Ел сенімін ақтаған

1645

0

Мен бүгінгі күнге дейін қаншама азаматтармен қыз­меттес, үзеңгілес, дґм-тұздас болып, етене араластым, талай тұлғалармен қатар жүріп, жайсаңдармен жүздестім. Әр адам өзінше бір ґлем ғой. Әрине, олардың жан-дүниесін, терең қатпар сырларын бірден ұғына қою да оңай емес. Дегенмен, солардың ішінде де алғашқы кездесуден-ақ бірден жүрегіңе жақын сезініп, бұрын­нан таныс-білістей ортақ тіл табысып кететін, жатырқап-жатсынуды білмейтін жай­саңдар болады. Міне, сондай жаны таза, көкірегі адал жақсы-жайсаңдардың бірі  Сансызбай Құттыбайұлы еді.

Белгілі ақын, қоғам қай­рат­кері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Петербургтағы ­Халық­ара­­лық көлік акаде­мия­сы­ның Ака­демигі, Петер­бург­тағы Ха­лық­аралық ғылым ака­де­миясының коррес­пон­дент-мүшесі, ҚР Ұлт­тық аграрлық уни­вер­ситетінің құр­метті профессоры, техника ғылымының кандидаты, Арал ауданының Құрметті азаматы 1947 жылы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесінің Шығанақ бөлімшесінде дү­ниеге келді.

1954 жылы Құланды 7-жылдық мектебін бітірген соң білімін Аван мектебінде жалғастырды. 1965 жылы аталған мектепті үздік бітірді. Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруа­шылығы институтына түсіп, 1970 жылы инженер-механик мамандығын алды. 1991 жылы және бір жоғары оқу орнын – Өскемен жол-құрылыс институтын бітіріп, инженер-экономист мамандығын да иеленді.

Еңбек жолын 1970 жылы Қызыл­орданың жөндеу-меха­никалық зауытында қатар­дағы технолог, конструктор қызметінен бастады. 24 жасында жүз елуден аса жұмыс­кері бар цехтың бастығы болды. Кейін өнімнің сапасын бақылау, техникалық бөлімдер бастығы және осы зауыттың бас инженері болды. Ол аталған зауытта табаны күректей он жыл қызмет атқарды.

1980 жылы С.Құттыбайұлы жеке ұжым – Жылжымалы-механикалық колоннаға, 1981-1985 жылдары Автокомбинат кәсіпорнына басшылық жасады. 1985 жылы құрамына 22 кәсіпорын кіретін Қызылорда облысының автокөлік бір­лестігінің бас инженері болып жұмыс атқарды. 1988 жылы автокөлік бірлестігінің бастығы лауазымына сайлауға түсті. Онда басымдық дауыспен жеңіп, 1990 жылға дейін автокөлік бірлестігінің бастығы болып жұмыс атқарды. Қызылорда қалалық, облыстық кеңеске де депутат болып сайланды. Сөйтіп, облыстағы әрі жас, әрі беделді басшылардың бірі атанды.

1990 жылы Алматы қала­сына ауыстырылып, ҚР Көлік министрлігінің Бас бас­қар­ма­сының бастығы болып таға­йындалды. Коллегия мү­ше­лігіне сайланды. Осы тұста (1990-1991 жылдары) үкімет комиссиясының құра­мына кіріп, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан өңі­ріндегі жер сілкіну апа­ты­ның салдарынан орын алған зардаптарды қалпына кел­тіру жұмысына белсене ара­лас­қанын атап өтуге болады.

1993 жылы Министрлік мемлекеттік холдинг болып қайта құрылғанда С.Құт­ты­байұлы вице-президент қызметіне жоға­рыла­тылды. Осы қызметте жүріп Үрімші қаласында ұйымдастырылған Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіп­орнының басқарма мүше­лігіне сайланды. 1997 жылы ол «Жібек жолы» акцио­нерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы және Президенті болып сайланды. Кейін Қазақстан Үкіметі республикадағы өзіне қарасты барлық 69 автокөлік кәсіпорнын біріктіріп, Мем­лекеттік автокөлік кәсіпорнын («Казавтотранс») құрды. С.Құт­тыбайұлы осы үлкен құрылымға 1998 жылы бас директор болып тағайындалды.

2004 жылдан бастап Ақтөбе қаласы әкімінің орын­басары, кейін Ырғыз, Мәртөк аудандарының әкімі және Ақтөбе облысының авто­мобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау бас­­қармасының бастығы қыз­меттерін атқарып, 2010 жылы зейнетке шықты.

