Елжанды ер

1441

2

Замана желімен құндылықтар ауысқанымен, Адам үшін ең басты мақсат – ісіңнің ізгілікке айналуы, жасаған жұмысыңның көпшіліктің кәдесіне жарауы деп ой түйсек жаңылыспаймыз. Отан игілігіне қызмет жасап, халыққа қажеттілігіңді сезіну – расында зор бақыт! Мұндай қадамға баруға қоғамның әр мүшесінің мүмкіндігі бола тұрса да, бірі ат басын дұрыс бағыттай қалады, ал екінші бірі пейілінен тура жолдан ауытқып жатады. Енді бірінің мақсатын жүзеге асыруға күш-жігері жетпейді дегендей. Қай істі де жаратушы қолдаса, оңға басады деген тәмсілге тізгін тарта отырып, осы тараптағы әңгімемізді одан әрі өрбіткеніміз жөн секілді. Біздің бүгінгі бас кейіпкеріміз – Шиелі ауданы Жақаев ауылындағы «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев.

Сонау жылдары жекешелен­діру науқаны басталған кезде ай­рандай ұйып отырған Жақаев ауылының шаруасы да қожы­рап қоя берді. Аудан, одан әрі­сі облыс көлемінде атағы дү­рілдеп келген шаруашылық, әсі­ресе нау­қан әсерінен бірнеше май­да ша­руашылыққа бөлініп ша­шы­рады да кетті. Қазағымның ай­та беретін «бөлінгенді бөрі жей­ді» мақалы осы сәтке дәл келе қалмаса да, бұрын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған ауыл адамдарының осы тұста не істерін білмей абдырып қалғаны шын еді. Бұл біз сөз етіп отырған бір ауылға ғана емес, Сыр бойының оңтүстігіндегі барлық ауылдарға тән жағдай еді десек, сол қысылтаяң шақты басынан өткерген аға ұрпақ өкілдері жоқ демейтіні түсінікті.   

Несін айтасың, шырайлы Шие­лінің дәл іргесіндегі бұрын «Қы­зылту» атанған  колхоздың айда­рына жел ескендей еді. Жылма-жыл жос­пары мен мін­дет­темелерін асыра орындаған шаруашылық озаттарға берілетін ауыспалы Туды төріне қа­даса, басшылары құрметке бө­лен­ді. Ал осы шаруаның қысы-жазы қа­сында жүретін қарапайым жұ­мыс­шылары қосымша ақыны кү­реп алып мәре-сәре болатын-ды. Өйт­кені, оған салынған са­ра жол бар еді. «Тәңірі әуелі жер­ге береді, жерге бергенді ел­ге береді, елге бергенді ерге бе­реді, ерге бергенді төгілген жер­ге береді» деп халық дана­лы­ғының сөз өріміндегідей дала академигі атанған Ыбырай Жа­қаев бүгінгіге арман, кейінгіге аңыз секілді. Диқан ата ел таң­ға­ларлық еңбек нәтижесіне сү­йекке біткен қажырлылығы, ең­бекқорлығы, жер­мен тілдесіп, сумен сырласа ала­тын білгірлігі арқасында жетті. Әрине, жал­ғыздың үні шықпас еді, оның ортасы, ауылдастары бұл іске аса ықыласты атсалыспаса. Кол­хоз төрағасы Сыздық Боқаев пен ғалым-агроном Әнес Алтын­бе­ков­тың үлкен шаруаның басы-қа­сында жүргендігін айтпасақ, әділеттіліктен аттап өткен болар едік. Күріш өсі­руден дүние­жү­зілік рекорд ты­ным­сыз еңбек пен ынтымақтың арқасында жасал­ған-ды.

Ол кезде барлық шаруа қол күшімен атқарылады. Бозала таң­нан егін басында болатын егіншілер көз байланғанда ғана үйіне қайтатын, егіс басына түнеп қалар кездер де аз емес еді. Өгіз соқа, ат арба, міне, сондағы бар техника. Тұқым тазалау, оны дайындау бәрі де қолдан өтеді. Күріш дәніне күрмек араласса, есіл бейнет екі еселенді дей беріңіз. Арамшөптің «өлермендігі» сол ке­ректі дақылдан бұрын бой көтеріп, қасапшының қызындай тез жетіледі. Күріш буынын тіктеймін дегенше оның әл бермей кететін кесірлігін айтсаңызшы. Міне, сондықтан да егіншілікте немқұрайлы атқара­тын іс жоқ. Жалықпай іздену, жан­қиярлық еңбек нәтижесі Ыбы­рай Жақаев бас­қарған күріш зве­­но­сының 1947 жылы әр гектардан 172 центнерден күріш дәнін алып, дү­ние­жүзілік рекорд жасауына жол ашты. Бұл әлем тарихында бол­ма­ған ірі оқиға еді. Интернационалды Ке­ңес Одағында саны аз қазақ ұлты­ның абыройының оза түсуіне Ыбы­рай атаның осын­дай үлесі бар. Сондықтан да, оны кейін­гі ұрпақ мақ­таныш тұтады, әлі де алын­баған биіктерге сол рухта ұмтылады.

