Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға

1794

0

 Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Сыр бойы» газеті ақын-жазушылардың, белгілі тұлғалардың хәкімге арнаулары мен лебіздерін жариялай бастаған еді. Бүгін Мағжан Жұмабаевтың «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» атты өлеңін ұсынбақпыз.

Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес.

Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,

Қисайып, қыңырайды жұртың иттес!

Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!» – деп,

Болды ғой жақын туған бәрі кектес.

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,

«Қор болды қайран сөзім босқа!» деме.

Артында қазақтың жас балалары

Сөзіңді көсем қылып жүрер жөнге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Жүрген жанның артында ізі қалар,

Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.

Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,

Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!

Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<