1994 жылы ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына, 2004 жылы «Ақ жол» партиясының атынан ҚР Мәжілісінің депу­тат­тығына кандидат болды.

2008 жылы техника ғылым­дарының кандидат­тығына диссертациясын қорғап шықты.

2010 жылдан бастап өзі оқыған Құланды мектебінің жақсы оқитын оқушыларына оқу жылының аяғында стипендия беріп отырды.

Соңғы жылдары Алматы қаласында тұрды, шығар­ма­шылыққа ден қойды және кәсіпкерлікпен айналысты.

Үкімет пен Министрліктің тапсырмасымен С.Құтты­бай­ұлы Иран, Түркия, Қытайда бір­неше рет болды. Негізінен жас Қазақстан Республикасымен осы мемлекеттер арасында алғашқы болып, автокөлік қатынасын жолға қою жө­ніндегі мемлекетаралық меморандум, шарттар жасасуға қатынасып, осы шараларды іске асыруға атсалысты. Жапония, АҚШ-та болып, жаңа нарық экономикасын алға апару жолын игілікті ететін оқулардан өтіп, өз білімін жоғарылатты. Кейін Германия, Австрия, Чехия, Финляндия, Швеция, Балтық елдеріне де сапарлады.

Мемлекет наградасы және Құрмет грамоталарымен мара­патталған. 2018 жылы «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды.

Халқының рухани бай­лығын жоғалтпауға жасаған еңбегі өзінше бір төбе. 1990 жыл­дың  басында Қы­зыл­ор­дада ал­ғашқы «Қазақ тілі» қоғамын құруға атсалысып, қоғам президиумының мүшесі болып сайланды. Кейін Алматыда туған елге септігін тигіземін бе деген ниетпен «Арал-Азия-Қазақстан» халықаралық қо­­ғамдық ко­ми­те­тінің, «Шапа­ғат» атты Арал балаларын қор­ғау қорының үйлестіру кеңес­терінің құ­рамында болды.

2003 жылы құрылған «Арал ХХІ ғасыр» қоғамдық қозғалысының төрағасы, «Ота­­нымыздың тарихы» атты республикалық клубты құру­­шылардың бірі және сол клуб­тың мүшесі.

Тарих пен өнерді зерттеп жүреді. Сонау қызыл империяның қысымынан кейін алғаш шыға бастаған (1992 ж.) шежірелердің бірі «Алты ата Әлім» кітабы авторларының бірі. Кейін оның «Бұйрат», «Ақ шағыл», «Ұшан теңіз, ұлы құм», «Қырық жол» және «Сырдария кітапханасы» айдарымен шығарылған 100 томдық кітаптарға бір томдығы кірді. Бес өлең кітабы, «Ой өрімдері» атты нақыл сөздер жинағы, «Бабаларға бас ием», «Ата-анаң – асқар биігің», «Әулет әлемі», «Шаңырақ – Сексен», «Құландым – құт мекенім», «Шағала ғұмыр» атты тарихы танымдық туындылары және «Тораңғы тамыр дүние» атты оның сұхбат-толғаныстары, әдеби, ғылыми мақалалары жинақталған кітабы және «Азамат әлемі» атты альбом-кітап жарық көрді, сөйтіп 15 туындының авторы атанды.

Тарихи  тұлғалар туралы және өзінің жанын толғантатын басқа да өзекті мәселелер туралы қалам тартты. Туындылары газет-журналдарда басылып тұрады. Бұған қоса, 3 монографиясы, 16 ғылыми-зерттеу мақаласы жарық көрген. Бір өнертапқыштық куәліктің авторы. Петербургтағы ғылым академиясының «Құрмет жұл­дызы» орденімен марапат­талған.

С.Құттыбайұлы бес бала тәрбиелеп жеткізген әке. Жұбайы зейнеткерлікке шық­қанға дейін мектепте мұғалім болды. Үлкен қызы Ризат – саясаттану ғылымдарының док­торы. Үлкен ұлы Ұлан – техника ғылым­дарының кан­дидаты. Ортаншы қызы Бағдат – медицина ғылым­да­рының кандидаты. Кіші қызы Анар – ҚР Сыртқы Істер министрлігінің жауапты қызметкері. Кенже ұлы Саян – ҚР Премьер Министрі Кеңсесі басшысының кеңесшісі.

