Тау тұлғалы талант

534

0

 Айдынды Арал жұрты ерекше қуанышқа бөленген күні даңқты жерлесіміз Ә.Нұрпейісовтің көркем сөзбен жасаған әдебиеттегі әлеміне қайта бір көз жүгіртіп өттік…

«-Бетім-ай!… Масқара-ай!…

Тырыли арық Қарақатын жер­қазбаға танаурап сөйлей кірді».

Атақты «Қан мен тер» романы осылай басталмаушы ма еді? Осы бір ауыз сөзден кейін үлкен әлемге – кемеңгер суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кең әлеміне бойлап еніп кеткен едік.

Романның осылай басталуы­ның өзі сол кезде бізге ерекше көрінетін. Әдетте көлемді шы­ғармалар бірнеше беттік табиғатты суреттеуден басталатын. Ал мына шығармада бірінші сөйлемнен-ақ Арал балықшыларының ХХ ғасыр басындағы қым-қуыт та қиын өмі­­ріне еніп, жаңа бір дүниені таны­ғандай болғанбыз.

Әдебиет әлеміне жаңалық боп келген «Қан мен тер» романы тек Арал балықшыларының ға­на өмірін емес, бүкіл қазақ хал­қының, тіпті барша адамзаттың сол дәуірдегі ойы, өмір сүру салты, дүниетанымын танытқандай өз­геше кітап болатын. Жазушы бұл көлемді эпопеясын жазуға өмі­рінің он жеті жылын арнаған екен.

Өз естеліктерінде мынандай бір оқиғаны әңгімелейді. Сонау 50-жылдары ол кезде кемерінен асып жатқан теңіздің батыс беткейіндегі балықшы ауылдан аудан орталығы Аралға арбамен бірнеше күн жүріп келе жатып жас жігіт балықшы ауылдың орындарын көріп, осы өлкеде қаншама ұрпақтар жасағанын, өмір сүргенін, қан төгіп қорғағанын, терін төгіп еңбек еткенін ойлап келе жатып, санасында «Қан мен тер» деген тіркес оралады. Сол бір ауыз сөз кейін жазушы қиялынан өрбіп, жылдар бойғы қағаз бен қаламға шұқшиып, өзіне етене таныс балықшылар өмірін жазудан осы әлемге танылған эпопея дүниеге келген болатын.

Аралдықтардың, балықшы қауым­ының мақтанатын бір тұл­ғасы, азаматы болса, ол – Әбді­жәміл Нұрпейісов. Қазақ жерінің бір пұшпағы Арал атын күллі жер жаһан тарабына таныстырған қаламгер.

Өзінің әдебиетке келуі туралы әңгімесінде жазушы былай дейді: «Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдиледі. Әдебиетті жастайымнан жақсы көріп өстім. Мұғалима Ақерке апайымыздың өзі шала сауатты еді. Өзім сауатсыз болсам да, кейіннен апайдың біреуге жазған хатын оқығанда көз жеткіздім, қатесі көп екен, тіл сындыртқан сол кісіге өмір бойы қарыздармын.

Алғашқыда қолыма түскен кез келген кітапты оқыдым. Тасқа басылғанның бәрін іздеп, тауып оқып шықтым. Ең қатты әсер еткен кітап С.Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» еді. Есімде қалғаны: «Мына жазушы әр кейіпкерімен бірге жүріп жазады ма екен?» деп ойлағаным. Оныншы сыныпта «Балуан Шолақ» повесін оқыдым. «Социалистік Қазақстанға» шық­қан С.Мұқановтың оқыр­ман­дарына жазған жауа­бы көп сабақ болып, көзімді ашты. Жазудың қиын­ды­ғын ерте түсіндім. Соғыстан кейін оқушы дәптеріне он екі бет етіп «Курляндия» деген роман жаздым.