Еңбек ке­мең­гері маңдай терін тамшылатып, үз­бей егін еккен құт­ты мекен «Ыбы­рай түбегі» ата­лып тарихта қалды. Әлі күнге сол жерден оның ұрпақтары дән сеуіп, нәпақасын теріп жүр. Міне, еңбектің ізгілігі, сабақтастығы де­ген осы. Тусыраған жердің қалың қопасын қолмен қопарып, егін еккен алғашқы жылдардан бері арада сексен жыл зырлап өте шығыпты. Енді бұл кәделі жерде олардың өзі болмаса да, көзі деп айтарлық ұрпақтары тіршілік үшін күрестің бел ортасында жүр. Соның бірі – жоғарыда тілге тиек еткен Асқар Айтөреұлы атты батыр!

– Әкеміз бен анамыз колхоз жұ­мысынан қол үзген емес. Сабақтан тыс уақытымызда үлкендерге қол­ғабыс жасап, егістік даласында біз­дер де жиі болатынбыз. Аяқта ре­зина етік, қолда кетпен дегендей, арықты қомдау, суару, шабындық жұ­мыстарының бәріне де бала бол­сақ та, атсалысатынбыз. Ал күзде егін жинау науқанында, әрине, тыным көрмейміз. Осы шаруалардың бәрі­не көзіміз қанығып өскен соң кейін­гі жылдардағы өнімсіз тірлікке көңі­лім толмайтын-ды. Мұны сыртқа шы­ғарып айтпасам да, іштегі бұлқыныс ауыл шаруашылығына жаңаша бір серпілістің керек екендігін сезді­ретін еді, – дейді шаруашылық төр­ағасы Асқар бауырымыз.

Сынып жетекшісі Гүлпара апайы­ның: «Сенен тәуір педагог шығады» деген бағытына бойсынғанымен ауыл шаруашылығына өте қажетті ма­манның бірі – инженер-механик болуға аңсары ауды да тұрды. Әкесі Айтөре жүгері звеносының же­текшісі кезінде бітік шыққан дәнді дақылды жинап алудың машақатын айтып, түнімен дөңбекшіп шығушы еді. Пісіп тұрған собықты дер ке­зінде жинап алмаса, шығыны кө­бейе береді. Қолмен қайырып, пә­ленбай гектар жердегі дәнді толық жинап алу тағы да мүмкін емес. Мал жапырады, суыққа ұрынады дегендей, оған өзінен басқа жау көп. Бұл соңында жаз бойғы есіл еңбектің желге ұшқанымен бір­­­­дей. Кейіннен «Херсон» деген ком­­­байн келіп, рақат болды. Көпса­­лалы техниканы украиндық инже­нер­лер құ­растырып шығарған-ды. Міне, осы көріністердің бәрі жас ба­ла­ның көңілінде хаттала ке­ле, инженер мамандығын игеруге деген талпынысын күшейте түсті. Нә­­ти­жесінде, Қызылорда қала­сын­дағы Қорқыт Ата атындағы мем­ле­кеттік университетінің механика фа­куль­тетіне алып келіп еді. Атал­ған жо­ғарғы оқу орнын 2002 жылы үздік бітірді де Асқар Бердібаев өзінің туған ауылына келіп, шаруашылыққа араласты. Отбасы мүше­ле­рінен құ­рал­ған «Еңбек» шаруа қо­жалы­ғының қа­рамағында небәрі елу гектардай ғана жер бар еді. Оның да көбісі – кү­тімсіздіктен жабайыланып кеткен егін алқабы.

Мамандығына сай осы­ларды реттеймін деп жүріп үш-төрт жылы өте шығыпты. Дегенде, балаң жігіттің тәжірибесі толысып, қай шаруаға да өзінше бағам жасауға, ой түюге қабілеті жеткендей еді. Мұны отағасы Айтөре де сезді ғой деймін, шаруашылыққа қатысты жағдайларда онымен пікірлесіп отыруды әдетке айналдырды. Кейіннен баласының алымды екендігін мойындап, бар билікті Асқардың өзіне берді. Міне, осы тұста майда шаруашылықтарды ірілендіру туралы мамандар пікірі жиірек айтыла бастады.