Құдіреттің ­осыншама сы­йын кез келген адам кө­те­ріп жүре алмас еді. Ол көтеріп жүрді. Өзінің қара­пайымдылық қасиетімен. Өзі­нің қанағатшылығымен. Иә, қарапайымдылығы оның өмі­рін әрлі де әдемі еткенін енді білгендеймін. Ешкімді қыз­ғанған жоқ. Ешкімнің ала-жібін аттаған жоқ. Ешкімнің алдына түскен жоқ. Бауырмал еді. Мені туған ағасындай көретін еді. Мен оны туған інімдей сыйладым. «Сенің қалай туып, қалай өлгенің маңызды емес. Қалай өмір сүргенің маңызды. Өйткені келесі мәңгілік өмірің осыған байланысты болғандықтан» дейді даналар.

Сансызбай туралы суық хабарды естіген сәтте бірден ойыма оның  өмір сүрген жылдары тізбектеліп көз алдыма тұра қалды. Ең бастысы, ол  арын ардақтап өтті өмірден. Арын барлық нәрседен биік қойды. Сондықтан оның өмірі бәрімізге әдемі, салиқалы мәнді көрінетін-ді. Ол алды-артына алаңдамай өмір сүрді. Меніңше, жүрегі ақ адам ғана батыл өмір сүре алады. Таза адам ғана ешкімге жалтақтамай жүре алады. Тек құдайдан қорқатын адам ғана әр күніне сенімділікпен қарай алады. Ішкі мәдениеті ерекше дамыған жан болатын-ды. Ақық адам осындай-ақ болар.

Қайтқан адамды өлтір­мейтін – мақтау емес, естелік. Естелік арқылы оның екінші өмірі басталады. Естелік арқылы сен мәңгі жасайсың.

Інім қайтқалы онымен бірге болған сәттер көз алдыма көп көлбеңдеп тұрады. Естелік – жүріп өткен жолыңның ой-шұқырын бір шолып өту үшін жазылады. Тоқтаған жерде соңымызға бұрылып қарасақ, жолымыз тақтайдай тегіс болмапты, кілең соқтықпалы, соқпақты, аяқ сүріндірер қақпа тасы мол, ой-шұқыры жетерлік, әрненің түсіндей кедергілерден өтіппіз.

Шүкір, пешенемізге бұ­йыр­ған жылдар осындай болыпты. Уақытты біз таңдамаймыз, маңдайға жазылған жазмыш жазуы бізге осындай ойлы-қырлы, асуы алыс, күз іргесін қиялап қана өтетін қиын жалғызаяқты бұйыртыпты.

«Балалық өтті білдің бе? Жігіттікке келдің бе? Жігіттік өтті, көрдің бе? Кәрілікке көндің бе?» деп ұстаз айт­қандай, пешенеге бұйырған жолда жүріп, үлкендер айтқан сөзді естіп-біліп, естелік ауы­лына ат басын бұрар болсақ, – сағымы бұратылған бұйра белдің арғы қабағында қалған інілеріміздің асыл бейнесі көз алдымызға қалқып келе қалады. Бәрі-бәрі кешегідей көрінеді. Ашық, қанық үні құлағымызға сіңген, нығыз басқан қадамы көз алдымызда тұрған, әдемі өзіне жарасымды күлкісімен, маңдайы жарқырап жүретін ініміздің бірі Сансызбай еді.

Сансызбай ініммен танысуым сонау 80-жылдардың басынан басталған-ды. Балық шаруашылығы өндірісіне көмек көрсету мақсатында Қызылорда облысына сапармен барғанмын. Облыс басшыларымен кездесіп, жүру маршруттарын белгілеп, екі күндей болдым. Арасында сол жақтағы достар – Өтегенов Әнес, Көбеев Әбдіхан, Қаратаев Мұхамедьяр, Сер­­мағамбетов Сахитжан, ­Ис­маи­лов Сапа  және бас­қа­лары: «Құда-еке, сізді сағындық қой, қайтарыңда бір тәуір уақытыңды бөліңіз, бас қосайық» деп өтінген-ді. Сонымен, қайтар күні облыс басшыларымен қош­тасып, жұмыс сапарын қоры­­­­тындылап, олардың ұшаққа шығарып салмай-ақ қоюын өтіндім. Достардың күтіп отырғанын да ескерт­кенмін.

