2023 жыл қазақстандықтарға несімен есте қалды

390

0

Фото: ашық дереккөз

Биыл елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда бірқатар өзгерістер болды. Атап айтқанда, саяси жүйе толығымен жаңарды, жаңа заңдар қабылданып, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті, осы және қоян жылындағы басқа да негізгі өзгерістер мен бастамалар туралы Kazinform сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Саяси жүйенің толық жаңаруы

2022 жылы Қазақстанда референдум арқылы Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар қабылданып, ең ірі саяси науқан – президент сайлауы өткені мемлекетіміз үшін елеулі өзгерістердің бастамасы ғана болды.

Бір жыл бұрынғы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып қайта сайланған болатын. Бұл өте маңызды саяси оқиға еді. Өйткені осы сайлаудан еліміздің барлық саяси жүйесін жаңғыртқан науқандар кезеңі басталды. Бір жылда Парламенттің екі палатасына, барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өтті.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

2023 жыл жаңа жүйе бойынша Сенат депутаттарын сайлаумен басталды. Нәтижесінде, әр өңірден 1 өкілден – 20 сенатор сайланды. Сонымен қоса 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан бір күнде – 19 наурызда өтті.

Бұған дейін, яғни жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болды. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі болатын. Алайда, өткен жылдың маусымындағы Референдумнан кейін қабылданған заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан еліміздің жоғары заң шығарушы органына берілетін мандат саны беске қысқарып, оның өзі Сенатқа берілген еді. Бұл республиканың Ата заңында да жазылды. Яғни, бұған дейін Президент 15 Сенат депутатын тағайындайтын болса, ол сан 10-ға дейін қысқарып, енді соның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынуы тиіс.

Осылайша, наурыз айында мажоритарлық-пропорционалды аралас жүйе бойынша Мәжіліс депутаттары сайланды. Бұдан бөлек барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет облыстық деңгейдегі қалалар мен аудан әкімдерін сайлау өтті. .

Конституциялық сот жұмысын бастады

Өзін демократиялық қоғам санайтын әр мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Азаматтық қоғамды қалыптастыруды басты бағыт етіп ұстанған Қазақстан да соңғы жылдары құқық жүйесін жақсарту мақсатында бірқатар реформаны қолға алды. Соның бірі ретінде Конституциялық соттың қайта құрылуын атап өтуге болады. 2022 жылы 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Осылайша, бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, 2023 жылы 1 қаңтардан бастап өз жұмысын бастады.

Жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі

2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі басталды. Кірістері туралы декларацияны мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары толтыра бастады.

Естеріңізге сала кетейік, жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 қаңтарында басталған еді. Үшінші кезеңнің басталуы 2024 жылдың 1 қаңтарына жоспарланған.

«Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды

2023 жылы 12 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойған еді. Айта кетерлігі, Парламент қабылдаған заңға ешқандай селкем болмауы үшін Президент Конституциялық сотқа өтініш жасап, сүзгіден тағы бір өткізген. Осылайша көпшіліктің талабы мен билік тармақтарының мақұлдауынан шыққан заң жақында толық іске кірісті. Заң нормаларына сәйкес, қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Заңсыз иемделген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.

Үкіметтің мәліметінше жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаражатқа 72 жаңа мектеп салынады. Бүгінде бұл мақсатқа 121,7 млрд теңге көлемінде қаржы жиналған.

Азаматтардың банкроттығы туралы заң қабылданды

2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланып, тиісті нормалар алынды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың несие қарызы 14 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде тұтынушылық несие көлемі – 8 трлн теңгені құраған. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 1,5 млн адам қаржы институты алдындағы қарызын төлей алмай жүргеніне 90 күннен асып кеткен. Бір басында бірнеше несиесі барлар да жетерлік. Яғни, азаматтардың төлем қабілетінің нашарлауы аталған шараға жүгінуге мәжбүр етті деген қорытындыға келуге болады.

Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланып, тиісті нормалар алынғанын атап өттік. Осылайша, рәсімдердің 3 түрі енгізілді. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитордың борышкерді банкрот деп жариялау жайлы өтініш беруге құқығы болмайды.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек:

  • борыш 5,52 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
  • кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
  • меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы тиіс;
жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

Сыртқы сауда рекордтық дәрежеге жетті

Былтыр Қазақстанның сыртқы сауда айналымы рекордтық деңгейге жетіп, 134,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 32%-ға көп. 2022 жылы болған геосаяси тәуекелдерден кейін Қазақстан 2023 жылға тас-түйін дайын болды десек болады. Сондықтан болар осы жыл ел экономикасы үшін сәтті сценариймен өрбіді. Биыл қаңтар-қараша аралығында экономикалық өсім қарқыны 4,9 %-ды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,7 %-ды құрағанын ескерсек, биылғы өсім – үлкен жетістік. Экономиканың барлық салаларында жалпы құны 967,7 млрд теңге болатын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтіледі. Машина жасау өндірісі 26,8%-рекордтық қарқынмен өсті. Айтпақшы, қазақстандық сарапшылар Еуроодақ елдерімен бірлесе отырып, шикізаттық емес тауарлар саудасын дамыту қажет деген қорытындыға келді. Сондай-ақ биыл Қытай, Иран, Ауғанстан және басқа да елдерге отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау артты.

Шағын және орта бизнестің дамуы

2023 жылы 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысқан Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін айтты. Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамаға сәйкес, 2015-2020 жылдар аралығында елдің жалпы ішкі өніміндегі ШОБ үлесі 24,9%-дан 32,8%-ға дейін өсті. Ал 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 35 пайызға дейін артуы тиіс.

2023 жылы 5 сәуірде Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат» құжатын бекітті, онда жаппай кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өсудің драйверіне және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі көзіне айналады делінген. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау шараларына басымдық берілмекші. Салық режимдері реформаланып, кәсіпкерлік санаттарын айқындаудың бірыңғай критерийлері енгізіледі. Одан бөлек, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының барлық рәсімдері, соның ішінде нормативтік талаптары да цифрланатын болды. Жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде 2030 жылға қарай шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ға дейін ұлғаймақ.

Қазақстанның инвестициялық әлеуеті

Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасты. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі азайғанымен, 2021 жылы қайта қалпына келіп, 23,7 млрд долларды құраған. Ал өткен жылы ТШИ көлемі 27 млрд долларға жетіп, 17,8%-ға өсім көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, ТШИ көлемінің жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай 25,5 млрд долларды құрауы тиіс. Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Жалпы шетелдік инвестициялар ағымы ел экономикасының жоспарлы дамуына ықпалын тигізгенін атап өту керек. Биылғы 29 наурызда өткен VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталып өткен еді.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

Қазіргі таңда инвесторларды қолдаудың жаңа құралдары іске қосылды. Атап айтсақ, Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді, Жақсартылған модельдік келісімшартты және Инвестициялар туралы келісімді жасау процесі жеңілдетілді. Сонымен бірге айта кету керек, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсартудың тағы бір маңызды қыры – болжауға болатын және ашық салық саясаты. Осыған байланысты фискалдық реттеуді қайта қарау үшін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.

5G технологиясын іске қосу

Елімізде интернет пайдаланушылар саны жыл санап өсіп келеді. Data Reportal сайтының деректеріне сәйкес, елімізде биыл 17,73 миллион интернет пайдаланушы тіркелген. Ол дегеніміз жалпы халықтың 90,9%-ын құрайды. Былтыр бұл бұл көрсеткіш 85,9%, яғни 16,41 миллион пайдаланушы болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталықтарын 5G технологиясымен қамтуды мерзімінен бұрын аяқтау туралы тапсырма берген еді. 5G – бұл технологиялық дамудың жаңа деңгейі, ол азаматтардың интернетке қол жеткізу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Әлемде 5G-ді алғаш болып Оңтүстік Корея енгізді. Қазір ол елде 200 мың базалық станция орнатылып, республиканың 85 қаласын қамтыған.

Осы тұста, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс орталықтарын 5G технологиясымен қамтуды мерзімінен бұрын аяқтау туралы тапсырмасы қалай орындалатынын түсіндірді. Мусиннің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін әр облыс орталығы аумағының 60%-дан астамын 5G технологиясымен қамтуға болады.

«Жоспарымызға сәйкес, биыл 700 базалық станса орнатуымыз қажет еді. Операторлар қазірдің өзінде бұл көрсеткіштен асып түсіп, жылдың соңына дейін 1 мыңнан астам базалық станса орнатады. Олар инвестиция салуға және байланыс инфрақұрылымын барынша қарқынды дамытуға дайын. Біздің мобильді операторлар жүктелген тапсырманы орындайтынына сенімдімін. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының кемінде 75%-ы және облыс орталықтарының 60%-дан астамы 2025 жылдың соңына дейін 5G желісімен қамтылады», – деді министр.

