Сауатты басшы, сенімді әріптес

1172

0

Адамда жақсы қасиет болмаса,

оған бақ та, бақыт та қонбайды.

(Жүсіп Баласағұни)

Ғұмырының басым бөлігін өңірі­міздің қаржы-салық саласына арнаған Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев алпыс­тың асуынан асқан шағында арамыздан кетті. Аймаққа белгілі ардақты азаматтың бұл пәниден озғанына да 40 күннің жүзі болыпты.

Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев салық жүйесіндегі қызметін 1991 жылдың желтоқсанында мемлекеттік салық инспекциясында аға инспектор болып бастаған. Еңбекқорлығы мен қабілетінің және жұмысына өте мұқият болуының арқасында қызметте сатылап көтеріліп, үлкен ұжым – облыстық Мемлекеттік кірістер департаментін, өмірінің соңғы жылы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментін басқарды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, өз ісінің адал маманы Серік ағамыздың еңбегі әділ бағаланып, «Салық қызметінің үздігі», «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты» медалі­мен және мерекелік медальдармен мара­патталған еді. Сыр өңірінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атағы берілген.

Сәкең өте сауатты, салық саласының қыр-сырын толық меңгерген, ұйымдас­тырушылық қабілеті жоғары, өз сала­сының ардагерлерін бағалай білген жаны жайсаң жан еді. Ел қазынасын толықтыру ісімен қатар, домбыра құлағында ойнап, күй тарту өнерін қатар алып жүрді. Тарихты, халық әдебиетін жаны сүйе оқитын, зерттеп-зерделеуден талмайтын. Ел тарихын айтқанда тарихшыдан, поэзия жанрын талқылағанда әдебиетшілерден кем түспейтін.

Айналасындағы үлкенді де, кішіні де сүйкімді қарым-қатынасымен бау­рап алып, жарасымды әңгімесімен жанына жақын тартатын, керек болса көмек қолын созатын Сәкең, Серік Жолдасбекұлы Сыр еліне кеңінен та­ны­мал еді. Жасым көп кіші болса да, ол кісіні осы кішіпейілділігі арқа­сында аға ретінде өте жақын тартатынмын. Сыр еліне келіп, әркімге айтыла бермейтін сырымды сеніммен осы кісіге оқтын-оқтын ақтаратынмын, ақыл­даса­тынмын. Әзіл-қалжыңымыз да жараса кететін. Ойын-тойда да, ара-тұра дастарханда да әңгімеміз жарасымды болатын.

Қалтқысыз қызметімен, өз ісіне берілген адалдығымен жұртшылықтың да, басшылардың да ыстық ықыласына бөленіп үлгерген Серік ағаның абырой-беделі арта түскен. «Алтын алма, алғыс ал!» деген халық мақалын есте ұстаған Сәкең ел алғысына бөленіп, өзі де соған марқайып жүретін.

Қай саланы алсаңыз да, «басшы былай болуы керек» деген қатып қалған қағида жоқ. Әр басшы өз қабілет-қарымына қарай ізденеді. Күнделікті жаңалықтардан хабардар болмаған қаржыгер-салықшы ақпайтын көлшіктің суындай тоқырап қалады. Біліп, білімін толықтыру, оны күнделікті жұмысында дұрыс қолдану арқылы ғана оң нәтижеге жетуге болатынын жадында ұстаған адам ғана көптің ықыласына бөленеді, – дейтін Сәкең. Оның жұмыс үстелінде ұлы адамдардың ғибратты сөздері мен оптимистік мақал-мәтелдер жататын, ал жұмыста тыңдап отыратыны қазақи ән-күйлер болатын. Мына шумақтарды жиі айтатын…

Көк тудың желбірегені –

елдіктің асқақ өлеңі,

әр жаққа тартпай, Қазағым,

бір сөзге жинал дегені.

Сәкең – «басшының өз рөлін ақаусыз сомдаған актёрдай шеберлігін шыңдай беруі керектігін, маңындағы адамдармен тіл табудың кілтін дұрыс таңдай білуі керектігін»  бір әңгіме барысында айтқаны есімде қалды.

Иә, қайран Серік Жолдасбекұлы өмір­ге құштар, өзгелердің де өмірін жақ­сы жағына өзгертуге бейім тұратын жайсаң жан еді. Адам қайткенде де бірінші кезекте адам болып қалуына, содан кейін ғана мамандығын адал атқаруына ерекше мән беретін. Басшы ретінде кадрлардың кәсіби біліктілігін көтерумен қатар, адами қасиеттерін жоғары ұстауға жігерлендіретін. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға үнемі баса назар аударатын. Қабілеті мен бейімділігіне қарай кадрларды орналастыруды дәстүрге айналдырған. Сол арқылы әркімнің өз саласындағы жауапкершілігін арттырып, тұрғындарға мейлінше жақсы, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге жол ашты.

Үлкенге – іні, кішіге аға болып, ізет-құрметін көрсетуден жалықпаған Серік ағамыз төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрді. Қоғамның тірегі бола білген Серік Жолдасбекұлының енді арамызда жоқ екеніне сену де қиынның-қиыны. Тұтқиылдан келген дерт әріп­тесімізді байқаусызда алып кетті. «Кешегі күннен жүйрік жоқ» деген осы да. Ағамыздың «жағасы жоқ, жеңі жоқ» көйлек кигеніне, «есігі жоқ, төрі жоқ» мәңгілік үйіне енгеніне қырық күннің жүзі толып келеді.

Адам – бұл дүниенің қонағы. Мұн­дайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын екен. Тек артында қалған анасы Қалима анамызға, Гүлнар жеңгемізге, балаларына «шүкірлік етейік, сабыр сақтайық, болған іске болаттай болыңыздар», – дегіміз келеді.

Ағамыздың  жатқан  жері жәннат, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай!

Ғалымжан Орынов,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<