Сынақтан сабақ алдық па?

745

0

«Әр заманның талабы басқа» деп айтушы еді әкелеріміз. Сөйтсек, мұнда мол мән бар екен. Осыны кейінгі уақытта айқын сезе бастадық. Адам жақсыға, жеңілге тез үйренеді, солай бола берсе  дейді. Бірақ, өмір дегенін орнатады, пендені өз еркіне көндіреді. Міне, дүниеде, елімізде қиындықтың орнағанына жары жылға жуықтады. Баршамыз үйдеміз, далаға шығу мүлдем азайды, жұртпен жүздесу жөніне қалды. 

Осы індет жөнінде сөз көп. Біреулер адамнан келген дейді. Екіншісі жабайы аңнан жұққан дейді. Бәрі мүмкін. Бірақ, адамға түсер сынақ әр кезде Ұлы Жаратушыдан деген де сөз бар ғой. Осылай болмасына кім кепілдік берер?.. Індет жайыла бастағасын көңіліміз бір уыс болды. Баршамыздың. Сөйтсек, Ұлы Құдірет алдында тең, бірдей екенбіз, соған бағынады екенбіз. Осы жерде есіме ертеде пенде кемшіліктері жөнінде айтылып, жазылып жүрген жайттар түседі. Адамның астамшылығы мен тәкаппарлығы, пенденің өзіме ғана болсын деген майдалығы мен тықырлығы. Шыны керек, соған кезінде баршамыз айтарлықтай мән де берген жоқпыз, өйткені осы теріс құбылыстың жуық арада жойылатынына онша сенгеніміз де жоқ. Естідік, теледидардан көрдік, оқыдық та, қоя салдық. Алланың қысымы келіп еді, бір сәтте жым болдық. Әркімнің есіне дүниеден ұтары бабалар айтып кеткен үш кез жер ғана екені кіре бастады.

Енді қалай өмір сүруіміз керек сонда?.. Ерте ме, кеш пе індеттің беті қайтар. Бірақ, бұрынғы емен-жарқын, ашық-тесік, шашылып жүру ұзаған шығар. Бұрынғы кез болғанда құшақтасып, тіпті ауыз жаласып жатушы едік. Оны қоятын шығармыз. Одан ұтыларымыз да шамалы. «Біз біргеміз!» деген ұран шықты қазір алдымызға.  Осы ұранның орнауы бекер емес. Бәлкім, адамның бірге болмауынан, олардың бір-біріне қы­састық жасауынан, олардың бір-біріне мейірім көрсетпеуінен шыққан да болар осы індет?!..

Бұл сыннан құтылудың жолы – шын мәнісінде бірігуде болар. Алдымен осы үшін пейіл мен көңілімізді жаңартып алуымыз қажет шығар, бабалардың «адам күні адаммен» дегенін еске алып. «Әркімге Алла оның пейіліне қарай береді несібесін» дегенді ойымызға түсірейік. Әр азамат пейілін, өзгеге деген ықыласын тазалауы жөн болар. Біз өзгені алдап-арбап оның несібесін жырып, өзіміздің нәпақамызды өсіреміз деуіміз бекер. Осыны өмір көрсетіп те келеді. Түбінде алдағанның емес, алданғанның несібесі мен берекесі артатынын әбден ескеруіміз қажет.  

Ендеше ойланайық, толғанайық, ағайын!.. Ұлы Құдіретке қай ісіміз, мінезіміз жақпай қалды деп? Сал­ғаннан Абай рухына жүгінейік! «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп өсиеттепті ұлы хакім. Осыны Абай қазақтың бірін-бірі сүймегенін, сыйламағанын байқап айтты-ау, шамасы! Бәрі ойдағыдай болып жатса, бұл сөз айтылар ма еді? Шамасы, біз бір-бірімізді әлі Абайша қадірлеп, сүйе алмай жатырмыз-ау! Кейде пендешілікке ұрынып, біреуді сыртынан жамандаймыз, сөгеміз. Сүйген кісі бүйтпесе керек еді. Жаны ашыған азамат өзгені алыстан балағаттамаса жарар еді. Мүмкін, көңіліміз ақ, адал да шығар! Бар кінә теріс мінезде, бұрыннан келе жатқан қызғаншақтығымызда болар. Осы пәс мінез кесірінен сол заманда ұлы Абайды өз бауырлары орасан ренжітті-ау! Қандай өкінішті! Бұл он тоғызыншы ғасырдың соңы болатын. Одан кейін тағы біршама уақыт жылжыды. Сабамызға түсер уақыт жеткілікті еді. Бір-бірімізге деген сый­ластығымыз өсті ме? Жоқ, өкінішке қарай, сол бойы қалыпты. Әйтпесе, ұлт ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны. Маған қиын осылардың бәрінен, өз ауылымның иттері үріп-қапқаны»,  деп жазар ма еді?! Одан кейін тағы едәуір кезең артта қалыпты. Жиырмасыншы ғасыр екінші жартысының кеудесі. Жаңағы пәс мінез бен әдеттен әлі арылар түріміз жоқ. Бұған дәлел абыз Әбіштің: «Күншілдіктің шабалаңдаған күшігінің әупілі алыс­тан шықса – құлағыңды, жақыннан шықса – балағыңды тістейді, бірақ бәрібір жүрегіңді жаралайды» деуі. Бүгінгі күні де сол шатақ мінезден ұзағанымыз шамалы.

