Кенесары ханның жорық жыршысы

2156

0

1992 жылы Жалағаш ауданында Бұқарбай батырдың 180 жылдығы алғаш рет аймақтық деңгейде атап өтілген еді. Оған сол кездегі республика астанасы Алматыдан бір топ қонақтар қатысқан. Келген зиялы қауым ішінде жерлесіміз, белгілі ғалым-этнограф Мардан Байділдаев ағамыз да болған.

Осында сөз алған ол кісі:

– Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне Жалағаш топырағынан Бұқарбай батырмен қоса тағы да екі адам қатысқан.

Олар – «Кенесары-Наурызбай» дастанының авторы  Нысанбай жырау және Меңлі сарбаз. Бұған дейін ауызға алуға қорқып, айтылмай келген Нысанбай жыраудың аталған дастанын тәуелсіздіктің арқасында оқырман қауымның енді жан-жақты зерделеп оқуына болады. Нысанбай жырауды қосып атап өткенде тіпті құба-құп еді, – деген болатын. Үшінші тұлға Меңлі сарбаз болса, ол Бұқарбай батырдың аты оққа ұшып, жау қоршауында қалған сәтінде астындағы атын түсіп беріп, оны ажалдан құтқарған, өзі тұтқынға түскен. Сөзіміз дәлелді болу үшін Камал Бердәулетовтің  «Бұқарбай батыр» кітабының 35-бетінде осы оқиға былайша әңгімеленеді. Бұқарбай:

– Қой мұның не? – дегенде Меңлі:

– Сен елге аман барсаң, ел намысын қорғайтын батырсың, мен дос алдындағы парызымды өтеп барып көз жұмсам  арманым жоқ, – деген екен. Небір азапты жылдарды басынан өткерген Меңлі сарбаз да туған жерге аман оралады. Бұқарбай батыр өле-өлгенше Меңліні сыйлап өткен көрінеді. Екеуінің арасындағы ұлы достықты айтып, көптің құлағына салып кеткендер күні кешеге дейін болды. Енді негізгі тақырыбымызға ойысайық:

Тарихқа жүгінсек, қазақ жеріндегі 1837-1847 жылдары болған ұлт-азаттық күрестің ұйымдастырушысы – Абылай ханның немересі Кенесары Қасымов. Сол жылдары патша үкіметі қазақ жеріне сұғына еніп, стратегиялық маңызы бар деген орындарға бекіністер салып тастаған. Ұлы жүздің бір бөлігі, Кіші жүздің оңтүстік өңірі әлі де Қоқан бектерінің билігінде қалған кез еді бұл. Кенесары көтерілісіне дейін-ақ Хиуа хандығы Жетіру қазақтарының бір бөлігі мекен еткен Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойына бекіністер салғанын да айтпай кетуге болмайды. Осындай жағдайда Кенесарының тайсалмай тажалға қарсы тұруы, жалпы қазақтың, оның ішінде Сыр бойы қазақтарының да тәуелсіздігін сақтау үшін күреске шығуы қара басының қамы үшін емес. Бұл туралы тарихи деректер баршылық. Кенесары туының астындағы хас батырлар Наурызбай, Ағыбай, Басықара, Иман, Бұқарбай, Жоламан, Бұғыбай әскерді ерлік шайқасқа бастаса, қалың қолдың рухын жырмен көтерген Нысанбай жырау болған.

Кенесары ханның сеніміне кіріп, «Жорық жыршысы» атанған Нысанбай жырау кім? Нысанбай Жаманқұлұлы 1822 жылы Жалағаш ауданының Аққошқар ауылында туған.