Әсіресе, об­лыстық «Сыр бойы» газетінің «Ауыл ахуалы» атты ай­дарында осы бағыт­тағы оң өзге­рістерді жиі наси­хаттап, озат шаруа­шылық­тар­дың үлгісін көр­сету шет-шеттегі ша­­руа­лардың да құл­шынысын оят­қаны бар. 

Ауыл әкі­мі Мұ­қабай ша­­руа­­шы­­лық­ты ірілен­­ді­ру мақ­сатындағы жұ­­­­­мыс­ты жас та жігерлі маман Бер­ді­­баев­­тың қолға алуына ұсыныс айт­­ты. Басқа шаруа қожалық мүше­леріне ірілендіру саясаты арқылы кө­лемді несие алуға болатындығын, жаңа тех­никаларға қол жеткізу мүм­кіндігінің молаятындығын ай­тумен болды. Сонымен біздің кейіп­керіміз осы жауапты науқанның бел ортасына күмп ете түсті. Ірі­ленген «Алтын дән» шаруа қо­жалығы осылай құрылды. Нәти­жесінде ауылдағы сегіз бірдей ша­руашылықты қанаты­ның астына алып, жұмысты бастап та кетті.

«Балапанды күзде санайды» де­мекші, егінді бірлесе егу, суға бас­тыру, үстеп қоректендіру жұ­мыс­тары агротехнологияға сай, өнім­ді жүр­гізілгенін айтсаңшы! Әсі­ресе, күзде өнім жинау науқаны ықшам да нәтижелі өтті. Бастысы, еңбек­шілердің табысы артып, әлеуеті кө­те­рілді. Осылайша шаруалардың бір-біріне деген сенімі нығайды. Бұл расында ауылшаруашылық са­ла­сындағы үлкен бетбұрыстың ал­ғашқы қадамы еді десек, артықтық етпейді.

Өз бағыты мен шаруасы қа­лып­тасқан Асқар Бердібаевтың бас­шы­лығындағы «Алтын дән» шаруа қожалығы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар, екі мәрте Еңбек Ері атанған Ы.Жақаев атамыздың 125 жылдық мерекесі тойланған 2016 жылы  «Ең үздік шаруашылық» атағын жеңіп алды. Төраға мен озат диқандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге өз­ге де еңбек озаттары  «Ақмая» ша­руа қожалығының төрағасы Дәулет Жұ­ма­­бе­ков, «Шиелі-МТС» ЖШС төрағасы Ба­қыт­жан Тасболатов және «Төңкеріс и К» шаруа қо­жалығының төрағасы Ба­уыржан Кө­пеев сахна төріне көтерілді. Олардың біріне сыйлыққа теледидар, тоңазытқыш табыс етілді.

– Өткен жылы да озаттар қата­рынан көрінсек, биылғы жыл­дың өзіндік қиындықтарына қара­мастан, жеңісті жолымызды жалғас­тыру ние­тіндеміз. 1300 гектарға Сыр са­лысын ексек, қазіргі жағда­йына қа­рай ме­желі өнім алуға бола­тын­дығын бол­жап отырмыз. Бұл орай­да звено же­текшілері Әзім Мәмбет­әлиев, Асхат Қалакеев, Байділда Нұр­лыбаев сын­ды азаматтар барлық мүмкіндікті пай­даланып, күріш­ті­гіміздің жоғары са­палы өнім беруіне қызмет жасауда. Сондай-ақ, қарамағымыздағы 250 гек­тар ескі жоңышқаның қазір үшінші орымына кірісе бастадық. Одан 70 центнерден орташа өнім алып, ау­дан­ның мал шаруашылығымен шұ­ғылданатын шаруаларына жем-шөп­тің берік қорын жасауға үлес қо­судамыз, – дейді шаруа қожалы­ғы­ның төрағасы. 

Тамыз айының соңына қарай кү­ріш жинау науқанының баста­ла­тыны белгілі. Комбайншылар Құр­­бан Дәткенов, Ерман Шалбаев, Серік Әбілов, Тұрар Мақановтардың тех­­ни­каны дайындау үстіндегі қым-қуыт тіршілігіне де куә болып үл­гердік. Сондай-ақ, сонау ерте көк­темнен ат үстінен түспей жүрген озат механизаторлар Әшірхан Тө­ребеков, Алмас Смаханов, Жалғас Әділовтер  де тиянақты дайындық үстінде. Жұмысшылар Ерехан Жан­төреев пен Орал Байдәулетов сынды жас жігіттер дала жұмысына төселгендігімен қуантты. Мынау әркімнің өз қара басын сауғалаған заманда не жұмыс жоқ, не оқу жоқ берекесіз кезбелікпен күн өткізіп жүр­ген жеткіншектер осылардан өнеге алса, қиналмас еді деп те ойлайсың әлгі жастарға қарап тұрып.

