Қасиетті шапан және Асқардың шымшымасы

1307

0

Ардагер журналист, белгілі ақын Мұқтар Сақтапов ағамыз – ақжарқын, әңгімешіл адам.

Бірде Тереңөзекке барғанымда ағаға сәлем берудің сәті түсті. Сонда ол кісі маған мына бір өткен оқиғаларды айтып берді. Сол әңгімені айнытпай қағазға түсірдім.

Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді гидротехник, Сыр мұрабы атанған Серікбай Бедебековтің есімін ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары жер-су жайын алақанының қыртысындай білетін бұл азамат ауыл жастарын ұйымдастырып, шөл даланы суландырды, каналдар қаздырды. Инженер-гидротехниктің жобасымен жасалған каналдар бойымен су толассыз ақты, егіншілік мәдениеті көтерілді. Сырдария, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында су маманы болып қызмет атқарған жылдары Серікбай Бедебековтің бастамасымен Қызылордадан Қаракеткенге дейінгі жүз шақырымдық дамба соғылды.

Осынау аты аңызға айналған адам 1971 жылы 85 жасында дүние салды.

 Ал 2004 жылы Серікбай Бедебековтің атына Қызылорда қаласынан көше берілді.

Көшенің ашылу салтанатына мен де қатыстым. Сыр мұрабының рухына арнап өлең оқыдым. Сонда ұрпақтары менің иығыма зерлі шапан жапты. Шапан шапаннан бөлек, көз тартады, келісті. Осы шапан маған құт болды. Шынымды айтсам, өлең жазуға келгенде шабыттанып кетемін, ісім оңға басты, не ойласам бола кетеді. Алланың құдіреті, сол шапанның сондай қасиетті екенін мойындадым. Ойланып-ойланып онда Серікбай көкенің рухы бар деп есептедім. Тіпті осы шапан маған ақшалай да пайда тауып берді десем, сенесіз бе?

Сол 2004 жылдың күзінде біздің ауданға Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев келді. Соның алдында ғана маған аудан әкімдігі қолқа салды. «Сізде жақсы шапан бар екен. Бақтияр қазақ елінің мақтанышы ғой. Олимпиада чемпионы, Баркер кубогінің иегері, атақты боксшы. Сыр елінің қонақжайлылығын көрсетуіміз керек. Сол азаматтың иығына жабатын жақсы шапан табылмай тұр», – деді. Мен келіскен жоқпын, бағасын өсіріп берейік дегеніне де көнбедім. Алайда, аудан әкімі өтініш айтқан соң ел ағасы ғой деп сөзін жерге тастамадым. Қимасам да сол шапанды бердім. Олар өздері баға қойып, сатып алды.

Содан Бақтияр келіп, аудандық әкімдікте халықпен кездесу өтті. Маған әкімшілік тарапы елдің ықыласын білдіретін бір өлең оқысаңыз екен деген еді. Мен өлең оқыдым. Сол кезде Бақтияр баламыз иығына жабылған шапанды «менің сізге кигізгенім болсын» деп маған жапты. Сөйтіп, өзімнің шапаным өзімді қайта тапты.

Мұнан кейін де сол шапанды сұрап келушілер болды, бірақ, бермедім. Сандыққа салып тастадым. Ол шапанда құт бар, өйткені, ол менің иығыма Серікбай көкемнің атымен жабылды. Сондықтан онда қасиет бар, тегін емес.     

Серікбай Бедебековтің үлкен ұлы Ерғали екеуіміз 1963 жылы аудандық «Еңбек майданы» деп аталатын қазіргі «Тіршілік тынысы» газетінде қызметтес болдық. Ірі денелі, болымды, толымды, сесті кісі еді. Нағыз Серікбай ағаның тұлғасын осы кісіден көресің.

Редакцияда менің әйелім әріп теруші болып жұмыс істеді. Ерекең жедел мақалаларды ауызша айтып тергізетін. Оны «диктовка» дейді, кез келген тілші диктовка жасай алмайды, өйткені, диктовкадан дайын мақала шығуы тиіс. Мақала көркем түрде дайын шығу үшін оған ойлану керек, бір жазғаныңды өшіріп екі-үш қайтара жазасың. Ал мақала Ерекеңнің аузынан дайын күйінде түсе береді. 

Ерекең – жалпы бөлімнің меңгерушісі, Сақтаған Есмаханов – жауапты хатшы. Сұлтан Қожаниязов, Шәден Бектасов, Әскербек Рахымбеков, Төлепберген Тобағабылов – бәріміз бірге қызмет еттік газетте. Төлепберген ақын еді, Әскербек – болса да жорға ақын ғой. Ягодин деген фототілші болды.

Ауданның бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов деген кісі болатын. Редакция қызметкерлерін де шаруашылық жұмысына жегетін. Газет шығаруға екі адам жарайды деп, күзде шөпке апарады, қыста тоң оятынбыз.

Бір күні сондай бір жұмысқа кетейін деп аудандық парткомның алдында топырлап тұр едік, Асекең, атақты Асқар Тоқмағамбетов келіп қалды. Біздің хал-жағдайымызды сұрап білді. Сол кезде Бердіқұлов сыртқа шығып, Асекеңді көрді де сасып қалды. Сонда Асекең өлеңдетіп былай деді:

«Журналист жаратылған том жазуға,

Сен оны жұмсап жатсың тоң қазуға.

Нұрқасым, кеуде тосып неғыласың,

Әріп құйып жатырған қорғасынға…»

Бұл енді Асекеңнің бірінші хатшыға жаман жағыңнан қалам ұшына ілініп кетпе дегені секілді. Ол кісі кімге болса да қасқая қарап айтатын. Сол өлең бір-екі шумақ еді, қалғанын ұмыттым. Асекең өткір сөздерді аяқасты айтудың хас шебері ғой.

Сол оқиғадан соң ол кісі де, басқа басшылар да журналистерді ешқашан шаруашылық жұмысына жеккен емес.

***

Ағаның мұнан басқа да айтқан қызық әңгімелері бар. Біз енді оны қасиетті шапан секілді қоржынымызға салып қоя тұрамыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<