Туған өлке жер мен суын ойлағанда

1223

0

Ол заманда өзге ауылмен қатысу тек пойыз арқылы. Шойын жол дариядан көп ұзамай жағалап отырады. Мәскеу мен Тәшкен аралығында «55-56» атты пасәжір пойызы қатынайды. Әр разъезге аялдайды. Сұлутөбенің ығында жайғасқан Керкелместен қалаға тікесінен елу шақырымның ояқ-бұяғы бола тұра, қамыс зауытының ағаш бортты ГАЗ-51 жүк машинасы сәскеде аттанып, қырдың оралма жолсызымен асықпай ырқылдап, Телікөлден Сырға шаршап-шалдығып жеткен салт аттыдай, шабырдан Қызылордаға Оспан көпірінің үстімен күн бата зорға құлайды.

Жаз бойы дария шалқып тасиды. Көп жерде шойын жолдың екі жағы көз ұшына дейін күнге шағылысқан су астында. Шағала ұшып, қаз қонып, тұқымын шашып жатады балық сол айдында.


Соғыс кеше ғана аяқталған. Бес-алты жастамыз. Әке үйдің орнындай жер ашып, бір қалта күріш себеді. Су мол, ол арықпен келеді. Күзде күрмегі аралас екі-үш қап күріш аламыз. Анамыз күрмегін айырады екшеп. Оны келіге түйеді.

Сосын диірменге тар­тып ұн шығарады. Тапа нан пі­сіреді. Тығыз, көкшіл нанның дәмі қыш­қылтым, бірақ тәтті. Сол кездің осы нанын аузына салмаған бала Сыр бойында кемде-кем. Арасында жүге­рінің аппақ нанын да жейміз. Бидай­дың сары наны – жеңсік ас.


Қазір сынға қия салуға даяр сол уақтағы Кеңестер Одағы сауапты іс атқарды. Дария суын адам күнкөрі­сіне бұрды, өзенге тас бөгет салды. Байтақ жер тегістеліп, егінге су төгер каналдар қазылды. Күрмегі жоқ күріштен мол өнім алынды. Егіншілер табысқа кенелді, бақуат тұра бастады. Мал шаруашылығы да оңды өзге­рістен тыс қалған жоқ. Малдың қоңын жоңышқа қалыңдатты. Сүт пен ет көбейді. Ел еңсесі биіктеп тойынды.


Мелиорацияның арқасында туған өлке түледі, танымастай өзгерді, ай­мақ күріш өндіру орталығына айнал­ды. Суармалы алқапты тұрғызған құ­рылысшылар құрметке бөленді. Егін­шілер де кенде қалған жоқ. Алып диқан Ыбырай Жақаевтың ізба­сар­лары көбейді. Күрішті өсіруде олар бұрын-соңды болмаған биік нәти­жеге жетті. Алдына шығып, өрлеген бірегейлері марапат шыңына көте­рі­ліп, Еңбек Ері атағына иелік етті. Ау­дандар мен ауылдар арасын жалғаған тас жолдар салынды. Егіншілер су жаңа үйге қоныстанды.


Бүгін суармалы жердің мәні анау айтқан жоғары емес. Өзге аймақтар сияқты біздің өңірде де біршама уақыт болды жер қыртысы қазба байлығы тұрғындардың бас күнкөрісіне айнал­ған. Суармалы егіс кейінге ысырылды. Бұл дұрыс та шығар. Әр заманның өзіне лайықты бас кәсібі болады де­гендей. Мүмкін, бір жағы осыған бай­ланысты суармалы алқаптарда жұмыс атқаратын мамандар саны мен құра­мының күрделі өзгеріске ұшырауы да.


1980-1990-жылдары облыс көле­міндегі ша­мамен жүздей егін шаруа­шылығында екі жүз елудей жоғары және орта білімді су маманы бе­рекелі істер атқарған. Қазір шаруа­шылықтар ұсақталып, саны бес жүз­ге жуықтаса, оларда егісті суару ісін бас­қаруды небәрі отыз ғана су маман­дары жұмыс атқаруда. Демек, қажет­тілікпен са­лыстырғанда су ма­маны жетімсіздігі бү­гінгі күні екі жүзден асады. Ендеше, суармалы алқаптардағы ылғал ысыра­бы­ның бас­­ты себебі – шаруашылық­тарда су ма­мандарының тапшылығы, көбінде тіпті жоқ болуы.


