Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария өзеніне әуеден мониторинг жүргізді

516

0

Жыл сайын қыс-көктем мезгілінде Сырдария өзенінде мұз қату және жүру кезеңдерінде елді мекендер, ауылшаруашылық жерлері мен шаруашылық нысандарына су басу қатері төнеді.«2020-2021 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзеніндегі мол суды қауіпсіз өткізу бойынша дайындық жұмыстарын жүзеге асыру» іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілді. Іс-шара жоспарына сәйкес, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге облыс бюджетінен 266,3 млн. теңге бөлінген. (Оның ішінде, 138,2 млн. теңге қорғаныс бөгеттерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына, 10,0 млн. теңге – мұз жару жұмыстарына, 4,8 млн. теңге қаптар сатып алуға және 113,3 млн. теңге – «Қазавиақұтқару»АҚ қызметтеріне). Сонымен қатар, су тасқынына қарсы 68,6 тонна жанар жағар май, 154 590 дана қап және басқа да материалдық-техникалық құралдардың қоры қалыптастырылған. Биыл қыс мезгілінде өзен бетінде барлық аймақта қалындығы 10-55 см құрайтын мұз қатты. Қазіргі таңда ауа – райының жылуына байланысты, мұз Шиелі ауданы Қарғалы елді мекені тұсында жүруде.

Осыған орай, кеше облыс әкімі Г.Әбдіқалықова мен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы М. Усаин өзендегі су шаруашылығы жағдайына тікұшақ арқылы мониторинг жүргізді.

Нәтижесінде, аймақ басшысы жауапты құзырлы мемлекеттік мекемелерге бірқатар тиісті тапсырмалар берді. Оның ішінде, қауіпті су басу аймақтарына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзен бойына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды және қауіпті аймақтарға арнайы техникасы бар жауапты мекемелерді бекітуді тапсырды. Бүгінгі күні Сырдария өзеніндегі жағдай бірқалыпты, жүйелі бақылауға алынған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<