«Директорлар дайындайтын ауыл»

1396

0

Ауылға барған сайын Шынтас Жалғасбаев атындағы көшенің бойына орналасқан  ескерткіш тақтадағы Шәкеңнің бейнесіне көзім түседі. Ағамыздың сұсты да ажарлы келбетін жанарым шалғанда сағымға айналған өткен жылдардың елесі санама оралып, елжірей жымиямын. Олай болмағанда ше?!

Қазіргі таңда әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың атын иеленген, облыс көлеміндегі тіректі  ауыл саналатын бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшардың шын мәнісінде өсіп-өркендеуіне ширек ғасырға жуық директор болып қызмет атқарған Шынтас Жалғасбаев зор еңбек сіңірді. Мұны сол ауылда дүниеге келген, Шәкеңмен бірге қызмет жасаған, сол елден түлеп ұшқандар жақсы біледі. Өзгесін айтпағанда, ауыл іргесіндегі оның басшылығымен соғылған қорғаныс қашысының іргелі ауылды топан судан аман алып қалғанын қалай ұмытарсың?!

1969 жылдың соңғы айлары болатын. Шынтас Жалғасбаевтың кеңшар директоры қызметіне жаңадан тағайындалған шағы. Ауыл топан судың құрсауында қалды. Табиғаттың қатал сыны құдды, жаңа директорды сынақтан өткізгісі келгендей тосын қылық танытты. Алайда Шәкең бұл сынақты да міз бақпай қарсы алды.

Бастауыш сыныпта оқитын кезім. Анам меңгеруші болып қызмет жасайтын дүкен ойпатқа орналасқан еді. Ауыл дүкеніндегі мемлекеттің  қыруар мүлкін сел басу қаупі туындады. Жанұшырып жүгіріп  жүрген ата-анама директор жіберген адамдар қол ұшын созды. Бәрі жабылып дүкендегі заттарды арбалап, машиналап дөң басындағы үйімізге  тасыды. Шағын бөлмеге сыймағандарын текшелеп аулаға жинады. Азық-түлік, темекі-шарап, киім-кешек… бәрі бар. Неткен, дархан пейіл десеңізші! Шомнан жасалған аласа ауланың тақтай есігін түнемелікке сыммен орай саламыз. Күзетші мүлде жоқ. Дегенмен, ниеті бұзық пендені кездестірмейсіз. Тұтас қысты осылайша өткіздік.

Басшылыққа жаңадан келген Шәкеңе ауылды  тасқын судан  аман сақтап қалу оңайға түспегені анық. Бірақ жігері жасымады. Телегей тер төгілді. Аудан көлеміндегі мекеме-кәсіпорындар көмекке жұмылды. Қуатты техникалар күндіз-түні жұмыс жасады. Ауыл радиосынан  «су тасқыны» деген хабар жиі естілетін. Ондай сәтте ойпатта орналасқан үйлердің тұрғындары қыр басындағы ауылдастардың үйлеріне көшіп келіп, қауіп өткенше бірге тұратын. Бір ғажабы, ешкім қабақ шытпайтын. Төбесі шатырланбаған, қарабайыр тәсілмен салынған шағын үйлерде бірнеше отбасы өмір сүргенін көз көрді.   Ауылды шеңберлей топырақтан соғылған биік қашының сілемі әлі бар. Балалар сол маңайдан қойдың асығын дорба-дорба қылып теріп алып та жүрді.

«Бір қорқыныштың бір қуанышы болады». Су қайтқан соң, топырақ құнарланды. Жем-шөп базасы нығайды. Жылына 25 мың тоннаға дейін мал азығын әзірлеуге жол ашылды. Мал бордақылау алаңы ұйымдастырылды. Жоңышқа егу көлемі ұлғайды. Аса ауқымды сүрлем, жүгері сүрлемі дайындалды. Қышқылтым исі танауды қытықтаған құнарлы азық ірі қара, уақ жандықты тез оңалтатын. Аудан орталығында шаруашылық ауласы іске қосылды.

– Шәкеңнің кезінде кеңшардағы қой саны 60 мыңға, жылқы 2 мыңға, түйе 2 500 басқа жетті. Қарақұм беткейіндегі малшылар жертөледен заманауи үйлерге шығарылды. Төрт ферманың орталығы ашылды.  Санаулы мерзімде 100 тұрғын үй салынды. Мектеп, аурухана, клуб бой көтерді. Мұратбаев ұжымшарынан Шилі елді мекені бізге берілген еді. Алғашқы жылдың өзінде 15 үйді пайдалануға тапсырдық. Жапан түздегі жалғыз қонысқа көше түсіп, ауылға айналды. Тынығу лагері жасалды. Жанына ауыз суға арналып бұлақ қазылды. Шәкен елді мекені де іріленді. Аэропорт жасақталып, ұшақ қатынады. Қиырдағы Сайқұдық жайлауына, Шиліге кідіріссіз жолаушылар тасымалданды. Шәкеңнің қабілет-дарыны тым ерекше еді. Қазіргі уақытта қолға алынып жүрген көптеген бағдарламаларды, азық-түлік қауіпсіздігі, мал тұқымын асылдандыру бағытын Жалғасбаев сол кездің өзінде жүзеге асырды. Қарақұмдағы Әсем учаскесінде қозыны бордақыға қойғызды. Күтімі келіскен қозының салмағы 42 келіні, Ақбелдегі ісек 66 келіні құрады. Өте жоғары жетістікке сол кездегі облыс басшысы Еркін Әуелбеков қатты  риза болыпты. Ауылды көгалдандыру үшін Аққолқа каналын экскаватормен қаздырды. Биік құмның төбесіне аяқ су әкелінді. Бұған басшылық жасауды білікті бағбан Жасағанберген Дербісовке тапсырды. Ащыкөлдің қырқасына егілген қарбыздың ірілігі талайды тамсандырды. Қырықжылдықтың қара күләбісі, сары ала қауынына Ресейден сұраныс көп түсетін. – дейді еңбек ардагері, ұзақ жылдар ауылдың құрылыс саласын басқарған  Жаңабай Жақсылықов аға.