Ол  былай дейді:  

– Менің атым – Нысанбай,

Ат жібердім тұсамай

Өзім ақын болыппын,

ата-анама ұсамай…

Руымды сұрасаң,

Ашамайлы Керейтпін…

Ал енді ол Кенесарыға қалай келді? Тарихи деректерде күшейіп әрі бел алып бара жатқан Кенесарының соңынан патша үкіметі топ-топ қарулы әскер шығарып, оны ұстауға және көтерілісшілерді талқандауға әрекет жасаған. Дала ұрысының әдісін меңгерген айлакер қолбасшы қазақтың кең даласының мүмкіндігін пайдаланып, біресе ана жерінен, біресе мына жерінен шығып ұстатпаған. Қаша ұрыс сала жүріп, соңына түскен орыс отрядтарын тұтқиылдан барып соғып, шығынға ұшыратып отырған. Ырғыз жерінен бері асып, Сыр бойына келерде «Жалаңаш төбе» деген жерде ақындар сайысы өтіп, сонда жасөспірім Нысанбай барлық ақынды жеңеді.

Бұзып-жарып айтатын суырыпсалмалығымен жұртты таңқалдырады. Жыршылардың арасынан да оған сай келетін ешкім шықпаған. Кенесары талантты баланы ордасына шақырады.

Осы жерде Нысанбайдың айтқанын оқиық:

– Он жасыма келгенде,

қарыма қобыз ілгенмін.

Он бір жасқа келгенде,

сөз мәнісін білгенмін.

Он екіге келгенде,

жақсының алдын көргенмін.

Он үш жасқа келгенде,

жақсының алдын көргенмін.

Он төрт жасқа келгенде,

өз жерімде жүргенмін.

Он бес жасқа толғанда,

Кенесары, Наурызбай,

Төрені іздеп келгенмін.

…Ханның болып баласы,

бірге жаттым Ордада,

Ахмет, Тайшық қасында, – дейді.

Ахмет, Тайшық деп отырғаны – Кенесарының балалары. Қамқорлығын аямаған Кенесарыға әбден бауыр басады. Ханның інісі Наурызбаймен түйдей құрдас болғандықтан онымен жақсы дос болады. Наурызбай Нысанбайсыз жүрмеген, қайда барса қасынан қалдырмаған.

Нысанбайдың әрі ақын, әрі жырау болғанын сөз басында айттық. Міне, осындай талантты жанның тәуелсіздік жолындағы күресте көзбен көргендерін, өзі куә болған оқиғаларын жыр жолдарына түсіруі оның мұраты болғаны айтпаса да түсінікті. Құдіреттісі сол – «Кенесары-Наурызбай» атты тарихи дастан жазып, кейінгі ұрпаққа қалдырғаны.

Дастан көпшілікке қалай тарады? Осыған тоқталайық: Алғаш рет 1875 жылы «Кенесары туралы жыр» деген атпен орыс қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбасында сұлтан Жантөриннің сөзбе-сөз аударуында жарияланған. Ал, 1896 жылы Сыр бойынан шыққан оқымысты Басығарин ел аузында жүрген «Кенесары-Наурызбай» дастанын жазып алып, оны Әбубәкір Диваевқа береді. Бұл нұсқа 1912 жылы «Кенесары-Наурызбай» деген атпен Қазан қаласында Ж.Шайхисламұлының құрастыруымен жарық көреді. 1923 жылы Ташкент қаласында Х.Досмұхамедовтың құрастыруымен жеке кітап болып шыққан. Осы ретте қиссадағы мына жыр жолдарына назар сала кетейік:

– Бұл қиссаны шығарған,

Нысанбай деген жыршы еді

Кене ханның тұсында,

Жұрттан озған сыншы еді.

Айтқан сөзі үлгілі,

Құлақтың бір құрышы еді.

Өлең сөзге Нысанбай

мәшһүр, шешен нар еді

Бір естіген адамдар,

сөзіне тағы зар еді

Көзімен көріп сөз қылған,

соғыста өзі бар еді, – деп аяқталатын дастан – шындығында Кенесары ханның өмірінің соңғы кездерін, яғни қырғыздармен болған соғысты көзімен көрген Нысанбайдың айқын шындықты жыр тілінде сөйлетуі. Ақырында қырғыздан қашып құтылып, елге келген соң Кенесары мен Наурызбайды жоқтағаны деп түсінсек керек. Жыраудың атағын асқақтатқан осы бір тарихи шығарма Есмағанбет Ысмайлов пен Қалижан Бекхожиннің құрастыруымен 1941 жылы тағы да басылып шығады.

