Ер шаптым бес ағаштан қиыстырып

2365

0

Адам баласының атты ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы шын мәнінде ұлы жаңалық болды.

Ердің шығуы жайында Орта Азия халықтарында мынадай аңыз бар. «Бірнеше мың жыл бұрын Жәмшид патша ұзаққа созылған жорықтан соң жарақаттанады да, ауырған жерін жеңілдету үшін атының арқасына иленген нан (қамыр, жайма) салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып, жайма нанның аттың арқасына келісті формаға келіп, қатая бастағанын байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін ат үстінен тұзақ тастап, оған аяғын салады. Патша жайма нанның формасындай етіп ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Сөйтіп, бұл нәрсені ер деп атайды»

Атты қолға үйрету, оның құрал-жабдықтарын жасау үшін адамзат ғасырлар бойы ұзақ та үлкен жолдан өткен. Атты басқару үшін оның құрал-жабдықтарының, ер-тұрман бөлшектерінің қаншалықты маңызды екенін қазақтың мына мақал-өлеңінен көруге болады.


…Екі тізгін жоқ болса,
Ат басын адам бұра алмас.
Екі тартпа жоқ болса,
Ат үстінде тұра алмас.
Екі үзеңгі жоқ болса,
Атқа адам міне алмас.
Бәрі бірдей сай болса,
Шайтан түгіл жын алмас…


Ерте ортағасыр дәуірлерінде жылқы ұстап баптаумен байланысты қолданылатын неше түрлі ер-тұрман жабдықтары қалыптасып, бүгінге жетті.


Ер-тұрманды ең алғаш ойлап тап­қан мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі тайпалар екеніндігінде ешқандай дау жоқ. Әйтсе де, ең алғашқы ер қай жерде, қашан жасалды, оны кім ойлап тапқан деген сұраққа нақты жауап беретін дерек жоқ.

Алғашқы нұсқасы ыңыршақтан басталып, бірте-бірте дамып, қазіргі біз тұтынып жүрген, жетілдірілген түріне жеткен болу керек деп топшылаймыз. Ыңыршақ дегеніміз – көлікке ат, түйе, өгіз, т.б жануарларға жүк артып жүруге, салт мінуге жарамды қарапайым әбзел. Кей жерлерде ыңыршақты ашамай деп те атай береді.

Енді әңгіме қазақ ершілері жасайтын ер-тұрман жабдықтары жайлы өрбиді. Ердің түрі көп. Ершілер ерте заманнан бері ерді негізгі үш топқа бөлген.

Олар:

Ашамай – бес жасқа дейінгі балалар мінетін ердің өте жеңіл, ықшам әрі қарапа­йым түрі;

Еркектерге арналған ер. Ондай ер жеңіл, ықшам, берік болады, өте көп әшекейленбейді;

Әйелдерге арналған ерлер сүйегі, қаңқасы ауыр әрі алтын, күміс, асыл тас­тармен, сүйекпен, мүйізбен өте шеберлікпен әшекейленеді.

Былғары, барқыт, жарғақ, мауыты, шұғамен қапталады.
Әзірлеу әдісіне орай, ерлер екі түрге бөлінеді, олар:

Сүйегі бүтін ағаштан тұтас шабылған ерді «сом ер» дейді. Кейде бүтін тұтас шабылған ер деп те атай береді.

Бірнеше бөліктен қосып жасалған ерді «құранды ер» деп атайды. Оны ағаш аз өсетін аймақтарда жасаған.


Қандай шикізат қолданылғанына, қай үлгіде жасалғанына және сыртқы түріне қарай: сом ер, құранды ер, қазақы ер, қалмақы ер, қырғыз ері, тағы сол сияқты түрлерге бөлінеді.


Осы ердің қаңқасына: желдік, тоқым, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, терлік, үзеңгі, үзеңгі бау, таралғы, тартпа, құйысқан, жүген, ноқта, шылбыр, тізгін, қамшы, шідер, өре, тұсау, тұсамыс, кісен, қанжығаны қосып толық түрде ат әбзелдері деп атайды.

Ердің сүйегі негізінен ағаштан шабылады. Кейде ағаш пен темірді бірге қолданады. Ер шабуға қолайлы ағаштар: киіз терек, қайыңның безі, тораңғы және тал. Олар кебе келе әрі жеңіл, әрі өте берік болады.

Ердің сүйегін қаптау үшін көн, қа­йыз, былғары, жарғақ, қайыңның тозы (қабығы), барқыт, шұға, масаты сияқты маталар, тарамыс, таспа, желім, бояу, шеге, тағы басқа қолданылады.


