Артында өшпес із қалды

431

0

Жаратқанның берген сыйы болар, еңбек жолымда талай жақсы азаматтармен, жаны жайсаң ағалармен араластым. Олардың талай жақсылығын көрдім, ізгі тілектерін естідім, содан болар, өмірімде, қызметте де абыройдан кенде болған емеспін. Ағалардың арасында өңірімізде бірінші жоғары техникалық оқу орнын құруда ерен еңбек сіңірген алғашқы ректорым Уәлихан Қозыкеұлы, Сыр елінің білімі мен ғылымын дамытуға зор үлес қосқан, жиырма жылдай ректорым болған замандасым Қылышбай Алдабергенұлы, алғашқы кафедра меңгерушім марқұм Ысқақ Қарқынбаев, кеше ғана мерейлі 75 жасқа толған Әбділда Төрешбаев ағайым, тағы да басқа көптеген кісілерді тізіп шығуға болады. Осындай ізгі жандардың ақыл-кеңестерін тыңдап өстім.

Жоғарыда аты аталған, аталмай қалған жақсы жандардың арасында маған ең жақыны марқұм Меңдіғара Жолымбетов болатын. Танысуымыз да қызық болды, осы жұмысқа енді келген кезім. Үлкен үзілісте жоғары математика кафедрасының оқытушылары өзіміздің аядай кабинетімізде жиналып, Ысқақ ағай лездеме жиналыс өткізіп, қағаздарымызды тексеріп отырған. Бір кезде есік айқара ашылып, бойы орташадан жоғары, мығым денелі, үстіндегі мұнтаздай костюм-шалбары өзіне құйып қойғандай, шашын оң жаққа қарай ұқыппен қайырған батыр тұлғалы жігіт ағасы кіріп келе жатты. Келе сала Ысқақ ағайға қарап, «Сіздің кафедраға жаңадан жас оқытушы келді дегенді естіп, өзім танысуға келдім» деп, тура қарсы алдымдағы столға жайғасты. «Ал, бала, әңгімеңді айт» дегендей бетіме барлай қарады. Мысы басты ма, білмеймін, бетіне тура қарай алмай, «Аралданмын, сол жақта мектеп бітірдім» деп, мұрнымның астынан міңгірлеп тағы бірдеңелерді айтқан болдым. Менен дұрыс әңгіме шықпайтынын сезген болуы керек, әңгімені өзі бастады. «Меңдіғара деген ағаң боламын, аралдық екеніңді естідім, бірақ қуанып тұрғаным, сен де біздің университеттің мехматын бітірген екенсің. Мехматтың түлектері бір қауым ел болып қалдық, хабарласып тұр» деп орнынан тұрды.

 Ішім кәдімгідей жылып қалды, осыдан кейін екеуміз ағалы-інілі болып араластық. Кейінірек байқағаным, Меңдіғара аға қай жерде болсын, өзінің бітірген университетін мақтан тұтып отырады. Көбінесе әңгімесінің әлқиссасы «Біздің С.М.Киров атындағы университеттің мехматында» болып келеді. Бәріміз де, оның ішінде мен де бармын, бітірген университетімізді, факультетімізді мақтан тұтамыз ғой, ал Мәкеңнің мақтануы ерекше болатын. Университеттегі ұстаздары Ө.Жолдасбеков, М.Сағитов, Ғ.Уалиев, Е.Рахимовтың есімдерін үлкен ілтипатпен еске алып отыратын.

Меңдіғара Бейсенәліұлы 1945 жылдың 22 қаңтарында Қазалы станциясында дүниеге келіп, сол жерде орта мектепті бітірді. Мектептен кейін сол Қазалыдағы теміржол училищесін тәмамдап, Кеңес Армиясы қатарында 3 жыл Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Жастайынан зерек оқушы болған, оның үстіне білімге деген құштарлық оны Қазақстанның маңдайалды жоғары оқу орны С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетке жетелеп әкелді. Осы университеттің механика-математика факультетінің (механика) мамандығы бойынша студенті атанды. Университетті бітіргеннен кейін 1974 жылы Қызылорда политехникумында теориялық механика пәнінен оқытушы болып еңбек жолын бастады. 1976 жылы Қызылордада Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалы ашылып, осы оқу орнына теориялық механика кафедрасының оқытушылығына ауысты.

