Қызылорда – бұл бақыттың мекені!

505

0

 Туған тілдің қалқып ішіп қаймағын,

Сарқылтпаған дәстүр, ғұрып қайнарын.

Алты Алаштың анасына айналған,

Қызылорда – құтты мекен, аймағым!

Әлемге аян ақ алтыны – күріші,

Күрішімен артқан дәйім ырысы.

Төрт түлігін баптай білген өлкемнің

Кәсібімен кеңейіп тұр тынысы.

Туған қалам күннен-күнге гүлденіп,

Келе жатыр ертегідей күйге еніп.

Әсем, зәулім ғимараттар бой түзеп,

Көшелерге сән беріп тұр түрленіп.

Жер-жаһанға Қорқытпен де таныспын.

Байқоңырым бастауындай ғарыштың.

Қамыстыбас, Перовск, Ақмешіт,

Қызылорда боп тарихымда ауыстым.

Шалқар теңіз, балығы бар Аралым,

Небір саңлақ шыққан сенен, Қазалым,

Тәлімі мол терме-жырдың тұнығын

Қасиетті Қармақшыдан табамын.

Ал, Жалағаш жерден тапқан нәсібін,

Сырдария дөңгелеткен кәсібін,

Ыбырай, Нартай – Шиелінің мақтаны,

Жаңақорған – құт дарыған асылым.

Мәдиналар әз өнердің гүлі еді,

Әбділданы исі қазақ біледі,

Ақын, ғалым, Еңбек Ері, чемпион,

Қайраткерлер Сырдан да ұшып түледі.

Бағыты айқын шұғылалы ертеңі,

Желбірейді татулықтың желкені.

Тірлігіне жарастырған бірлігін,

Қызылорда – бұл бақыттың мекені!

Ауылым Абай, туған жерім тұғырым,

Мәнді өзіңмен менің мынау ғұмырым,

Өркендеу де арқасында елдіктің,

Мықтап ұстап тұрақтылық уығын.

Шежірелі, қазба байлық алабы,

Ұлы дала ұрпағымын саналы,

Атамекен, Тәуелсіздік, Тіл, Дәстүр,

Рәміздерді ардақтаймын бағалы.

Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУдың

1курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<