Біздің ежелден келе жатқан көлең­келі тұсымыз бар. Ол – жақсыны көреал­маушылығымыз. Шамасы, бұл сырқат қызғаныштан күш алып, өр­бісе керек. Өзгенің артықшылығын көр­генде жүрер екі жол бар. Біріншісі – «осындай жетістікке жетуім үшін не істеуім керек, қандай әрекет жаса­уым керек?» деген ізгі ниет. Екіншісі – «Оның менен артық жері қайсы? Мен қолыма түсіре алмаған табысқа бұл неге жетуі тиіс?» деп, өзгенің сыртынан кіжіну. Осы екі жолдың дұрысы, әрине, біріншісі. Алайда, өкінішке қарай, кейбіреулер екінші жолға түсіп алжасады. Шындығында, мұнда қыз­ғанушы, көреалмаушы, жәбірлеуші мол зиянға ұшырайды. Өйткені, оның санасы бара-бара тарылады, дамымайды, себебі ол бар уақытын тек өзгенің кемшілігін іздеуге арнайды, қасындағының жақ­сы жақтарын көрмейді, байқағысы да келмейді. Жәбірленуші де зиян шегеді, оның ынтасы мен санасы іркіледі, жүрегі сыздайды, өз-өзіне деген сенімі жұқарады. Түптің түбінде мұның бәрі – қоғам үшін қауіп. Өйт­кені, осының салдарынан елде қан­шама оң істер мен шаралар орындалмай жатады.

Сондықтан, біз қызғаныштың шәуіл­деген күшігін көреалмаушылық төбетіне айналмай тұрғанда бастан ұрып, оның үнін өшіруіміз керек. Бұл, екіжақты пайдалы, жәбірлеуші мен жәбірленушіге де. Өйткені, жағымсыз әдетке үйреніп қалған адам өзін өзі жеңіп, болымсыз, жаман қасиеттен санасын қашық ұстап, сақтануы, тазаруы оған сөз жоқ, мол қанағаттанарлық сезім сыйлайды, оны оң рухани өзгеріске жетелейді. Осы күрделі уақытта әріптесімізге, танысымызға, жақынымызға, туы­сы­мызға айтқан жылы, жағымды, қолдау сөзіміздің олардың да, өзі­міздің де иммунитетімізді өсіретінін ұмытпайық!

Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» депті. Сөйтіп, жұрт санасын сілкіндіріпті. Сол айтқандай, қазір де біз шешуші, өтпелі, маңызды кезеңді бастан кешудеміз. Осыдан мол сабақ алып, көлеңкелі мінезіміз бен ісімізді ысырып, артқа тастап, аяқ-қолымызды жиып, өзгеше тірлікке көшетін уақыт келген сияқты. Бабалар қандай қиыншылық кездессе де ұрпағына сабыр сақтауды ескерткен. Шамасы, осы маңызды қасиет қазір аса құнды, өте қажет. Қазіргі күрделі кезеңде сабырлы болу карантиннің ережелерін сақтауға көп жәрдем берері анық. Осыны біз балаларымызға, ұрпағымызға айтудан жалықпауымыз керек. Біздің «Бұл індет менен өзі аулақ кетер» деп, ережені сақтамауымыз, осыны отбасына катаң ескертпеуіміз үлкен қате. Өйткені, «Көп түкірсе – көл» деген қазақтың сөзі бекер айтылмаған. Біз көп болып, осы індетке қарсы тұрсақ, оның жолын бөгесек, оның одан әрі таралуына мықты кедергі қойсақ, ол амал жоқ әлсірейді, нашарлайды, соңында өшеді.

Мынаған қараңыз! Жапония елінің жетістігі бүкіл әлемге әйгілі, оны барша жұрт мойындаған. Ендеше, бү­гінде індеттен ең аз зардап шеккен де осы ел. Өйткені, қазір дүниенің барлық елінде қолданылып жатқан пандемияға қарсы шаралар негізінен жапондықтардың мыңжылдық өмір салты екен. Тағы таңданарлығы осы ел азаматтары өзгелерге деген аса кең пейілімен, мәдениеттілігімен ерекшеленеді екен. Олар өмірде кез болған сәтсіздіктер себебін өзгеден емес, тек өз басынан көреді екен.