Ерді әшекейлеу үшін әртүрлі қымбат бағалы металдар, асыл тастар, шыны, лажы, бағдар, сүйек, мүйіз, тұяқ, тағы басқа қажет.
Бұлардан бөтен ер-тұрман әзірлеуге киіз, жүн, қыл, жіп, құр тәрізді шикізаттарды пайдалануға болады.


Ердің алдыңғы және артқы қасы болады. Құйрық басар көпшігін басып, аттың жуан қарнын орай тартылған жуан белдікті пыстан деп атаймыз. Ердің қос қапталының астында орналасқан, аттың арқасын жауып тұратын жалпақ киізді тоқым дейді. Тоқым – ат арқасына ер батпас үшін немесе қажап, жараламас үшін салатын, киізден сырып жасалып, сырты былғарымен қапталатын тұрман. Ертеректе ауқатты адамдар киіз тоқымның айнала жиегін шұға және барқыт секілді қымбат маталармен көмкеріп, сыртын түгелдей қалың былғарымен қаптап, сан түрлі тәсілдермен жүргізілетін ою-өрнектермен қоса күміс әшекейлер де жиі қолданатын.


Ер-тұрман – атқа міну үшін қолданылатын жабдық. Оның түрі көп. Тұрмыста қолдану мүмкіндігіне қарай: үлкен ер, жігіт ер, әйел ер, бала ер, тағы басқа болып бөлінсе, жасаған материалына байланысты: қайың ер, қарағай ер, құрама ер, темір ер, тағы басқа түрі бар. Ал, ерді әшекейлеп безендіруіне қарай: алтын ер, күміс ер, оюлы ер, құранды ер деп аталса, кескін-келбеті, яғни пошымна байланысты: қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, қоқан ер, орыс ер, тағы басқа атаулары бар.


Осы ердің қаңқасына: тоқым, желдік, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, қанжыға, үзеңгі, таралғы немесе үзеңгі бау, жүген, шылбыр, тізгінді қосып толық түрде ат әбзелдері деп атайды. Ұлттық мұрамыздың жанашыры, шебер ұста, марқұм Дәркембай Шоқпарұлының әдіптеп жазған жырына назар аударсақ:

Сүйегін сомдап шаптым талды қиып,
Аласа артқы қасы, алды биік,
Атқа да, адамға да жайлы бұл ер,
Алсаңыз, өкінбейсіз малды жиып.

Ер-тұрман, ат әбзелін күмістеп ем,
Күрделі іс, көп-ақ мұнда жұмыс деген,
Қақталған аппақ күміс жалт-жұлт етіп,
Япырым-ай, дегізгендей кім істеген.

Шаужайы, ауыздығы, сулығымен,
Кекілдік, сағалдырық, баулығымен,
Шылбыры, шығыршықты тізгінімен,
Сымбатты, салтанатты құнды жүген.

Тартпасы, құйысқан мен өмілдірік,
Үзбелеп, әшекейлеп, төгілдіріп,
Дәркембай деген ұста даярлаған,
Көпке арнап көздің майын төгіп жүріп.

Оқпанға бет тақасаң мұрын тимес,
Атыңа жалпақ өрген жырым тимес,
Жақсы ерді жасай алмас ешбір адам,
Қыры мен көкейіне сырын түймес.

Тоқымын қайып тіктім желдігімен,
Көз тартар кісілігі кеңдігімен,
Таралғы, үзеңгісі, қанжығасы,
Таралып түгенделді енді міне.

Ақын һәм ұста ағамыз айтқандай, ат әбзелдерін дайындау – шеберлікті талап ететін жұмыс. Ертеде аталарымыз, ат үстінде, ер жастанып, толарсақтан саз кешіп жүріп, байтақ даласын қорғаған. Сондықтан да ел аузында, «тұлпар ерді сақтайды, ер жерді сақтайды» деген тәмсіл бар.


Тарихқа үңілер болсақ, әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеу тәсілі болатынын білеміз. Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып, сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы.

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікір қорытындылар түйіні бар. Ал ол жазу-сызудан, оқу құралынан, ауыз әдебиетінен, ұлттық өнер тағылымынан, халықтың дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, бір сөзбен айтқанда, мәдени мұраларынан өзекті орын алып, көрініс береді.

Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтас­тығынсыз тарихи процесті елестету мүмкін емес.

Сүйіндік НҰРАЛИЕВ,

Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі

филиалының ғылыми қызметкері.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<