Иә, Шиелі – киелі мекен. Корей халқының өкілі Ким Ман Сам алғаш жол салып жергілікті халыққа егін­шілік тәжірибесімен көз қанық­тыр­са, кетпенін қара жерге құлаш­тай ен­діретін қазақтың қара ша­лы­ның тұңғиық, тынымсыз тірлігі кейін­гілерге үлгі болды.  Еңбек абыройына бөленген Ұлдар Дәуішова, Шырынкүл Қазанбаева, Байдүйсен Оразов, Ертіш Дүйсеков, Зәһира Ержанова, Жадыра Таспанбетова, Еңбек Ері және Батыр Ана Ұлбала Алтайбаевалар – үлкен ұғымнан үлгі алған ел мақтаныштары. Міне, осы сара жолды қырық жастың қырқасына қол салған Асқар Бердібаев сынды азаматымыз жалғастырып ке­леді. Елге жасаған қамқорлығын өзі айта қоймады, алайда, осы өңірде тұратындықтан аймақтың біршама жаңалығынан хабардар болып жү­ретініміз бар. «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы өткен жылы өз қаржысы есебінен ауылдағы ме­шіт жанынан 200 адамға арналған асхана салып берді. Кешегі індет басталғанға дейін ауыл тұрғындары осы жерде бас қосып, ардақтыларына құран бағыштап, жеңілдеп қалған жайы бар. Ауыл әкімі қызметін ат­қарған осы ауылдың тумасы, жа­қын­да бақилық сапарға аттанған Слам­бек Монтаевпен бірлесе бірнеше ауқымды жоспарларды қолға алғаны да ауылдастарының көз алдында. Ауыл жастарына арнап жалпы құны 180 млн теңге тұратын спорт кеше­нінің құрлысы бастау алды. Ауыл алаңындағы аллеяны көркейту-кө­гал­дандыру жұмыстарын да осы ша­рушылық жүргізді.

– Бастысы, ауыл адамдарының жұмыспен қамтылып, өз нәпақасын адал бейнетпен табуын айтсаңызшы! Шаруашылыққа 250 адам мүше бол­са, нақты жұмыспен жетпістей адам қамтылып отыр. Оның сыртында бақша, көкөніс егетін маусымдық жұмыспен шұ­ғылданатын тұрғындар бар. Солардың бәріне жағдай жасап отырған Асқар баламыз. Айтпақшы, мұнда мал шаруашылығы да қалыс қалмай даму үстінде. Әуелгідегі аз­ғантай жылқының басы 200-ден ас­қандығы – соның белгісі. Бұл тір­лікте де 4-5 адам еңбек етеді. Жо­ғарыда айтылған шаруашылыққа мү­­ше тұрғындар арзан бағада кү­рі­шін, жем-шөбін алып тұрады. Ең­­бекке жарамсыздығы бар ауыл адам­дары да шаруашылық бас­шы­сының назарынан тыс қалған емес, оларға да көмек беріп, қамқор қолын созып отыратындығымен мыр­за­лы­ғын аң­ғартады, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ораз­әлі Абдуллаев. Сонымен қатар мәдени шаралар, спорттық жарыстарға да демеушілік жасайтындығын ауыл­дастары жыр етіп айтты.

«Алтын дән» шаруа қожалығының жаңашылдығын осы мақала бары­сында оқырмандар назарына ұсын­ған едік, соның бір дәлеліндей, ауыл шетінен күріш өңдейтін зауыт­тың салынып жатқандығын айтуға болар. Тұрғызылуына 120 млн тең­ге жұмсалған зауыттың жабдық­тары үшін әлі де 60 млн теңге қа­рас­тырылып отыр. Бұл да ертеңгі игі­ліктің баспалдағы іспетті.

«Баласы атқа мінсе, үйдегі ата-анасы тақымын қысады» демекші, еңбек адамдары Айтөре мен Күнімай төртінші балалары Асқардың осын­дай ауқымды шаруа басында жүр­геніне қуанып, тілекші болып отырады. Бұл, әрине, олар үшін үлкен мәртебе! Сондай-ақ, кейіпкеріміздің жан жары Рахила Нұрлыбаева отағасының жәр­демшісі болуымен бірге аудандық байланыс бөлімінің белді қызметкері. Бұл отбасының шаңырағында өсіп-өнген үш ұл да келешек елге қызмет етудің жолында жетіліп келеді.

 Ауылдың азаматы осылай болса керек-ті.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<