Жылдар өте филиал үлкейіп, алдымен институт, кейіннен университетке айналды. Меңдіғара аға осы оқу орнында өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет істеді. Жай сабақ беріп қана қойған жоқ, жастарға білім-ғылымның қыр-сырын үйретуде аянбай еңбек етті. Өзі оқытқан студенттерінің арасынан осы механика саласынан ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары көптеп шықты.

Саналы ғұмырым білім беру ісімен байланысты болғандықтан, үлкен ғалымдардың дәрістерін тыңдадым ғой, ал Меңдіғара ағаның дәрістері олардан бір мысқал да кем емес. Ағаның дәріс оқитын пәні – теориялық механика, түсінетін адам үшін өте күрделі ғылым. Қарапайым тілмен айтқанда, небір күрделі қозғалыстарды сыртқы әсерді ескермей немесе ескере отырып математиканың тілімен түсіндіреді. Сол кездегі болашақ инженерлер үшін (қазір инженерлер емес техника және технология бакалаврларын дайындаймыз) осы және материалдар кедергісі пәндері негізгі болып есептелетін.

Бүкіл ғұмырын білім беру ісіне арнаған Меңдіғара ағамыз атақ қумады. Тіпті өзінің кандидаттық диссертациясын жазудан гөрі, күнделікті сабағына дайындалғанды жөн көретін. Жас оқытушыларға ақыл-кеңесін айтудан, жол көрсетуден шаршамайтын. Өзінен гөрі өзгеге болсын дейтін адамдардың қатарынан еді. Мәскеуге аспирантураға түскенімде, ең қатты қуанған осы Меңдіғара ағам болды десем, өтірік айтқаным емес. Сол кезде қоғам өзгеріске ұшырап, көптеген әріптесім тұрмыс жағдайымен, кәсіппен айналысу үшін жұмыстарын тастай бастады. Меңдіғара ағаның сол кезде айтқан сөздері әлі құлағымда. «Бала, ауылдағы бала-шағаңды ойлап, оқуыңды бүлдіріп алма немесе оқуды тастап кетіп жүрме. Бәрі уақытша, заман да түзелер, сол кезде білім алға шығады. Осыны есіңде мықтап ұста» деген сөздері үлкен күш берді. Сөзбен ғана емес, ісімен де көп көмек жасады.

Меңдіғара аға күнделікті тіршілікте де, ағайын-туыс, құда-жекжат, қызметтестерінің арасында зор абыройға ие болды. Құдай қосқан қосағы Күлзада жеңгей екеуі балаларына жақсы тәрбие берді, барлығы да жоғары білім алды. Меңдіғара ағамыздың абыройлы болып жүруіне жеңгеміз Күлзаданың еңбегі айрықша деп ойлаймын. Айта кететін жағдай, ағамыз Күлзада жеңгей екеуі бір сыныпта оқыған. Ал сыныптастары Марат, Нағашыбай (марқұм), Орақ, Ниязбек, Амангелді ағалармен бір үйдің балаларындай болып, өмірінің соңына дейін араласып тұрды.

Бүкіл ұстаздық қызметін өткізген университеттің 4-оқу ғимаратын анда-санда аралағанымызда қолы, костюмы бор-бор болып бір аудиториядан Меңдіғара ағамыз шыға келетіндей болып тұрады…

Тағдыр ол кісіге небәрі 56 жыл ғұмыр беріпті, ойға алған біраз жұмысын орындай алмады. Биыл тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Әйтсе де артында өшпес ізі қалды, талай шәкірттің шамшырағын жақты.

Бақытжан ЖАНМОЛДАЕВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<