Қияға қонған қыран

1924

0

Келер жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Әрине, аз уақыт емес, сол кезде дүние дидарын ашқан бала бұл күндері орда бұзар отыз жасқа жақындады. Осы уақыт аралығында облысымыздың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданының орталығы жылдан-жылға көркіне көрік қоса түсуде.

Асфальтталған түзу-түзу көшелері, түнде алыстан көрінетін самаладай жарықтары, әсем ғимараттары, айнала­дағы жасыл желегі көздің жауын алады. Қазіргі Жаңақорған, мұнан қырық жылғы Жаңақорған емес,  жаңарған Жаңақорған, жазиралы Жаңақорған! Адам­ның мәртебесін көтеріп, мерейін өсіретін киелі мекен. Бұрынғысы біз­дің жүрегімізге жылылық сыйласа, қа­зіргісі мақтаныш сезімін туғызады. Сонау жылдары алыс ауылда тұрсақ та, мұнда келгенде қалаға келгендей желпініп, жадырап, құрбы-құрдастармен қыдырыстаған, спорттық жарыстар мен түрлі шаралардың ортасында жүріп, үлкендердің өнегесін көрген ыстық орда бұл. Сондықтан да толқымай, тебіренбей әңгіме айта алмаймыз.

Аудан орталығының түстік беткейін­де Сүйіндік Молдалиев атындағы көше бар. Ал облыстағы ең халқы көп аудан орталығында салалы көшелердің бірін иемденген Сүйіндік Молдалиев кім? Мұны кейінгі жастардың есіне салу, тұрғындарға таныстыра жүру бұл күндері аға ұрпақ қатарындағы біз үшін міндет.

…Өткен ғасырдың сексенінші жылының жазы еді. Аудандық мәдениет үйіндегі үлкен жиынның бел ортасында сөз алған халық ақыны Манап Көкенов мінберге шығып, саңқылдап қоя берді:

– Кім білмейді бұл күнде Сүйіндікті,

Жеңе білген еңбекпен қиындықты.

Қырды төлге толтырып,

сыр алдырмай,

Таңдандырып келесің дүйім жұртты! – дегенде залдағы отырғандар түгел тұрып қол соқты. Бұл біздің бүгінгі әңгімеге тиек етіп отырған Сүйіндік Молдалиевке көрсетілген құрмет еді. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері майталман шопанға бұл жолы КСРО-дағы ең жоғары марапат – «Ленин» ордені – тапсырылып, Алматыдан оралған беті болатын-ды. Жоғарыда айтылғандай, еңбектің қиындығынан тайсалмайтын қажырлы ағамыз кейіннен Қазақ Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты атағын да иемденді. Бұл Үкімет тарапынан еңбек адамына көрсетілген зор құрмет болатын.

«Түркістан» қаракөл-қой совхозының №2 фермасында 1965 жылдан, кешегі жекешелендіру кезіндегі шаруашылық тараған 1994 жылға дейінгі аралықта аға шопаны болған Сүйіндік Молдалиев «Социалистік Еңбек Ері» атағына екі рет ұсынылып, сол жоғары атаққа еңбегі лайық бола тұра, бұйырмады. Бір кем дүние деген осы!

1968-1969 жылдың қысы өте қатты болғанын көнекөздер біледі. Сол жылы желтоқсан айының ортасында бір тәу­лікте қалыңдығы бір метрден астам қар жауып, барлық жерді басып қалды. Жыңғыл қоралардың басы ғана қылтиып-қылтиып көрінетіні әлі көз алдымда. Буырқанған аязы мен үскірігін айтсаңызшы! Жерді жапқан қалың қар сәуір айының 14-ші жұлдызында бірден еріп, айналаның бәрін көл-көсір су басты. Сол қаһарлы қыста қоғамның да, жекенің де малы қырылып қалды. Ал Молдалиев отарындағы малынан барынша аз шығын шығарып, әр 100 саулыққа 140-тан төл өргізді. Мұндағы қиыншылық пен жанкешті еңбекті «Қияға қонған қыран» атты деректі кітабымда баяндағанмын, әңгімені ұзартпау үшін оқиғаларды тәптіштемей-ақ, қояйын. Алайда, Сүйін­дік Молдалиевтің әр бесжылдықта жүз саулықтан орта есеппен 170-тен қозы алып, екі мыңнан астам тірі төл қо­сып отырғандығын, жүн өндіруде де жоғары көрсеткішке жеткенін еске салайын. Сонымен бірге, майталман еңбек озатының Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғандағы өзім куә болған бір эпизодты айтып өтпесем, әңгімеміз жалаң болатын секілді.   

