41 жыл бұрынғы кейіпкер

1936

0

Үлкендердің үні, бағыт-бағдары әркез қажет-ау! Ғаламтор қаншама ғажайып дегенмен, өмірдің ащы-тұщысын өз басынан өткерген қариялардың қалтқысыз, еш жалғаны жоқ әңгімелеріне жете ме? Көктем айында осыдан 41 жыл бұрын сыр бөліскен, сұхбаттасқан, о жылдары 35-37 жастар шамасындағы ферма басқарған қазіргі ардақты ардагерлердің бірі Жаппарберді Бержановпен кездесе қалып, көрген-білгенге аз-кем шолу жасағанбыз.

ТҰРЫМБЕТОВТЫҢ

«ТОҚПАҒЫ»

– Жаппарберді мырза, есің­де ме, 1979 жылдың қаң­та­рында «Қарақұм» мал жайы­лымының бір қыстағында жо­лы­ғысқанымыз? Сонда сіз бас­қарған «Арал» кеңшарына қарайтын №3 тауарлы қой фер­масының коллективі оныншы бесжылдықтың үшінші жылын, яғни 1978 жылы әр жүз ана­лықтан 142-ден төл өргізіп, аудан шаруа қожалықтарының алдына шығып еді-ау?

– Ой-й, ағасы-ай! Енді бәрі ойыма түсті. Мақтанды демеңіз, ферма бойынша сонша төл алу тым сирек-ті. Оны кезінде жаз­дыңыз да. Тіпті 1980 жылы баспадан шыққан «Арал арайы» кітабыңыздан да оқығаным бар. Ферма дегеніңіз бұрынғы бір колхоздың ізі еді. Оның ал­дында он жылдай фермаларда зоотехник-ветеринар болып, бі­лікті мамандардың ақыл-ке­ңесін алып жақсы тәжіри­беден өттім. Әкем де қой фермасын басқарған және ірілендірілген колхоздың екінші басқармасы болған кісі еді. Демек, мал жайына бала кезден-ақ таныс­пыз ғой.

– Қай колхозда?

– Карл Маркс деп аталды. Орталығы – «Сазды». Төрағасы Рсалы Тұрымбетов, майдангер. Екінші топтағы соғыс мүге­дегі болып оралған. Ал жұмыс істеуі жойқын. Менің әкем де майдангер. Оқуды осы «Сазды­дағы» мектепте бастадым. 1-2-3-сынып оқушыларын қой төл­дету науқанында сақман­шыл­­дыққа апаратын-ды.

– Қойыңызшы, тым жас емессіздер ме?

– Расы сол. Өзім  8 жас­тамын. Өзгелер де қатарлас. Үш отардың ортасына бір киіз үй тігіледі. Жатар орнымыз сол. Түске жақын бір бала төбе басына шығады. Отардың шаңы көрінсе, айқай салады. Содан өзімізге тиісті қозыларды кө­ген­дейміз. Қой мен қозысын табыстырып, саулықты сауды­рамыз. Сүттен құрт, ірімшік жасалып, май алынады, сүтті сепараторға тартады. Қарнымыз тоқ әрі еңбеккүн жазылады. Шөп шабатын түйе косилканың басы-қасында жүреміз.

– Қалай дедіңіз?

– О кезде механизм тапшы. Бұл 1949-1950 жылдар ғой. Сағат таңғы 4:00-те тұрамыз. Косилка жегілген түйеге міне­міз. «Шу-у жануар, шу-у» дей­міз. Содан сағат 11:00-де қай­тамыз. Жуынып-шайына­мыз. Тамақтанамыз. Демала­мыз. Кеш­кі 17:00-де жұмысқа қайта кірісеміз. Ол түнгі 22:00-ге созылады. Сонда түк шарша­маймыз. Басқарманың тәртібі солай. Өзі жиі-жиі келіп жағ­дайымызды сұрайды. Бізге бәрі қызық. Сегіз жаста табыс тауып әрі еңбекте шынығып, ата-анасы қуантқан қандай, шіркін! Жастық-ай!