Әйтеуір, туған құдам, бұ­рыннан досым Әнес Өтеге­новтың үйіне де жеттік-ау. Бұл кезде Әнес обкомның әкімшілік  бөлімінің мең­геру­шісі. Достардың барлығы бірдей, сен тұр мен ата­йындар. Ағаға сәлем береміз деп Мұхтар, Төреғали, Қуа­нышқали, басқа да бір-екі мен танымайтын інілер жиналыпты. Ақ-Тұрсынның дастарханы бұрыннан қонақтарға дайын тұратынды. Көңілдеріңнен ай­­налайын, ақ көңілді шын-достарым-ай.

Байқаймын, менің доста­­рым­ның арасында, өзі сымбатты, сөзге шешен, көсемдей бір жігіт отыр. Қасында құралайдың көзін­дей бадырайған көзі бар, мәде­ниеттілігі мен сыпа­йы­лығы өзіне жарасқан сұлу келін­шегі тағы бар. Көп ұзамай, Әнес досым: «Құдеке, байқаймын сіз бір адамды танымай отырсыз. Ол өзіңнің балықшыңның баласы Құттыбаев Сансызбай деген інің», – деді.

Және де қасындағы келін­шегінің аты Қарлығаш. Осын­дағы ірі мекеменің, яғни автокомбинаттың бас­тығы деп таныстырғанды. «Жылқы малы кісінескенше, адам түсі­ніскенше» демекші, сол жерде-ақ шүйіркелесе кет­кенбіз. Орыстар «рыбак рыбака видит издалека» дейді ғой, біздер нағыз балық­шы­ның балалары едік. Сол таныстығымыз жалғасып 40 жылдай аға-інілігіміз кіршіксіз болғанды.

2010 жылдың ортасы болуы керек. Арал, Аманөткел, Қызылордада әртүрлі жұмыс бабымен бір жарым айдай болып, Алматыға үйіме келгеніме оншақты күн болған. Бір күні немерем: «Ата, сізді біреу телефонға шақырады» деді. Телефонды көтердім. Дауысынан бірден таныдым. Сансызбай інім екен. Сәлем-саулықтан кейін: «Аға, 30-мау­сымда 63-ке келген зейнеткер болған тойыма келе алмадың ғой. Сіздің орныңыз бөлек еді» – деп, өзіне жарасымды назын айтты. Ертерек қонақ бол деген шақыру қағазды алсамда, сол күндері Қызылордада  балық шаруашылығының үл­кен ке­ңесі болып шыға алмағаным рас-ты. Мұны өзіне, досы Нажмадин Мұсабаев інімізге де ескерткенмін. Сонымен Сансызбай інім сөзін жалғастырып: «Аға, 11 қыр­күйекте әкем Құттыбай Мұхан­бетиярұлына 110 жыл­дығын, көкем Сұлтанкерей Мұханбетиярұлына 100 жыл­дығын атап ас беремін. Осы Алматыда. Төрт машинамен жүреміз. Астана, Ақтөбе, Шалқар, Аралдағы ағайындар ескертілді. Сізден өтінішім, осы тойға бас болып барасыз» деді. Сөзін жалғастырып: «Аға, 2000 жылы әкемнің 100, көкемнің 90 жылдығын атап өткізгіміз келген. Бірақ, тірі пендені тұрмыс, қызмет билейді емес пе, реті келмей қалды. «Өмір өткен күндер емес, есте қалған күндер» деген қағиданы қайық қылып мініп, сонау 1998-1999 жылдардан бастап әкемізді, көкемізді көзі көрген ағалардан естелік жиып, «Ата-анаң – асқар биігің» деген атпен шағын кітап шығардық. Бұл ата-ананың аруақтарының алдында бас ию болса, екінші жағынан келешек ұрпақтар кімнің кім екенін білсін деген мақсат еді. Ертең кітап қолыңа тиеді» – деді. Сонан соң: «Әкемді білмесең де, Сұлтанкерей көкемді көрдің, жұмыстас болдың. Оның бер жағында Арал өңірінен шыққан бірінші министрсіз. Ағам да сол балық шаруашылығының бір кішкентай болса да, пұшпағын басқарған ардагер ғой. Сол кісі туралы, құрдас достары жайлы Аралдағы «Толқын» газетіне көргеніңді жазсаң қайтеді» деді.

Сонымен ертеңгісін қо­лыма тиген інімнің «Ата-Ана – асқар биігің» кітабын бір деммен оқып шықтым. Ал інімнің кітабындағы келтірілген жер, су, шөптердің аттары өзіме таныс, жас кезімнен өзімнің іздеп барып жүрген жерлерім. Сонымен Сұлтанкерей аға­мыздың 100 жылдығына арнап, Арал­дың «Толқын» газетіне үлкен мақалам да шықты. Себеп­пен басқа да ардагер ағалар­дың атын атадым.