Табиғаттың заңдылығына орай бұл болмыста небір материалдық қор­дың шектеулігі белгілі. Сондықтан, қа­­зір өңір­дің басты экономикалық, әлеу­меттік негізі болып келе жатқан қазба байлығымыз жылдар өткен са­йын азаяды, кім білген, мүмкін, өкі­нішке қарай, сарқылар. Азай­майтын, кемімейтін, таусылмайтын, өш­пейтін несібеміз, байлығымыз да бар. Ол – жер мен суымыз. Ол – ұлы Сырдариямыз.
Уақыт өткен сайын тұщы су қоры кеми беретіні даусыз. Сондықтан Сыр­дария өзені суын тиімді пайдалануда келешекте қиындықтар кезігетіні анық. Солай бол­ғанда қандай шаруаға ба­ғытталмасын, ыл­ғалды барынша тиімді пайдалану басты мәселеге ай­налады. Мейлі, өндіріс немесе адам­ның қажеттігі болсын.

Бұл жағ­дайда егін шаруашылығы да көп қиын­шылықтарға кезігеді. Мәселен, казір ай­мағымызда өскен күріштің әрбір гектарына орта есеппен 23-25 мың текшеметр су беріледі. Бұл ай­­тарлықтай көп. Ал, күріштің тікелей суға деген қажеттілігі сегіз жарым-тоғыз мың текшеметр. Бүгін беріліп жатқан ылғал мөлшері оның қажет­тілігінен екі, екі жарым есеге жуық жоғары. Бір уақытта күріштің мау­сым­дық суару мөлшері гектарына 15-17 мың текшеметрге төмендеуі де мүм­кін.

Бірақ, бұл, сөз жоқ, маман­дардың, әсіресе, су маманының қайырымды жо­ғары білігі мен ықпалы арқылы болады.


Ауылда жетіжылдық мектепті тә­мам­дап қалаға келдім. Ойым – орта мек­тепте оқуды жалғастыру. Ата-анаммен жақсы таныс ағаның үйінде жаттым. Ол кісі белгілі азамат, ме­ке­ме басшысы. Бір күні сол аға: «Сен гидротехникумға түссейші, осы сала қазір облыста жақсы дамып келеді. Орта мектепті де бітіресің және ма­ман­дық та алып шығасың» деді. Бұл кеңес маған мықты әсер етті. Сөй­тіп, 1959 жылы гид­ро­техникумға түстім. Осыдан, шүкір, жаман болған жоқпын. Өңірде жерді ме­лиорациялау ісі қарқынды жүргі­зілді.

Суармалы алқаптар аймақ аза­маттарының басты күнкөрісіне ай­налды. Ол кезеңде су маманының бе­делі жоғары болатын. Айта берсек, сонау жылдары облыстың бірінші және екінші басшылары белгілі су ма­мандары болғанын да көрген бұл аймақ.
Алайда, қазір бұрынғы бедел мен атақты көксеп отырғанымыз шамалы. Көз­дегеніміз – аға ұрпақтың ерен ең­бегі арқылы салынған инженерлік жү­йе­дегі суармалы жердің келешекте тозып, қиналып, жетімсіремегені. Өйт­кені Кеңес дәуірі кезінде қыруар қар­жыға салынған осы қазына күтімін жақсы ұйымдастырып, дариядан бас­тау алып, келетін арналарды өз дәре­жесінде баптай білсе өңір халқының сарқылмас несібесі.


Бірде ойламаған жерден дәріс­ханаға байқамай кіріп қалып, айтысып отқан екі студенттің үстінен шықтым.


– Кім болатыныңды білесің бе? – деді біреуі.


– Кім болушы ем, сушы да, – деді екіншісі.


– Ылғи таяз ойлайсың-ау сен! Сушы емес, егін мен судың тілін білетін, туған жердің жанашыры бо­ламыз, – деді алғаш­қысы.