Кенесары мен Наурызбай өлгесін ол:

– Шегірткеге таланған

қырғауылда жүн бар ма?

Жапалақтан сескенген,

жалғыз қазда үн бар ма?

Кенесары кеткен соң,

иесіз қалды тағымыз.

Наурызбай төре кеткен соң,

бастан ауды бағымыз,

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

байланды тіл мен жағымыз.

Артында қалған жетім ел,

келіспей кетті сәніміз.

Ақырында әлеумет,

осындай болды халіміз, – деп кейінгі ғұмырдың зарын зарлайды.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Нысанбайды «өте ірі тұлға, көреген ақын» десе, ақын Әбділда Тәжібаев: «Нысанбай шығарған «Кенесары-Наурызбай» дастаны ең ірі тарихи дастандардың бірі және соңы деуге болады. Бұл – Кене мен Наурызбайдың набыт болған күндеріне дейінгі барлық трагедиялық қайшылықтарды түгел жеткізе суреттеген қазақ елінің сүйікті дастаны. Бұл дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмыс саналды. Сол ғажайып дастанның босанар күні туды. Жаңа ұрпаққа, талантты оқырман қауымға ұсыну керек» деген екен.

Осы жерде айта кетейік, орта мектептің 9 сыныбындағы «Қазақ әдебиеті» пәніне «Кенесары-Наурызбай» дастанын оқытуға екі сағат бөлінген. Бұған да қуанамыз. Мектеп қабырғасындағы жас ұрпақ дастанның мазмұнын ұғып, аз да болса тарихи маңызын түсінеді ғой деп ойлаймыз. Ал, мың жарым жолдай қиссаның көркемдігін сөз етсек, ол – Нысанбайдың туабітті дарынының арқасы, шыншылдығына келсек, өзі соғыстың бастан-аяқ куәгері. Оның жыршылығымен қоса, суырып салып айтатын мықты ақын екеніне жоғарыда бірнеше тоқталдық Бұл туралы Кенесары ханның өзі кезінде былай деген екен: «Қорқу дегенді білмейтін Басықарадай батырды, бір сөзін екі қайталамайтын Нысанбайдай ақынды көрген емеспін!»

Мұзафар Әлімбаев Нысанбайдың айтулы ақын екенін дәріптей келе, оның бір шумақ өлеңіне айрықша маңыз береді:

– Тар жерде жолдас болады,

Ерлердің найза құрдасы.

Белсеніп жауға шабады,

Жігіттің жанға мырзасы.

Әсіресе, соңғы екі қатарының астын сызып көрсетіп, үлгі етеді. («Қазақ әдебиеті» газеті. 1994 жылғы 25 қарашадағы саны)

Енді Кенесарыны ақ киізге орап, хан көтергендегі Нысанбайдың айтқанын оқырманға ұсына кетейік:

– …Жалғыз салған ұранмен

Қырық мың үйін қазақты,

Бір атаның ұлындай,

Іргелі елдік жолында,

Жамыраған төлдей шұбатты.

Бұдан артық кім керек

Құдіретті де қуатты?!

Екі тізгін бір шылбыр

Ұстат енді Кенеге,

Қамап тұрған құлдықтың,

Тас қорғанын бұзатын,

Ақ алмастай жебеге…

Бұл оның құлақ салып тыңдаған елге Кенені өлең сөзбен керемет дәріптеуі емес пе?!

Суырыпсалма ақын, хан Кененің жорық жыршысы Нысанбай Жаманқұлұлы 1883 жылы 61 жасында туған топырағында өмірден озған. 1995 жылы Жалағаш кентінен Нысанбай жырау атына көше берілді. 2018 жылы ағайындары «Еңбек» ауылының маңындағы Нысанбай Жаманқұлұлы жерленген жерге кесене тұрғызды.

Тәуелсіздігіміз үшін күресіп, осы жолда жан қиған қазақтың соңғы ханы Кенесарының жорық жыршысы, артына өшпестей әдеби асыл мұра «Кенесары-Наурызбай» атты дастан қалдырып кеткен Нысанбай атамыздың туғанына биыл 200 жыл.

Темірбек ЕСЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<