Перизат шешей

555

0

Сәуір айының бейсенбісі. Көбіне-көп осы күні дастар­хан  жайылып, марқұмдарға құран оқылады. Сондай бір имандылық шараға қатыс­қанбыз. Кіреберіс залдағы телефон шыр-шыр етті. Қа­радомалақ бала жүгіріп кел­ді.
– Әже-ау, әже деймін, Сізбен Жандарбек көке сөй­лесемін дейді.
Ілиза  ханым ұшып тұр­ды. Жасы сегіз онға таяп қалса да жүрісі жеңіл, жи­нақы. Аққудай таранып сән­ді киінеді. Бет-әлпетінде әжім­нің ізі де жоқ. Құралай кө­зі күлім қағады. Замандас ке­ліндерінің «Перизат шешей» деп сыйлап, алдынан кесе өт­пеулері, сірә да тегін бол­маса керек!..
– Әлгі Қапшағайдағы Жандарбегім ғой, – деді қа­рия дастарханға қайта жай­ғаса беріп, – кел  апа, кел дей­ді. Кезек менікі, биыл­ғы оразаңды бізге келіп тұт дейді. Зымыран уақыт-ай! Мен бұл үйге келін боп түс­кенде осы Жандарбек 2, Семсер 3, Айгүл 5, Асқар 7, Әлима 10, Света 12, Нұрғали 18 жаста еді. Жақсылықтың сол кенжесінің өзі қазір елу­ге келді. Үйлі, бала-ша­ғалы. Өзгелері де солай. Ұл­дар үйленді, қыздар ұза­тылды. Бәрі де жоғары, орта арнаулы білім алды. Қызмет бабымен әр қалада тұрады. Жиі-жиі шақырады. «Сізді күтіп отырмыз» дейді. Айна­лайындар-ай! Әне­бір өтпелі, қиын кезеңде, қой десем қоймай, жиналып келіп менің 60 жылдық мерейтойымды дүркіретіп өткізді. Ризамын ғой, разымын!.. Жақсылық осының бірін де көрмей кетті. Қызық-шыжығына  мен қалдым. Ерлі-зайыпты бо­лып, небәрі жеті-ақ жыл ота­сыппыз. Жеті-ақ жыл!.. Жақ­сылықтың дүниеден оз­ғанына да міне, биыл 44-ші жыл! Кәйтейін, қараша­ңы­рақтың отын өшірмеуге уәде бергем. Сол сөзім – сөз!..
Ал бұл әңгіменің арғы төркінінен мұнда жинал­ған­дар мүлде бейхабар-ды. Оларға бәрі жұмбақ. Бұл от­басының өткен-кеткен хи­каясын шерту үшін маған тұтас жарты ғасырдай мер­зімге шегініс жасау  қажет болды.
***
Иә, сол 1968-ші жылдың күзі еді. Қара жаңбыр күн аралатпай құйып тұр. Нө­серлей төгіледі. Аялда­ма­да көлік күтушілер көп. Қа­ра торы, торсықтай, орта бой­лы, қызыл шырайлы Ілиза бойжеткен де солардың ара­сында тұрған-ды. Ентігіп автобус та жетті-ау. Жұрт иықтаса лап қойды. Ілизаның жанына ұзын бойлы, ақсары жүзді жігіт ағасы жайғасқан.
– Ау-у, Ілиза қарындас, бұл сіз бе? Пәлі, кездескен жерімізді қара, «Аралтұз» кентіндегі ағайын-туыс, өз үй-ішің, Жолмахан аға мен Сапура апай қуатты ма? – деп жігіт ағасы бұрыннан да таныстығын танытып жөн сұрасты.
– Рахмет, Жақсылық аға! Бәрі есен-сау. Бір шаруа­мен қалаға келіп едім, кеш­кі ауысымға жұмысқа түсе­тіндіктен асығыс қайтып барамын.
– Солай де. Жөн-жөн. Ауа райы құбылып тұр ғой. Тоңазып қалған жоқсыз ба? – деп Жақсылық бойжеткеннің қолын ұстады.
– Ишша-ай! Қолыңыз мұздай екен, ағай! – деді Ілиза әрі қарай жылжи түсіп, – қолғап киіп алмадыңыз ба?
– Ой-й, Ілизаш-ай, қолғап қолды жылытар, ал жүректі кім жылытады?!
Бұл салмақты сөз еді. Бойжеткен жауап қатпады. Десе де, қарақат көздері жі­гіт ағасына қадала қалды. Ал қыз жанары лапылдап от шашып тұр еді…
***
Жақсылық орта жолдан түсіп үйіне жаяу тартты. Ойы он саққа жүгірді. Көз алдына өмір жолы тізілді. 1929 жылы дүниеге келген. Қалқоздастыру, одан әрі ашаршылық тұсында ата-анасы хабар-ошарсыз жоғал­ды. Шыр етіп жерге түскенде етегіне орап алған, осы күнгі көзі тірі Ақшыбық анасының бауырында өсті. Бұларды Ақ­шыбықтың Бибіжар қы­зының күйеуі Әбіш Ерім­бетов қамқорлыққа алды. Би­біжар жастау кезінде қай­тыс болды да, орнын бас­қан Әмижан ана да жүрегі жылы, жайлы адам болды. Жақсылық 1947 жылы он­жылдықтың аттестатын алуына «Сазды» орталау мек­тебінің бастауыш сыныбына мұғалімдікке тағайындалды. Үш жылдан кейін, яғни 1950 жылы Алматыдағы Қа­зақ мемлекеттік Заң универ­си­тетіне түсіп, оны бітірген 1954 жылы Жалағаш ауда­нында судья, төраға болып 1965 жылға дейін істеді. Сол жалағаштық Тұрсынкүлге үйленді. 1965 жылдан Арал­ға ауысып судья, төраға мін­деттерін абыройлы атқарып жүр. Өкініштісі, 32-ге тол­ған Тұрсынкүлі кенет көз жұмды. Үйде 2-18 жас ара­лығындағы жеті бала мен 79-дағы Ақшыбық анасы отыр. Соларға қарайтын ина­батты біреу кездессе деп іздеп-ақ жүрген. Әлгі қа­ракөз Ілиза біртүрлі ыстық көрінді. Жас шамасында да пәлендей алшақтық жоқ. Мен 40, ол көп болса, 25-27-лер шамасында шығар. Ең дұрысы – көпбалалы үй­дің тұңғышы. Демек, бала мінезіне қанық. Өркеуде, көзі отты екен. Ондайлар алда­майды және алданбайды да. Қиындыққа қайыспайды. Түсі суықтау ма, қалай? Бала тәрбиесіне қатаңдау болғаны да жөн-ау. Тек жүрегі, жүрегі жылы болғай!..
***
Тұз қалталау цехы. Ав­томат машиналар зырылдап тұр. Ауысым ауысқанша солай. Жан-жағыңа бұрыла да алмайсың. Жұмыстан бо­саған кезде ғана қалаға жол түседі. Екі ара шалғай емес. Керек-жарақ, азық-түлік со жақтан тасылады. Жігіт ағасымен кездейсоқ дидарласып, кездесіп қала беретін болды. Ілиза көңіл иірімінің солай қарай бір­жола бұрылғанын сезді. «Жар­дың  да, қарияның да жайын табармыз-ау» деп, іштей толғанады. «Бала­лар­ды айтсайшы!.. Олар­ға аялы алақан керек-ау!» Осындай тебіреніс үстінде көзі ілі­ніп кеткен-ді. Түс көрді. Ыс­қырған дауыл. Ақтүтек боран. Бұл адасыпты. Біреу айқай салады. «Ай-қаракөз қайдасың, қайдасың?» дейді. Ақтүтек ішінен өзіне таныс жігіт ағасы Жақсылықтың сұлбасы көрінеді. «Жеттің бе, таптым-ау!» дей берген­де оянып кетеді. Түсін жақ­сылыққа жорады. Тек «Ай-қаракөз» дегенін түсіне ал­мады. Әлде Абай дананың Шү­кіман қызды Әйгерім атағандайы ма екен деп жымиды.
– Тұр қызым, – деді Са­пура анасы ұйқылы-ояу  қы­зының жанына келіп, – Әбіш аға бастаған құдалар келді. Таңдау өзінде. Тоқетер сө­зің­ді айт!
– Анашым, мен келістім, бұйырмыс солай шығар, – деп Ілиза өз шешімін бір-ақ айтты…  
***
Ойхой, әйел-ана көктемі-ай! Суық үй жылыды. Қам көңіл жадырады. Бала жү­зінде күлкі ойнады. «Апаш, апаш-ау» деп тілі енді-енді шыққан Жандарбек пен Семсер ізінен қалмай етегіне оралды. Бес жастағы Айгүл мен жетідегі Асқар состиып тұрды-тұрды да, көздерінен жас мөлтілдеп –  «Апашка, біржола келдің бе?» деп ана құшағына қойып кетті…
– Құлыншақтарым-ай! – деп еміренді Ілиза оларды бауырына басып.