– Ал төртінші сыныпқа өттіңіз дейік?

– Иә-ә, өттім. Енді 5-6-7 сыныптардың қатарына, яғни ересек оқушыларға қосыламыз. Сақманшылық пен косилкаға жегілген түйелерді жетелеу белесінен өттік. Орнымызды майда сыныптар басады. Біз күздегі арпа, бидай ору «жоры­ғының» бел ортасына түсеміз.

– Неғыл дейді? Мал өсіретін колхоз диқаншылықпен де ай­налыса ма?

– Е-е, бұрынғы байлар сай-сайды бөгеп, су жинап, содан қол самармен су алып дән сепкен ғой. Р.Тұрымбетов сол ізді пайдаланды. Арпа, би­дай орамыз. Бітік болды. Әр еңбеккүнге 20-25 сомнан беріледі. Науқан кезінде 1,5-2 мыңға дейін еңбеккүн тап­қандар болды десетін. Бидай­ды диірменге тартып, ұнынан қазанжаппай жасап күбіден жа­ңадан алынған майға салғанды жеп көргендердің дәмі ауыз­дарынан әлі кетпеген болар? Әне, біз Р.Тұрымбетовтың «тоқ­­пағынан» осылай еңбекте ысы­­лып жеткенбіз!

«ЖЕТЕСОВТІК 

ЖЕКПЕ-ЖЕК»

– Сіз еңбек жолын қашан, қай жерден бастадыңыз?

– Ата-анам ерте үйлендірді. 1959 жылы 17 жасымда-ақ. Нәбайда анам ескі дәстүрмен құда түсіп қойған екен. Сірә, келінді болып, немере қызығын көріп кеткісі келген-ау! Бірақ Жаратқан ие, оған жеткізбей  әлемнің жарығын сыйлаған анамды алып кетті. Сол себепті ілгері оқуға кешіктім. Ауыл шаруашылығы техникумын 1966 жылы, 24 жасымда тә­мамдап «Құланды» жылқы зауытына жолдама алдым.

– Жылқы зауыты дейсіз бе? Ол қой шаруашылығы емес пе еді?

– Әуелі солай болған. Кейін өзгерген. 1964 жылдың 25 сәуі­рінде мұнда директорлыққа Жақсылық Жетесов келді. Жо­ғары білімді ветеринар. Ау­дандық басқармада бас ма­ман екен. 1954 жылы КПСС ор­талық комитетінің қыркүйек пле­нумының қаулысына сәй­кес артта қалған шаруашы­лықты көтеру үшін отызмың­шылар сапында «Приарал» кең­шары­ның шалғайдағы «Тәуіп» қой фермасын басқарады. Одан жақ­сы қабілетімен дараланып Мәскеуге өндіріс басшыларын дайындайтын біржылдық курс­ты тәмамдағасын осында жі­берген көрінеді. Мұнда қой малын өндіретіндей жайылым да, су да, шабындық та жоқ.  Болса, түйе мен жылқының өрісі болар деп Жетесов дабыл қағады. Жоғарыдан комиссия ағылады.

– Тұра қал, Жетесовке де­йін бұл шаруашылықты кім басқарған?

– Құттыбай Келімбетов деседі…

– Ә-ә, дұрыс. Архивімді ашайын. Тарих қой. Оқыр­мандар есітіп-білсін.

