Абай – пірі қазақтың

826

0

Абай ұлы, Абай – пірі қазақтың,

Уақытында уын ішкен азаптың.

«Қайран қазақ, қайран елім» деуменен,

Арқалаған батпан ауыр азап-мұң.

Қараңғы елдің сәулесіне айналған,

Өктем жырмен аспандағы айды алған.

Отты өлеңмен өзегіңді күйдірген,

Ұлы Абайын қалың елім ойға алған.

Күні кеше келіп еді кім елеп,

Абайыммен биік тұрмын бір ерек.

Егемен ел өз тізгінін қолға алып,

Ғаламатқа бара жатыр ентелеп.

Қараңғы елге жеткізе алмай от жырын.

Өкінумен ғасырында өтті кім?

Білген жанға ол – Абайы қазақтың,

Туған тілдің биіктеткен шоқтығын.

Қара сөздің қасиетін ұқтырған,

Абай десе, бүкіл әлем тік тұрған.

Қазақ-Абай егіз ұғым білгенге,

Жыры қандай ойып түсер шоқ тұрған.

Мына ғалам мойындаса Абайды,

Абай жолы мың ғасырға тарайды.

Уақыт өтер,   бірақ Абай жырлары,

Жүрегіне терең бойлар талайдың.

Қазағымның Абай биік тұлғасы,

Ақындарға шабыт берер жыр басы.

Өзің жайлы толғанады адамзат,

О, кемеңгер, ұрпағыңды тыңдашы.

Алға тартса, көш керуендей тізбегі,

Абай әнін, жырын әлем іздеді.

Талай ақын өзің жайлы толғанып,

Шабыт ұрып, үміт отын үзбеді.

Бір Абайдың өзі-ақ бізді танытты,

Абайымен мына қазақ бақытты.

Діні, ділі, тілі берік ел үшін,

Маңдайының жұлдызы боп жаныпты.

Тек тойлайды ЮНЕСКО демеңдер,

Абай – ақын, Абай – дана, кемеңгер.

Мақтан, қазақ, елім бүгін марқайса,

Ұлы Абайға тағзым етіп келем мен.

Файзулла САХИЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<