– Құдай-ау, бергеніңе шү­кір, құлдық-құлдық, – деп Ақшыбық кейуана ұмыт қалған намазына қайта бас қойды.
Түс  мезгілі еді… Жақсы­лық түскі асқа келген. Шар­бақтан кірді де қалт тұрып қалды. Ілиза аулаға шағын қазан орнатқан. Бәліш пі­сіріп жатыр. Бала біткен соның айналасында.
– Апа маған, апа маған!..
– Қазір, қазір…
Бәлішті тәрелкелеріне ке­зек-кезек тастайды. Олар мәз-мейрам. Көлең­кедегі Ақ­шыбық анасы күлімсіреп, балдарына ауық-ауық көз са­лып, шырайланып-ақ отыр.
Жақсылық судьяңыз шы­дай алмады. Бір-жар там­шы көзінен ытқып кетті. Тұр­сынкүлі кеткелі балда­рын шат күлкіге бөлеген Іли­заның мына ісіне бек сүй­сінді. Сөйтсе де, өзінің осал­дығын байқатпай, үй жаққа өтіп кетпекші еді. Балалары көріп қалып:
– Папа, папа! Келіңіз, бә­ліш жеңіз. Тәтті, тәтті, – деп жабыла шулады.
Өмір өз арнасына түсті. Жайбарақат, жайсаң, бейбіт күндер өтіп жатты. 1973-тің басында дүниеге қыз бала келді. Тартылған теңіз толқынданып жағалауға қай­та оралсын деп ырымдап есімін Толқын қойды. Осы Толқынның алты айлығында Ақшыбық енесі:
– Ілиза қарағым, – депті бір күрсініп алып, – аштық, аласапыран жылдары ада­сып қалған Апықай атты апам бар, көріспегелі 62 жыл өтіпті, Қарақалпақ жақта екен, оны да зерттеп тапқан Жақсылық. Міне, 81 жасқа қадам бастым, биылдан қал­сам көрем бе, көрмеймін бе, соған дидарластыр. Сөйтсең, пейіштің есігін ашқанмен бірдей болар ем…
– Балаңыз ұлықсат етсе, тәуекел жасайын!..
Маусым айы. Емізулі бала. Бесінші сыныптағы Асқар «Мен де барамынға» басты. Сөйтіп төртеу болып ұшаққа отырды. Нөкіске кел­ді. Одан әрі таксилетіп Мой­наққа барды. Тағы да такси. Көк шаң. Май топырақпен алысып жетті-ау!
Апалы-сіңілілі екеуі көрі­сіп, қуғын-сүргінде жұты­лып кеткен туыстарын атап ботадай боздағанда, ел бо­лып қосыла жылапты дейді.
Ақшыбық ана кеулін бір­леп, Толқын да үш жасқа толып, алдындағы ағаларын көкелеп, апаларын «ақ-апа» деп алақайлап тілі шығып құлдырап жүр еді.
Әттеген-ай, атпал азамат, әділ де ақпейіл судья Жақ­сылық Тілеубаев 1976 жылы 47-ге толып, толысқан ша­ғында қан қысымынан құла­ды. Көз жұмар алдында Іли­заның қолын сипалап, «Ай-қара-гөзім, шиттей ақ­уыз бала, кәрі ана саған ама­нат» депті де жүре беріпті жайсаңың!
***
«Хас батырда ұйқы жоқ, хас сұлуда күлкі жоқ» де­мекші, қайдағы күлкі?! Күл­кі, шаттық жөніне қалды. Әр бала, әр жерде еңіреп жат­ты. Ілиза азаматын жоқ­тап, өмірдерегіне зармен шолу жасағанда көзіне жас алмаған адам қалмады. Ақ­шыбық ана «Тумасам да ту­ғаннан артық болған жа­рығым-ай, құрбандыққа өзім­ді шалар едім, жаратқан иеден бұйрық келмегесін амал қайсы?» деп маңдайын төмпештеді. Өзін-өзі жұлып жеуге бар енесін көргенде барып Ілиза тым босаңсып кеткен денесін тез жиып алды. Жан жарының аманаты есіне түсіп өр кеудесін қайта көтерді. Енесіне «Ай-й, ене­жан, талай қиын-қыстау бел­ден өттіңіз, жолбарыс пен арыстан өз жарасын жалап жазбайтын ба еді, тұрыңыз, сілкініңіз» деп жұбатты. Ал өзі белін бекем буды да өлікті жайғаруға кірісті. Қырқын, жүзін, жылын өт­кіз­гесін жұмысқа шықты.
Енді «Аралтұздағы» ав­томат машинамен тұз қал­талау мамандығына ора­лу­дың реті келмеді де, қалалық кооперацияның өндірістік цех­тарында еңбек етті. На­рық заманы келгенде дүкен ұстап, кәсіпкерлікпен айна­лысты. Айлық пен жәр­дем­ақы кешігіп, әйелдер ала­қап арқалап жан-жаққа шап­қылаған өтпелі тұста да Ілиза балдарын аш-жа­лаңаш етпей оқуларын  жал­ғастыра беруін қатаң ба­қылауға алды. Нұрғалиі ер жетіп, үйленіп, қолғабысқа жарады. Ақшыбық енесі 96 жасында, Жақсылықтан тоғыз жыл кейін үзілді. Ақ батасын алып, арулап шы­ғарып салды. Ұл-қыз өсіп, кәсібін тауып, алыс са­пар­ларға аттанды. Ілиза кәсіп­керлігін 2006 жылы біржола тоқтатты да, Толқын қызына 33 жасқа келгенде жоғары білім алуға ұлықсат берді. Ештен кеш жақсы демекші, Толқын Тілеубаева қазір әке жолымен аудандық сотта жауапты қызмет атқарады.
***
– Абысын-ау, – депті Мапу есімді бір келіні Іли­заға, – көршінің баласын бір күн паналатудың өзіне қи­наламыз, сіз болса­ңыз осын­ша жыл иесі жоқ қа­ра­шаңыраққа ие болып, тү­тінін түтетіп, Жақсы­лық­тың өз ұл-қыздарын айт­пағанда, олар­дан тара­ған ұр­пақтарымен де арала­сып, ба­ғыт сілтеп, той-тома­лағынан қал­майсыз, бұл не құдірет?!
– Әй, Мапу келін, – депті Ілиза оған жауап қа­йырып, – баланы туу бар жә­не тәрбиелеу бар. Мәселе – тәрбиеде. Менің сұсым салқын болды. Күлетін жер­де күлмедім. Өзімді ұстадым. Іші-бауырым елжіреп тұрса да ерімедім. Шыдадым. Мақ­тайтын тұста да тым  ар­тық кетпедім. Басынан си­падым да қойдым. Борке­мік, босаң болмасын дедім. Тіл тигізбедім. Қол жұм­са­мадым. Көз қара­сыммен рет­тедім. Ал жүрегім тым-тым жылы-ақ еді…
***
Жақында үйіне телефон соқтым. Трубканы ұстаған не­ме­ресі:
– А-та, әжем үйде жоқ, құс болып ұшып кетті – деді шықылықтап, – жай құс емес, Ілиза әжем бақыт құсы ғой, бүгін Маңғыстауда, ертең Атырауға ұшады, одан әрі Кентауға соғып, Алма­тының Қапшағайына қонатын болар. Қырғызстан асып, Өзбекстанға өтіп кетпесе екен деп, сағынып отырмыз. Балдарының бәрі шақырады, – деді.  
Бала көңіл дұрыс айтады. Жақсы­лықтың өкіл қызы Айқын, Тұрсын­күлдің әкесінің жекжаты Сүлеймен, Ақшыбық енесінің қызының қыздары Ұлмекен мен Ұлдай, Қырғыз бен Өзбекстандағы Апықайдың неме­ре-шөбересі, тағы-тағылармен де үзбей, ынтымақ қатынаста болғасын Ілиза ұшып жүрмегенде кәйтеді? Ұша берсін, бақыт құсы болып. Келіндер ат қойғыш-ау. «Перизат шешей» деп қалай тауып айтқан. Ілиза ханымның перизаттан несі кем? Сол  перизатыңыздың еңбек өтілі отыз үш жыл екен. Бірақ омырауына еш «шыл­дырмақ» тақпапты. Е-е, өзі перизат болғасын оны салмақ етіп кәйтсін. Онсыз да бар болмысы сәуле шашып, жүзі жалт-жұлт етіп жарқырып тұр ғой!
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласында: – «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» дегенде Ілиза Жолмаханқызы Тілеубаева сынды рухы биік қаһармандарды меңзесе керек.
Десе дегендей-ау!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер,
Қызылорда облысының «Құрметті ардагері».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<