– 1962 жылдың бас кезінде, – депті Құтекең өз жазбасында, – аудан, облыс басшылары «Арал» кеңшарын бөлу есебі­нен «Құланды» кеңшарын ұйым­дастыру мәселесін респуб­лика алдына қойып, мәселе осы жылдың он бірінші шілдесінде шешіледі. Әйтсе де, мұнда үл­кен қателіктер кетті. Оның ма­териалдық-техникалық ба­за­сын шешіп алмай жан-жақ­тан мал жинадық. Қау­лыда ай­тылғандай, «Арал» кеңша­рынан бөліну есебінен емес, техникадан да, малды да әр кеңшардан алдық. Жылқыны, түйені, қойды Жаңақорған, Сыр­дария, Жалағаш, Қазалы және Арал ауданының балық қолхоздары мен зауыттарынан қабылдадық. Соның ішінде 7 мың бас «Гиссар» қойы Жетісай полиметалл комбинатының «Тө­­менарықтағы» қосалқы ша­руа­шылығынан берілді. Бұл қой біздің жерге көндікпейтін, Тә­жіктің Гиссар тауында өсетін дераяқ, құйрығы диірмендей, қысқа қылшық жүнді мал екен. Күземді алғаннан кейін, қазан айында жауған жаңбырдан кәрі-құртаң, арық-тұрықтары бір күнде өліп бітті. Сондай-ақ өз ауданымыздан Қарақұм, Приарал, Арал кеңшарынан да жылқы, сауын және бойдақ си­ырлар мен екі отар қой алдық. Тәуірін бере ме? Бәрі үгінді және байырғы «Арал» кеңшарынан бөлінген деп есептелінгендіктен тұрғын үй, қора-қопсы салуға күрделі қаржы бөлінбеді. Міне, Қ.Келімбетов осындай дерек қалдырыпты.

– Сөйтіп Ж.Жетесовтың мәселе көтеруімен 1965 жыл­дың 27 шілдесіндегі қазақ ССР Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің №540 қаулысымен бұрынғы «Құланды» қой ша­руа­шылығы, енді «Құланды» жылқы зауыты болып қайта құрылады. Солай ма?

– Иә, солай.  Ып-ырас. Бі­рақ ірі қара (сиыр) алынады да, базарларға 10 мыңдай қой қалады. Не істеу керек?  Сонша қой зауыт орталығы Сексеуіл стансасынан 200-250 шақырым шалғайдағы «Көк қабақ» пен «Жаршағылға» көшіріледі. Бұл ара – әскери зона. О жаққа малшы бара ма? Әскерлирдің әкіреңдеп қуып тастайтыны тағы бар ғой. Амал қайсы, Ж.Жетесов түрмедегі сотанақ, бұзық және жер аударылғандарды өз жауап­кершілігіне алып мал бағуға, құрылысқа пайдаланады.

– Солардың бір мықтысымен Жәкеңнің жекпе-жек айқаса­тыны да бар ғой?

– Иә-ә… А.Захаров есімді бір дәу құрылыста істеген. Өзі жалқау әрі ішіп жүреді. Оқтын-оқтын бухгалтерияға келіп аванс сұрайды. Қанжар пышағы қолында. Табысы болмаса да, арақ пұлын беріп құтылатын көрінеді. Соны директор есі­теді. «Келсе, маған жібер» дейді. Ол көп күттірмейді. Пышағын жалақтатып кіріп келеді. Жәкең қарулы әрі өжет. Захаровтың пышақ ұстаған қолын қайырып тастайды. Алыс-жұлыста Заха­ров шалқалай құлайды. Жалы­нады, жалбарынады. «Түрмеге қайта жібере көрме» дейді. Сол Захаров  кейін үйленіп, жұрт қатарлы еңбек етті. «Көкқабақ» мал жайылымындағы аға шо­пан Қарамырза Иманәлиевке көмекке алынған Виктор деген сотанақ өмірі қасқыр көрмепті. Қаншық қасқыр құйрығын бұл­ғақтатып тұрады да, буаз аналықты арқасына салып қаш­қан көрінеді. Әлгінің қас­қыр екенін сонда біліп қуа жө­­неледі. Айқай сап, таяғын сер­меп қойды аман алып қала­ды.  Юдин деген біреуі әжеп­­тәуір өнерлі екен. Пеш са­лады. Бірақ түтін тартпайды. Алдына бір жарты қою керек, сонда түтін заулайды. Жәкең осы сот­қарлардың қайсыбірін аға шопан етіп, социалистік міндеттеме қабылдатып ақар-шақар достасып кеткен-ді. Зауытқа аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Қаржаубай Жәртенов жиі келетін-ді. Тю­рем­щиктерді «жуасытып» ең­бекке қосқан Ж.Жетесовке:

