Жүрек жұтқан жігіт

350

0

Оқыс оқиға туралы кездейсоқ естідім. Бір жарым жастағы сәби кәріз құдығына түсіп кеткен. Оны облыстық мамандандырылған күзет басқармасының полиция сержанты Дәуренбек Жанайбеков құтқарып қалған. Ел аузында бұл туралы әңгіме желдей есті. Кәсіби міндет аясында солай қарай асықтым. 

Кезекті түнгі ауысымнан келген жігіттің мейірімді жүзінен «мен өйттім, мен бүйттім» деген мақтаныш нышаны байқалмайды. Тек ол «менің орнымда болған кез келген адам осылай жасар еді» дейді салмақты түрде. Шіркін, азамат айтқандай, барлығы солай істесе, айналасына шуағын шашып жүрсе, бұл дүниенің үстіне бозторғай жұмыртқа салар еді-ау. Неге десеңіз, күнделікті әлеуметтік желілер мен көгілдір экраннан һәм баспасөз беттерінен мейірімсіз әрекеттер жайында жиі естіп, қамкөңіл күй кешетініміз жасырын емес. Бұл жөнінде жалпы барша жұрт жақсы біледі. Қоғам қатыгезденіп кеткен. Сүрінсең, мас деп айналып өтеді, таяққа жығылсаң, араша түспейді. Себебі «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» түсінік санада сіңіп қалған. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ шындықтан да қаша алмаймыз.

Бірін айтып, біріне кеттік пе? Онда негізгі тақырыпқа оралсақ. Түс әлеті. Күн төбені теседі. Қырық градус ыстық тек үйде жатқанға ғана қолайлы. Кішкене көз шырымын алайын деп жастыққа бас қойған Дәуренбек абыр-дабыр айқай-шудан шошып оянды. Жалма-жан жүре киініп үйден шыққаны сол екен, көрші үйдің ес білетін баласы Дамир шарбақтың бұрышына тығылып, «менің жазығым жоқ» деп, өксігін баса алмай, еңкілдеп жылап тұр. Ойын тез жинақтаған күйі әлгі бала меңзеген жаққа жүгірген полиция сержанты кәріз құдығының ашық тұрғанын аңғарды. Енді не тұрыс? Әр сәт қымбат. Екі метрден астам шұңқыр ішінде сәби қалыпты. «Тірі болса екен». Осы ой секундтар ішінде кино лентасындай көз алдында көлбеңдеді. Тепсе темір үзетін жігіт бірнеше мәрте терең демалып, лас суға қойып кетті. Бала бір-екі рет әлсіз қолдарын ербеңдетіп, тұңғиыққа батып барады. Ұстауға әрекет жасаған, ілікпеді. Оның үстіне тымырсық ауа еркін қимылдауға кедергі. Тәуекел. Жүзуді меңгергені кәдеге асты. Жиіркеніштің бәрін ысырып тастап, тереңге сүңгіді. Тұншығып, талықсып жатқан сәбиді ажал тырнағынан алып қалуға мүмкіндік туды. Көтеріп құшағына алды. Үрейлі жұрт сыртта қаумаласып әлек. «Тірі ме?» деген дауыстар еміс-еміс есінде. Мең-зең күйде не істеп, не қойып жатқанын білмеген Дәуренбек әйтеуір көз ұшындағы жарық сәулені көрді.

– Сәбиді алыңыздар. Жасанды дем беріңіздер! – деді әлсіз үнмен.

Ал өзі құдықтың ішінде. Айтқаны осы. Сырттағылардың баланы тартып алып жатқанын біліп, көңілі орнына түсті. Лас ауа, қалдық су әбден есеңгіретіп тастады ма, талықсып кетті. Салалы саусақтарымен қабырғаға өрмелеп шыққысы келгенімен, әлі жоқ. Бір кезде басқа жігіттер де қол ұшын созып, тар ауыздан бар күштерімен тартып алды. Жасаған көзсіз ерлігі мен қиналған сәттері артта қалды. Жедел жәрдем көлігімен жеткен медицина қызметкерлері алғашқы көмек беру үстінде. Бір-біріне қарап бас шайқайды. Олар кісі бойынан асатын кәріз құдығынан сәбиді алып қалу екінің бірінің қолынан келе бермейтін әрекет екенін айтады. «Көрер жарығы бар екен» дейді өзара күбірлесіп. Ал Дәуренбектің келіншегі Бейбіткүл Жаратқаннан сәби мен жолдасының амандығын тілеп жүр.

Жан сақтау бөлімі. Қасында кішкентай Нұриман. Анасы Райхан Есенова алғысын жаудыруда. Полиция сержанты сәбидің жүзіне қарап күлімсіреп қояды. Ол болса, әзірше еш нәрседен хабарсыз.

Бүгінгінің батыры деген сөз тіркесі бар. Ерлік қас-қағым сәтте жасалады. Ешкім мен осылай істеймін деп ойламайды. Мұндай қадамға баруға бойдағы батылдық, ойдағы адалдық себеп болады. Дәлелдің қажеті жоқ. Бізде де батырлар көптеп саналады. Бүгін де бар, соған көзіміз жетті.

 

А.ЕЛЕШ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<