ШЫҰ-ға төрағалық ету

2023 жылы 4 шілдеде Қазақстан Республикасы 2023-2024 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықты қабылдап, Алматы қаласы аталған кезеңге ШЫҰ туристік және мәдени астанасы мәртебесін алды. Қазіргі уақытта әлем халқының жартысына жуығы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аймағында тұрады, оның кеңістігі жер шарының төрттен бір бөлігін алып жатыр, ал жалпы ішкі өнімі 23 триллион доллардан асады. ШЫҰ мүшелігінің тұрақты түрде кеңеюі Ұйымның аймақтағы және әлемдегі тұрақты өсіп келе жатқан халықаралық беделі мен ықпалын сенімді түрде көрсетеді десек болады. Былтыр Қазақстанның ШЫҰ елдерімен арадағы сауда-саттығы $61 млрд құрады.

С5+1 кездесулері – 2023 жылғы басты геосаяси тренд

Бүгінде әлемдік қауымдастықтың Орталық Азия өңіріне деген қызығушылығы артып келеді. Сарапшылардың сөзінше, бұған геосаяси, геоэкономикалық тұрақсыздықтарға қарамастан, аймақтағы елдер экономикасының оң өсім көрсетіп отырғаны себеп. Еуразиялық даму банкі мамандарының пікірінше, соңғы екі онжылдықта аймақ көптеген өзгеріске ұшыраған. Мәселен, 2000-2022 жылдар аралығында өңір халқының саны 40%-ға өсіп, 80 миллионға жетіп отыр. Сонымен қоса бес елдің жалпы ішкі өнімі де 22 жыл ішінде 46 миллиард доллардан 400 миллиард долларға дейін артқан. Міне, осыған қарап-ақ, неліктен әлемнің дамыған мемлекеттерінің назары Орталық Азияға ауғанын бағамдай беруге болады.

жыл қорытындысы
Фото: Kazinform

2022 жылғы қазанда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлі қазіргі геосаяси жағдайға байланысты арта беретінін атап өткен еді. Аймақ барған сайын әлем елдерінің назарына ілігіп, Азияда үлкен сұранысқа ие болатын өңірге айналмақ. Шын мәнінде, бүкіл әлем жұртшылығы басқа елдер мен аймақтар бір-бірінен алыстап жатқанда Орталық Азия елдерінің керісінше бірігіп жатқанын көріп отыр. Оның ішінде, Қазақстан айналадағы геосаяси шиеленістерге қарамастан көпжақты ынтымақтастықты кеңейтіп, қарым-қатынасты нығайту мәселесін жолға қоя білді. 2023 жылдың мамыр айында Орталық Азия өңірі елдері мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммиті өтті. Ал маусым айының басында жаңа геосаяси жағдайларды ескере отырып, толығымен халықаралық қауіпсіздік мәселесіне арналған Орталық Азия – ЕО-ның екінші саммиті ұйымдастырылды. 5 маусымда Қазақстан Президенті «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтының құқықтық мәртебесін, жұмыс тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Осылайша, аймақ елдері басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып, барлық салада өз ұстанымын нығайтып келеді. Қазақстанның мұндай қарым-қатынастарды дамытуда жетекші рөл атқаратынын ерекше атап өту керек.

Биыл С+1 форматындағы маңызды кездесу Германияда жалғасты. Сондай-ақ Парсы шығанағындағы мұнай алпауыттары да Орталық Азия басшыларымен осындай кездесу өткізгенін атап өту қажет. Ал қыркүйекте Ақ үй қожайыны Джо Байден Орталық Азияның бес мемлекетінің басшыларымен алғаш рет «С+1 форматында» кездесу өткізді.

Үкімет «АрселорМитталТеміртау» компаниясын сатып алды

Қазақстан Үкіметі «АрселорМитталТеміртау» компаниясын 286 млн долларға сатып алды. ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев желтоқсан айында өткен АМТ-мен мәміле бойынша кеңейтілген баспасөз конференциясында Лондонда ArcelorMittal корпорациясымен ақтық келіссөз кезеңі аяқталғанын айтты.