– Сіздің тәрбиеңіз бізден әлдеқайда мықты екен, – деп разы болғанын есіттік.

– Иә-ә, тыңдай беріңіз! 1968-1969 жылдардың қысында  Түрікменмен шекаралас  «Құ­ланды» түбегінде шөп  жұтаң болып, жылқы арығасын 2300 басын 500 шақырымдағы «Атан­шиге» айдадық. Бұл – Жез­қазғанмен шекаралас ай­мақ. Директор басы-қасында жү­реді. Бас зоотехник Темірхан Қабышов үш ай, бульдозерші Пахуадин Жұ­баниязов 13 ай үйіне түнемепті. Оның есесіне мал аман әрі қоңды. Алты-жеті вездеход машинаға жем тиеп, «Көкқаббаққа» кеткен Ж.Же­тесов қарлы-боранға ұшырап он үш тәулік хабарсыз кетеді. Тек оның батылдығы мен тап­қырлығы арқасында бәрі межелі жерге есен-сау жетеді.

– Мал азығын дайындауда да құландылықтар әлсін-әлі айқай-шуға ұшырады дейтін…

– Қайтсін енді… Зауыттың өз көлемінен небәрі мың тон­наға жетер-жетпес шөп шабы­лады. Ал қажеттісі – 4,5-5 мың тонна. Таласып Шалқар ау­данының шабындығына тиі­седі. Жәкең ауыл ағасы Қараш Әміреевпен қырда шөп қарап жүріп, белуардан өскен еркек­шөпке тап болады. 8 бөл­мелі үй, су толы цистерна тұр. Сұ­растырса, бұрынғы «Жан­бура» шабындағы екен. Бірақ әскери зонаға өтіп кеткен. Жетесов нар тәуекелге барып, сол кеш­те-ақ 17 техника мен 25 меха­низаторды әкеліп шөпті жай­пайды. Шабылғанын іле тайлап, тасиды. Осы кезде Жетесовті облыстық пленумға шақырады. Төрінде Ықсанов, Асқаров, Есетов отырған. Пре­зидиумнан әуелі Асқаров, со­сын Есетов кетеді. Олар Жете­совті келсін дейді.

– Ауылыңда қырғын төбелес болып жатыр. «Жанбура» деген қай жер? – деп сұрайды  обл­ат­комның төрағасы Асқаров Жә­кеңе шүйіліп.

– Ол негізі Арал ауданының жері, бірақ қазір әскери зона. Содан шөп шауып жатқанбыз, – дейді Жетесов.

– Дереу ауылыңа қайт, шөп орғанды доғар!

Төбелес болған. Сол аралық­тың өзінде бұлар үш мың тон­надай шөпті мал базаларына тасып үлгіріпті. Әне, ылғи осы­лай. Соның бел ортасына мамандар, біз де, жүрдік. Осын­дай қиын-қыстау кездің өзін­де уақытпен санаспай күн-түн еңбек еткен азаматтарды айт­саңшы! «Қосамандағы» фер­маны басқарған майдангер Бай­арыстанов Ойнар кісіге сенгіш, еш дүние жинамаған, ақкөңіл, тек жұмыс-жұмыс деп тыным таппайтын. Сәнім апамыз қо­нақжай. Қонаққа сойылған мал­дың қазаннан артылғанын көрші-қолаңға таратады екен. Ойекеңнің ақкөңіл сенгіштігін  білетін Айсабаев Кеңес деген шофер ақтай путевкаға да қол қойғызып, ту-у 250 шақы­рым­дағы «Көкқабаққа» бір күн­де үш рет барып қайтқан болады ғой. Оны бухгалтерия біліп артық екі рейстің пұлын Ойе­кеңнің айлық табысынан ұстап қалады. Ойекең болса:

