Кенесары – соңғы ханы Алаштың

855

0

Ұлттық сананы қалыптастыруда ұлт-азаттық қозғалысының тарихтан алар орны ерекше. XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарына талабы мен талантын, шабыты мен табысын бағыштаған тарихшы-ғалым ҚРҰА-ның мүшесі, профессор Ермұхан Бекмаханұлы екені баршаға аян.

Жеке басқа табыну кезінде, Кеңестік тоталитарлық дәуірде ұлт-азаттық қозғалыстың зерттелуі мүмкін болмады, шындық бұрмаланды, шындықты айтпақ болған Ермұхандай ғалымға қылбұрау салынды. Сөйтіп 25 жылға сотталып, итжеккенге, Сібірге айдалды.


Еліміз егемендікке жетіп, тә­уелсіздік алған сәтте шын­дықты ашып айтар күн туды. Жұрт­шылыққа мәлім, Алтын Орда ыдырап, Шыңғысхан іргесін қа­лаған империя құлаған кезде оған 300 жыл бойы бағынышты болған орыс мемлекеті есін жиды. Дәл осы кезде түрік тек­тес халықтардың да, Қырым, Қазан, Астрахань, Қазақ, Сібір хандықтары құрылды. Орыс мемлекеті бірте-бірте күшейіп, империяға айнала бастады. Ол алма-кезек Қырым, Қазан, Аст­рахань, Сібір хандықтарын жаулып, өзіне бодан етті. Сөйтіп, біздің сахараның шетінен бір-ақ шықты. Қазақ еліне Бұқар ата айтқандай:


Шашын күнде тарайды,


Күншығысқа қарайды, – дейтін орыс елінің өкіметі көзін тікті. Оны болашақта жаулап алу идеясы сол XVI ғасырдан бастап, Ресей патшаларының бір сәт жатса түсінен, тұрса ойынан кетпейді. Бірінші Петр «Азияның кілті мен құлпы» саналатын қазақ сахарасы ертелі-кеш Ресейге қосылуы, бодан болуы осылай мемлекеттік саясат дәрежесінде қалыптасты.


Қазақ еліне іргелес қорғандар салына бастады. Қазақ жеріне әскери экспедициялар жасақ­талды. Ақыр аяғында 1731 жылы Әбілқайыр Ре­сейге өз еркімен бодан болды дегенді бетке басады. Шын мәнінде бұл іс Ермак жорығынан бастап, ерте ме, кеш пе қазақ елі Ресейге қалайда қосылуы ақиқат болатын.


1822-1824 жылдары отаршыл­дықтың жаңа кезеңі басталды. Хандық билік жойылды, қазақ елі орыс мемлекетінің губер­нияларының құрамына енді. Қазақ елінің бір бөлігі – Бөкей ордасы Нарын құмына резервацияға айналды. Енді әскери отаршылдар қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен, қолқасынан алып, шұрайлы жерлерін тартып ала бастады, Астрахань, Сібір, Орал казактары қо­ныстанды. Қазақ елінің басына күн туды. Міне, осы сəтте тарих сахнасына Сырымдай, Исатайдай, Махамбеттей, Есет­тей, Жанқожадай, Кенесары хан­дай ұлы перзенттері келді.


Біздің тарихнамада XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстағы кемшіліктеріміз қан­дай деген сұрақ туады?

  • Ұлт-азаттық қозғалыс империя тұрғысынан қаралып келді.
  • Азаттық үшін көтеріліс бір-бірі­нен бөлшектеніп жеке-жеке қаралды. Ал шын мәнінде 1784-1797 жылдар С.Дат­ұлы бастаған көтеріліс, 1824-1836 жылдардағы Саржан сұлтан бас­таған халық толқуы, 1836-38 жылдар­дағы Исатай-Махамбет бастаған кө­­­те­ріліс, 1837-1847 жылдардағы Ке­не­­сары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жыл­­дардағы Жанқожа бастаған кө­теріліс, міне, осылай тізбектеле кете береді. Сонау XVI ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-ге жуық көтерілістерді санауға болады.
  • XIX ғасырға үңілсек, Ре­сей отар­шылдығына қарсы 25 жыл­ға созылған наиб Шәмілдің қозғалысы, поляктардың көтері­лісі, Әндіжандағы халық толқу­лары.
  • Ал әлем көлемінде бір кезеңде Үн­дістан сыпайлары ағыл­шын отаршыл­дарына, Абд-әл Кадар бастаған Алжир халқының француз отаршылдарына қар­сы, Қытайда ұлт-азаттық қозғалыс­тары жүріп жатты.
  • Ресей тарихнамасында оты­рықшы­лық цивилизациясы көш­­пенділер өрке­ниетіне қарсы қо­йылып келді. Дала өркениеті отырық­шылық өркениеті­нен бір­неше саты төмен қаралды.
  • Шын­дығына келсек, көшпен­ді­­лерсіз отырықшылар өр­ке­ние­ті жоқ. Олар болса Ма­ке­дон­ский­дің, Шыңғысханның қа­лың қолын тоқтатты. Ресейді, Еуро­паны талай рет апаттан алып қалды. Көшпенділер өркениеті әлемге жоғары өнерімен, мәде­ниетімен, әдебиетімен, соғыс өне­рімен танылды. Көшпенділер өркениетінің құдіретінің бірі – хандық билеу құрылымы.

