Қуаныш

354

0

А.П.Чехов

Түнгі сағат он екілер шамасы болатын. Осы кезде шаштары үрпиіп кеткен, аласұрып, аптыққан Митья Кулдаров кіріп келді. Бөлмелерді аралап шықты. Әке-шешесі бұл кезде ұйқыға кеткен еді. Әпкесі оқып жатқан романның соңғы беттерін парақтап отырған. Гимназияда оқитын тетелес інілері ұйқыда.
– Сен қайдан жүрсің?- деді әке-шешесі. –Не болған саған?
– Мен күткен жоқ едім! Тіпті күткенім жоқ! Адам айтса сенгісіз!
Бақыттан басы айналған ол креслоға отыра кетіп, қарқылдап күлді.
– Адам сенгісіз! Тіпті түсінбейсіңдер де! Міне, көріңдер!
Әпкесі төсегінен түсті де үстіне көрпешені жамылып, Митяға жақын келді. Інілері де оянып кетті.
– Саған не болған? Түрің бұзылып кетіпті!
– Бұл қуаныштан, шеше! Міне, енді мені бүкіл Ресей білетін болады! Бүкіл Ресей!
Бұрын бұл дүниеде колледж регистраторы Дмитрий Кулдаровтың барын тек сендер ғана білетін едіңдер, енді бүкіл Ресей білетін болды! Шеше! О, Құдайым-ай!
Митя орнынан ұшып түрегеліп, барлық бөлмені аралап шықты да, қайтадан отырды.
– Не, болды өзі? Дұрыстап түсіндірші!
– Сендер газет оқымайсыңдар, жабайы сияқты өмір сүріп жатсыңдар. Ештеңе білуге ұмтылмайсыңдар. Ал газет оқысаңдар, көп нәрсеге қанық болар едіңдер! Бірдеңе бола қалса, қазір жарияланады, ештеңе көзден таса қалмайды! Құдайым-ау, мен қандай бақытты едім! Әдетте тек атақты адамдар туралы жазатын еді, енді міне, мен туралы да жазыпты!
– Не дейсің, қане?
Әкесінің өңі құп-қу болып кетті. Шешесі бұған қарады да, шоқынды. Гимназист балалардың екеуі де орындарынан ұшып түрегеліп ағасына тақап келді.
– Солай! Мен туралы жазыпты! Енді мені бүкіл Ресей білетін болды. Шеше, сен осы нөмірді тығып қойшы, анда-санда оқып тұрайық! Міне, қараңдар!
Митя қалтасынан газетті алды да, әкесіне беріп жатып, көк қаламмен қоршап қойған жерді түртіп көрсетті.
– Ал, оқыңдар!
Әкесі көзілдірігін тақты.
– Оқысаңдаршы!
Шеше баласына тағы да көз тастап, шоқынып қойды. Әке жөткірініп алды да, оқи бастады: «Желтоқсанның жиырма тоғызы күні кешкі сағат он бірлер шамасында Кулдаров Дмитрий…
– Көрдіңдер ме, көрдіңдер ме? Әрі қарай…
«Колледж регистраторы Кулдаров Дмитрий кіші Бронь бойындағы сыраханадан шығып, Козихиннің үйінде мас болып…»
– Семен Петрович екеуміз ішкенбіз! Әрі қарай оқы, тыңдаңдар!
«…мас күйінде тайып жығылып, осы жерде тұрған аттың астына түскен. Ат Юхна уезі Дурыкина деревнясының тұрғыны Иван Дротов деген шаруанікі болып шықты. Үріккен ат шананы Кулдаровтың үстімен сүйрей жөнеледі. Шананың үстінде мәскеулік Луков Степан деген көпес болады. Ал атты көше сыпырушылар ұстап алған. Ес-түсін білмейтін Кулдаров полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Осы жердегі дәрігер оның мас екендігін растайды. Оның желкесіне тиген соққы…»
– Желкемді арбаның жетегіне ұрып алған едім, әке.
Әрі қарай оқысаңшы!
«… желкесіне тиген соққы жеңіл дәрежелі. Оған медициналық көмек көрсетілді…»
– Желкемді салқын сумен шайған болатын, көрдіңдер ме? Әне, солай!
Енді бүкіл Ресейге тарайды! Әкел бері!
Митя газетті алды да, бүктеп қалтасына салып қойды.
– Макаровтарға барып, көрсетіп қайтамын… Одан соң Иваницкилер, Наталья Ивановна, Анисин Васильич бар… Кеттім!
Митя кокарда тағылған қалпағын киді де, қуанған күйі үйден жүгіріп шықты.
Аударған
Бақтияр МЫРЗАШЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<