Қазақстанда 1 шілдеден бастап 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Ел дамуын айқындайтын маңызды стратегиялық құжатта заң мен тәртіп, ұлттық құндылықтар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалған.
Саясаттанушы, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлымен сұхбатымыз өзгерген Ата Заңымыздың мақсаты мен артықшылығы турасында өрбіді.
– Мұрат Бақтиярұлы, жаңа Конституцияның қабылдануына қандай алғышарттар әсер етті?
– Мемлекет басшысы өткен жылы қыркүйек айында халыққа арнаған Жолдауында Конституция туралы сөз қозғады. Мұның негізгі алғышартын екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияға күші жойылғанға дейін жалпы бес рет – 1998, 2007, 2011, 2017 және 2022 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын бір палаталы Парламент болса, кейін екі палаталы болды, яғни Мәжіліс – төменгі, Сенат – жоғары палата. Парламент шамамен жиырма жылдай жақсы жұмыс істеді. Мәжіліске түскен заңдардан кейде біршама қателік шығады. Біз оны түзетіп, қайтадан мәжіліске жіберіп, Президенттің қол қоюына жолдаймыз. 2013-2014 жылдан бастап Сенаттың артық құрылым екені біліне бастады. Кейбір заңдар екі-үш айлап жатып қалатын кездер болды. Оны бұқаралық ақпарат құралдары да, кейбір саясаткерлер де айтып жүрді. Екіншіден, 1995 жылғы Конституцияда Президенттің құзыреті шексіз болды. Елбасы ұғымы пайда болып, оның және отбасы мүшелеріне басымдық берілді. Мұның өзі қоғамның наразылығына ұшырап, түсініспеушілік туғызды. Ата Заңымызда адамның рухани деңгейі, құқығы, білім, ғылым, мәдениет, жер мәселелері материалдық деңгейінің тасасында қалды. Конституциялық сотты қайтадан қалпына келтіру қажет болды. Мұндай құрылым өркениетті елдердің барлығында бар. Адамның конституциялық құқығы, ар-ожданы тапталатын болса, конституциялық сотқа шағымдануға құқығы бар. Жаңа Конституцияны қабылдауға түрткі болған алғышарттар осылайша әбден пісіп-жетілді. Әсіресе, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы Конституцияның мүлдем ескіргенін, жаңарту керек екенін дәлелдеп берді. Қаңтар оқиғасынан кейін конституциялық өзгерістер енгізілгенімен, ол жеткіліксіз болды.
– Адамның құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері қаншалықты күшейді?
– Кез келген мемлекеттің Конституциясында адамның құқығы мен өмірі басты орында тұрады. Адамның құқығы Конституцияда анық көрініс тапқанымен жергілікті жерлерде бұзылып жататын жағдайлар кездеседі. Бұл – субъективті фактор.
– Жаңадан құрылатын Құрылтайдың ролі мен ықпалы Парламентке қарағанда қандай болады?
– Кейінгі үш-төрт жылда «ықпалды Парламент» деген термин қолданысқа енді. Билік үш тараудан тұрады: атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігі. Соның ішінде заң шығарушы биліктің ықпалды болғаны дұрыс. Парламентаризм дамуындағы тағы бір ірі өзгеріс – бір палаталы Құрылтай құрылды. Бірақ оның негізі – жиырма жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан қос палаталы Парламент. Ендігі мәселе құрылтай құрамы, сапасы қандай болмақ? Менің пікірімше, заң қабылдайтын орган негізінен білікті заңгерлер мен экономист-қаржыгерлерден құрылғаны дұрыс. Жасырып қайтем, Парламентте жүргенде кейбір әріптестер келген заңның мәнін онша түсіне бермейтін. Тәжірибе, арнайы білімі жоқ болғандықтан оларды кінәлау дұрыс емес те шығар. Сондықтан Құрылтайға еліміздегі ең мықты интеллектуалды азаматтарды көбірек тартса деймін. Өзін-өзі үнемі жарнамалайтын, жүрген жерін шулатып жүретін, заңның сапасы емес, өзін ғана «мықты» етіп көрсететін депутаттардың, блогерлердің заманы өтті. Бізге сабырлы, заң мен экономиканы жақсы білетін, халықтың мұң-мұқтажын салмақты етіп көтере алатын Әбіш, Шерхан, Мұхтар, Айталы, Қуаныш ағаларымыздай азулы депутаттар керек. Марат Оспановтай, Орал Мұхамеджановтай, Қасым-Жомарт Тоқаевтай спикерлер керек. Мүмкіндігінше зейнет жасына жеткен және Парламентте ұзақ отырып қалған депутаттар орындарын жас ұрпаққа босатып бергені дұрыс. Бұл – өмір заңдылығы, ол үнемі өзгерісте, дамуда болады. Қызметтен уақытысында әдемі кете білу де азаматтың абыройлы екенін көрсетеді.