2023 жылғы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында жалғасып жатқан апаттар компанияның инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзып отырғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Президент «АрселорМитталдың» Қазақстан нарығында бұдан ары жұмысын жалғастыруы мүмкін емес екеніне назар аударған болатын. Бұл кезде Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» иелерімен ArcelorMittal компаниясының металлургиялық комбинат құрамынан шығуы туралы келіссөздер жүргізіп жатқан еді. Ол келіссөздер 2022 жылдың 3 қарашасында АМТ-ның еншілес кәсіпорны Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталды. Айта кетейік, Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртауға» нақты талаптар қойды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы АМТ кәсіпорындарындағы апаттар жүйелі сипатқа ие болғанын ерекше атап өтті. Айта кетейік, отандық бизнесмен Allur Group компаниялар тобының басшысы Андрей Лаврентьев жаңа инвестор болды. Мәміледен кейін Арселор Митталдың атауы өзгеріп, Qarmet тарихи атауы қайта оралды.

Мәмілеге қатысты 3 негізгі уағдаластықты айрықша атап өту керек:

  • Мемлекет активтердің құнын 3,5 млрд-тан 286 млн долларға дейін төмендетті.
  • Мәмілені іске асыруға бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ.
  • Жаңа инвестор алдағы төрт жыл ішінде қысқа мерзімді 250 млн доллар қарызды жабады және 450 млн доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады.

Цифрлық валюта енгізілді

Биыл ұлттық валютамыз – теңгеге 30 жыл толды. Есте болса, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілген еді. Ал теңгенің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ұлттық валютаның үшінші түрі– цифрлық теңгені шығарды.

жыл қорытындысы
Фото: Kazinform

Ұлттық банктің инфрақұрылымында цифрлық биометриялық идентификациялау қызметі сәтімен іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстар нарық қатысушыларына картаны, интернет-төлемді, QR-кодты, мобильді банкингті және тағы басқаларын қоса алғандағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға негізделген инновациялық қызметтерді уақтылы енгізуге және өз клиенттеріне ұсынуға мүмкіндік берді. Халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары соңғы 5 жылда 34 есеге өсіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 103,8 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары 39,5 %-ға артып, 101,0 трлн теңгеге жетті.

Сонымен қатар, клиенттерге көптеген қызмет онлайн режимде көрсетіледі. Оның ішінде шот, депозит ашу, несие алу да бар. Алдағы уақытта Ұлттық банк қаржы инфрақұрылымының цифрлық жобаларын, яғни қаржы нарығына қатысушылардың тиімді қарым-қатынасын қамтамасыз ететін және олардың клиенттерге жаңа сапалы қызметтер ұсынуына мүмкіндік беретін жобаларды дамытуға мүдделі. Бұл жобалардың ішінде бөлшек ұлттық төлем инфрақұрылымын дамыту, Ашық банкингті, Цифрлық теңгені енгізу де бар. Нақтырақ айтқанда, цифрлық теңге қолма-қол ақша және қазіргі банк шоттарындағы қаражатпен қатар жүретін ақшаның тағы бір қосымша формасы болады. Қазіргі қолданыстағы төлем түрлерімен салыстырсақ, қолданушылар айтарлықтай бір айырмашылық байқамайтын болады. Себебі цифрлық валютаны қолданыстағы қолма-қол ақшасыз төлем әдістерімен – интернет-эквайринг, мобильді қосымшалар, POS-терминалдар, QR-кодтар және т.б. арқылы төлей алады.

Әйелдер 61 жастан зейнетке шығады, 35-ке толмағандар жастар саналатын болды

2022 жылдың соңында Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді. Яғни, 2023 жылдан бастап 61 жасқа толған әйелдер зейнетке шыға алатын болды. Сонымен қатар төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес: ерлер – 50 жасқа толғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар. Сондай-ақ және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Сонымен қатар, Қазақстанда жастар категориясына жататындардың жас мөлшері 29-дан 35-ке дейін ұлғайтылды. Бұл түзетулер жергілікті атқарушы органдарға жастарды жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Отбасының цифрлық картасы

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс (Цифрлық отбасы картасы) күшіне енді. Әлеуметтік кодекс – ТМД елдерінде алғаш рет енгізіліп отырған біртұтас әлеуметтік құжат. Ол адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейін әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру шаралары, қиын өмірлік жағдайда әлеуметтік көмек көрсету және қарт адамдарға қолдау көрсету.

Осы мақсатта 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап азаматтарға уәкілетті органдарға хабарласпай-ақ әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік беретін «Цифрлық отбасы картасы» ресурсын енгізу пилоттық режимде басталды.

Елімізде халық саны 20 миллионға жетті

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының ресми саны 2023 жылғы 14 қарашада 20 миллионнан асты. Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары бір мезетте бес бірдей өңірде – Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

Соңғы 30 жылда елімізде халық 22,3%-ға өскен. Мәселен 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адамды құраған еді. Бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркелген, сол жылы 446 мың бала дүние есігін ашқан. Жалпы өлім-жітім 1991 жыл мен 2022 жылды салыстырғанда 6,8 есе төмендеді. Ал сәбилер шетінеуінің коэффициенті 3,5 есе төмендеген. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3 баланы құрады. Сондай-ақ былтыр, халықтың өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл ретте ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 7 жылға, әйелдердікі – 6 жылға өсті.

Жәрдемақы мөлшері қалай өзгерді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс шегі, ең төменгі зейнетақы, жалақы мен жәрдемақы мөлшері де өзгерді.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң аясында бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ортақ зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-АЕК-ден 55 АЕК-ге дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру тұрғысында тұжырымдамалық түзетулер қамтылған. Заңға сәйкес, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып бекітілді. Айлық есептік көрсеткіш (жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін) 3 450 теңгені құрайды. Ең төменгі күнкөріс мөлшері 40 567 теңге болды.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзартуды тапсырған еді. Мұндай төлем бюджеттен ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төленеді. Оны алу үшін жалақыдан міндетті түрде тұрақты жарна аударылып тұруы қажет. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылды. 2022 жылы туған бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға созылды. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден бір жарым жылға тағайындалды. Сонымен қоса, төлем алушы жұмысқа бір жарым жылдан ерте шыққан жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

Бала туғанға дейінгі екі жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-ана жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады. Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Яғни, кейінгі 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

Күнкөріс деңгейі – ең төменгі тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға бір айға қажеттi ең аз ақшалай кiрiс. Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылы – 34 302 теңге болса, 2022 жылы 36 018 теңгені құрады.

жыл қорытындысы
Инфографика: Kazinform

2023 жылы көпбалалы аналарға яғни төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері де артты. Мәселен, 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге, 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге, 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге, 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге, 8 балаға – 32 АЕК немесе 110 400 теңге төленеді. Ал сегіз баладан көп баласы бар отбасыларға одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады. Яғни, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге). Сонымен қоса «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы әйелдерге 2023 жылы ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленді. Ал мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді.

Жаңа заң үй жануарларын есепке қоюға міндеттеді

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болды. Ал үй жануарларының басқа түрлерін, яғни егеуқұйрық немесе мини-пигтерді есепке алу ерікті негізде жүргізіледі. Қазақстандықтар үшін электрондық жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу – тегін. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін.

Айта кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, былтыр қыркүйек айының соңында елімізде тіркелген ит пен мысық саны 730,7 мың болған. Оның 83,5%-ы немесе 610,2 мыңы үй жануарлары мен қызметтік иттер болса, 16,5%-ы немесе 120,5 мыңы қаңғыбас жануарлар.

Футбол: Үміт пен сенім жылы

2023 жылы миллиондаған адамға үлкен үміт сыйлап, тұтас елді көгілдір экран алдына телмірткен бір команда болды. Әрине, әңгіме футболдан Қазақстан құрамасы жөнінде… Биыл бүкіл Еуропа басылымдары қазақстандық футболшылардың жетістіктері жайлы жарыса жазды. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Айды аспанға шығарып, 0:2 есебімен жеңіліп жатып, құрлықтық доданың қола жүлдегерін ұтып кеткеннен кейін жанкүйер жүрегінде ел құрамасына деген сенім, біздің футболшылар да ЕУРО-да доп теуіп қалар деген үміт ұялады. Дания қақпасынан саңылау тапқан ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің голын УЕФА жылдың үздік голдарының қатарында атады. Солтүстік Ирландия мен Сан Мариноны екі реттен, Дания мен Финляндияны бір-бір реттен жеңгеннен кейін Қазақстан құрамасына соңғы турда сырт алаңда Словениядан басым түсу қажет еді. Өкінішке қарай, Еуропа чемпионатына жолдама әзірге бұйырмады. Енді наурызда Қазақстан құрамасы алдымен сырт алаңда Грекиямен, оны жеңсе, Грузия не Люксембург командаларымен шеберлік байқасады. Осылайша, бұған дейін дүбірлі доп додаларын тек сырттай тамашалайтын қазақстандық жанкүйерлер үшін 2023 жыл ерекше үміт пен сенім жылы болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<