Жетпіс сегіз не жетпіс тоғызыншы жылдың қысы. Қызылордадан кештетіп оралған «Түркістан» совхозының дирек­торы Әбсадық Әбсеметов түн ішінде активтің бәрін түгел жинады. Өзінің көлігін жіберіп, құм ішіндегі аға шо­панды да алдырды. – Жағдай былай, – деді директор. – Обкомның бірінші хатшысы И.Әбдікәрімов жолдас Мол­далиев Сүйіндіктің кандидатурасын Со­циалистік Еңбек Еріне ұсынуға тап­сырма берді. Жан-жақты көрсет­кіштері сай келетін көрінеді. Бесжыл­дық жоспарды уақытынан бұрын орын­дал­ғандығы ту­ралы КПСС Орталық ко­митетінің Бас хатшысы Брежневтің атына берген ра­портына қоса қажетті құжаттарды түгел дайындауымыз керек, – деді ол. Осының бәрі ертең сәскеде сақадай сай әзірленіп, ауданға, одан әрі түстен кешіктірілмей облысқа, обкомның бірінші хатшысы­ның қолына тиюі тиіс екенін тағы нық­тады. Бас экономист Жұмашев пен бас бухгалтер Төлепбаев түнімен қар­баласып дайын­даған мәліметтер бойынша 1976 жылдан басталатын бес жылдықтың осы мерзіміне Сүйіндік әр жүз бас аналыққа орта есеппен 180-нен қозы алып, бес жылдықты мерзімінен бұрын орындапты. Қозының 60 пайызын тірі өсіріп, бір отардың өзінен екі жарым мыңға тарта төл өргізген. Бұл шамамен төрт отар болады. Ақшалай шаруашылыққа түсірген пайдасы болса да шаш етектен. Осы құжаттарды обкомға уақытылы апарып тапсыруды басшылар комсомол хатшысы қыз­метіндегі маған жүктеп, арнайы жеңіл көлік босатты. Ертесіне райкомнан ұсыныс қоса алынып, тиісті құжаттар бесін ауа Қызылордаға жеткізілді. Бізді обком ғимаратының екінші қабатында бірінші хатшының көмекшісі күтіп алды. Кейіннен хабардар болдық, Молдалиевтің  бесжылдықты 3 жарым жылда орындады деген ра­порты екі күннен соң Қонаев арқылы Брежнеевтің өз қолына тиген. Бұл партияның кезекті съезі алдындағы қарбалас еді. Осы жағдайдан хабардар болғандар Сүйекеңді алдын ала «Герой болуыңмен» деп құттықтап жатты. Алай­да, мемлекет басшысы жоғары награ­даны сол облысқа жауапты өкілі­нің ұсынысы негізінде бекітеді екен. Осы жерде бір кәкір болды ма, алғаш­қы межеленген Еңбек Ері атағы өзгер­тіліп, сол жолы оған «Ленин» ордені тапсырылды.

Озат шопанның жары Әлима апай да – отағасына сай бейнеткеш. Ол кісі­нің қоржын басы толы қозыларды бір-біріне шатастырмай, ене-бала жасап табыстырып жатқанына куә болған өкілдер жырдай етіп айтып жүретін-ді. Мал шаруашылығындағы қиын жұмыста жүріп, он баласын аман-есен өсірді. Ұрпақтары еліміздің әр саласында аянбай жұмыс жасап, ата жолын жалғастырып келеді. 

Иә, қоғам үшін қажымай еңбек етіп, өнегелі өмір сүрген асыл азамат Сүйіндік Молдалиев. 2002 жылы бақилық болды. Аудандық ауылшаруашылық бас­қар­ма­сының бастығы болған Срайл Скен­діровтің ұсынысы, ардагерлердің қол­дауымен еңбек саңлағына Жаңақор­ған ауданы орталығынан көше атауы бе­рілді. Отан алдындағы парызын адам­гершілікпен орындаған адамдар, әрине, үлкен құрметке қашанда лайық. Кенттегі С.Молдалиев атындағы көше – соның дәлелі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

жазушы-журналист,

Шиелі ауданының Құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<