– Мені алдағандарың құдай­дан тап! – деп жайбарақат отыра беретініне жүдә таңыр­қайтынбыз. Зауытта Қ.Кен­жеғараев, Л.Алдабергенов, Қ.Із­мамбетов, К.Раханов, Қ.Иман­алиев есімді озат жыл­қышы, түйеші және  шопан­дар болды. Ал Жәкең Жетесов­тің өзі зауытты 27 жыл бас­қарып, рентабельді етіп зей­нет­ке шықты. Жетесовтіың іс-қи­­мы­лын жинақтай келіп  «Же­­тесовтік жекпе-жек» неме­се «Же­те­совтік керемет» десек, жа­расар еді.

СЫРЫМОВТЫҢ

СЕНІМІ

– 1968 жылы «Арал» кең­шарының үшінші тауарлы қой фермасына зоотехник болып ауысыпсыз? Ал мұнда кеңшар директоры Талекен Сырымов қой, ә? Солай ма? Сегіз жылдан кейін ғана, яғни 1976 жылдан ферма басқарыпсыз?

– Иә, солай. Тәкең 1965 жылдан бері директор ғой. Та­лекен ағаның сеніміне кіру аса қиын еді. Өзі немере туыспыз. Арыз-шағым болады деп, ме­ні қабылдамады. Ал менің от­басым осы жақта. Ақыры аудан арқылы переводпен келдім. Партком әлденеше рет  мені ферма бастықтыққа ұсыныпты. Ди­ректор тәжірибе жинақтай түссін деп келіспепті. 1976 жылы партком хатшысы Торғай Сәрсеев бюроға салады ғой. Өзгелері қолдағанда жалғыз директор қалыс қалады. Сөй­тіп өттім. Тәкеңнің жұмыс әдісі де біртүрлі еді. Отар-отар­ды, мал базаларын бір өзі аралайды. Бәрін көзбен көріп-білмейінше ешкімге сенбейді. Сосында ештеңені бүгіп, жасы­ра алмайсың. Апыр-ау, қай кезде барып, көріп үлгірген дей­тінбіз. Мал жайын, суы мен жайылымын мамандардан бұрын зерттеп біледі де, сосын барып ойластыққа отырады. Кеңшар 1965 жылдан бірыңғай  қаракөл қойын өсірді, ал 1978 жылдан бастап Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің бұй­рығымен асылтұқымды қа­ракөл қойын өсіретін шаруа­шы­лықтар қатарына жатқызды да, жыл сайын облыстың кол­хоз-совхоздарына 4-5 мың ара­лығында қой сату міндет­телді. Осының өзінен-ақ 1981-1984 жылдары, яғни 4 жылда 24084 бас қой сатылып, бір миллон сомдай пайда түсті. Сондай-ақ, өзге кеңшарлар автобазадан ма­шина жалдап сабылса, біз осы төрт жылда техника жалдаудан 2 млн 309 мың сом пайда тауыппыз.

– Әлгі Одақ пен республика жүлдегері атанғандарың қай кез еді?

