Хамиттың асығы

418

0

Бала күнімізде ағайын-туғанның үйінде той-томалақ болса, сойылған уақ малдың асығын иемденуге асығамыз. Әйтеуір, құйтақандай құндылық бабы мен бағы келіскеннің қолына түседі. Тіпті сол үшін талаймен мүйізіміз ілінісіп те қалды. Ол үшін кек алып жатқан ешкім жоқ. Сәлден соң ойнап-күліп кетесің.

– Жүрсеңші, Хамиттікіне барайық, – деді көрші Қазыбек.

Балалармен асық ойнап ұтылып қалған. «Баламысың» деген ғой, айналаны басына көшіре айғайлап жылаған соң әжептәуір үлкендер Пәшен әжейден қорқып тайып тұрған. Енді үйге құр алақан барғысы келмеді. Ал бірер жас үлкен Хамит асық сатады. Ағы керек пе, көгі ме, әлде сарысы ма – бәрі табылады. Әжейдің пенсиядан тығып берген 200 теңгенің ұшын шығарды. Оған 100 асық түседі. Екеуміз ентелей кірдік. Хамит мыңдаған асықтың ортасында отыр.

– Неше асық аласың?

– Маған жүз асық бер.

– Қалағаныңды ал. Санынан жаңылыспасаң болғаны…

Екеуміз қалтамызды толтырып алдық. Ал Хамит берген асықтарына қимастықпен қарады да:

– Қане, бір қол ойнап жіберейік те. Тіпті асығыңды екі еселеп әкетуің мүмкін ғой, – деді.

Қазыбек шеңбер сыза бастады. Сырттай қарап тұрып, мен де кірісіп кеттім. Ойнаған үстіне ойнай түстік. Қазыбек ұта бастады. Бірнеше сағат өтті. Қазыбек екеуміздің қорымыз азая түсті. Ал Хамиттің мергендігі нығая бастады.

Кеш қарая бастаған. Көл жағасымен басымыз салбырап қайтып келеміз. Әлгі жүз асыққа қоса менің қалтамдағы елу шақтысы да Хамиттың қолында қалды. Сол үшін қатты қапаланған едім. Қарап отырсам, жай әншейін екен ғой.

Расымен, асыққа құмартып өскен толқынның соңы біз секілдіміз. Өйткені, 90-жылдары өмір есігін ашқан бізден кейінгілер асық ойнауға асыққан жоқ. Асыр сап ләңгі де теппеді. Мұз үстінде доптаяғын шолтаңдатпады. Арал жақтың балалары кәнөк деп атайтын шананы да сырғанатып, қолға істік істеп, мұзда сырғымады. Өзгеге кінә таққыш біз бұл үшін кімді кінәлаймыз? Осының бәрін бір смартфонның ішіне сыйдырып қойып, баланы жылы пештің түбіне тығып қойған қоғамды ма?! Бәлки, өзімізден шығар, ә?! Сіз қалай ойлайсыз?!

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<