  • Хандық билік XVII-XVIII ғасырлар­дағы даму барысында бір­неше кезеңнен өтті. Жау жағадан, бөрі етектен алған заманда ханның қаһары қайтты, оның күні барша халыққа түсті. Хан әулеті, сұлтандар, феодалдар қиын-қыстау күнде халыққа қал­қан бола алмады, олардың қоғамдағы мәртебе-дәрежесі тө­мендеді.
  • XVIII ғасырда Шыңғыс әулетінен тараған ханзадалардың қадірі құлдыраған кез еді. Ел басына күн туған кезде қазақ елінің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті. Ха­лықтың ары мен намысын қорғар ер, күрес стратегиясын болжар көреген, қажырлы қайраткер ғана дүрбелең сынынан өте алды. Бөрілі байрақ көтерген ұлы Шыңғыстың ата дәстүрінің шын мәніндегі мұрагерлері азайған шағы еді. Міне, осы сәтте қазақ еліне жау ойран салғанда, Бұқар баба айтқандай, «қиядан қиқу төгілсе, атының басын тартпаған, қисапсыз жау көрінсе, түршігіп беті қайтпаған батыр шыққан халқыңнан, қазақ атты халқыңнан».
    Қарадан шыққан әскери элита, елге билік айтқан шешендер мен көсемдер ханның тірегіне айналды. Хандық билік пен ақыл-күштің тетігі – батырлар мен билер билігіне ұласты. Билер мен батырлар әкелген қара халықтың рухы хандық өктемдікті шектей білді.Үш жүз біртұтас халық болып қауышып, ынтымақ-бірлік туы астында табысатын.
  • Шын мәнінде, осындай барша халық­тық жиындар сол заманға лайық пар­ламент болатын. Абылай ханның дана­лығы мен көрегендігі осы бір дала де­мократиясын, хандық диктатураны бір тірекке сала білді. Ерлік – ұранымызға, бірлікқұранымызға осылай айналды. Бөгенбай бастаған, Қабанбай қостаған жаужүрек батырлар – Абылайдың семсер ұстаған қолы болса, Бұқар дана мен Төле би бастаған шешендер мен көрегендер тобы Абылайдың сезімтал жүрегі бол­ды. Міне, осылай диктатура мен дала де­мократиясы жаугершілік за­манда өзіндік үндестігін тапты. Хан жанында билер алқасы, әділ­қазылар алқасы, хан Кеңесі қалыптасты. Басқаша айтқанда, осы бір кезеңде дала демокра­тиясы дүрілдеді.

  • Сондықтан кейбір зерттеу­шілердің хандық құрылысты тарихи кезеңде нақты зерттемей монархияға апарып тіреуін мен өз басым дұрыс деп санай алмаймын.

  • 1822-1824 жылдары хандық билік біржола жойылған кезде Кенесары хандық билікті қалпына келтіремін деп күрес бастағанда атасы Абылай, әкесі Қасымның жолын қуды.

  • Кеңес тарихнамасында біз хан Кенесары қозғалысын «бау­кеспелер» дәрежесіне, ал хан Кененің өзін қара жолдың бойын торуылдаған қарақшы бейнесіне дейін төмендетіп келдік. Ал қазір хан Кенеге деген құрмет жоғары сатыға көтерілген сәтте де сол тарихи тұлғаның қадір-қасиетін біз әлі де жете біле бермейміз. Ал, шетелдік тарихшы В.Потто хан Кенені «қазақтың Шәмілі» деп бағалаған.
  • Алайда Кенесарының өле-өлгенше күресіп өткенін, ал Кавказ халықтарының рухани көсемі атақты имам Шәмілдің орыс басқыншыларына қарсы жиырма жылдан аса соғысып, ақыр соңында өзі берілгенін де естен шығармаған ләзім. Имам Шәмілдің аруағын шешен елі, бүкіл Кавказ жұрты әлі күнге дейін қастерлейді, рухына табынып отырады.
    Ресей империясы Кенесарыны «бү­лікші», «қарақшы» деп, ал сұлтандардың көбісі «ақ патшаға боданбыз» деп ант бергесін жеріне қала салып әскерін төгіп жатқанда мыңқ етпегесін Ресей қазақ даласын өз жерім деп үйренген ғой.
  • Бірақ, шындығына келсек, Кенесарыны барша қазақ өз ханы сайлаған!
    Он жыл бойы үзіліссіз Ресей имп­риясымен, опасыз Қоқан хандығымен соғысып, өз ғұмырын арнаған соңғы ханымыз 1847 жылы шейіт болды.
    Нысанбай жырау жырлағандай Кенесары өлгенде:

  • Кене ханның тұсында,

  • Қарт бурадай жарадық.

  • …Кене хан жазым болған соң

  • Шіл боғындай тарадық.

  • Көрінгеннен қорғалап

  • Кісі аузына қарадық! –
    деп елдің жайын тура айтқан.

  • Жүрегі лаулаған от, ғажайып патриот хан Кене еңкейсе, иен еліне, шалқайса, асқар шыңына сүйенеді, халық басына күн туғанда елдің тірлігін, елдің бір­лігін, оның еркіндік туын ұстаған ер. Кене ханның батырлығы – ерен батырлық.
  • Ол – дәуір перзенті, дәуірдің алып тұл­ғасының бірі, алмағайып ғасырдың батыры.

  • Тәуелсіздік үшін арпалысқан Кене­сарыдай ерлер халық тарихында мәңгі жасайды.

Өтеубай Қожақұлы,


тарих ғылымдарының
докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<