Сұрастыра келе, сол баланың ауылда өскенін анықтадым. Екіншісі қаладан екен.
Сол айтқандай, алдағы уақытта, балаң кезімде кезіккен ағадай енді ғана үлкен өмір жолын бастауға ұмтылған жасқа «Осы салаға бар, су маманы болсаң жер мен судың тілін жетік білесің, содан сен елдің де, жұрттың да, ата-ананың да қаді­рін толық түсінесің» деп айтар үл­кен­дер шығар ма екен ертең? Шық­қан­да қандай! Сыр бойы қасиетті өлке, мұнда кезінде ұлы ойшылдар өмір сүрген, ел қамын армандаған жы­раулар жырын төккен, аталы сөз қал­дырған бабалар тірлік еткен. Керек болса, осы өлке қазақы өнеге-үрдіс пен тәлім-тәрбиенің тарихи ошағы да болған.

Ендеше, осының бәрі тегін емес, мұның бәрі босқа кет­пейді, осының соңы қайырымды бере­кемен жалғасады. Сондықтан, келер ұрпақ қазіргідей, қазір­гіден де саналы, ақылды, өнегелі болады. Олар өзінен бұрын жұрттың, елдің қамын алға қояды, келешектің, болашақтың есесін барынша қорғайды. Олай бол­са, жоғарыдағы сұрағымыздың біз күт­кендей жайлы, жағымды жауабы дайын!


О бастан Сыр елі аймақтың келешегі мен болашағын түбегейлі ойлаған, өн­дірістің адам қарекетіне қызмет етуін сайлаған, әрбір отбасының жағ­дайын өз ұл-қыздарының күйінен кем көрмеген, сөйтіп, түптің түбінде ал­дағы өмірге биік кемеңгерлікпен көз салған шаруашылық басшыларына кен­де болмаған.

Сонау заманда өз көзімізбен көріп немесе оқып біліп, болмаса естіп, сезгеніміз әлі де берік жадымызда. Сол тұлғалы азаматтардың қатарында Нағи Ильясов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Шамахан Құн­дызбаев, Шәзінда Қарақожаевтай аға­ла­рымыздың есімдері бұқаралық ақпа­рат құралдарында, ел аузында алдымен ата­латын еді.

Бұл азаматтар шаруашы­лық­тарды ұзақ басқарғанда жанында­ғыларды өндірістік бағытта тиімді пайдаланумен қатар, алдымен оларды ауыл болашағын ойлап, баға­лауға үйретті және тәрбиеледі. Демек, шын мәнінде олар алдымен ұстаз бо­лыпты. Олар мамандар құрамын тү­бегейлі жасақтапты. Болашаққа жо­ғары білікті мамандарсыз аттану­дың жөні мен реті болмайтынын көреген басшылар өзгеден бұрын сол заманда сезіп біліпті.

Осы азаматтар басқарған шаруашылықтар кезінде өзгелерге үлгі-өнеге болды, оларды соңынан ілестірді, сөйтіп, бүкіл аймаққа, елге, беткеұстар тұлғаларға айналды.
Айналамызға назар аударып, кө­ңіл қойып бағдарласақ осы күні де елдің, ту­ған жердің болашағы үшін өнегелі іс атқарып жүрген шаруа­шы­лық жетекшілері баршылық. Олар қа­ра­мағындағы суармалы жерді жақ­сы күтіп, жиі тегістеп, су ке­летін арна­ларды қайырдан, қамыс пен шөп­тен аршып, күріш атыздарына су өл­шеуіш құ­рылғылар қойып жоғары нәти­же­лерге жетіп жатыр.

Ендеше, бұлар да ауылының жастарына: «Алға ұмтыл, қара­ғым, жер мен судың қамын ойла, сонда сен ел үмітін ақтайтын боласың. Ел үмітін ақтағаннан өзге биік бақыт болмайды!» деп соңындағы ұрпақты құтты, даңғыл жолға бағыттайды. Де­мек, аға ұрпақ салып, көрсетіп кеткен сара жол олардың қазіргі ізба­сар­ларына айнымас үлгі мен өнеге екен. Тарих дәлелдеген, көрсеткен, мо­йындатқан бағытпен болашаққа құтты қадам жасайды бүгінгі шаруашылық бас­шылары. Ендеше, қазір қиналыста жүр­ген өңір су шаруашылығының жағ­дайы алдағы уақытта оң өзгеріске бой ұрып, шың­дала­тынына сенім мол.


