Үлкен өмірге жолдама берген еді

972

0

Әбдіғаппар Нұртазаев – ғұмыр бойы жүрегімнің төрінен орын алған адам. Оның әдемі күлімсіреген көркем бейнесі көз алдымда. Әбдіғаппар аға маған жоғары оқу орнына ғана емес, келешек өмірге жолдама берді. Ол кезде орта білім алған оқушы екі жыл өндірісте істеп, колхоз, совхоздан анықтама алатын. Куәландырылған бұл құжат болмаса, институттардың қабылдау комиссиясы ауылға қайтаратын. Заң солай еді. Шаруашылықтың жолдамасымен бару – студент атану деген сөз.

Ауылдың қарасирақ баласы болып өстік. «Қыраштағы» асармен соғылған аласа бастауыш мектепті бітіріп, көрші «Бірлік» ауылындағы 7 жылдық мектепте оқуымды жалғастырып, одан әрі аудан орталығы Жаңақорғанда орта білім алдым. Бірлік совхозына барып, №2 қой фермасында жұмысшы болып, мал қора соқтық, шөп тасып, мал азығын даярладық, сақпаншы болдық, қырқымға қатыстық. Біз істемеген жұмыс қалмады. Іштей арманым – жоғары оқу орнына түсу. Күн санап жүріп жылды да толтырдым. Совхоз орталығына да жеттім. Директор Есімов үш айлық оқуға кеткен екен. Оның міндетін атқарушы болып өзіміздің жақын туысымыз, совхоздың бас агрономы Әбдіғаппар Нұртазаев ағамыз қалыпты. Қуанышымнан батылсыздығым басымдау. Бұрын мұндай үлкен кісілердің алдына кірмегенмін. Үнемі әкем айтып отыратын «Тәуекел түбі –  желқайық, өтесің де кетесің» деген мақалы жігер бергендей. Кезегім келіп, директордың бөлмесіне кіріп бардым. Алып-ұшқан жүрегім басылды. Әбдіғаппар ағамыз жылы шыраймен қарсы алды. Оның сөзінен де, үнінен де жылылықты, жақындықты, қамқорлық пен жанашырлықты ұқтым.

– Жамалхан бауырым, біз саған анықтама ғана емес, үкіметтің қаулысына сәйкес совхоз атынан оқуға жолдама береміз. Егер институтқа түсе қалсаң, совхоз атынан стипендия тағайындалады. Бірақ тиісті мамандық алған соң совхозға орналасасың, қандай қызмет атқаратыныңды дирекция шешеді. Бағыңа қарай көресің, інім, жолың болсын! – деп желпіндіріп тастады. Кабинеттен мәз болып шықтым.

Сонымен құжаттарымды алып, Қызылордадағы даярлық курсына барып, одан соң Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1967 жылы тәмамдап шықтым.

Әлі есімде. Бірінші курсты бітірген, аздап жастық желік бар кез. Рахметімді айтып шығайын деп Әбдіғаппар ағайға арнайы соқтым. Сол баяғы ақжарқын кейпі, жаныңды жадыратар құлаққа жағымды жылы сөзі. Орнынан атып тұрып амандасты да:

– Жамалхан, міне, азамат, жарайсың. Ата-анаңды қуанышқа бөледің. Біз де қуанып қалдық. Енді болашақ малдәрігері мамандығын алып шығасың. Сабақты жақсы оқы. Терең білім алу керек. Ертең қоғамға да, халқыңа да қызмет істейсің. Білімді болсаң, адал болсаң, абыройлы боласың. Ойын-сауық қуалап кетпе. Біз саған жолдаманы сеніп тапсырдық, жарай ма? – деді.

Не дейін, «Жарайды, аға», – дедім. Оқушы кезімдегідей басымды бір сипады. Осы айтқан ақыл-кеңесі өмірлік сабақ болды. Қазір қарап отырсам, Әбдіғаппар аға отызында орда бұзған, қырқында қынсыз қылыш секілденген жалындаған жас жігіт екен ғой. Сол кездің өзінде-ақ білім-білігімен, алғыр-ширақ іскерлігімен көзге түсіп, бас маман, совхоз директорының орынбасары қызметтерін атқарса, 31 жасында «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген агроном» атағын алған. Одан Жаңақорған ауданы Талап совхозының директоры қызметін мінсіз атқарды.

