Арман желкеніндегі асыл сөз

1205

1

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп қайран Абай ақын қалай дөп басып айтқан. 

Біз өлісін тірілте алмай, тірісін өлтіре алмай жүрген қазақпыз. Талантты адамдар­дың қадірін қашан білдік осы. Дүниеден өткенінде көзі құрымағыр қимай, көңілі құ­рымағыр сенбей жүрген асыл ағам Айжарықтың да бізден, тірілерден алыстағанына, міне, қырық күн болыпты. Туған ай тураған етпен бірдей деген осы.

Айжекең ағамды есіме алсам ақжал толқыны тулаған, төбесінде ақ бауыр шағаласы шулаған баяғы көк теңіз, Арал- анамыз ойға оралады.

…Алдымда Арал теңізінің 1957 жылы сол замандағы одақ астанасы Мәскеуде басылып шыққан дастархандай кең, етек-жеңі далиған, бүктей-бүктей сілікпесі шыққан ес­кі атлас картасы. О кездері ақжал толқындары жағалауды ұрып жатқан алып айдынның қазір күш-қуаты қайтып, жүз шақырымдай кешегі қайтқан табанын Кіші Арал суы үсті-үстін шайып жатыр…

Картаға үңіліп осы теңіздің о шеті мен бұ шетіндегі жүз шақты аралшықты сауса­ғым­ның ұшымен жағалап із­деп отырмын. Міне, «Орыс қамыс»… «Мекалай» (дұрысы «Николай»)… «Тайлақ жеген» аралшықтары иненің жасуын­дай кішкентай нүктелермен белгіленіпті. Бір кездері «Көк­арал» аралшығын тауып, алып бір мая шөпке түскен ине­сін іздеген адамдай көзімді айырмай тінтіп, бұрынғы «Ау­ан» (қазір ол жердегі ел кө­шіп қаңырап қалған) елді мекенінің тұсына келдім. Бұл – Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық уни­вер­ситеті журналистика фа­культетінің бұрынғы білікті ұстазы, қазақ қаламгерлерінің талайына дәріс берген, қиял­гер жазушы Абдул-Хамид Мар­хабаевтың кіндік қаны тамған ата жұрты. Онан әріде Ақбасты… Онан әріде бір шеті Ақтөбе облысына ұласқан, Ұлы­құм, Кішіқұмға кірігіп кет­кен Құланды түбегі. Бұл – енді әлемге әйгілі қаламгер Әбді­жамил Нұрпейісов дүние­ге кеп, сол дүние-ғаламды атақ­ты «Қан мен тер» три­ло­гиясы, «Сең» атты сүбелі дү­ниелерімен дүрілдеткен кіш­кентай ауыл.

Өткен жылы сексен жас­тың сеңгіріне шығып, осы­дан қырық күн бұрын дү­­ние­­ден өткен белгілі журна­лист-жазушы марқұм Ай­жа­рық Сәдібекұлының ба­лалық іздері де көк теңіздің орта­сын­дағы «Көкарал» аралшы­ғы­ның алқаракөк айдынына тұм­сығын тығып жатқан «Қар­мыс» атты кішкентай ба­лықшылар ауылында әлі күн­ге сайрап жатыр. Осы елді мекенде 1939 жылғы 17 жел­тоқсанда байырғы ба­лықшы Сәдібектің отбасында дүниеге келген шекесі торсықтай ұл­ға шілдеханаға жиналған кіш­кентай ауылдың үлкен кісілері Сражадин есімін еншілепті.

Алайда екі-үш күн жолау­шылап кетіп ауылға келген әкесінің ағасы Сәндібекке бұл ат ұнай қоймайды. Үлкендерді дастархан басына қайта жинап «Ау, бұл бала Ай туып, айнала жап-жарық болып тұрғанда дү­ние есігін ашқан жоқ па?! Сондықтан аты Айжарық бол­сын» деп жөргегінде жатқан сәбидің құлағына үш қайтара «Сенің атың Айжарық» депті.

Сол Айжарық ауылда же­тіжылдықты, Ауанда орта мек­тепті ойдағыдай тәмамдап Қызылорданың Н.Гоголь атын­дағы педагогикалық инс­титутының (қазіргі Қорқыт ата атындағы университет) фи­ло­логия факультетіне оқуға тү­седі.

Институт қабырғасында оқып жүрген әуелгі жылдары филолог ғалым, ұстаз болуды армандаған Айжарықтың қа­ламынан «Әлімнің әжесі» атты тұңғыш әңгімесі об­лыс­тық газетте 1962 жылы жа­рияланса, қоғам қайраткері Жү­сіпбек Арыстанбековтың «Жалынды жүрек» хикаяты туралы жазған рецензиясы да сол жылы «Қазақ әдебиеті» басылымында, ал «Асуда» ат­ты алғашқы очеркі 1963 жылы өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде басылып, ұстаз бол­сам деген бағытынан айнып, қаламгерлік жолға түсуге бір­жола бел байлайды.

Әдебиет те қоғаммен, адам­мен бірге өсіп-өркендеп келеді. Орыс әдебиетінен әрі­дегі Лев Толстойдың, Ан­тон Чеховтың, берідегі Васи­лий Шукшиннің, Вален­тин Рас­путиннің, Виктор Ас­та­фьев­тің, өзге де шетел әде­бие­ті­нен Эрнест Хемин­гуэйдің, Габриель Гарсиа Маркестің, Кафканың, Дефоның, Виктор Гюгоның төрткүл әлемге тү­гел аян болған біртуар әдеби дүниелерін көзі ұйқыға кет­кенше кеміргені әлі есінде. Әсіресе Эрнест Хемингуэйдің  «Шал мен теңізіне», Иван Бу­­ниннің теңіз табиғаты ту­ралы әңгіме-хикаяттарына, қа­­­зақ әдебиетіндегі Әбу Сәр­сен­баевтың, Әбдіжамил Нұр­пейісовтің, Зейнолла Шүкі­ровтің, Әнес Сарайдың теңіз, оның жағалауындағы адам­дар­дың тыныс-тіршілігі жай­лы жазғандарын қадағалап қайта-қайта оқитын. Бұл Ай­жекеңнің мінезіне сіңген мін­сіз қасиеті десек те болады.

Өзі аттай алпыс жылдан бері ажырамай келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінің бет­теріндегі әдебиет мәселелері жөніндегі мақалаларға орай тұрақты түрде ой-пікірін жа­зып атсалысып келе жат­қан аға қаламгердің есімі жур­налист ретінде де қарт Қа­ратау мен айдынды Арал­дың арасын жайлаған қалың ел­ге етене таныс еді. Ал­ғаш­қы журналистік жолын Жа­лағаш, Қармақшы аудан­дық газеттерінен бастаған Айжекең 1971-1997 жылдар­дың аралығында Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басы­лымында аға тілші, бөлім мең­герушісі, редколлегия мү­­шесі болып ұзақ уақыт қыз­­мет атқарған. Жазушы әр жыл­дары жазған әдеби дү­ние­­лерінің басын зейнетке шыққан соң ғана құрап кітап етіп, оқырманына ұсына бас­таған сыңайлы. Мысалы, қа­ламгердің тұңғыш кітабы «Көк­темін күткен қызыл гүл» деген атпен алғаш баспа жүзін көрсе, 2002 жылы «Аққұмның ақ түндері», 2006 жылы «Ашық мұхитқа шыққан алып», 2009 жылы «Жұмыр жер­де біз бармыз», 2011 жылы «Шұ­ғыла шуағы», 2012 жылы «Да­рияның тұмасынан жыр боратқан», 2013 жылдары «Па­расат майданы», «Қараша үйдің келіні» тәрізді деректі және көркем әдеби дүниелері жарық көріпті. Олардың ара­сындағы шағын әңгімеден бастап көлемді хикаяттарына дейінгі баршасының оқырман оясынан шыққан сүбелі дү­ниелер екені даусыз. Ал, баспа тартпаларында уақытын күтіп жатқан әдеби қолжазбалары қаншама?!

Бір заманда хакім Абай айтқан сөз бар еді ғой.

Дүние терең көл,

Уақыт соққан жел.

Алдыңғы толқын ағалар,

Кейінгі толқын інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер.

Осылай демеп пе еді жалпы адамзат баласының дү­ниеге келуін, дүниеден кетуін болжаған қайран Абай.