Жоғары білікті су маманын біз бү­гінгі күні Сыр өңірі егін шаруа­шы­­лы­ғының бет-бейнесін анық­таушы, өзге ма­ман­дықтарды бірікті­ріп осы саланың бүкіл тірлігін ұйымдас­ты­ру­шы, онсыз өңірде өсетін күріш, жо­ңышқа, жүгері, бидай, өзге де дақылдар егісінің Сырдария суына түгелдей тәуелді екенін ескеріп, осы маманның орны мен ма­ңызын мойындауға міндеттіміз. Ежелден белгілі, Сыр өңіріне ғана тән жағдайды, осы аймақта өсетін дақылдар Ұлы та­биғат берген дария­ның ылғалы ар­қылы ғана өнетінін есте сақ­тауымыз керек. Сонда біз бүгін байқап отыр­ғанымыздай, келешекте де осы өңір шаруашылығы елді арзан да, сапалы күрішпен қамтамасыз ететін аймақ болып қала береді.


Кейде, оңашада, су шаруашылығы са­ласын қолмен құрып, баға жет­пес суармалы алқаптарды аймақ аза­мат­­тарының игілігіне ұстатып кет­кен, кө­зін көрген, өнегелі тәр­биесін алған Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыс­танбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Құтыбаев, Елтай Тыныштықбаев, Мә­делхан Нәлібаев ағаларымыздың кел­беті көз алдыма келгендей болады. «Ұр­пақ жалғастығы» деген аталы сөз бар­шамызға мәлім. Ендеше, «Сушылар ұрпағының жалғастығы» сол мағыналы ұғымнан шықпай ма?! Бүгін бірігіп осыған перзенттік жанашырлық көр­сетіп, болысып атсалыспасақ сол жал­ғастық жіңішкеріп-ақ тұр, ағайын! Ауылда әлі жөн-жобаны білетін, ал­дағы ағалардан үйренген, көзі қа­рақты азаматтар бар бірен-саран.

Ендеше, олардың қатарына балғын, жас леп су мамандарын ілестіріп, тез­­детіп, жеделдетіп қосайық. Олар жеткіншек жастарға бар білгенін үй­ретіп үлгерсін. Сонда ғана біз ар­дақты ағалар рухының кәріне жо­лық­пай, келер ұрпақ мейіріміне бөле­неміз!


Ауылға зәру су мамандары қата­рының соншама сиреуінің мәнісі не­де, себебі мен шешімі қайда? Өт­кен ға­сырдың алпысыншы, жетпі­сін­­­ші жылдары Жамбыл гидро­ме­­­лио­­ра­ция-құрылыс институты гид­­ро­­­­ме­лиора­тив­тік және гидротех­ника­лық құрылыс фа­­культеттеріне әр жылда үш жүз­ден астам студент қа­­был­­данатын. Олар­дың басым көп­шілігі ер балалар бо­латын.

Ендеше осы жастардың үштен біріне жуығы біздің облыстан еді. Оқу бітіргесін олар міндетті түрде ауылға оралатын, қысы-жазы аяғынан етігін тастамай егін басында жүріп, дақылдарды суарумен айналысатын.
Қазіргі жағдай өзгеше. Су маман­дары негізінен үш қалада дайында­лады. Біздің университетте алғашқы жыл­дары жыл сайын елу шақты студент қабыл­данатын. Міне, кейінгі он бес жылдан бері соның мөлшері 15-20-дан аспай келеді.

Студенттердің басым көпшілігі – қыздар. Ұлдар емге ғана табылғандай. Енді түсініп отырмыз, біз студент санына қарап, мәз болыппыз. Сөйтсек, осы мамандыққа ие­лік еткен қыздар ауылға аяғын баспайды екен. Оларға ауылға бар, егін егуді басқар деп айтудың өзі артық, тіпті қиянат екен. Аяғына етігін киіп алып, кетпенін арқалаған егіншінің алдына түсіп, туған жер батпағын кешіп, ша­ңын жұтып, өз ауылының абыройы үшін қажырлы еңбек ету ер азамат үшін жарасымды екен.

Сондықтан, ауылды білікті, жоғары білімді су ма­манымен қамтамасыз ету үшін енді осы мамандыққа барынша ұл бала­ларды қабылдау қажет. Бұл осы күнгі болмыстың талабы. Осыған тиісті ық­пал мен көңіл қоя білсек шешілетін мәселе, әрине!


