Телеарна. Тележурналист. Түпнұсқа

1745

1

Кішкентай кезінде дәптерді бүктей салып, микрофон қылып сөйлейтін. Терезенің әйнегін теледидар етіп, талай рет «жаңалықтар жүргізді». Сонысына өзі дән риза. Журналистерді түгел танымаса да, диктордың атынан шатасқан емес. Кейіннен бала арман айна-қатесіз орындалды. Орындалғанда да Алтынай телевизияның нағыз бетке ұстар, жүйрік журналисіне айналды.

Телеарнада 24 жылға жуық қызмет атқарған, 10 жылдан бері тікелей эфирде хабар жүргізетін Алтынай Молжановаға  «әбден машықтандың, еш қиналмайтын боларсың» дегендей пікір аз айтылмайды. Бірақ, телевизияда еңбек ету, оның ішінде миллиондардың көз алдында тікелей эфир жүргізу біз ойлағандай оңай емес. Өзі де «Халық – үлкен сыншы. Бүгінгі аудиторияның талғамы өте жоғары. Әрбір айтқан сөзіңді, іс-қимылыңды қалт жібермейді.   Сондықтан үлкен дайындықпен келуің шарт» деп жауап береді. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ.  Пенде болған соң кейде мазаң болмайды. Бірақ мұны сырттан бақылап отырған көрерменге қалай түсіндерерсің?! Сондықтан ол жауапкершілік артылды ма, қандай жағдайға қарамастан  абыроймен алып шығу қажет екенін әуел бастан түсінді.  

Әкесі көзі ашық, керемет сұңғыла кісі еді. Алтынайдың әр хабарын қалт жібермей қарады. Эфирдегі әрбір сөйлеген сөз, киімі, студиядағы қонақпен арадағы мәдениет – барлығын бақылап,  жақсы тұсын да, кемшілігін де айтып отырды.  Ал анасының аузынан тастамайтын бір тілегі  бар. «Алла  абырой берсін»  деген… Алтынайдың ел алдындағы абыройының еселенуі сол әке ықыласы, ана тілегінен екенін сезетіндейміз.

Облыстық телеарнаның табалдырығын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып жүрген 1996 жылы алғаш рет аттады.    Өндірістік тәжірибеден өтуге бір топ студент болып келген. Олар сол кезде облыста даярланып жатқан алғашқы журналистер. Қарап тұрса, бәрі қызық. Микрофон,  камера, бұған дейін тек  экранда көрген адамдарды қарап аң-таң. Бірақ сол жолы қасиетті қара шаңыраққа жасаған алғашқы қадамы құтты болды. Телеарнадағы ең алғашқы еңбек жолы осы студенттік шақтан бастау алды.  Телеарнаның сол кездегі басшылары Серік Пірназаров пен Жағыппар Қарабала біраз сынақтан өткізді де, студент болғанына қарамастан облыстық радиоға тілшілік қызметке алды. Ал келер жылы қызыл дипломды  Алтынай арнаның толыққанды қызметкері атанып шыға келді.

Телеарна оның қызметтік ғұмырнамасын ғана қалыптастырған жоқ, өмірін де өзгертіп жіберді. Радиоға жұмысқа қабылданған уақытта Жалғас Әлібеков деген жігіт Алтынайдың қолдаушысы да қамқоршысы болып алды. Үш жылдық тәжірбесі бар дыбыс операторы        Жалғас жас тілшінің мәтінді дұрыс оқуына, жұмысқа үйренісіп кетуіне көмектесті. Жан-жағындағы жанашыр апайлары жігіттің адамгершілігі мол екенін Алтынайдың құлағына әбден сіңірді. Арадағы достық одан әрі өрбіп, бақыттары баянды жұпқа айналды.

Жиырма жеті жылдық еңбек өтілі бар Жалғас Әлібеков – бүгінде телеарнадғы жетекші  дизайнер.  

