Азырақ жүріп өмірде, көбірек қалған көңілде

577

0

Өнер деген өрісі кең, өресі биік ұғым мен шоу-бизнестің аражігін ажырату қиын болып қалған уақытта өмір сүріп жатқанымызбен, көңіл шынайы да таза әуенді іздейді. Мұндайда құлақ құрышын қандыратын ескі де есті әуендерге жүгінеміз. Сондайда не тыңдаймыз?

  Ұрыс-керіс, өсек-аяң, арзан сенсация, жалт-жұлт еткен папарациялар мен көзбояушылыққа біртабан жақын, қатал да қатыгез ресейлік шоу бизнестің бел ортасында жүрсе де, ізіне сөз ертпеген күйі, мұнтаздай таза қалпында, шынайылықтың шыңынан төмендемей өмірден өткен Батырхан Шөкеновті тыңдаймыз. Оның орындауындағы «Отан-Ана», «Сағым дүние», «Назқоңыр», «Жан ана» әндері жанымызға жақын. Сырттан қосылғандарды бағалауға келгенде сараңдық танытатын сол ресейлік музыканттар еш даусыз мойындаған «Джулия», «Дождь», «Солдат любви» әндерін тыңдаймыз. Тыңдаймыз да, өнер құдіретіне табынып, әдемі әуен сиқырына арбалып қалғандай күй кешеміз.

Батырхан дүниеден өткелі оның сұхбаттарын түгел тыңдадым десем болады. Туған жері туралы «Қызылордада жаныма шабыт, жылу беретін туған үйім бар. Музыкаға алғаш қадам жасаған жерім. Онда демалуға, күш жинауға барып тұрамын» депті.  Меніңше, ел мен жерге деген махаббатты «Отан-Ана», «Сағым дүние» сияқты әндермен, осыншалықты нәзік те күшті әуенмен, кең тыныспен, терең тебіреніспен, биік талғаммен жеткізу туған жерді шын сүйетін нағыз әншінің, кәсіби музыканттың ғана қолынан келеді. Өйткені бұл әндерді естігенде тебіренбейтін жүрек, толқымайтын сезім болмайды.

Аралас-құралас болған ортасы, қазақстандық және ресейлік жұлдыздар тарапынан соңына өшпес музыкалық мұра қалдырған талант иесі Батырхан Шөкеновке тамаша арнау сөздер бар.

Ресей Примоданнасы Алла Пугачева «Батырхан менің бауырымдай болды» деп езілді. Ал, әйгілі Игорь Крутой: «Батырханның қазасы Ресей шоу-бизнесіне ғана емес, музыка әлемі үшін үлкен қайғы әкелді» деп ағынан жарылды.

«Халықтар достығы деп жиі айтып жүреміз. Батырхан шын мәніндегі халықтар достығының өкілі болды. Өзге ұлттар мен қазақ музыкасының арасына өнердің көпірін салды. Өйстіп жүріп қазақтың атын бүкіл жер жүзіне танытты», – деп лебіз қалдырыпты КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова.

«Мен Батырханның алдында басымды иемін. Оның жасаған еңбегі, шығармашылық деңгейі  халықаралық дәрежеде болды», – дейді Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева.

Шын мәнінде Батырхан болмысы ән әлеміне жаңа леп алып келген еді.

Музыка тілімен айтқанда, альт және тенор-саксофонда виртуозды орындаушы ретінде кеше де, бүгін де Батырханның орнын алмастырған ешкім болған жоқ. Оның джаз композициялары бір кезде барша музыка мамандарының таңданысын туғызып, Мәскеу әншіні өз төріне шақыртып алған еді. 

Алайда, Батырхан өзінің ұлттық нақышын, халықтық кодын жоғалтпады. Оның әрбір әуенінен дала демі сезіліп тұратын.

Қазіргі қазақ эстрадасының беталысы туралы пікірлері де Батырханның қазақ музыкасының болашағына қалай алаңдайтынын аңдатады.

«Бастысы – біз өзіндік ерекшелігімізді жоғалтпауымыз керек. Әнді жаңаша өңдеудің, клип түсірудің жаңа технологиялары шығып жатыр. Олардан қалып қоймай, керегін алған дұрыс. Бірақ қазақ сөздерін бұрмаламай қолданған жөн. Қазақ тіліндегі ән еуропалық немесе америкалық ән нақышына келмейді. Ал кейбіреулер әнді заманауи етіп өңдейміз деп, бүлдіріп жатады. Ақырында әуен қазақылығын жоғалтады. Қазақ тілінде ән жазатын композиторлар халықтың қазынасы – фольклорына сүйенсе екен», – депті бір сұхбатында. Бұл пікірден туған елінің музыка өнеріне деген сүйіспеншілік, ұлттық өнердің саф алтындай қалпын сақтауына жанашырлық айқын сезіліп тұр.

Бір сұхбатында Батырхан елімізде дыбыс режиссерларының ұлттық мектебін ашу идеясын ұсынған. Әлемдік деңгейдегі жақсы студия жасақтап, шетелден мамандар шақырып, халықтық, симфониялық оркестрлерді, музыканың түрлі жанрларын жазуды үйрету туралы ойдың көптен бері көкейінде пісіп жетілгенін айтты. «Дыбысты дұрыс жазу арқылы мәдениетті сақтап қалуға болады. Менің арманым Қазақстанда дыбыс студиясын ашып, «Отырар сазы» немесе Құрманғазы атындағы оркестрлерге арнап Құрманғазының барлық күйлерін жазып берер едік. Бұл келер ұрпақтың игілігі үшін керек» деген болатын.

Қазір Батырханның туған топырағындағы бір кездері «Пионерлер паркі» аталған саябақта әншінің саксофон ұстаған еңселі ескерткіші тұр. Жыл сайын  өткізілетін оның атындағы вокалистер конкурсы таланттарға өнер әлеміне жолдама беруде.  Ең бастысы – тыңдарманның оның шығармашылығына деген қызығушылығы әлі де бұрынғыдай.

18 мамырда виртуоз әнші, сиқырлы саксофоншы Батырхан Шөкенов 60 жасқа толар еді. Бірақ, жазмыш оның өлмес әнін қалдырып, өмірін мәңгілікке алып кетті.

Бүгін, ертең, яғни, 17-18 мамыр күндері қызылордалықтар әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің мерейлі жасына орай «Отан-Ана» атты ІІІ республикалық әншілер конкурсын тамашалайды.

Әншінің туған күнінде қала тұрғындары оның ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Сол күні кешке Н.Бекежанов музыкалық драма театрында республикалық әншілер конкурсының гала-концерті өтеді.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<