Соңғы жылдары өңір басшылығы университет студенттер құрамын жа­сақ­тауда мол жәрдем беріп келеді. Жағдайы төмен отбасынан шыққан, мемлекеттік грантқа бағалары төмендеу болып, іліге алмай жатқан жастарға облыс әкімінің грант­тары бөлінуде. Аудан әкім­дері осы маңызды мәселеге көңіл бөліп, өңір бас­шысының грантына ауданға қа­расты от­басылардан шыққан ер ба­лаларды бұрып, бағыттаса нұр үстіне нұр болар еді.


Сыр бойы азаматтары осы қасиетті өлкеде өмір сүрген ардақты бабалар сар­қытынан ауыз тиген, олардың дуа­лы сөзін ұғып, өнегелі ұлағатын са­насына сіңірген. Одан жаман болған емес. Сонымен қатар Сырдарияға оның барлық тұсынан құйған су­мен бірге қосылған ұлан-ғайыр жер­дің із­гілік қасиеті мен нұрын да Сей­хунның арынды ағысымен бұл аймақ халқы қашаннан бері өз игілігіне пайдаланып келеді. Әрине, оның арасында жоғарыдан аққан, адам үшін пайдасы аз, кейде зиянды қалдықтар мен ерітінділер бар болған шығар. Мүмкін, олардың зиянды әсері бізге мол жанашырлықпен бо­лысқан Сыр арнасының айбынды, жойқын күшімен уатылып жұмсарған да шығар. Кім білген, бұған қоса жоғары жақта орныққан елдер аза­маттарының іштей болса да бізге жақтасқан, жаны ашыған ниеттері мен ақ пейілдерінің ықпалы көрер зия­нымызды жұмсартқан да болар.


Қолда бар ылғалды ұтымды пай­да­ланып, әрбір тамшысын дақыл мен көк­өністің, екпе талдың қажетіне беру ай­мағымызды көгалдандырады, ауа райының тиімсіз, қатал жақтарын жұмсар­тады, экологияны жақсартады. Ауылдың ахуалы оңалып, адамдардың күнкөрісі жеңілдейді. Түптің түбінде бұл ұлтымыздың рухани діңгегі – ау­ылды нығайтады, күшейтеді, тұ­рақ­­тандырады. Кенеттен ауа райы өз­геріп, жаңбыр мол жауып жазда егіндік өзінен өзі мол ылғалданып, дақыл өз-өзінен өніп-өсіп, ұлы дария ағысын тоқтатпаса, мойындап, мойын­дамасақ та, түсініп, түсінбесек те, осы аймақта су ма­маны шешуші, бас­ты тұлға болып қала береді. Осыны ұғынып, соған жағымды ықпал жа­сау – баршамыздың міндетіміз. Әр­қай­­сымыздың күнделікті күйбең тір­лігіміз бұл өмірде жеткілікті.

Ол еш­уақытта таусылмайды. Дегенмен, біздің мой­нымызда тұрған басты мінде­тімізді де есте сақтағанымыз абзал. Ол – өңірдің басты күнкөрісіне айналған суармалы алқаптарды өз дәрежесінде игеріп, сақтап, тиімді пайдалануын қамтамасыз ететін ұрпақ дайындап, қолдап, баулып тәрбиелеу.


Туған жерді көркейтіп, өркендету жолында өңір басшылары, жол көр­сетер үлкендер, өндіріс жетекшілері де оң ықпалын тигізері һақ. Бұл кү­мәнсіз. Асықпай отырып, алысқа шап­тық дегендей, ой қозғап, біраз сөз аударыппыз. Бірақ, неге екенін білмейім, көп нәрсеге күдікпен қа­райтын көңіл әйтеуір күп­тілеу. Ойла­намын, себебін іздеймін. Тү­сін­гім, тап­­қым келеді. Ақыры тапқан­дай­мын! Ендеше, келешектің бас тұл­ғасын байқамай естен шығарып алып­пыз. Сө­зіміздің түйінді ұшын, садақ оғындай тиер тұсын, барар жерін ойымыздан ал­шақ­татыппыз. Өңір жас­тарын, бақытты болашақ арман­даған жеткіншектерді ұмы­тыппыз. Олардың түпкі ойларын білер ме еді, шіркін! «Бізді несіне ысырған, тыс қалдырған? Ағалар неге ойымызды біл­гісі келмеген?.. Келешекте атқарар мағыналы ісімізге әкелер неге мән бермеген?» деуі әбден мүмкін ғой олардың!.. Бұл, бүгін мектеп қабыр­ғасында жүрген, ертең-ақ білім ошақ­тарынан шығып, ел қарекетіне тікелей араласатын жастардың ойы. Қарап отырса, ойлары орынды, салмақты. Олай болса, мұны неге ескермеске? Неге оларды өз жағымызға шығар­масқа?!


