«Ащы да тәтті өмір» – ақиқат айнасы

570

0

 Белгілер қаламгер,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, 20-ға тарта прозалық, драматургиялық шығармалардың авторы, Сыр перзенті Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» атты жаңа туындысы жарыққа шыққан болатын. Қаламгер мақсатының түп-төркініне бойлатып, терең ойға жетелейтін «Олигарх және олимп» роман-элегиясы туған елінен жырақта жүріп, кәсіптің көзін тапқан қазақ жігітінің өмірінен сыр аңдатады. Сырын білмеген адамға сауырын сипата қоймайтын бизнес бәсекесінде бағы өрлеген жігіттің шым-шытырық оқиғаға толы өмірі оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Сонау Еуропа елінен ат арытып келіп, қазақ баласын бауырына басқан американдық беделді бизнес өкіліне сенімді серіктес болған қазақ жігіті Аспан есімді ке­йіпкер  әлгі серіктесі өмірден өткен соң, оның заңды мұрагерімен етене араласады. Өйткені екеуі елдес, тіпті жерлес болатын.

Осынау әлемдік бизнес жолында ол күншілдік, алдау, арбау сияқты берекесіздікті талай басынан өткереді. Әйтсе де, бойындағы адами қасиетінің арқасында арам пиғылды аяқтан шалушыларға алдырмай, абыройын сақтап қалады. Бүгінгі қоғамдағы адам қолымен жасалып жатқан құйтыр­қы әрекеттердің бетпердесін ашып, аққа қара жұқпайтынын айғақтайды. Өмір жолындағы әрбір кездескен қиындықтардан сабақ алып, адамдық, азаматтық болмыстың қалыптасуын өз ой-толғаныстарымен тұжырымдап отырады.

Оқиғаның соңында алпауыт кәсіпкер ту­ған елге оралып, Отанына қызмет етуді ойға алады. Қоғамдағы жауапты міндеттерге мойын бұрып, өзін алаңдатқан қилы-қилы келеңсіздіктерден өскелең ұрпақтың өмірін сақтап қалуға бел буады. Шығарма желісінде басты кейіпкер мен жазушының образы бір-бірімен астасып жатыр. Анығын оқырман өзі ажыратар деген тәрізді…

Кітаптың екінші бөліміндегі «Интерадам» роман-әфсанасында жазушы шынайы жүзін жасырып, интернет арқылы байланыса бастаған бүгінгі адамзат баласының болашағына алаңдайды. Жаһанданудың кесірі адамның сана-сезімін жаулағанымен қоймай, жан-тәніне де жазылмас дерт жұқтыратынын жеткізе баяндайды.

Қоғамдағы өзекті тақырыптарды тарқатқан бұл туындының оқырманға ой салар дүние екені даусыз.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<