«Көркіңнен сұлу күй ұқтым»

1511

0

Сыр өңірі, оның ішінде Қармақшы ауданы – ақын-жыраулардың үлкен шоғыры туған мекен. “Жүз жыраудың отаны” атанған мұнда шайырлар мен сүлейлердің  түлеуі  “Сыр елі – жыр елі” деген ұғымды  қалыптастырса керек.

Бүгін де назым жыр­дың дүлдүл­дерінің ізін жал­ғастырып, дәріптеп жүргендер жетерлік. Солардың бірі – ақын, жырау, сыршыл сазгер Жар­қынбек Тұрымбетов.

Сыр сүлейі Тұрымбет Салқым­бай­ұлының немересі Жарқынбекке жыраулық өнер қайдан дарығанын айтпасақ та түсінікті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл өнерден оның ата-анасы да құралақан емес еді. Әкесі Жау­лыбай жүргізуші болса да домбыра шертіп, жүрген жерін жырға бөлесе, анасы Ақбалдақ  өнерден алыс болмаған.  Осындай ортадан шыққан Жар­қынбек  өнерге жақын болып, ата жолын таңдады.

– Атам Тұрымбет жастайы­нан терме-жырларды айтып, “бала жырау” атанған. Ол кісіге жыраулық аянмен берілсе керек. Бірде мал бағып жүріп адасып, ұйықтап қалады. Сол уақытта  түсіне жан алғыш келіп, “бауырың Жадыра екеуіңнің біреуіңді аламын” дегенде, атам бауырымды емес, мені ал деп жылап оянған екен. Содан бастап, қолына өздігінен домбыра алып, көмейіне жыр құйыла берген көрінеді. Сол өнер бізге де жұғысты болды.

Әкем – жүргізуші, анам – тігінші. Домбыраны 4-клас­тан тарта бастадым. 10 жасымда аудандық әуез мектебінің домбыра класында болып, онда үлкен апам Айым Тұрымбетовадан, одан кейін Аманкүл Шайкеновадан сабақ алдым. 14 жасымнан бастап Шәмшат Төлепованың жыр-терме класына қабылдандым. Талайды таңдай қақтырған жыраудан тәлім алу мен үшін үлкен бақыт еді. Алғаш Бұқар жыраудың термесін орындағаным есімде, – дейді термеші.

Өмірін өнермен байла­ныс­тырған Жарқынбек Жау­лыбайұлының еңбек жолы 1991 жылы “Жұлдыз” бала­бақ­шасында музыка жетекшісі болудан басталды. Мұнан соң 1992-1996 жылдары Қызыл­орда педагогикалық институты, музыка факультетінің “Халық әні” кафедрасына түсіп,  жырау Алмас Алматовтан тәлім алады. 2000 жылдан бері ау­дандық балалар әуез мектебінде мұ­ғалім.

– Жоғары оқу орнын бітір­ген соң ұстазы Алма­тыдағы консер­ва­торияға ба­руға ұсыныс жасады. Бірақ анам рұқсат етпеді. Әкеден ерте айырылғандықтан, бізді анамыз өсіріп, жетілдірді. Сол кісінің бірауыз сөзі елде қалуға тоқтау болды. Маған көбі “шығармашылық адамысыз, елде жүріп көрінбей қалдым деп ойламайсыз ба?” деген сұрақ қойып жатады. Бұрын  солай ойлайтынмын,  ал қазір өкінбеймін. Себебі, елде де жыраулар сабақтастығын жал­ғастыратын бір адамның болғаны дұрыс, – дейді ұстаз.

Жарқынбек Тұрымбетовке “жы­рау­лық өнерге деген жас­тардың қызығушылығы қалай?” деген сауал жолдаған едік.

– Жыраулық дәстүр – халық­тың мұрасы. Оны халықтан ажыратып қарауға болмайды. Қызығушылық жоқ деу – қасаң пікір. Кей кезде таланттарды көрсем, ата-анасынан өзім сұрап аламын, – деді ол.