Кейінгі жылдары қалыптасқан жағ­­дайға сәйкес орта мектеп бітір­гендердің басым көпшілігі Ал­ма­ты, Нұр-Сұлтанның жоғары оқу орындарын таңдап сол үлкен шаһар­ларда білім алуда. Өте жақсы. Оқу бітіргесін көпшілігі осы қалаларда қо­ныстанып, еңбек етуде. Бұған ешкім қарсы емес. Осыған олар құқылы. Бірақ, солардың көпшілігі армандаған қызметтерін атқарып жүр ме, жоқ па? Күмән баршылық. Ен­деше, үлкен қалада әйтеуір бір күніңді көріп жүр­геннен гөрі өз ауылыңның нағыз жанашыры, туып-өскен жеріңнің белді маманы болғанға жетер не бар екен?! Осыны терең түсінсек игі әрі үлкеніміз ұғындыра алсақ абзал емес пе?!


Осыдан жүз жыл бұрын Шораяқтың Омары баласына жазған хатында: «..Бі­лімсіз іске аспайды дәркілдек би…» депті. Сол сөз бүгін де күшін жой­мапты. Сыр елінің суармалы алқапты ауылын көркейту үшін бүгін білікті де, білімді су маманы қымбат. Ол тапшы, ол сондай қажет-ақ! Осы маманның орындар игілікті істері мен атқарар қайырымды жұмыстары бастан асады. Әрбір атызды түбегейлі белгілеп, тір­кеуге алу, оның тегістігі мен топырақ құнарлылығын зерттеу, бетін екі-үш жылда қайтадан тегістеуге алдын ала мәлімет дайындау, тегістеу ісін қадағалау, күріш егісінде су өлшеуіш құрылғыны орнатуды бақылау, да­қылдарды тиімді суару әдістерімен ылғалдандыруды ұйым­дастыру, ша­руа­шылықта суды пайдалану ережесі мен жоспарын жасау, жаз бойы егін­ге берілген су мөлшерін нақты гид­ро­метриялық өлшеулер арқылы есеп­­теу, өңірлік су шаруашылығы ме­­ке­месі ма­мандарымен білім жа­рыс­тыра тайталаса, әр тамшысы құн­ды қаражатқа түсетін судың көлемін жа­ңылыспай анықтау. Міне, осы ма­ңызды істерді су маманынан өзге кім атқарады?! Ешкім! Осылар орын­дал­­маса суармалы жер жүдейді, күй­зеледі.


Түбегейлі зер салар болсақ, Сыр өңірі – атам заманнан суар­малы егіншілікті кәсіп еткен, еңбек­қор ди­қандар мекені. Мұны біз тарихы­мызға зейін аударып байқадық. Сол тарихты кеше ғана дүниеден өткен Мәделхан Нәлібаев жазып кетіпті. Осы кісінің «Шежірелі Сыр бойы» атты кітабын оқығанда әр азаматтың ойына өзі туып-өскен ауылы түсетіні анық. «Сыр мұрабтары адамнан дә­метпей, Алладан су сұрап, ел мен жер байлығын молайтқан, халқының қамқоршысы болған. Мұраб суын береді, диқан дәнін себеді, ел несібесі өседі» деп тұжырымдайды Мәделхан аға. Барып тұрған осы шындықпен кәне, кім таласар екен?!


