Армян вандализмі

977

0

Осы ретте біздің жадымызға осы аймақтан басқыншы армян әскерлерінің тықсыра қууымен кетуге мәжбүр болған әзербайжан бауырлар еріксіз оралар еді. Ол кезде өздерінің ғасырлар бойғы құтты қонысы болған ата-бабаларының жерін амалсыз тастап шыққан әзерилер бір нәрсені қиратып кетпек тұрмақ, киім-кешектерінің өзін түгендеп алып кете алмай, бас сауғалап қашқан-тын. Армяндар онда қазіргі әзербайжан армиясы секілді көшу үшін белгілі бір уақытқа мұрсат та бере қойған жоқ, жедел арада кете алмағандарын тіпті тапа-тал түсте атып тастап та жатты…

Біз, міне, екі түрлі халықтың бір мәселеге екі түрлі көзқараспен, екі түрлі пиғылмен қарайтынының нағыз көрнекі құралын көріп отырғандай әсерде жүрміз. Өздеріне соншалықты қарасып, білдірген уәждеріне қарай кеңшілік беріп тұрған әзербайжандарға енді армяндар қалай және қандай алғыс айтып жатыр? Олардың алғыстарының түрі сол, өздері отыз жылға жуық уақыт тұрған бұрынғы әзербайжан отбасыларының шаңырақтарына жаппай от қойып, бұған қоса, қора-қопсылары мен тауық кепелеріне дейін жалынға орап, сонымен бірге маңайдағы ит тұмсығы батпайтын қалың ормандарға шала тастап кетуде. Соның салдарынан жанып жатқан ну тоғайлардан ұшқан түтін айналадағы ауаны бүлдіріп, экологиялық проблемалар туғыза бастады.

Мұндайға кімдер барады? Кімдер өзі отыз жыл отырған, балалары өмірге келіп, есейген отандарын өзі кетерінде бұзып кетеді? Құс екеш құстың өзі мұны жасамайды ғой.

Мұны аз десеңіздер, армяндар осындағы электр жарығы келетін бағандарды да, оларға ток беретін подстанцияларды да қиратып кеткен. Мұның арғы жағында Худаванг атты ежелгі албан ғибадат үйі кешенінің тас-талқанын шығарып, ішіндегі қоңырауына дейін әкеткен. Бұдан бөлек, бірқатар храмдарды тонап кеткендері белгілі болып қалды. Негізі, олардың бәрі бір кезде әзербайжандар салған мешіттер еді. 1993 жылы бұл аумақты басып алған армяндар оларды баяғыдан өздерінікі етіп көрсету үшін қабырғаларына өз жазуларын жазып тастаған екен. Бірақ оларды қырып алғанда, арғы жағынан құрылысты салған әзербайжандардың аты-жөндері шыға келіпті…

Біз мұның мысалын бұрын ешқашан Таулы Қарабақ автономиялы облысының қарауында болмаған, тек 90-шы жылдардың басында Ресейдің қолдауына сүйенген армян қарулы күштерінің осы аймақпен шекаралас жатқан басып алған тағы 7 ауданның қатарындағы Келбаджардан армян әскерлері мен тұрғындардың кетулері барысынан көріп отырмыз. Армения жасақтары бұл аудан жерін 1993 жылғы 2 сәуірде басып алған еді. Оккупацияға дейін мұнда 60 мыңнан астам әзербайжан тұрыпты. Ал қазір солардың біреуі де қалмаған. Бәрін армяндар өз жерлерінен қуып шыққан. Сөйтіп, сырттан 3 мың армянды көшіріп әкелген.

Қазіргі күндері бұл жердің байырғы егелері – әзербайжандар атамекендеріне қайтып орала бастады. Бұдан бөлек, Түркияда тұратын түрікмендердің де бірқанша отбасылары осында қоныс аударады деген сөз шығуда. Ол да мүмкін. Енді олардың бәріне мұндай үйлерді қайта салып алуға тура келеді. Дегенмен, мұның да берекесін берсін. Ең бастысы, басқыншылар да, олармен бірге келген өктем жұрт та кетіп жатыр. Әзербайжан билігі отыз жыл бойы дамымай қалған бұл аудандарда үлкен құрылыстар жүргізуді қолға алғалы жатыр.

Ал осы жолғы армян вандализмін қазіргі таңда бүкіл әлемнің иманды жандары айыптау үстінде. Франция президенті бастаған біршама қауым болмаса, енді армяндардың қолтығына су бүркіп жүрген ешкім жоқ. Тіпті Владимир Путиннің өзі Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жаңағы жеті ауданның Әзербайжанға тиесілі екенін соңғы күндері бірнеше рет қадап айтты. Осының өзі хай жұртына сабақ болуы керек еді. Бірақ олай бола қоймады…

Мына соғыс шынында кімнің кім екенін, қай халықтың жүрегінде иман барын, кімде жоқ екенін анық көрсетіп берді.

Ержан УӘЙІС,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз