Аты аңызға айналған астаналар

1073

0

Ежелгі Сайрамнан (Исфиджаб) және көршілес Шымкенттен Ұлы Жібек жолы одан әрі бағытын батысқа – тұрандық Атлантидаға қарай көш түзейді. Енді керуен өзіндік стратегиялық маңызға ие аймаққа қарап бағыт алды. Ол үш ерекшелік белгіден тұратын, айтарлықтай географиялық бет-бейнесі айшықталған, атап айтқанда Қаратау тауы мен Сырдария өзені және Арал теңізінің маңынан орын тепкен. Бір-бірімен жарысқандай тау мен өзеннің батыс бағытына, күннің батар жағына қарай созылып, көлбеп жатуының өзі көңілге сәуле себезгілетеді. Үнсіз ағып жатқан өзеннің маңдайына бұйыртқаны – Арал теңізіне жетіп қосылуы еді.

Бұл аймақтың табиғаты мен климаты өзіндік түрлі сипатқа ие. Оның жер бетін­дегі «ақтаңдақтары» бел­гілі бір дәрежеде атап көр­сетілді де. Мұның барлығы оның орналасуына байланыс­ты. Мәселен, Шымкенттің шеткері жағынан Қаратау сілемдеріне дейін тек бірқатар табиғи шыңдық пен құбылыс байқалады. Ал, Қаратаудың батыс сілемдерінен Аралдың жағалауларына дейін өзгеше көрініс үстемдік құрған. Алғашқысының  жері жомарт әрі құнарлы. Себебі, Қаратаудың биігінен көптеген өзен мен бастаулар төменге қарай құлап ағады. Таудың етегіне жаңбыр көп жауады. Осылайша, ылғалдың көп түсуі бұл өлкеге тіршілік нәрін беріп, оның мол мүм­кіндіктерін ашатыны дау­сыз. Соның арқасында Жер-Ананың төсі әртүрлі шөп­термен, дала гүлдерімен жасыл кілемдей көмкеріледі. Диқаншылықпен,  мал шар­уа­шылығымен ай­налысуға өте ыңғайлы.

Қаратаудың батыс сілем­дерінен басталатын Аралға дейінгі жерлер басқаша суретті көз алдыңа әкеледі. Мұндағы жерлер құмдауыт әрі қурай, сексеуіл ғана өседі. Тек Сырдарияның төменгі жағынан ғана өмір сүрудің белгісі байқалады.

Еліміздің оңтүстік батыс бөлігінің кең ауқымында адамзат өркениетінің қуатты ошағы айқын аңғарылады. Сондықтан, мұнда түрлі халықтың ежелгі қалалары мен аты аңызға айналған астаналары орын тепті. Бұл – таңқаларлық құбылыс, тарихи шындық. Ол-дағы тарихи процестерге серпін беріп, аймақтың ерекшелігін шынайы түрде көрсетсе керек. Аталған ау­мақ­та адамдар ежелгі уақыт­тан бері өмір сүріп келеді. Археологтар Қаратаудың етегінде ежелгі тас ғасырлары – палеолит, мезолит және неолит кезеңдерінен бастап осында адамдардың орнығып, өмір сүргенін атап көрсетеді. Бұған археологиялық қазба жұмыстарының арқасында табылған жұмыс құралдары, ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілік іздері жарқын дәлел.

Ежелгі отырықшылар қо­ла және темір дәуірлері кезе­ңінде Қаратауды одан әрі игеруді жалғастырды. Бұл жөнінде ғалымдар сол кез­дегі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін (зерт­теушілер М.Қадырбаев, З.Са­машев, А.Марьяшев) алға тартып, дәлелдейді. Қой­­бағар, Арпаөзен, Майдан­тал, Үлкентұра, Қысан, Жыңғылшақ, Қошқарата, Сүйін­­діксай (Қаратаудың ете­­­гінде ораналасқан) жар­қа­бақтарында қашалған көп­теген петроглифтердің табылуы сө­зімізді нақтылай түсері анық. Тек біздің заманымызға дейінгі 2-1 мыңжылдықтарға жататын Арпаөзен петроглифтері ежелгі адамдардың тұрмысы мен айналысқан шаруасынан, олардың діни сенімі мен дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабар беретін құнды тарихи бас­таулар.