Мынау қызылды-жасылды қым-қуыт дүниеден кеше ға­на Айжекем де өтті. Сексен бір жастың сеңгіріне енді шыққанда дүниеден өткен, күллі ғұмырын облыс журна­листикасына, қала берді қазақ прозасына арнаған жур­налист-жазушы Айжарық Сә­дібекұлы еді бұл. Кешегі өткен Асқар Тоқмағамбетов пен Зейнолла Шүкіровтің, Нә­сіреддин Сералиев пен Саид Баязитовтың және бас­қалардың заңды жал­ғасы, ла­йықты ізбасары іс­пет­тес бо­латын ол.

Айжарық Сәдібекұлы жур­налистикаға жыл құсындай ерте келсе де, әдебиетке әб­­ден етек-жеңін жинап, үл­­­кен әзірлікпен келген та­­­лант­ты прозашы еді. Об­лыс­­тық газетте қызмет еткен жыл­дары алғашқы про­за­лық шы­ғармаларын тиіп-қа­шып жаз­са, кейін зей­нет де­­малысына шыққан соң жа­зу үстеліне өзін-өзі бір­жола шегеледі. Онбес шақты көркем және деректі шы­ғар­малары баспалардан кітап болып жарық көріп оқыр­мандар ауылына жол тарт­қаны белгілі.

Өткен жылы сексен жас­қа толған қаламгермен бір­ге туған жері Аралдағы, одан әрі ата қонысы Ақбас­ты ауылындағы әдеби кез­де­су­леріне куә болдым. Әсі­ресе, аудан орталығында өт­кен қа­­ламгермен кездесуге жи­налған көпшілік кеш иесінің кестелі сөздеріне ынтыға құ­лақ түргенін байқадық. Ал, өзі орта білім алған №22 Ақбасты орта мектебінің ұжымы жа­зушы атындағы әдеби сынып ашып, айрықша құрмет көр­сетті.

Жалпы, Айжекем жайшы­лықта сараң сөйлейді. Ал, мін­берге шықса, алдына қара салмайтын жүйрік тәрізді әде­биет пен бүгінгі заман жайлы әңгімесінің тігісін әсем сөзбен әдіптеп тыңдар­мандарын ұйы­тып тастайтын еді. Сонда ол маған тұсау жібін шешіп жі­берген тұлпар сияқты кө­рінетін.

Айжекеңнің өткен жылы қолымызға тиген «Теңіз жай­лаған ел» кітабы түгелдей са­ғыныштан туған дүние де­­сем, артық емес. Осы кі­тап­тағы майшамның түбіне етпеттей жатып алып теңіз жағасындағы «Қармыс» ауыл­ының үлкен-кішісіне ертегі, батырлар жырын таңды таңға ұрып оқып беретін бала Ай­жарық сол бір ауылда сәл кейін қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі алыбы тоқсан алты жастағы коррифейі Әбдіжамил Нұрпейісовтің алғашқы кіта­бы «Курляндиямен» қалай табысқанын біз сияқты іні­ле­ріне үлкен сағынышпен әңгі­­мелеп отырушы еді…

Жазушының осы «Теңіз жай­лаған ел» атты соңғы кі­табы – бала Айжарықтың, боз­бала Айжарықтың, азамат Ай­жарықтың, ақсақалдық жас­­қа жеткен, ақыл-ойы то­лыс­­қан абыз Айжарықтың сар­­тап сағынышынан туған тұ­шымды дүние. Әсіресе ма­ған Айжекеңнің дүниеден әл­де­қашан өткен жеңгемізбен алғашқы таныстығы, тілсіз та­­бысқан екеуінің Көкаралға бет­теген кеме үстіндегі сурет­тері кісіні еріксіз сүйсін­ді­реді. Теңіз суреті, табиғат ты­нысымен үндескен жара­сым­ды қос жүрек кітаптың өн бойында дүрс-дүрс соғып тұрғандай әсер етеді.

Өмір осы. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Алдымызда жүр­ген қамқор ағамыз Айже­кең де өтті мынау алдамшы жалғаннан. Алдың пейіш, артың кеніш болсын, асыл аға.

…Мөлт-мөлт еткен

жанарын жасқа мала,

Аза жырын жазады

қасқа бала.

Алды сайран жалғанның

Жаратқан-ай,

Арты ойран екен ғой.

Қош бол, аға!

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<