Бір керуен бар тоқтатуға болмайтын…

1230

0

«Газет оқысаң, әдебің түзеледі». Бұл – біздің әкейдің сөзі. Солай дейді де, алдыма 90-шы жылдардан бері қарайғы ескі газеттің тігінділері, жарық көрген ұлт мұрасына қатысты тым тәуір дүниелердің ұқыпты қиылған парақтарын тастай береді. Ал оқып біткен соң не жайлы екені, ондағы ұққаныңды талқыға салатыны тағы бар.

Мектептегі білімнің орта шенінде басталған газет-журналға деген құмарлық тілшілік тіршіліктің бастауы болған шығар. Жетектеген арман журналистика маңына топ еткізді ақыры.


Иә, ес білгелі елдегі жарық көретін газеттің бірсыпырасы үйге үзбей келетін. Кітап пен бас­па­сөздің берері көп әрі ақысын пұлдамайтынын білсек те, бүгінде «біздің бола­ша­ғымыз» ­де­ген жа­лынды сөз тір­ке­сіне кейіпкер болып жүр­­гендердің көбі бұл сүр­леуден тым алыстап кетті. Кейде кітап пен газетті етпеттей жатып оқыған оқырманның соңы біз шы­ғармыз деген ойдың келетіні рас. Неге? Жауабын мен де түсіндіре алмаспын. Дегенмен ар­дагер журналистің мына пайымы көкіректе мық­тап орнықты.


– Осы күні 81-дің көжесін ішу де бұйырыпты, – деді әдеттегі амандық-саулықтан соң Айжарық көкем әлдеқашан ақ түскен селдір шашын қолмен тарап. Көркем очерктің каролі іспеттес көрінетін, белгілі жазушы-журналист Айжарық Сәдібековпен жи­на­лыс, мерейтойларда қо­лын алып, қасында жүр­генім болмаса, етене жақын әңгімелесе қоймағанмын. Сәті енді түсті.


– Журналистпін дейсің ә-ә, жақсы. «Сыр бойында» жүрсең, жолың болғаны да. Киелі шаңы­рақта қызмет қылғаным – мен үшін үлкен мақтаныш. Сонда «Еңбекші хаттар» бөлімінде болғанмын. Бұл 1972 жылдан бас­тап болуы керек. Аға буынның үлкен ықыласына бөленіп, Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов, Нұрділдә Уәлиевтің ха­лыққа деген жанкешті жұ­мысын көріп, үлгі-тәрбиесін алу біздей буынға бұйырғаны да, – деп шежірені бас­тай кетті.


– Айта отырыңыз, бұ­рын­­ғының көзін көрген сіз­дің әңгімеңізді әдейі естіп қайт­қанды жөн көрдім осы демалыста, – дедім мен дикто­фонды қосып жатып.


– Өзіме жазу-сызудың жолында жағымды әсерімен қалған азаматтар жайлы айтайын. Біріншісі – Ұзақ Бағаев. Ол өте жұмсақ адам еді. Мен аудандық газетте жүргенде облысқа шақырды. Оған себеп – Жалағашта жүр­генде жазған егістік жайлы көлемді мақаламның облыстық басылымда жа­рық көруі. Бағаев «Ленин жолын» басқарып жүрген кезде жазғаныңды бірден қолтаңбаңнан танитын. Солай.

Облысқа ауысам деп жүргенімде Ұзекең «Социа­листік Қазақстан» газетіне редактор болып кетті. Жолы­мыз бір-екі рет түйісті, теле­фонмен хабарласып та жүрдік, соның өзінде азамат­тығын танып үлгердім. Кейін ол жайлы көлемді очерк жаздым да.


Ең ұзақ жыл редактор болған Қалқабай еді. Әбенов­тің әріптестеріне деген көп жақсылығы жұрт есінде. Нұрділдә ағамыз – өте ұқыпты адам. Мәскеуде аспирантураны оқып жүріп, архивті ақтарып, 1938 жылдан бастап шығады деген «Ленин жолын» 1929 жылға шегерген де сол кісі. Араб қарпімен «Сыр бойы» жарыққа шыққанын тынымсыз ізденіспен дәлел­деді. Ақиқатын ашып жазып, ғылыми еңбегін осы газет тарихынан қорғады.

Терең­өзектің жігіті еді, редактор болған жылы да қарамағындағы жігіттердің жағдайына бейжай қарамай, қолдау көрсетіп жүретін. Одан кейін Әскербекпен (Рахымбеков) жұмыс істедім. Өзі үш редактормен тізе қосып «Ленин жолында» қалам сіл­теппін ғой. Кейін Қалтай (Мұхамеджанов) құрған «Түр­кіс­танға» ауыстық.


– Күні кеше зейнет­кер­лікке «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болып шыққан Жұматәлі ағамның бір әңгі­месі түсіп отыр. Ағамыз журфактың үшінші курсын бітіріп, осы біздің газетте бес-алты жігітпен іс-тәжірибеден өткен ғой. Әдетте, тәжірибенің уақыты бітіп, бұлар редактор Қалқабай Әбеновтің қа­былдауына кіреді. Сол кез­дегі жауапты хатшы Шора Ералиевті шақырып алып, «осы жастар біз кеткенде газетке ие болады. Газетке шыққан материалдарын, тіп­ті шықпағанын да есеп­теп, әрқайсысына 200 сом­нан қаламақы жаз. Оқуға бара жатыр ғой, көңілдері тоқ аттансын. Мен қазір бухгалтерияға өзім тапсырма беремін» депті.

Сонда Жұмекең айтады, «Осындай әулие ағалар болды. 200 сом – көп ақша ғой. Алматыға осылай көңілді аттанып, «Қалқабай Әбеновтің қаламақысы» деп мақтанып жүрдік. Шынымен Әбеновтің айт­қаны келіп, практикаға келген көп жігіт «Сыр бойында» қызмет етті» деп ағынан жарылғаны бар. Алдыңғы буынның кейінгіні қолдау салтының бір көрінісі шығар бұл, – дедім мен.


– Оның рас, шырағым, – деді Айжағам. – Қалқабай ағамыз жастарды қолдаудан шаршамады. Әсіресе, іштегі журналист жігіттерді жа­рыл­қауда аянбайтын. Бір оқиға айтайын. Аудандық газеттерде ысылып, біраз тәжірибеден соң 1972 жылы облыстық газетке келдім дедім ғой. Онда «Еңбекші хаттары», «Совет құрылысы», «Партия тұр­мысы», «Саясат және қоғам» бөлімдерінде тіл­ші, аға тілші, бөлім мең­герушісі қызметтерін ат­қардым. Сонда алдыңғы буын ағалар бізді қайраққа салған пышақтай жанып отырды. Мақала жұп-жұ­мыр, сөзі нық болуы үшін тынымсыз еңбектендік. Бір оқиға әлі есімде. Мынауың қо­сулы ма еді? Айжағам ұялы телефонға көзін салып, иегімен нұсқайды. Диктафонды мең­зегені.


– Иә, әлбетте, қосулы тұр, айта беріңіз.


– Бұларың жақсы болды-ау сендерге. Біз ауызба-ауыз сөзді қағазға түсіріп машықтанып едік. Қай жерге келіп едім?!


– Ұстаз ағаларыңыз жайлы айтып отырсыз? – дедім қарт журналисті сөзге жетелей.


– А-а, иә, Қалқабай жай­лы айтпақ болғанмын. Жазудан бас алмай жүр­ген уақыт қой. Сол кезде «Еңбекші хаттары» бө­лі­мінің меңгерушісі Қалы­бай Бөршеев деген азамат сал ауруына ұшырап, оның үстіне қан қысымы бар, көп ауыратын.

Редактор Қалекең «қашан бір жөн болғанша бүкіл бөлім жұмысын атқарасың әрі ағаңның ай сайын міндетті екі бас мақаласын жазу сенің мойныңда» деп тапсырма берді. Әй, өзімнің де жүйкем тозды. Сондағы – редактордың адамгершілігі ғой. Екі жыл төсек тартып жатқан бөлім меңгерушісіне жалақысы мен екі бас мақалаға қойылатын 60 сом қаламақыны демі үзілгенше бергізді. Сол кездегі адамдардың пейіліне таңғалам. Бүгін екі күн ауыр­саң, екі бет анықтама толтырамысың? – деп көзін сығырайта маған қарады. Үнсіз жымия бердім.


– Солай, ағалар бізді осын­дай үлгі боларлық ұс­та­ным­мен тәрбиелеп, тұр­пайы әрекеттерден алыс жүруге үндеді. Сол кездегі мақалаларымыз заманның, ұстаз ағалардың тәлімімен жазылды. Қалам сілтеп жүріп, оның қадірін кетіруге болмайтынын әбден түсіндік. Шынайылыққа ұмтылып, шын­­дықты айна-қатесіз бер­дік. Осылай міндеті ауыр сабақ­тас­тықты атқарып шық­тық қой, – деп тебіренді Айжағам. Сәл үнсіздіктен соң ардагер журналист сөзін қайта жалғады.
– Өзім кіндіктен жалқы қалып, қиындықпен жетілдім. Құдайға шүкір, балаларым, немерелерім бар. Соның өзінде өзімді жалғыз сезінетінім рас. Неге дейсің ғой. Олай сұрақ қоюуың заңдылық та шығар. Өйткені, бұлар кітап оқымайды, газет-журналдың не екенін ұқпайды. Әңгіменің шын­дығын айту керек. Ата­сының не жазғанын бұл үйдегі кішкентайлар білмейді. Бұл тра­гедия емей немене, балам?! Көңілім көбіне-көп осыдан құлазиды…


Айжағам саусақтарымен диван шетін сырт-сырт соғып, бір уақ терезеге қарап үнсіз қалды. Мен де үнсізбін. Ақсақалдан естелік сұраймын деп, бүгінгі күннің ауанына ауытқып кеттік пе, ұрпақ жағдайына алаңдаған қарт журналистің көңілін түсірдім бе деген үркек ой да басыма жылдам келіп үлгерді.


– Газет – керуен сияқты ғой. Керуенбасы ауысса да, көші тоқтамау керек. Өйткені, ол керуенде ұлтқа керек ұлағат, құн­дылық пен руханият, тіл мен діл, мәдениет жүгін арқалағандар жүр. Әрі тынымсыз, тоқтаусыз ар­қалап келеді. Сол үшін де тоқтауға тиісті емес.

Мен сабақтастық жайында айттым ба, тағы айтам. Газет жұмысына жегіл­ген талай азамат та, нәзік жандылар өз міндетін адал атқарып келді. Біз де. Солай жүріп әлгі мен айтқан құндылық толы қапшықты келесі буынға арттық. Өйткені, ағалар да солай бізге аманат еткен. Сен де уақытында алған осы керуендегі міндетіңді межелі жерге дейін адал атқаруың керек. Журналистке артылған жүк солай. Сен соны сезін, Ержан балам, – деді қарт журналист ойлы көзбен және бір қарап.


Мен терең оймен есік алдына шықтым. Күн еңкейіп қалған екен…


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<