Біздің заманымызға дейінгі ІІ және І мыңжылдықтарда мұнда арийлер өмір сүрді. Рас, солар ғана бұл өлкенің отырықшы тұрғындары болған жоқ. «Авеста» кітабында тур­­лардың, сайримдардың, саи­нилардың, дахтардың, кан­­халардың тайпалары туралы хабарланады. Арийлер өздерін Ариан Вайджаның елі деп атаған. Ол өзінің иелігіне ұланғайыр жерді қосып алды. Оның құрамына тіпті Датья (Сырдария), Ардви (Әмудария) өзендері кірді. Қаратау петроглифтеріне сәй­кес, арийлердің анау айт­қандай материалдық және рухани алға басушылыққа қол жеткізгенін айтуға болады.

І мыңжылдықтарда бұл өңірде этникалық реңк өзгерді, бұл неғұрлым әртүрлі сипатқа ие болды. Бұл жаққа қарай түркілік тайпалар ене бастады. Олар келісімен бірте-бірте аталған аумақта өз ықпалын жүргізді. Сондықтан, Иранның Тұранға қарсы шығуы бекер емес.

Рас, өлкенің тарихында сақтардың жарқын із қалдыр­ғанын айта кеткен жөн. Сырдария мен Аралдың төменге құяр сағасында сақтар – массагеттер өмір сүрді. Бұл ержүрек халық туралы біз грек тарихшыларынан бірқатар мәлімет алуға қол жеткіздік. Қазіргі адамдардың көпшілігі массагеттер мен олардың әйел патшасы Томиристің ержүрек тарихын құрметтеп, бас иеді.

Сақтар – көшпелілер еді. Олар диқаншылықпен айна­лысып, қала салуды, тұрғызуды меңгерді. Сондай елді мекендердің бірі – Шірік Рабат қаласы (Қармақшы ауданы) болып саналды. Оның негізін біздің заманымызға дейінгі XIV ғасырда дах тайпалары қалады. Аталған елді мекен – Қазақстан аумағындағы ең байырғы қалалардың бірі. Біздіңше, Шірік Рабат – аталған тайпалардың ең ежелгі астанасы. Оның байырғы тұр­­ғын­дарының өркениет дам­уына қосқан құмыра жасау, ұсталық және металл құю ісін өркендетуі дәлел бола алады. Шірік Рабаттың мәдени саладағы ең қызықты әрі таңдандыратын тірлігі – кітапхана болатын. Осының өзінен-ақ мұнда жазу өнерінің дамығанын аңғарамыз. Архео­логиялық ізденістің арқасында табылған бұл дүние – әлемдік деңгейдегі құбылыс! Бұл жаңалық сол кездің өзінде-ақ аталған өлкеде Сырдария жағалауы жерінің даңқын шығарған болашақ ғылымның негізі қаланғанын айқындай түссе керек. Орта ғасырлар кезеңдерінде Шірік Рабат оғыздардың астанасы болып саналды. Айтқандай, ежелгі қалашықты зерттеуге белгілі археолог С.П.Толстов үлкен үлес қосты.

Ұзақ уақыт бойы (біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдан V б.з. ғасырларға дейін) бұл аумақ Кангюй мемлекетінің құрамына кірді. Бастапқы кезде оның астанасы Канха, содан кейін Битянь қалалары деп аталды. Бірқатар деректер осы қалалардың екіншісін Отырар және Ташкент деп сипаттайды. Кангюйліктер – үнді­еуропалық халық еді. Ғалым А.Н.Бернштамның пікірінше, кангюйліктер біз­дің заманымыздың ше­гінде түркітілдес халық ретінде саналған. Бұл мем­лекеттің тарихын зерттеуге А.М.Бернштам, С.П.Толс­тов, Б.А.Литвинский, А.Г.Маляв­кин, А.Н.По­душкин секілді ғалымдар зор үлес қосты.

Өңірдің өркендеуіне Ұлы Жібек жолы ұланғайыр рөл атқарды. Қала салу, сауда, түрлі кәсіптің кең қанат жаюы өңір өмірінің барлық жағынан гүлденуімен тығыз байланыс­ты екені талас тудырмайды. Ұлы Жібек жолының тамырына қан жүгірткен ежелгі қаланың бірі – Янгикент (Қазалы ауданы) болатын. Аталған шаһар біздің заманымыздың І ғасырында бой көтерді. X-XI ғасырларда оғыздардың астанасы болды. Мұнда оғыздар билеушісінің сарайы, әскери гарнизон, храмдар мен базарлар орналасты. Янгикент қалашығын зерттеуге ғалымдар П.И.Лерх, М.К.Приоров, В.В.Верещагин, В.В.Бартольд, С.П.Толстов белсенді түрде атсалысты.

Сырдарияның төменгі са­ғасына тағы бірқатар оғыз­дар қаласы орналасты. Со­лардың қатарында Жент, Жаңакент, Хувара қалалары бар еді. Бұлардың ішінде Жент қаласының ықпалы зор болды. Ол оғыздардың астанасы, басты шаһарларының бірі ретінде саналды. Қала сондай-ақ, өзінің көптеген атақты ғалымдарымен ерек­шеленді. Мысалы, филология ғылымдарының докторы Әбдісаттар Дербісәлі аталған қаланың ғылым әлеміне белгілі 18 өкілінің есімін атады.

Ал Отырар әлемдік дәре­жедегі қала атанды. Сонымен қатар, оның даңқының әлемдік деңгейге жетуі ежелгі қаланың көпшілікке белгілі болуымен байланысты дер едік. Отырар – ұлы ойшыл, философ, математик әл Фарабидің, астроном (жұлдызшы), математик Аббас Жауһаридің, лингвист және географ Исках әл Фарабидің туған отаны. Осында белгілі сопылық ілімді таратушы Арыс­тан баб өмір сүріп, еңбек етті. Оған қоса бірнеше ондаған ғалым зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, атақ-даңқтары алысқа кетті. Мұнда бүкіл әлемге танымал болған кітапхана жұмыс істеді. Отырар біздің заманымызға дейінгі І ғасырдан XІІІ ғасырға дейін өркендеп, гүлденді. Шыңғыс хан әскерінің жорығы кезінде қала толықтай талқандалды. Тек XV ғасырда қайта салынып, бой кө­терді. Қаланы екінші мәрте жоңғарлар талқандаған еді.

Отырардың жанынан орта­ғасырлық көптеген елді мекендер орын тепкен. Бұл сөзімізге Құйрықтөбе, Көкмардан, Ал­тынтөбе, Марданкүйік қала­шықтары жарқын дәлел. Шаһар өзінің саяси ажар-келбетін жиі өзгертті. Оған түрлі  мемлекеттердің билеушілері иелік етті. VІІІ ғасырда Оң­түстік Қазақстанның аума­ғына арабтар табан тигізді. Олар ислам дінін насихаттап, енгізді. Сондай-ақ, арабтар осындағы басқа діни сенімді бірте-бірте тықсыра бастады. Түркілік және соғдиалық жазуларды араб жазулары алмастырды.

Исламды таратуда Түр­кіс­тан қаласы зор рөл атқарды. Бұл іске бірінші кезекте сопылық ілімді таратушы Қожа Ахмет Ясауи үлкен үлес қосты. Ал 1396-1398 жылдар аралығында қаһарлы Темірдің бұйрығы  бойынша атақты сопылық ілімді таратушының қабірінің үстінен бүкіл әлемге танымал болған кесене салына бастады. Міне, содан бері Түркістан шаһары діни орталықтың баршаға мәлім даңқын, атағын иеленіп келеді.

Ұлы дін таратушы көпші­лікке жақсы мәлім «Диуани Хикмет», «Миратул-Кулуб», «Пақырнама» секілді еңбектерді жазды. Мансұр ата, Сайид ата Хорезми, Сүлеймен Бақырғани секілді шәкірттері оның ілімін, ізін жалғастырушылар ретінде аталады. Осы даңқты қалада көптеген белгілі ғалымдар мен дін өкілдері өмір сүріп, атақты ғылыми жұмыстарды жүзеге асырды.

Түркістан Х ғасырда Шавгар деп аталса, ХІІ ғасырдан Ясы (Яссы) деп белгілі болды. Ал 1599 жылдан 1729 жылға дейін Қазақ хандығының астанасы аталды.

Сауран қаласы (Түркістан облысы) да ежелгі қалалардың санатына жатады. Біздің заманымызға дейін І ғасырда іргетасы қаланған. Махмуд Қашқаридің мәліметінше, мұн­да ятук тайпасының өкіл­дері өмір сүрген. Шаһар XIV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орданың орталығы болып саналды. Ал Сауран қалашығын зерттеумен П.И.Лерх, А.Н.Бернштам, К.А.Ақышев секілді ғалымдар айналысты.

Осы аймақта орын тепкен белгілі қалалардың қатарына Сығанақ шаһарын (Жаңақорған ауданы) жат­қызуға болады. Оның негізі шамамен V-VIII ғасырларда қаланған. Қала стратегиялық мәнге ие еді. 1469-1551 және 1521-1599 жылдары Қазақ хандығының астанасы болды. Бұрындары бұл қала Сырдария маңындағы қыпшақтардың астанасы атанған. Ал XIV ғасырда оған Алтын Орданың астанасы атану бақыты бұйырды. Сығанақта ойшыл әрі ақын Хиссамиддин әл Сығанақ, ақын Хафиз Хорезми өмір сүріп, еңбектерін жазды. Бірқатар ғалымдар аты аңызға айналған Қорқыт ата осы жерде өмірге келгендігін айтады. Қалашықты зерттеу­ге П.И.Лерх, В.В.Бартольд, В.А.Калаур сияқты ғалымдар көп үлес қосты.

Оңтүстік Қазақстанның шы­ғыс бөлігінде Қазақ хан­дығының астанасы болған Созақ (1465-1469 жылдары) орын тепкен. Аталған хандықтың астанасы сондай-ақ, Ташкент шаһары (1729-1781 жылдар) болғандығы тарихтан белгілі. Кеңестік кезеңде, яғни 1925 жылдан 1929 жылға дейін Қазақ АССР-нің астанасы болып Қызылорда қаласы айқындалады. Бұрын бұл шаһар Ақмешіт, Перовск болып аталды. Аталған аймақтың тағы бір ерекшелігі – осында ғарышкерлердің астанасы атанған Байқоңыр қаласы орналасқан. Бұрындары бұл аумақты қазақтар әулие санап, Жеркіндік деп атаған.

Түркиялықтар тарихи орындарға қызығушылық танытып отыр. Әрине, бұл бекер емес. Өйткені, Сырдария өзенінің құяр сағасы мен қарт Қаратаудың етегі – олардың ата-бабаларының ежелгі Ота­ны. Олар осы жерден Кіші Азияға қоныс аударып, сол жақта Селжүк, одан соң Осман империяларын құрған.

Сонымен, аталған аймақ­тарда 11 астана орын тепті. Олар – Шірік Рабат, Канха, Битянь, Янгикент, Жент, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Созақ, Ташкент, Қызылорда қалалары еді. Астаналардың көп болуы аймақтың стра­те­гиялық ерекшелігін дәлел­дейді.

Бүгінгі таңда бұл аймақ өзінің келбетімен, үлгі-өнегесімен көп өзгерісті бас­тан кешіп жатыр. Соның нақты дәлеліндей, шындық сахнасына ол өркениеттің жаңа бет-бейнесімен, мол мүмкіндіктерімен шығып отыр. Бірінші кезекте Түркіс­тан­ның жаңа мәртебеге ие бол­уымен, яғни облыс орталығы атануымен ерекше сипатқа ие. Қала көз алдымызда күн санап өзгеріп, жасара түсті. Сөйтіп, ол Қазақстанның таңдаулы, көрікті қалаларының қатарына қосылды. Экономикасында да үлкен өрлеу байқалады. Мәселен, Созақ ауданы уран өндірудің орталығы ретінде мойындалды. Түркістан облысы стратегиялық шикізат – мақта өсіреді. Ал, Қызылорда облысы күріш өсіру және мұнай өндірумен даңқы шықты. Екі облыста да суар­малы жерлердің ауқымы ұлғайып, мал саны күрт артып келеді.

Ұлы Жібек жолының қазіргі заманғы баламасы ретіндегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында жүк тасымалының үлесі артқаны айқын аңғарылады. Сондай-ақ, «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы теміржолдың жұмысы тұрақты. Жұрт­шылық Түркістандағы жаңа әуежайға үлкен үміт артады. Оған қоса шағын және орта бизнестің мүмкіндіктері, халықтың әл-ауқаты бірте-бірте артып келеді. Өңірдің даңқын осында тұрып, өмір сүретін адамдар шығаратыны даусыз. Міне, сондай тұл­ғалардың көшбасында Мұс­тафа Шоқайдың, Нұр­маған­бет Мұратбаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтың, Ғани Мұрат­баевтың, Саттар ­Еру­баев­­тың, Ыбырай Жақаев­тың тұрғаны баршаға белгілі. Ал, Илья Ильиннің және Бекзат Саттархановтың атақ-даңқын кім білмейді?! Бұларды бүкіл әлем таниды, құрмет тұтады!

Өңірдің келешегі зор. Ол күн санап өзінің мол мүмкіндіктерін көрсете бастады. Түлеудің, өркен жаюдың жаңа, даңғыл, сара бағытына түскенін айта кетсек жарасады.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ,

Чувашия Ғылымдар академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ғылыми қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз