Келіншегін бесікте тербеткен жігіт

473

0

– Мен келіншегімді бесікте тербеткен адаммын, – деп маған жымия қараған жігіттің бұл сөзі алғашында ерсілеу көрінген.

Қала көшелерін аралап келеміз. Темір жолдың арғы бетіне өтем дегенше қатты ойландым. Сұрайын десем, ішімнен «қайбір оңған әңгіме дейсің?» деген бір ой қылтиып қояр емес.

– Аға, сонда келіншегіңіз бесікте тербетуіңізді қалады ма? – дедім түк білмегенсіп.

– Е-е-е, ол ұзақ әңгіме, – деді де таксист басында сегізтігісті шәпкіні бір шешіп, бір киді. – Ол кезде мектеп жасындағы баламыз. Сыныптасым Зухрамен жақсы қарым-қатынаста болдық. Күн сайын көшеге шығып, шемішке шаға отырып әңгіме-дүкен құрамыз. Гитарамен ән шырқаймыз. Ал Зухра кішкентай сіңлісін арбаға салып ала шығады. Тіпті кей күндері соның үйіне жиналғанда маған өзімсініп, бесіктегі сіңлім жылап жатыр, тербете салшы деп те айтатын. Ауыл баласы бесаспап қой. Бәріне үлгереміз.

Әлі де болса, әлгіндегі сөздің қисыны шыға қоймады, білем. Түнгі қаланың жарқыраған шамдарына көз тастадым. Жаз мезгілі болатын. Таксист қауынбазардан тағы бір жолаушыны мінгізіп алды. Бағытымыз бір екен: «Автоген».

– Інім, әрі қарай тіпті қызық.

Өзі бір ақкөңіл, ақжарқын адам екен. Мен көзімді ала бере санымнан соққылап жіберіп қаратып алады. Мен оның әдетіне үйрене бастаған сияқтымын. Темекіні әкесінің ақысы қалғандай сорғылап тартып-тартып, аузынан паровоздың түтінін бұрқыратееееп шығарады. Тәйірі, бұл да өнер ғой, ә…

– Мектеп бітірдік. Әрбіріміз өмір мектебінен дәріс алуға әр қалаға аттандық. Мен ауылда қалдым. Трактордың руліне қонжиып отыра кеттім. Жылдар өтті. Жасым 40-қа таяды. Қатарымның балалары сабаққа барады. Ал мен соқа басым сопиып әлі жүрмін. Бұйрық болмай жүр деген бар ғой, сол рас екен. Бұйрығың жарасқан адамыңды кезіктіргенде жүрек дік ете қалады екен ғой. Сөйтіп, ойда-жоқта баяғы өзім бесікте тербеткен қызды, яғни сыныптасым Зухраның сіңлісін алдым. Қалай, қызық па, інім?! – деп тағы да санымнан қойып қалды.

Еріксіз жымидым. Расымен қызық екен.

Тағдыр дегенді қойсаңшы. Ауылдағы Әдөш досым ойыма түсіп кетті. Оның маңдайына кім жазылған екен?! Оның жүрегінің де дік ететін кезі келді ғой!…

Аян СПАНДИЯР.

   

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<