Міне, осы романның алғашқы нұсқасын жазып әкелгенде белгілі жазушы Сәбит Мұқанов күллі қазақтың зиялы қауымына:

– Нұрпейісов әскерден келді, роман жазып жатыр, талантты, менің қазақ әдебиетімде жиырма жыл күткен адамым енді келді, – деп жар салды.

Талантты таланттыны ғана танитыны шындық. Осылайша «әу» дегеннен қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары М.Әуезовтің, Ғ.Мұс­та­финнің назарына ілігіп, аты барша жұртқа бірден белгілі болды.

Қазақ әдебиетінде ойдан өрнек тоқып, қара сөздің майын қалқыған жүздеген ақын-жазушылар болған. Алайда, «Әдебиет – ардың ісі» деп қағаз бен қаламды жылдар бойы бір сәт те қолынан түсірмей, әр шығармасын қайта-қайта түзеп, өңдеп, бір жазғанын бірнеше қайтара қарап, ерекше еңбекқорлығымен ерекшеленетін жазушы – осы Ә.Нұрпейісов.

Аз жазса да саз жазатын жазу­шының «Қан мен тер» және «Соң­ғы парыз» романдары бүгінде әлем ха­лықтарының көптеген тілдеріне аударылып, қазақ әдебиеті мен мә­дениетінің мақтанышы болып отыр. Жазушы дүниеге келген, өскен Беларандағы киелі топырақ пен саф таза ауадан өрілген сөздің әуезділігі бүгінде тек қана қазаққа емес, өзге ұлттарға да белгілі. Қолына қалам ұстау арқылы ерін­бей-жалықпай туған халқының бойындағы рухани нәрді жинап, мол қазына байлық жасап ке­леді. Ол – өз елінің тарихына те­рең үңіліп, үлкен толғаныстарға барған жазушы.

Тарих деген – ең алдымен ха­лық. Оның тағдыры мен тебі­ренісін көркем әдебиетте кемеңгер суреткерлер ғана жан-жақты ашып көрсете алады. «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары сол халықтың жаңа бір қырынан ашылуы және жақсысы мен жаманы, жаңасы мен көнесі, барша бітім тұлғасы. Бірнеше ұр­пақ қаламгердің осынау туындыларын оқып, өткен тарихымыздың қатпарына тарихына үңіліп, өмір­дің мәнін адам жанының тереңіне бойлап түсінді.

«Жазушы – адам жанының ин­женері» деген аксиома Әбең шы­ғармашылығының бүкіл болмыс-бітіміне, суреткерлік әлеміне сай келеді. Оның кітаптарын оқыған сайын дүниеге келген әр адам бір-бір ашылмаған жұмбақ әлем екендігіне көз жеткізгендейсің. Қан­шама қиындықтарды басынан өткерсе де адамдық қалпын жой­маған, рухы мықты Еламан, аумалы-төкпелі заманның құрбаны аяулы Ақбала, өмір жолы әп дегенде түзу көрінгенімен, ақыр соңында адасып барып жы­ғылған Тәңірберген – ешқашан ұмытылмайтын бейнелер.

Айдынды Аралдан шығып, аты күллі әлемге танылған абыз жазушы Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов міне, тоқсан бестің төріне шаршамай, шалдықпай шығып отыр.

Ел Президентінің қаулысымен көркем сөздің мэтріне «Қазақстан­ның Еңбек Ері» ата­ғының берілуі жерлестерінің абыройын асқақ­татты. Шынымен де, Әбеңнің еңбекқорлығы ға­ламат. Сөз өне­рінде, біздің әде­биетте мұн­дай дара құбылыс бол­ған емес. Соның арқасында Ә.Нұр­пейі­сов тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетіндегі жар­қын жұлдызға айналды. Десе дегендей, атақ-абы­ройдың, өлшеу­сіз еңбектің бақ жұлдызы өр жазу­шының кеудесіне алтын жұлдыз боп тағылды. Бұл баршамыз үшін айтулы күн.

Ерғали АБДУЛЛА,

Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан 

Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<