– Құрылтай құрамының саны емес, сапасы маңызды, солай ғой?
– Менің пікірімше, осы сайлау саяси партиялардың ғана емес, күллі қоғамымыздың салиқалылығына үлкен сын болайын деп тұр. Осы кезге дейін біздегі көппартиялық жүйе билік пен бизнес төңірегіндегі дау-дамайларға ғана үн қосып, мемлекетіміздің тағдыры мен ұлттық дамуымыздың толғақты мәселелерін көтеруге келгенде ірі көшелілік таныта алмай келеді. Салиқалы саяси партияларға қоғамды алаңдатып отырған мәселелерге өз көзқарасын уақытылы білдіріп отырған жарасады. Қазақстанда депутаттар партиялық құрам арқылы таңдалады. Елде 11 миллионға жуық сайлаушы бар десек, бәрі бірдей партияға мүше емес. Партиялық тізіммен сайлау өткенде партияда жоқ адамдардың құқығы шектелген болып есептеледі. Кезінде сайлау комиссиясына адамдардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік беру туралы ұсыныс білдіргенмін. Бірақ ол қолдау таппады. Қазақстанда партиялық жүйе қалыптасты дегенімізбен, бәсекелестік орта жоқ. Сондықтан біздің саяси жүйеде екі не үш партия болса жеткілікті. Сол кезде олардың миллиондаған мүшесі болып, сайлау процесі қызу жүреді. Президентіміздің Құрылтайға «мықтылардың мықтысы өту керек» деген сөзіне ерекше мән беруіміз керек. Құрылтай құрамы сапалы болса, ол қабылдаған заңдар да халықтың көңілінен шығатыны сөзсіз. Сайлауды даңғаза мен дау-дамайға ұрындырмай, тәуелсіздік келешегіне адал қызмет ететін, қалыптасқан жағдайды одан әрі қалай жақсартуды күйттейтін елжанды азаматтарды мұқият таңдап алатындай саяси талғампаздық ахуалында өткізген жөн.
– Конституциялық реформа қарапайым адамның өмірінен көрініс табу үшін не істеу керек?
– Конституцияның көздеген басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Ол үшін жұмыс орындары жеткілікті, тариф, азық-түлік бағасы халықтың қалтасына сай, жалақы жоғары болуы керек. Бұқара халықтың жағдайы оның тұрмыс дәрежесінен көрінеді. Ал орташа жалақы, ішкі жалпы өнім туралы статистика – формальды нәрселер. Президент халықтың әл-ауқатын көтеруді бірінші орынға қоюды талап етті. Сондықтан кедейлердің жағдайын орта таптың дәрежесіне көтеру аса маңызды.
– Қалай ойлайсыз, «Әділетті Қазақстан» принципі өз дәрежесінде жүзеге асып жатыр ма?
– Президент «Әділетті Қазақстан» дегенде шешім қабылдау, қызметке орналасу, заң қабылдауда әділеттілік принципіне жүгіну туралы айтты. Ал оның орындалуы – екінші мәселе. Билікте жүрген азаматтар бұл терминді көп пайдаланғанымен, астарына үңіле бермейді. Мұны кең мағынада қолданатын кез жетті.
– Конституцияны алдағы уақытта тағы өзгерту қажеттілігі болуы мүмкін бе?
– Қазақстан Конституциясы бұған дейін екі рет қабылданды, оның бірі 1993 жылы қаңтарда, 1995 жылы тамыз айында. Бұл жолғы өзгерген нұсқасында мемлекеттің қалыптасқан негізі сақталды. Кем дегенде алдағы он жылда осы Конституциямен жүреміз. Мінсіз Конституция әлемде ешбір мемлекетте жоқ. Елімізде 20 миллион халық болса, 20 миллион түрлі пікір бар. Қазақстан Конституциясы әлемдік, еуропалық үлгілерге, әсіресе, рухани дамуымызға, адамдардың құқығына байланысты еуропалық елдердің стандартына сәйкес келеді.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