Бұл қауіпті вирус адам арқылы көбейеді. Біреу оны жұқтырған, екіншісі әлі жұқтыра қоймаған. Әрі қарай адамның екі жолы бар. Бірінші жол – немқұрайлылығы басым пәстік. Мұнда адам, шындығына келсек, әрекеттенбейді, бір жөні болар деп көппен бірге жүре береді. Екінші жол – нағыз әрекеттің өзі. Індетті жұқтырған азамат мемлекеттің көмегімен, өзінің ынтасымен емделуге бас ұрып, күш-жігерін қосады, ережені сақтап қорғанады, емделіп шығады, бойындағы бәлені ешкімге жұқтырмай, жояды. Індеттен таза адам да бар күшін салып, вирусты жұқтырмауға ұмтылады, оның осы ісі жоғары нәтижелі болады. Сөйтіп, вирустың өрісі тарылып, барар жері қалмағасын, ол сөнеді. Жақында әлеуметтік желіден Ресейдің діндәрі Владимир Духовичтің сөзін оқып едім. Онда ол: «Егер адамдар өзінің Ұлы Жаратушы алдындағы күнәсін шын мойындап, шын пейілімен жөнделсе, коронавирус пандемиясы қорқынышты түс сияқты бітеді, ты­йылады» деп еді. Сол заматта осыған илана қоймасақ та, дәл қазір соны мойындағымыз келіп тұрғаны да рас.

Жастарға дәріс беремін. Қазіргі сабақ қашықтан. Өткенде университет басшысымен видеоконференция өтті. «Ойларыңызды айтыңыздар», – дейді ректор. Айттым. «Бұрындары оқу ғимараты дәлізінде сөйлесіп тұрған студенттер қасынан өте бере жастық көңілмен олардың шу ете қалғанын ұнатпай ескерту жасайтыным есіме түсті. Сөйтсем, соным қате, бекер екен, қазір сол жастардың алаңсыз дабырын аңсадық» дедім мен. Соны қазір терең түсіндік. «Қолда бардың қадірі жоқ» деген осы болар. Ендеше, оқытушының сәні қасындағы студенттері екен. Ал, студенттің айнымас серігі оған кейде сынап, бірақ, көбінесе өз білігі мен өнегесін төгіп тұратын ұстазы екен. Онлайн дәрістің жақсы жақтарымен қатар, көлеңкелі тұстары баршылық. Осы кезге дейін біздің көргеніміз – ұстаздың тікелей дәрісі. Сол дәрістерден кезінде талай атақты азаматтар тәрбие тұтқан, сол сабақтар талай дарындарға жол ашқан. Айта берсек, жақсы ұстаздың өткізген әрбір дәрісі ол – өз алдына шәкірт үшін  ойда қаларлық құбылыс. Соншама уақыт өтсе де Жамбыл қаласында лекцияларын тыңдаған мықты оқытушыларымды ұмытқан жоқпын. Сөздің шыны керек, сол дәрістерде біз, студенттер, құдды  театр залында немесе гипноз жасаушының алдында отырғандай сезінуші едік өзімізді.

«Ұстаз – болашақтың тәрбиешісі» дегенді баршамыз білеміз. Бірақ, осыған терең көңіл бөліп, үңіле білдік пе?! Жас маман ата-анадан, мектеп оқытушыларынан, жоғары оқу орнындағы ұстаздардан көргенін айна-қатесіз өмірде қайталайтынын біз білеміз бе?! Күмән баршылық. Қатты ойланарлық жағдай! Ендеше, пандемия аяқталғанша толғанайық!

Сөз жоқ, бұл індет уақыт өте шегінеді, адамдардың біріккен қимы­лына шыдамай, төтеп бере алмай жойылады. Содан соң ұстаз бен шәкірт қайтадан қуана қауышады. Қауышқаны сол, оның екеуі де өзгерген күйде, бірін-бірі сағынған халде, өздерінің бұрын жіберген қателіктерін толық мойындаған, жаңаша өмірге, тірлікке ұмтылған жағдайда қосылады. Осы уақытқа дейін ұстаз бен шәкірт арасындағы түйткілді мәселелер бар екенін білеміз. Енді соларды  біржола шешіп тастауға мүмкіншілік туыпты. Ендеше, болашағымызға жанашырлық көрсетейік! Өз балаларымыз бен бауырларымыздың келешегін мықты ойлайтынымыз анық. Шамасы, осы індет жойылып, дүние өз қалпына келгенде өз шәкіртін қайтадан, жаңа­дан көрген, кезіккен, онымен шүйіркелескен әрбір ұстаз, сөз жоқ, көңілінің, пейілінің күрт өзгеріп, кез келген шәкіртін туған баласындай,  бауырындай көре бастайды. Өз баламыз бен бауырымыздан, бізден биік білім мен өнегелі тәрбие дәметкен жанымыздағы шәкіртіміздің айырмасы қанша?! Студентіміз көп кіші болса оны өз баламыздай санайық. Жасы шамалы-ақ кіші болса, өз ба­уырымыздай көрейік! Өз баласынан, ­бауырынан аянатын қазақ бар ма?! Әрине, жоқ! Сонда барлығы орнына келеді.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<