Домбыралар көрмесі

593

0

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі «Домбыра-дастан» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Мақсаты – халқымыздың ұлттық мұрасын насихаттап, ұрпаққа үлгі ету.

Көрмеге 70-ке жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында музей қорындағы ХІХ ғасырдағы сүйек пен күмістен жасалған, қазақтың өр рухты ақыны, батыр Махамбет Өтемісұлы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлы қолданған домбыралардың көшірмесі бар. Сондай-ақ, КСРО Халық артистері Нұрғиса Тілендиев пен Жүсіпбек Елебековтің, дәулескер күйшілер Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков және Асылбек Еңсеповтың домбыралары тарихи экспонаттар қатарынан орын алды.

– Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада елге белгілі ақындардың, термеші-күйшілердің домбыралары таныстырылды. Жас ұрпаққа бұл көрменің берері көп. Олардың ұлттық аспапты қадірлеуге, рухани құндылыққа терең бойлауына деген ынта-жігерін арттырары сөзсіз. Ал, бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шарада домбыраның үнінен бөлек, құрылымы туралы да мол ақпарат берілді. Осы көрмені ұйымдастырған Атырау облыстық тарихи-өлкетану музей ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл – әріптестік байланысты нығайтып, бірге жұмыс жасауға мол мүмкіндік, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Көшпелі көрмеге келген қонақтар қазақтың музыкалық дәстүрі мен ұлттық болмысына терең бойлады. Мектеп оқушылары мен студенттер де музей экспонаттары туралы әсерлерін бөлісті.

– Бүгінгі іс-шараға келіп, осындай қасиетті аспапты тамашалап, ол туралы бірнеше мағлұмат алғаныма қуаныштымын. Біз естіп-білмеген көптеген жәдігерлер бар екен. Мұнан бөлек музей қорында сақталған басқа да тарихи топтамалар жиынтығымен де таныстық. Сонымен қатар халық жадында сақталған бірқатар күйлердің шығу тарихы, күйшілердің өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы көптеген мәліметтерге қанық болдық. Алдағы уақытта тарихи-өлкетану музейіне тұрақты келуді өзіме мақсат еттім. Жалпы мен үшін ерекше сәт болды, – деді Ұлту Қожакелді.

Іс-шара соңында музей қызметкерлері келушілерге тарихи жәдігерлер орналасқан экспозициялық залды таныстырды.

Айта кетейік, көшпелі көрме 29 қазанға дейін жұмыс жасайды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<