Бүгінде Сырдың мақамын, жырдың құдіретін дәріптеп жүрген ол шәкірт тәрбиелеп отыр. Сержан Сағымбаев, Руслан Өтегенов, Меруерт Ұзақбаева, Арай Тұрсынбекова, Динара Сәдуа­қасова сынды шәкірттері түрлі байқау­лардың жеңімпазы атанып, биіктерден көрініп келеді.

Сүйiктiм,

Лағындайсың киiктiң.

Көркiңнен сұлу күй ұқтым,

Кетейiн қалайша қиып тым.

Қимаймын, қимаймын,

Дүниеге сенсiз сыймаймын.

Әнiмдi саған сыйлаймын…

Бұл әнді тың­да­маған жан жоқ шығар, сірә?! Ғашық­тардың ән­ұранына айналған әуен талай жүректі тербетті. Сон­дықтан болар, бұл ән Жар­қынбек ағаның өнер әлемінде жарқ етіп шығуына сеп болды.  “Сүйіктім” деп аталған ән 1993 жылы дүниеге келген.  Бүгінде мұны эстрада әншілері шырқап жүр.

– “Сүйіктім” әні бірге оқыған қызға арналған. Бір кездері әнші Индира Расылхан үлкен сахнада басқа автордың атымен шығарды. Жас болған соң ол кезде авторлық құқық дегенге мән бермеппін. Кейіннен 2004-2005 жылдары ізденіп жүріп авторлық құқығымды қорғап алдым.

Сазгердің бұдан бөлек “Бегімсұлу”, “Әкеме”, “Ұс­тазым”, “Мектебім”, “Апатайым” әндері де халық арасында айтылып келеді. Ақын өлеңдері баспасөз беттерінде жарық көріп, «Қасиетті Қар­мақшы», «Тұрымбет жырау» жинақтарына енген.

Бір бойында бірнеше өнер тоғысқан сазгердің енді бір қыры – күйшілігі. Жарқынбек Тұрымбетов күйді орындау­шы ғана емес, шығарушы. “Желтоқсан”, “Тойбас­тар”, “Тұ­рымбеттің жыр күйі” күй­лері қазіргі таңда көпші­ліктің көзайымына айналып үлгерді.

– 4-5 жылдың көлемі бол­ды осы өнерге ден қойдым. Тыңдаған күйшілер қызы­ғу­шылық танытып жүр. Нотаға түсіріп қойған, әлі жарық көрмеген бірнеше күйім де бар. Алдағы уақытта осы бағытты жандандырсам деп ойлаймын. Сондай-ақ, мақам­дарды нотаға түсіруді қолға алудамын, – дейді ол. “Жігітке жеті өнер де аз” деген осы болар.

Жарқынбектің өнері балаларына да дарыған. Үлкен ұлы Ердана ауыл шаруашылығы саласын меңгергенімен, атадан берілген өнерімен көпшілікті тамсандырса, екінші ұлы Нұрдана Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық кол­лед­жінің үрмелі аспаптар маман­дығын таңдауда.

Сазгердің жыраулық дәс­түрді дәріптеу, ұстаздық жолындағы жетістіктері же­тер­лік. Мәселен, аудандық, облыстық педагогикалық оқу­лардың және «Жыл мұға­лімі» бай­қауларының же­ңім­пазы болса,  “Наурыз шапағаты”, «Сыр­­дария – жырдария», «Сыр саз­гері» фестивальдарының лау­­реаты. Обылыстық “Бард-ав­торлық орындаушылар – 2002” бай­қа­уының бас жүл­дегері, рес­пуб­ликалық “Текті сөздің төресі – терме” байқауының “Үздік мақам” белгісінің иегері.

–  Ең бастысы, өмірде өз орнымды таптым. Әнімді қазақ елі шырқауда. Өзім жетпегенге шәкірттерім жетуде. Еңбегім елеусіз қалып жатқан жоқ, – дейді ол.

Қарапайымдылық пен адал­дықты жанына серік етіп, өнердің туын көкке көтерген Жарқынбектің бұл сөзі көпке үлгі.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<