– Осы тұс қой. Он бірін­ші бесжылдықтың (1980-1985) төрт жылында екі рет рес­публика, бір рет Бүкіл­одақ­тық жарыс жүлдегері болып, Ауыспалы қызыл туына ие болдық. Тәкең КПСС-тың ХХVІ съезіне делегат, Қазақ Рес­публикасының Жоғарғы Ке­ңесіне депутат болып сайлан­ды. Танымал малшы­лардан аға­йынды Бөрібай мен Қоңыр­бай Қонысов, Қойлыбай Елдес­баев, Мырзабай Ержанов, Тәңірберген Тасқынбаев, Сал­жекен Еңсепбаев, Жарылқап Аманов, Нұртай Әбимолдаев, Кәрісбай Нұрғисаев, Қайырла Жапақовтардың есімін атар едім. Тәкең бас мамандар Жет­керген Нұрымов пен Сейіт­мұрат Аймырзаевқа ғана сенім білдірді-ау деймін. Өйт­кені олар өзіне деңгейлес еді. Үш мың басқа арналған мал бор­дақылау алаңын ұйымдас­ты­рып, олардың етке өткізілетін кәрі аналықтардан қаракөлше өндіріп алудағы еңбектері ай­рықша-тұғын. Ал машина-трак­тор паркінің механигі Әб­жәми Темірбаевты да қатты сыйлайтын-ды. Барлық шаруа техниканың ақаусыз жүріп-тұ­руына қарайды емес пе? Әне Темірбаев сол талаптан та­былды да.

– Қаракөлше алуды ауданда алғашқы болып, осы «Арал» кеңшары бастады білем?

– Жылма-жыл етке үш-төрт мың шамасында кәрі қой өткізетінбіз. Директор солардан қаракөлше алып қалып және әрбірін кемінде елу келіден етке тапсыруды талап етті. Ол үшін айрықша күтім жасалатын болды.

– Сол кәрі қойларың көк­темде төл берді емес пе?

– Иә, көктемде төл береді. Қыркүйек айында қайта шағы­лысқа саламыз. Желтоқсан айы­ның соңына қарай қозылары жетіліп, қаракөлшеге айналады. Әрқайсысы 25 сомнан. Соны үш-төрт мыңға көбейтіңіз. Қан­ша пайда!

– Кеңшардағы проблеманың бірі жазғы жайылымы еді-ау!

– Иә, басы-қасында жүр­міз ғой. Шұрайлы өңірдің бір тұтас аумағы Ақтөбе облы­сына ауысқаннан кейін жазғы жайылым қиындады. Жер бол­ғанмен, су жоқ. Ал қыстау маңын қыс айларына сақтау керек. Директордан төл алу науқанын  «Боқай», «Сай құдық», «Бас сай құдық» маңында төлдетуге тәртіп болды. Ал су қайда?! Жаңбыр жауса, суы әлгі сай­ларға жиналар еді дейміз. Ол жаңбыр қайда? Оған сенім бар ма? Көшіңдер, су болады депті. Білгеніміз, 40 мың бас аналықты со жаққа апармақ екен. Сонша малға су қайда дейміз тағы да. Водовозбен жеткізіледі депті. Түн жайып, ұзап кеткенде қайтеді? Оған да алаң болмаңдар деген жауап алдық. Шопандар да, біз де:  «Неғылған телегей теңіз су?» деп күмәнданамыз. Көштік. Екі не үш отар аралығында су толы үлкен цистерналар тұрды. Жанында науа. Шүмекті бұрасаң, заулайды. Ондай цистерналар түнек басына да қойылған. Во­довоздар ерсілі-қарсылы жү­й­ткиді. Сосынғы проблема – қой қырқымы. Жазда 50 мың, күзде  65 мың қой қырқылады. Көктемде – «Сасайда», күзде – «Мәлике жалында». Бір орта­лықтан әрі қырқу толық меха­никаландырылған.

***

– Мұның бәрі дұрыс қой. Әйтсе де, 1979 жылдың мамырында, яғни көктемнің соңғы айында «Арал» кеңша­рынан 4,5 мың саулық шығын болды деген дерек бар. Бұл не? Табиғи апат па?!