1960-жылдардың ортасында «Түгіскен» алқабын игеру жөнінде облыстық партия комитеті қаулы қабылдайды. Ғасырлар бойы құлазып жатқан маң дала марқайып, құлпырып шыға келді. Алқапқа ел қоныстанып, үлкен тіршіліктің тынысы ашылады. Жаңа шаруашылықтар құрылып, ауданда мал және егін шаруашылығы, оның ішінде күріш дақылының көлемі ұлғайып, мол өнім алынды. Осы   бағыттағы жұмыстарға білімі мен өмірден алған тәжірибесін, қажыр-қайратын жұмсап, қабілетімен, іскерлік қасиеттерімен көрінген мамандар тартылды. Олардың ішінде бұған дейін «Талап» кеңшарын басқарып келген Әбдіғаппар Нұртазаев ағамыз да бар еді. Ол  жаңадан құрылған «Задария» совхозының директорлығына тағайындалды. Құнарлы «Түгіскен» алқабының игерілуі ауданда астық молшылығын жасаудың көзін ашты. Сондай-ақ жұғымды мал азығын (жүгері, жоңышқа) дайындау молая түсті. Әбдіғаппар ағамыз шаруашылықты тез қолға алып, оның орталығын «Қыркеңсе» бөлімшесінен ұйымдастырады. Совхозда жұмыс қолының жетіспеушілігін білген ол ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, баяғыдағы ашаршылық және қуғын-сүргін кезінде Өзбекстан мен Тәжікстан асып, үдере көшіп кеткен ағайындарды қайтадан елге шақырып, оларды көшіріп әкелуді ойластырады. Сөйтіп, 500-дей отбасы өз Отанына оралды. Директордың ойы іске асып, нәтижесінде жұмысшылар саны артып, шаруашылықтың қолы ұзарады. Совхоз осы әдістерінің, игі жұмыстарының арқасында алғашқы жылдардың өзінде-ақ 1500 гектар күріш екті. Диқандар саны артып, «Задария» совхозы ауданның іргелі шаруашылығына айналды. Әбдіғаппар Нұртазаевтың осындай жанқиярлық ерен еңбегі жоғары бағаланып, ол «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталды.

Бүгінде «Қыркеңсе» бөлімшесі Әбдіғаппар ағаның атында. Ол шаруашылықтар арасында алғашқы болып егін мәдениетіне көңіл бөлді. Сол кездің өзінде-ақ диқандар мен механизаторды егін науқанында дала қосында тұрақтап жатып, еңбек етуге үйретті. Дала қостары еңбекші-егіншілердің екінші үйіне айналды. Олардың өнімді еңбек етуіне барлық жағдай жасалды. Қысқасы, қарны тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ болды. Басшы ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін өмірінің соңына дейін жұмсады, жұртшылықты соңына ертіп, адал еңбекке жұмылдыра  білді.

Ол орта бойлы, мығым денелі, аққұба келген кісі болатын. Қызмет бабында, ат үстінде қатал, бірақ турашыл еді. Былайынша ақкөңіл, жайдары мінезімен адамды өзіне баурап алатын, магниттей тартып тұратын. Әсіресе жастарға мейірімін төгіп, оларға қамқорлық жасауға, көмек беруге даяр еді. Абзал ағамыздың ғұмыры қысқа болды. Ол 59 жасында дүниемен қоштасты.

Мен ағаның айтқанын орындап, институтты жақсы оқып бітірдім. Қызметім ауысқан сайын Әбдіғаппар ағаны есіме алып, шүкіршілік жасап отырдым. Сол кісіге ұқсағым келді. Жергілікті кадрларды оқуға жіберіп даярлау тәжірибесін совхозды он жыл басқарған уақытымда пайдаландым. Біз Алматыда оқып жүргенде іссапармен Әбдіғаппар аға келіп қалса, студент-жастардың басын қосып, асханадан тамақтандырып, ақыл-кеңесін айтатын. Сол адамгершілік қасиетін де меңгеруге тырыстым. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, ұқсағым келді де тұрды. «Еңбекші» совхозында абыройлы еңбек еттім деп ойлаймын. Ол жерде жауапкершілікті, адамдармен тіл табысуды, ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдадым. Ауыл тұрғындарымен, шопандармен, олардың отбасыларымен барынша сыйластықта болдым.

«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге белгі болмасын?! Абзал ағаларымызды еске алып отырмыз. Олай болса, еске алу да, естелік жазу да – сол кісілерге арналған белгі.

Мен Әбдіғаппар Нұртазаев жайлы естелік жазу арқылы өзімнің інілік ризашылығымды жеткізгім келді. Балалық шақтан даналық жасқа жеттік. Соның бәрінде көз алдымнан Әбдіғаппар ағам кеткен емес. Себебі, ол – ұмытылмайтын, қайталанбайтын асыл тұлға еді.

Жамалхан Баетов,

еңбек ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»

Шиелі кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<