Інімнің өтініші бойынша жазылған мақала көлемі 5-6 беттен тұратынды. Осыны оқығанда Сансызбай көзіне жас алып: «Аға-ау, сені осы уақытқа дейін танымаппын ғой. Өз көкемнің шын көзін, сөзін естіген туған ағам екенсің-ау!» деп құшақтағаны әлі есімде. Сансызбайдың балалары айтады, мақала, «Аралдың айтылмаған ақи­қаты» атты кітапқа еніпті.

Сонымен, қыркүйектің 10-да Арал ауданының әкімі Нажмадин Мұсабаев басқарған бір топ азаматтар сонау 300 шақырым Құландыға барып, ініміздің берген асына қатысып қайттық.

Ініммен соңғы кездесуім осы аты өшкір індеттің алды болатын-ды. Наурыз айының ішінде «Аға, үйде қамалып отырмыз, халықпен бірдей көреміз де қиыншылықты» деген. Содан кейін 2-3 рет телефонмен сөйлестім. Шілде айында телефон нөміріне звондап ала алмадым. Іле-шала суық хабар жетіпті. Өмір деген осы екен. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме атамыз қазақ. Бір өкініштісі, біз сол ниет-тілегімізді көбіне азаматтың бұл фәниден бақи дүниеге аттанғаннан кейін айтып жататынымыз бар. Кім білсін, бұған да шүкіршілік деу керек шығар. Әділін айтсам: мен Сансызбайдың өміріне, оның еңбекқорлығына таң­қа­латынмын. Жоғарыда ай­тылғандай, үкіметтің, қо­ғам­ның жауапты қыз­меттерінде жүріп, 15-тен аса туындының авторы болу, өз басыма сыймайды. Бұл еңбектер күні-түні, керек болса, айлар бойы ойланып бітіретін жұмыс емес пе?

Кейінгі кезде Сансызбай «жүрегіме екі-үш рет дәрігерлердің араласуымен көмек алдым» деп жүретінді. Сабырлы, ақылды азамат, өзінің жағдайын біле тұра, азамат, қоғам қайраткері, ғалым, ақын, қамқоршы әке мақсатына жетсе де, жеттім деп тыныш жатпаған жан. Бұған мысал: әртүрлі жанрдағы оннан астам кітабы жарық көрсе де, өмірінің ­алуан сәтін бейнелейтін кітап – альбомын шығарды. «Азамат әлемі» деп атаған.

Менің таңқаларым – 7 бөлімнен тұратын еңбегінде өмір жолдарын бір ауыз қара сөзсіз, тек суреттермен ғана көрсете білгені. Осылардың ішінде  Баба түкті шашты Әзиз, Едіге тауына тағзым, Асан Қайғы кесенесі, Бабтың бабы Ысқақ баб, Қорқыт Ата кесенесі, Қожахмет Яссауи кесенесі, Аралдағы Арыстан-баб, Айша-бибі, Қарахан баба, Самарқандағы Жалаңтөс баһадүр кесенесі, Ташкент, Нұрата Әйтеке би, Шопан-Ата, Бекет пір, Сунақ Ата, Бәйдібек баба, Домалақ Ана, Созақтағы Қарабура әулие, Қобызшы Ықлас кесенесі, Павлодар, Мәшһүр Жүсіп, Қарағанды, Бұхар жырау, Ақтөбе, Исатай батырдың опат болған жері, Мұстафа Шорманов, Өтеген батыр, Күйші Сүгір кесенесі, Бақтыбай батыр ескерткіші, Есет, Дәрібай кесенесі сынды әулие бабаларымыздың жатқан жерлерін мұқият зерделеп, жинақ жасауға қалайша уақыт тапқан?!

Бұл еңбегі «суреттер сыр шертеді» дегендей тарихи еңбек. Не деген көрегендік! Өзінің бір күнде ешкімге айтпай, бұл дүниеден фәни боларын болжағандай әдемі естелік қалдырған. Бұл да – бір көзге көрінбейтін бақыт шығар. Амал қанша, осы ғана көңілге медеу. Біз оны әлі талай іздейтін боламыз.

Құдайберген САРЖАНОВ,

Мемлекет және

қоғам қайраткері,

Қызылорда облысы және 

Арал ауданының

Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<