистикалық сараптама зауытта жазылған шанақ нөмірдің үстіне өзінің ескі көлігінің нөмірін кесіп алып жапсырғанын дәлелдеп, бекітті. Қолдан жапсырған нөмірдің астынан ХТА 210600Т3637432 деген бұрынғы Ербол Исақаев көлігінің нөмірі шыға келді.

Аға тергеуші, полиция подполковнигі Әділхан Сабыров айыпталушы Мырзабек Бешбаевты оқиға болған жерді көрсету үшін шілденің онында алып шықты. Олардың жанында қорғаушы Қалдыгүл Жаппасбаева мен екі куәгер еріп жүрген. Жосалы қыстағына жақын жердегі сусыз жарманың бойын айыпталушының көрсетуімен қазғанда, сол жерден адамның бас сүйегі мен жыртылған киімдер табылды. Ол киімдерді марқұм таксиші, кәріс жігітінің апасы Пак Елизавета танып, көз жасына ерік берген. Ал бас сүйек бойынша жасалған сол жылғы тамыздың он екісі күнгі №09-09/17 сот-дәрігерлік-криминалистикалық сараптама оның Олег Ким екенін анықтаған.

Тергеу барысында айыпталушы Ожабаев Ким Олегтің шанағы тәуір болғандықтан, көзін жоюға қимай гаражға тығып қойғанын, кейін інісі Мықтыбайға бергенін айтқан. Бұл да 2004 жылғы тамыздың 9-дағы №1101 санды сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сай келді. Інісіне берер алдында Байқоңырдан арзанға сатып алған өзге бір апаттық шанақтың нөмірін кесіп алып, Кимнің шанағындағы зауыттық нөмірдің үстіне жапсырған. Сараптама сол жапсырылған нөмір астынан ХТА 210700Н0670340 деген жәбірленуші Ким Олегтің иелігіндегі көліктің шанақ нөмірі табылғанын бекіткен.

Айыпталушы Ожабаев та, Бешбаев та өздеріне жеке-жеке ұсынылған төрт фотоның ішінен Махмұд Жортынбаевты, Ким Олегті, Ербол Исақаевты танып, оларды өздері өлтіргенін мойындайды.

Осы қылмыстарға қатысты заттай айғақтарды тауып, оқиғаның қалай болғанын бұлтартпас деректермен дәлелдеген аға тергеуші, полиция подполковнигі Әділхан Сабыров, тергеуші, майор Мүсілім Бердібеков және осы №044307014314 істі тергеу тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Талғат Бұрханов табандатқан төрт ай тапжылмай ізденді. Олар қауырт жұмыс істеп, айыптау қорытындысын қазан айының соңында дайын етті.

***

Алты таксишіні қинап өлтіріп, көлігін өз пайдаларына жаратқан қос қылмыс­керге 2004 жылғы желтоқсанның 10-да Қызыл­орда облыстық соты Қазақстан  Респуб­ликасы  атынан сот үкімін оқыды.

Айыпталушы Кәттебай Ожабаев пен Мырзабек Бешбаевқа Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізу туралы 2003 жылғы желтоқсанның 17-дегі Президент Жарлығына байланысты, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігі негізінде мүлкін тәркілей отырып, өмір бойы бас бостандығынан айыруға түпкілікті жаза тағайындалды.

Жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді.

Сотқа төрағалық еткен Б.Қалымбетов, судьялар М.Имандосов пен Т.Өміржанов болды.

Таксишілердің із-түзсіз жоғалуына қатысты жеті жыл бойы әшкереленбей келген қылмыстың ашылуы облыс қана емес, республика көлемінде де айтулы оқиғаға айналды. Осы қылмыскерлерді құрықтағаны үшін Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Болатбек Тоқберішев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2-дәрежелі «Айбын» орденімен, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әмірбек Бердібекұлы Шаймағамбетов ҚР Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осы қылмысты ашудағы кәсіби шеберлігі үшін полиция майоры Ырысбек Ибраев пен полиция лейтенанты Раджап Салахадинге әрқайсысы жүз мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы,

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

полиция полковнигі

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<