– Сұхбат басында айтқан­дай, үшінші ферманың басқа­рушысы едім. Мал төлдеп, қой қырқылып жатқан мезгіл. Уәкілдер келеді. Біздің фер­ма­ға ауыл шаруашылығы бас­­қар­масынан Сағындықов Ти­­ыштықбай келді. Екеуміз отар­ларды аралап, аға шопан Қонысов Қоқырбайдың үйіне жеткенбіз. Кешкілік күн суы­тып, қатты борасын болды. Қой­лардың дені қырқылып бол­ған. Уәкіл екеуміз екіге бөлініп, қайта жағаладық. Тоң­ған қой қоршауды бұзып, ыққа жөңкілуі мүмкін. Ол үшін тыным бермей қозғау керек. бәріне де осылай ескертіп «Сасайдағы» қырқымға кеткен Т.Тасқынбаевты іздедім. Ол қырқымнан шығып келеді екен. Жақын қыстақ «Күршек» еді. Қаумалап соған жеткізіп, әр үйдің қорасына бөліп қамап, аман қалды. Біздің фермадан 250-дай бас шығын болды. Көбісі 2-3 фермалардан деп есітім. Әсіресе 2-фермадан-ау!

– 2-ферма қай маңда еді?

– Трасса бойындағы «Қара­көл» жақта еді. Кең жазық. Ұйтқи соққан дауылда қойлар қоршауды бұзып кеткен. Ша­масы он төрттей саулық отар деген. Тек аға шопандар Сал­жекен Еңсепбаев пен Жарылқап Амановтан ғана шығын жоқ дескен…

– Қалай сонда?!

– Борасын іңірде соққан. Салжекен  үйдегі бар көрпе-тө­секті, алаша-кілемді жел жаққа тұтқан да қойларды тынымсыз қозғай берген дейді. Жарылқап та сөйткен болар.

– Әбден жөн екен. Ал депутат, орденді еңбек озаты, аға шопан Ойлыбай Десбаев қалай жазықты болып, сотталып жүр?

– Е-е, бұл енді қиын сауал. Ойлыбайды адам атты дегенге ешкім де сенген жоқ. Бірақ расы солай. Әріптесінің жүз қаралы қойын қосып алып, қырқымға барған жерде қолына кісен салынды. Малдың орны толықты. Ал суық қару жұмсау ше?! Оның орны тола ма? Адам аман, бірақ қылмыстың аты – қылмыс. Жазасын өтеп келді. Аталарымыз «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бол­майды» деп осындайда айтса керек.

***

Сонымен 41 жыл бұрынғы  кейіпкерім 10 жыл ферма зоо­технигі, 21 жыл ферма бас­қарып, яғни кеңшар тараған 1997 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқарып, 1976, 1977, 1980 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» бел­гісімен марапатталады. Ж.Бер­жа­новтың КСРО халық шаруа­шы­лығын дамытуға қос­қан үлесі бағаланып, 1980-1984 жылдары, яғни екі рет қола медалін омырауына тағады. Озаттар сапында Финляндияға аттанып, Хельсинкиден бастап он бір қаласын көру құрметіне ие болады. Кәсіподақтардың облыстық, аудандық партия конференцияларына және ауыл­дық кеңеске әлденеше рет де­легет және депутат болып сай­ланады. Кеңшар тарағасын, жеке серіктестігін құрып, 2005 жылы ғана заңды демалысына шығады.

Жаппарберді мырзаңыз – он бір ұл-қыз өсірген үлкен шаңырақ иесі. Бәрі көршілес Ақтөбе қаласында еңбек етеді. Ол солардан тараған 29 немере мен 35 шөберенің тілекші атасы да.

Біле білгенге, ұрпақ өсіріп жақсы қартаю да – бір ғанибет. Қазіргі жұбайы, бұрынғы ком­сомол ардагері Ханзада екеуі солардың біріне түстеніп, бірі­не қонып дегендей, шаттық өміріне қалайша қызықпайсың? Иә-ә, ұзағынан болғай!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер.

Арал қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<