Жүрек сәулесінің жылуы

299

0

Өмір – көш, сол көште әр пенденің болу мерзімі бар. Осы бір өмір заңына мойынсұнбас пенде болмасы анық, осыған орай адамзат дамуында пенденің қанша жасағаны емес, тірлігінде не тындырғаны, ел үшін еткен еңбегі, ел қорғауы, замандастарымен жоғары адами қарым-қатынасы, татулығы, саналы һәм білімді ұрпақ өсіруі ерекше маңызға ие. Бұл – ықылым замандардан жалғасып келе жатқан таным, ұрпақ үшін күрес талабы. Мұны жүзеге асыруда да әркімнің өз деңгейі болатыны тағы да шындық. Міне, осы талаптар деңгейінен көріне алған қазақ қыздарының бірі – Қатира Оспанова.

Қатира Оспанова есімін 1983 жылы ақпанда іссапармен Қармақшы ауданының Чапаев атындағы колхозда болғанда сол кездегі төраға, атақты партизан Ерназар Сексенбаев ағадан естіген болатынмын. Соғыс жылдарындағы елдегі қиындықтар туралы әңгіме барысында елден естіген, кейін өзі көрген еңбеккер әйелдер, қыздар туралы баянында сол кісінің де есімі ерекше аталған.

Иә, оның бала кезі күллі әлемге қан жұтқызған екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тура келді. Бұл – бала болып ойын қызығын көрмеген ұрпақ. Ерлер майданға, жасы ұлғайған үлкен кісілер еңбек армиясына аттанып, ауылда тек қарттар мен балалар, әйелдер қалған тұста он бір жастағы қаршадай қыз сабақтан қолы босасымен колхоз жұмысына араласатын. Жұмыс басына пионерлер отрядын бастап келетін. Алқызыл галстугі желбіреп, жұмыста ерекше қайрат танытар осы қызға колхоз басшылары да риза, ел де риза еді. Ол тұста жер жырту, дән себу, күріш ору және тағы сол сияқты негізгі шаруалар он-он бес жастағы балаларға қарап қалған еді ғой. Жұмыстан толас тұста оқушылар концерт ұйымдастырып, майдан хабарын да жеткізіп, колхозшыларды жігерлендіретін. Ауыл пионерлерінің жетекшісі Қатира болатын.

1943 жылы ауылындағы Абай атындағы жетіжылдық мектепті үздік бітірген Қатира Оспановаға үлкен сенім жүктеліп, ол өзі оқыған мектептің мұғалімі болып тағайындалды. Иә, ол сол кезде он үште ғана.

Мектепте мұғалімдер жетіспейді, Қатираның пионер ұйымын басқарып, колхоз жұмысына көмектескенінен, ауылдың мәдени өміріндегі жетістіктерінен, еңбекқорлығы мен қайсарлығынан, қайраттылығы мен білім деңгейінен мол хабары бар аудан басшыларының осы бір он үштегі қаршадай қыздан үміт күткендері анық еді. Ол үмітті ақтап, ел құрметіне, аудан басшыларының ризалығына бөленді.

Үш ағасы да майданда, үйде анасы екеуі ғана болғандықтан ол 1943 жылы Қызылорда педучилищесінің сырттай оқу бөліміне оқуға түсіп, еңбек пен оқуды ұштастырды. Педучилищедегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, эвуакациямен Мәскеуден келген филолог әйелдің ауылда өссе де орыс тіліне жетік мұның жасы он үште ғана екенін, соған қарамастан мектепте мұғалім болып қызмет атқаратынын естігенде таңғалып, біраз уақыт үнсіз отырып қалғаны да шындық болатын.

