Көк айғырдың кереметі

2500

0

«Сонау қырық жетінің жазы болатын», – деп бастады әкем әңгімесін. –Халық күнкөрістің қамымен, бала-шаға колхоз жұмысынан қалмайды. Колхоз демекші, әуелгі кезде «Қызыл кедей», кейін «Карл Маркс» аталған колхоз екі бригададан тұрады. Бірін – «Ақсай», екіншісін – «Қараой» деп атайды. Жаз жайлауымыз Сарыарық, Домалақ көлдің айналасы, дарияны жағалай отырушы едік.

Сол жылдары жазда колхоздың бастығы шақырып алып, «Әбеке, сіз Жамбылдың Луговойындағы жылқы зауытына барып-қайтуға қалай қарайсыз?» – деді. Сәл ойланып, «Жарайды, барайын», – дедім. «Онда ертең жолға шығасың, ақша аударылған, өздері вагонга тиеп береді», – деді.

«Ауданнан бір өзің, басқа ауданнан да бір-бір адам барады деп естідім», – деп бастық шығарып салды. Ертесіне пойызбен Луговойға келіп түстім. Келген бойдан асылтұқымды жылқыларды аралап көрдім. Кілең жүзіктің көзінен өткендей сұлу сәйгүліктер, бірі-бірінен өтеді. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен сағақ» дегендей әр қайсысына қарап тұра бергің келеді. Бір көк дөнен көз алдымнан көлденеңдей берді. Тобы қораш, аяқтары шидей, өзі арық. Осы көк дөненді аламын дедім басшыларға. «Ау, қарағым, есің дұрыс па, бұл айғыр болып оңдырмайды, жетім қалған, уыз ембеген, енді қалыпқа еніп келеді. Мұны бере алмаймыз, сіздерге үйірге түсетін ірі айғыр беру керек. Келісім солай», – деп көнбеді. «Мен осыдан басқа атты алмаймын», – деп табандап отырып алдым. Менің көнбесімді білген соң: «Егер, барған соң басшыларың қарсылық білдірсе, қайтып келемін деп әуре болмаңыз», – деп ескертті. «Жарайды!», – дедім мен. Сонымен әлгі дөненді вагонға тиеп әкелдім. Бір-екі бие сауып отыр едік, соларға қосып қойдым. Ауыл басшылары келіп, белдеуде тұрған жабыны көріп көңілдері толмай, ренжіп: «Барғасын тәуірін, ірілеуін әкелмедің бе?» – деп өкпе айтты. Мен оларға: «Көр де тұр, бұл жақсы айғыр болады, шабысқа да, үйірге де төзімді болады»,– деп дәлелдеп жатырмын. «Бір жылдай менде болсын, баптап көрейін, бәйгеге қосып бағын сынайын», – деп бастыққа өтініш жасадым. «Жарайды, бірақ, Әбеке, бірақ, бұл атты өлтіріп алсаң төлеуге шамаң жетпейді», – деп ескертті. Сонымен көк дөнен үлкен айғыр болды. Талай бәйгеге қосылып, аламанның алдын бермей жүрді. Ұзаққа сілтейді, құйрығын көтеріп алып көсіліп, қатарласып келе жатқан аттардың жамбасына ауыз салып өзінен оздырмайтын-ды. Не керек, бәйге де, көкпары да «Карл Маркстің» осы «Үлкен көгінде» болды. Жұрттың аузында осы ат жүретін болды. Көк айғырдың тұқымы да жақсы болды. «Кіші көк айғыр» деген атпен бұл да ауызға ілінді. Колхоз жылқысының тұқымы біршама жақсарды.

Енді әңгіменің негізіне көшейін. Көк айғыр қартайып келгенде өзім қолға алып, бес-алты биеге салып қойдым. Маусым айының іші болатын. Дәл қай күні екені есімде жоқ, сол күні күн шыға дауыл болып, аздап жауын жауды. Таңертең биені байлап, шайға отырдым. Ол кезде аудан орталығы – Жалағашқа паром арқылы қатынайтын едік. Дария көтеріліп, екі жағын су алып, паром жүрмей, шамалы уақыт аралықта қатынас болмай қалды. Бірақ, жаяу адамдарды ел қайықпен өткізіп жатқан. Біздің ауылда да Нұрхан әкемнің жел қайығы болатын. Сонымен адамдарды Жалағашқа тасып жүретін. Бірде жел көтеріліп, қатты толқын дарияның қақ ортасында қайықты аударып тастады. У-шу болып жылаған дауыс шықты. Дереу далаға шықсақ, қайық су бетінде төңкеріліп жатыр, екі адам қайықтың жиегінен ұстап алған терең суға бір батып, бір шығып, «құтқарыңдар» деп жанұшыра айқайлайды. Бірақ, суға түсіп әлгілерді құтқаруға ешкімнің батылы бармады. Өйткені, жағалауда жүгіріп жүргендердің бәрі кемпір-шал, бала-шаға еді. Еркек кіндіктің барлығы егіс басына кеткен. Міне, осы кезде дария жағасында үйірімен жайылып жүрген айғыр, бір кісінеп алып, суға қойды да кетті. Жұрттың бәрі аңтарылып қарап қалған. Көк айғыр сол бетімен жүзіп барып тура қайықтан аударылып қалған адамдарға барды. Батып бара жатқан екеуін қақпайлап, құйрығын бұрғанда ана екеуінің бірі жалынан, бірі көк айғырдың сала құлаш құйрығына жанұшыра жармасты. Сол кезде жануар жағаға қарай ытқыды. Ол кезде дария ауыздықталмаған, ені бір шақырымға жетеді.

Көк айғыр суды жалдап отырып жағаға шықты да, бір сілкініп алып, кісінеп үйіріне кетті. Әлгілер де жағаға жетіп, талықсып құлады. Өздері куә болған кереметті ел көпке дейін айтып жүрді. Міне, иесін далаға тастамайтын жылқы жарықтық, өзіне бөтен болса да екі адамды ажалдан аман алып қалды, киелі жануар ғой», – деп әкем сөзін аяқтады.

Жақсылық АДАМБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<