Шынтас Жалғасбаев басқарған тұста Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар республиканың, одақтың ауыспалы қызыл туын 27 (!) мәрте иеленді. Есімі одақтың «Алтын кітабына» енді. «Озат тәжірибе» мектебіне айналды. Шәкеңнің өзі «Ленин», екі «Еңбек қызыл ту», «Халықтар достығы» ордені, көптеген медальдарды жарқыратып омырауына тақты. Қазақстан компартиясының Х-ХІІ-ХVI съезінің делегаты атанды. Екі мәрте облыстық, ұзақ жылдар бойы үзіліссіз аудандық кеңестің депутаттығына сайланды. Арал өңірінде  дүниеге келіп Қазалы ауданының экономикасының өсіп-өнуіне зор үлес қосты.  Қатардағы балықшыдан ел ағасы дәрежесіне көтерілді.

Шәкең қиыс басқан талай жастың қайта қатарға қосылуына ықпалын тигізді. Біздің бозбала шағымыздағы ауыл клубы көше тентектерінің күш сынасу алаңы тәрізді еді. Топ-топқа бөлініп, жанжалдасу белең алып тұрды. Уақыт өте бәрі қалпына түсті. Сол кездегі көше тентектері кейін үйлі-баранды, салауатты отағасыларға айналды. Бұған Жалғасбаевтың қосқан үлесі аз емес. Қатал болғанымен әділ ауыл ағасы бозбастардың еркелігін кешіре білді. Әке ретінде түсінді. Кінәліні жазғырғанмен, жамандыққа қимады. Қылмыскер атандырған жоқ. Телі-тентекті өзі бастаған  ауыл ағаларының талқысына салғанда маңдайыңнан терің сорғалап, екінші қайталамауға ант-су ішесің…  Ал Шәкеңнің талқысын басынан өткендер жақсы біледі…

Жолдамамен ауылға жұмысқа орналасуға келген кезім. Кеңседегі мәжілістің аяқталуын ұзақ күттім. Тағатым таусылды. Ақыры  есік  қағып,  ішке ендім. Адамға лық толы екен. Мүлгіген тыныштық орнады. Директордың өткір жанары қанжардай қадалды. Суық раймен басымнан-аяғыма дейін шолып өтті. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Сасқалақтап жолдамамды ұсындым. Сондағы кескін-келбетімді шама-шарқымша суреттеп берейін. Сексенінші жылдардағы сән үлгісі есіңізде шығар?! Ұзынтұра, шашы иығын жапқан, балағы жарты кез шалбар, тар жиде, самбреро шләпі киген, жалтыраған көзілдірік ілген бозбаланы мен десеңіз, қателеспейсіз.

Ашуға булыққан Шәкең «Бұл жын-перінің мекені емес. Көзіме көрінбе. Жалбыраған шашыңды алдыр. Адам сияқты киініп кел» деп қуып шықты. Мұндай қысылмаспын. Қалың, бұйра шашымды қысқартуға қимағанмен, амал қанша. Шаш қысқарды. Киім реттелді. Бұл жаңалыққа бәрінен бұрын марқұм әжем қатты қуанды. Жұмысқа қосылып кеттім. Бірде Шәкең  кабинетіне шақыртты. Сәл бұрын жиналысқа түсіп, есеңгіреп шыққанмын. Неге дейсіз бе? «Көше шайқасында» тым белсенділігіммен көзге түскен едім. Есіктен жүрексініп кірдім. Жалғасбаев болса, «Ауданнан жасақталған Сібірден құрылыс материалдарын әкелетін топтың құрамына қостық. Бойыңа сыймай жүрген күш-қайратыңды пайдалы шаруаға жұмса» деп қысқа қайырды. Үн-түнсіз басымды изедім. Осылайша Сібірдің де дәмін таттым.  Сол сапардан алған әсерім жылдар өте  «Сағыныштан сарғайған Сібір» атты әңгімеге айналды. 

 Шынтас Жалғасбаевтың  ғибратын бойға сіңірген Өткелбай Жолмырзаев, Қабақ Бимырзаев, Жолдыбай Құлманов, Берік Бисембаев, Мәлкайдар Дүйсенов, Жеңіс Әметов, Қайрулла Дәрмағанбетов, Қуаныш Ұйқасов, Әлипа Шәлкенбай, Серік Меңдібаев, Қонысбай Ниетәлі  өзге де іні-қарындастарының тұтас  шоғыры ірі шаруашылықтарды, ауылды  басқарды. Кезінде  Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарды әзілді-шынды «директорлар дайындайтын ауыл» деп атаушы еді. Жазушы Садықбек Адамбеков ағамыздың «Атылған қыз туралы аңыз» атты кітабының басты кейіпкері Шынтас Момбековтың прототипі Шынтас Жалғасбаев екенін айта кетсек. Биыл Шәкеңнің өмірге келгеніне 90 жыл толды. Еңсегей бойлы өр  ұлын елі ұмытқан жоқ!

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<