– Негізінде, қыз  бала  үшін  тележурналист   болу    оңай емес.             Беймезгіл уақытта оператормен бірге бірнеше күндік іс-сапарға шығуға дайын болуың керек. Оператор  асынған бейнекамера, штатив сынды құрал-сайманның салмағы 20 келіден асып түседі. Өнімді тірлік жасау үшін оператордың бір жағында оның дорбасын бірге арқалап жүруге тура   келеді. Бірақ өз ісін сүйген адам мұның бәріне көнеді. Тұрмыс құрған соң бұл жағдай әбден өзгеруі мүмкін. Отбасыңдағылардың қолдауына мұқтаж болатының белгілі. Көптеген әріптес құрбыларымыздың уақыт өте келе мамандығынан алыстай беретіні  де отбасы құруымен байланысты болатыны жасырын емес. Осы ретте айтпағым, мен жолы болған журналистпін, – деді Алтынай апай ағынан жарылып.   

Бастапқыда ол облыстық радиода, кейіннен телеарнаның жаңалықтар қазанында қайнады. Көп ұзамай телехабарлар редакциясында жұмыс жасау бақыты бұйырды.  Әр жылдары  «Руханият», «Мәдени мұра», «Сұр Ақ», «Денсаулық», Көзқарас», «Қазақстан-2020», «Мәслихат», «Біздің ауыл»  хабарларын тұрақты түрде эфирге шығарды. Ал, 2005 жылдан бастап тікелей эфирде өтетін «Өзекжарды» бағдарламасын тізгіндеп келеді.  Телеарнада жұмыс жасаған 20 жылдан астам уақыт ішінде біраз жетістіктерге жетті. Жыл қорытындысымен «Үздік тележүргізуші», «Жыл журналисі» номинацияларымен,   ҚР  Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы,   әр жылдарда Қазақстан   РТРК АҚ   басшысының, облыс әкімінің,  түрлі сала басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды. Облыс әкімінің  стипендиаты атанды.

Алтынай бала күнінде дәптерден микрофон жасап алса, балалары шын микрофонды ұстап өсті. Қызы Шапағатайым мен ұлы Нұрасыл бала  кезінен телеарна әзірлеген фильмдердің кішкентай кейіпкерлері ретінде талай түсірілімге қатысты. Қызығы сол, олар бастапқы жылдары телеарнаның тап    жанындағы көпқабатты пәтерлердің бірінде тұрды. Үй жағдайындағы кейбір кадрлар да Жалғас пен Алтынайдың шаңырағында түсірілетін.  Пәтердің әр бұрышы түрлі қызмет атқарды. Балалардың естіген-көргендері камера мен телеарна. Олардың камераға қалай жұмыс жасау керегін әбден меңгеріп алғаны сонша, кейіннен ұлы біршама уақыт  «Марламқаш»  балалар бағдарламасын жүргізіп,   телеарнаның бір мүшесі болды. 

Кейіннен екеуі де Назарбаев  зияткерлік мектебінде білім алды.     Шапағатайым Алматы энергетика және байланыс университетіне  грантпен оқуға түсіп,  инженер мамандығы бойынша биыл оқу бітірді. Жақында Мәскеу экономика  институтының   дипломы  да қолына тигелі тұр. Ал, Нұрасыл Қазақ Британ Техникалық универститетінде гранттық негізде білім алуда. IT мамандығының биыл 4-ші курс студенті.

Телеарна Алтынайды азамат ретінде қалыптастырды, тұлға ретінде көпшілікке танытты. Әдетте, той-томалақтарда әлдекімдер  «о-о-о,  Алтынай Молжанова, сізді «тірілей» көрдік, суретке түсейік»  деп жатады. Сонда ол «түпнұсқа,  оригинал  Алтынай деңіз» деп әзілдеп жауап қатады. Бірақ бір білеріміз тұпнұсқа Алтынай мен теларнадағы Алтынай бір-бірінен алшақ емес. Отбасында да, қызметте де ақжарқын қалпынан айнымайды, еңбектенуден жалықпайды, абыройды бірінші қояды. Бұған өзі де, бақытты отбасы да дәлел…

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<