Оқушы кезінен қалыптасқан әдет бойынша Қатира Оспанова сабақ бітісімен колхозға көмекке асықты. Он төрт жасынан мектеп бастауыш комсомол ұясының хатшысы, он бес жасынан колхоз комсомол ұйымының жетекшісі қоғамдық жұмыстарын қоса атқара жүріп, өзінің білімін көтеруге де, оқушыларға білім мен тәрбие беруге де, қоғамдық жұмыстарға жетекшілік жасауға да үлгерген оның есімі сол тұста аудан жұртшылығына жақсы таныс еді. Қатира ауыл комсомолдарын жетекші ғып, тимуршылар командасы сияқты топтар құрды. Негізі мектеп оқушылары болғанмен, колхозда еңбек ететін жастарды жетекші қылу нәтиже бере бастады. Баласы соғыстан қайтпаған аналар мен әйелдер, жалғызілікті қариялар отбасыларына көрсетілген көмек, олардың үйлеріне отын тасып беру, оны отқа жағатын етіп бұтау, шөп түсіріп беру, қора-қопсыларын қалыпқа келтіру ауылды онан сайын біріктіре түсті. Ел аузында Қатира. «Қыз болсаң, Оспанның қызындай бол» деген сөз ауыл-ауылды аралап, ауданға тарады. Оның бұл ісі бүкіл облыс жастар ұйымына үлгі ретінде таратылды.

Жеңіс жылының жазында Қатира Оспанованың соғыс жылдарындағы еңбегі бағаланып, СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1945 жылғы 6 маусымдағы Жарлығымен «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Елі, ауылы мұны лайықты марапат деп бағалады. Бұл бар болғаны он бестегі қыз үшін үлкен жетістік еді.

Педучилищені бітірген Қатира үш ағасы да майданнан аман оралысымен жоғары білім алуды мақсат етіп қойды да, 1949 жылы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтына оқуға түсіп, 1951 жылы аталған оқу орнын «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік тәмамдады. Елге оралысымен қайтадан ұстаздық қызметке кірісіп, Қармақшы ауданындағы Қазақстан ЛКСМ ХХV жылдығы атындағы орта мектепте, Чапаев атындағы жетіжылдық мектепте, Молотов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 1952 жылы Қызылорда пединститутына сырттай оқуға түсіп, «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алды.

1954 жылы СОКП мүшелігіне өткен Қ.Оспанова 1955 жылы Қармақшы аудандық партия комитеті кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте де өзінің іскерлігін танытты, 1955 жылы қазан айында ол Қызылорда облыстық партия комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс бөліміне нұсқаушы болып тағайындалды. Бұл қызметті 1957 жылдың желтоқсан айының соңына дейін атқарған ол жолдасы Қараманов Сәдуақастың Тереңөзек ауданаралық прокуратурасының прокуроры болып қызмет ауыстыруына байланысты қайтадан ұстаздық қызметке оралды. Бұдан соң Тереңөзектегі, Қызылорда қаласындағы мектептерде ұстаз болып, 1964-1979 жылдар аралығында №1 облыстық мектеп-интернатта орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Марқұм Нұрадин Дәріқұлов ақсақалдың ол туралы: «Қатира деген бөлек еді ғой. Нағыз педагог болатын, әнді қандай ғып салатын. Ол тек өз балаларының ғана емес, бүкіл көршілердің балаларының да сабақ тапсырмаларын орындауын тексеріп, үнемі үйретіп отыратын. Интернаттағы балаларды үйіне әкеліп, тамақтандырып, киімін жуып беретін. Біз таңғалатын едік» дегенін талай есіттік.

Ұстаз-ана өмірден ерте озды, соғыс жылдарындағы ауыр еңбек өз дегенін істеп, денсаулыққа салмақ салды. Бірнеше жылға созылған ауру ғазиз жанды мына өмірден ерте алып кетті. Алайда ол өмірден озарда үлкен қызы Минсара мен күйеу баласы Серікбай, жолдасы Сәдуақаспен қоштасып отырғанда да балаларының ел таныр азамат боларына сенімді екенін айтып, қатты қиналып жатса да ерлігін, өрлігін танытқан болатын. Иә, балалары ана сенімін ақтады.

Қатира Оспанованың немерелерінің көбісі құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқаруда. Мұны он үш жасында ұстаз атанған ана тілегінің орындалғаны деп білеміз.

Алдажар ӘБІЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<