Аймақта ертедегілердің басты тірлігі егіншілікпен қатар балық аулау кәсібі болғаны жөнінде мәліметтер жеткілікті. Сыр бойында көлдер мол болған. «..Сексен көл Көкшетаудың саясында. Әрқайсы алтын кесе ая­сында…» демекші, сол заманда Сыр бойында бірнеше сексен көл бо­лыпты маңайы мен қолтығын ырыс пен байлыққа толтырған. Қолдап қазылған өзектер ауқымды жерді қамтып, бірнеше көлге су ағызып, соңында қайтадан да­рияға қосылған. Сол арналар жер көлемін, биіктігін өлшеуге қажет құралдар жоқ кезде қазылған. Соған қарамастан, олар­дың бағытын тиімділікпен болжап, арна еңістігін жоғары дәлдікпен тек кө­зінің өткірлігімен, ақыл-ойының жүй­рік­тігімен жобалаған ертедегі су ма­мандарына қалай таң қалып, дән риза болмассың?! Қазір көп нәрсені ғарыштан суретке түсіріп, зерттеп, тауып жатады. Кім білген, мүмкін Сыр бойында ертеде қазылған өзек­тер мен ірі арықтар ирелеңін ғарыш­тан қараса: «Ей адамдар, адал ең­бектеніңдер, сол еңбек арқасында ер де, ел де көгереді» деген жазу көрініп те қалар! Өйткені, соның бәрін жаса­ған өзінікі емес, өзгенің қамын со­лайымен ойлаған қасиетті баба­ларымыз бен әкелеріміз.
Бір қызығы, бұл аймақтың о бастан ата кәсібі мұраб екенін енді ғана түсінген­дейміз.

Өткен ғасырдың 50-80 жылдарында жүргізілген суармалы алқаптарды салу жұмыстары, шамасы, бұрыннан үйрен­шікті, ата кәсібімізді жаңғыртып, оған тың, күрделі қар­қын бұйыртыпты. Шама­сы, туған таби­ғаттың ұйғарымы осындай болған шы­ғар. Бұл Сыр бойының маң­дайына жазылған өзгермес тағдыры да бо­лар. Ұлы табиғаттың берген өзені мен аймақ ауасының ыстығы, екпе да­қыл­дың баршасы тек қолдап ыл­ғалдау арқылы өсуі, Сыр бойын мықты ерекшелеп, оған өз алдына мол сый тартыпты. Осы өлкедегі жер мен су байлығын бабалар ұрпағына аманаттапты. Сол қасиетті тапсырманы ағаларымыз өткен ғасырда асқан жауап­кершілікпен іске асырып соңына аймақ азаматтарының несібесін есе­лейтін суар­малы алқаптарды қалды­рыпты. Ендігі кезек біздікі, ағайын! Міндетіміз – қолымызға тиген мол ырыс пен несібені қажытпай, аздырмай болашаққа жеткізу!


Жөнді сөз бен үйлесімді істің қа­сында маңайласып саумалдау пікір де жүреді дегендей, мәселеге дәр­менсіз, немқұрайлылау біреу: «Сон­шама осыны әңгімелеудің қажеті қанша? Ағып жатқан Сырдария бар, канал сағасындағы қақпаны ашсаң су құйылады күріш атызына өзі ба­рып» деуі де мүмкін. Рас, бүгінге дейін кейде солай болған да шығар. Ке­лешекте олай болмайды. Өйткені, алдағы уақытта судың сұранымы күрт өседі, осыны бүгін байқап та, көріп те келеміз. Мойындайық, мо­йын­да­майық ал­дымызда тұщы су ең қымбат затқа айналады. Сол уақытта, сөз жоқ, ұлы өзен жалыққаннан, өзге жөнді амалдың қалмағанынан дария суын пайдалануда барынша ізгілікке, мә­­дениеттілікке, әділеттілікке иіліп, бас ұрады.

Сол елдер мамандарынан жасақ­талған беделді ортақ ұйым су­ар­малы алқаптарда ылғалды алдын ала келісілген ережеге сәйкес пай­далануды қатал да жіті бақылайтын болады. Сол ұйымда өңірдің білікті мамандары да көрініп, судың ұтымды пайдалануын үйретіп, көр­сетіп қада­ғалайды. Аймаққа бөлінетін су мөл­шері осы мамандардың білігі мен жа­уапкершілігіне де тығыз байланысты болады келешекте!

Сонда мықты білікті су маманы қайдан шығады? Осыны бүгіннен ойлайық, ағайын!

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

профессоры, техника ғылымдарының

докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<